Р Конституциясы әрекеттегі құқық туралы

Қазіргі уақытта негізгі құқықтық құжат — Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы. Ол тәуелсіздік кезінде қабылданған. Конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірді. Оның негізгі ережелері мыналар:

1. Халықтың билік етуі жарияланды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Халыққа, негізінен, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын анықтау құқығы берілген. Қазақстан халқы – тек қазақ ұлты емес, сонымен қатар Қазақстанмен тарихи тағдыры тығыз байланысты басқа ұлттар топтары. Қазақстан халқы дауыс беру арқылы (референдум), талқылау арқылы, сондай-ақ Парламент депутаттарына сайлау арқылы тікелей және жанамалай мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелерін шешуге қатысады, Халық тікелей мемлекет басшысын – Президентті сайлайды.

2. Егемендікті және тәуелсіздікті жариялау, Қазақстан Республикасының Конституциясында егемендік пен тәуелсіздіктің негізгі белгілері аталған. Оларға жататындар: өзінің аумағының болуы, оның тұтастығы, қол сұғылмау жөне бөлінбеуінің жариялануы; өзінің дербес жоғары және жергілікті мемлекеттік органдар жүйесінің болуы; өзіне тән азаматтығының болуы; Халық, Парламент, Президент және Үкімет қабылдайтын өз заңдарының болуы; Қазақстан Республикасының жер жүзі мемлекеттер жүйесінде терезесі тең жағдайы болуы. Тәуелсіздік, егемендік деген сөз — Қазақстан көрші мемлекеттерден, басқа елдерден түбегейлі әрі біржола тәуелсіз деген емес. Жер жүзі мемлекеттерінің барлығы бір-біріне белгілі дәрежеде тәуелді, өзара қатынастарын анықтайтын принциптерді мойындайды, бейбітшілік негізде өмір сүруге талпынады, қарым-қатынас жасасады, адам құқықтарын құрметтейді, т.с.с. Осы тұрғыдан Қазақстан Конституциясы адамның құқықтары мен бостандықтары туралы халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына толығынан сәйкес келеді.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы адам және азамат құқықтарының ерекшелігін (өзгешелігін), басымдылығын баянды етеді. Оған дәлел — Конституцияның адам мен азаматты алдыңғы қатарға қоюы. Конституция баптарының үштен бірі адам мен азаматың құқықтары мен бостандықтарына арналған.

Әрине, қоғамдағы демократизм және адамгершіліктің деңгейі Конституцияда құқықтар мен бостандықтардың жариялануымен ғана анықталмайды. Азаматтарға оларды пайдаланып, жүзеге асыра алатындай жағдай туғызу керек. Ол үшін мемлекет органдары, лауазым иелері заң жүктеген өз міндеттерін қалтқысыз, адал орындаулары қажет. Осы кітапта мемлекет органдарының, лауазым иелерінің міндетіне байланысты заңдардан үзінділер берілген. Сонымен қатар өрбір адам өзінің көптеген құқықтары мен бостандықтарына ие бола отырып, қоғам, мемлекет, басқа адамдар алдында да міндеттері бар екенін түсінуі қажет. Егер барша адамдар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын пайдаланумен қатар, әдептік және құқықтық міндеттерін де орындаса, сонда ғана, шын мәнінде, құқықтар мен бостандықтардың бар екені туралы айтуға болады.

4. Конституцияда адамдардың ұлтына қарамастан құқықтары мен бостандықтарының тең екендігі баянды етілген. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады. Ұлттардың теңдігі туралы ой Конституцияның барлық қағидаларында берік орын алған. Барлық ұлт өкілдері өз тілін пайдалана алады. Мемлекеттік қызметте ұлтына қарамастан барлық азаматтар істей алады. Оқуға түсуде, қызметке орналасуда ұлтына қарап шектейтін ешқандай кедергі жоқ. Конституцияда айтылғанындай әр адам өзінің ұлтын анықтауға, көрсетуге немесе көрсетпеуге хақысы бар. Осының барлығы ұлттар арасындағы келісімді нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекетіміздің негізгі заңы. Ол мемлекет өмірінің негізгі мәселелерін заң жүзінде ресмилендіреді. Ресмилендіруге жататындар — адам мен азаматтың негізгі құқықтары, бостандықтары және міндеттері, мемлекеттің құрылымы және қоғамның экономикалық негізі. Конституция заңдардың, басқа да мемлекет органдары қабылдайтын нормативтік актілердің негізгі көзі. Кез келген заң, Президенттің жарлығы, Үкіметтің қаулысы, министрліктің бұйрығы, жергілікті мемлекет органдарының шешімдері тек қана Конституцияның негізінде, оның қағидалары, ойлары және принциптерімен сәйкес қабылдануы қажет, оларға қайшы келмеуі тиіс. Егер Конституцияның қағидаларына, нормаларына қайшы болса, олар Конституцияға жат деп танылып, күші жойылады. Конституцияның нормаларын, ережелерін мүлтіксіз сақтау талаптары тек қана мемлекет органдарына, лауазым иелеріне емес, сонымен қатар азаматтарға, олардың бірлестіктеріне де қойылады.