Жөніндегі сот алқасына

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҚ

Қарақия аудандық сотының _____________

жауапкер Қарақия ауданы, Құрық ауылының

әкіміне келтірген жер теліміне шешім шығаруды

міндеттеу туралы 21.06.2013 жылғы шешіміне

Қарақия аудандық сотының 10 шілде 2014 жылғы шешімімен Иванов Иван Ивановичтің жауапкер Қарақия ауданы, Құрық ауылының әкіміне келтірген жер теліміне шешім шығаруды міндеттеу туралы талап арызы қанағаттандырылған және Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылының әкіміне жеке тұлға Иванов Иван Ивановичтің тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін бөлуге шешім шығару міндеттелген.

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 218 бабына сәйкес, сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Аталған шешім заңсыз және негізсіз болғандықтан, бiрiншi сатыдағы соттың шешiмінiң күшi келесі негіздер бойынша жойылуға жатады.

Сот мәжілісінде анықталғандай, талапкер И.Иванова, 2008 жылы тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрған. 2012 жылы кезегі келуіне байланысты село әкімі __________/аты-жөні/ Құрық селосы, Қазақ ауыл көшесі №81 тұрғын үйдің орны белгіленгенін, осы белгіленген жерге орналасу сызбасын жасақтап алып келу сұралады деп 20.12.2011 жылы №01-48/781 жолдама хат жолдаған. Осы хат негізінде М.Иванова баж салымын төлеп жерге орналастыру сызбасын сыздырған. Құжаттар толық дайын болған кезде село әкімі еңбекке жарамсыз парағын аштырып, кезекті еңбек демалысына шығып, кейіннен қызметпен Жаңаөзен қаласына ауысып кеткен. Ал оның орнына келген жаңа әкім ертен шешім шығарамын деп уақытты созып, жер телімін алуға шешім шығармай отырғанын, село әкіміне жер телімін алуға шешім шығаруды міндеттеуді сұрап талап арыз берген.

Бірінші сатыдағы сот ҚР АІЖК-нің 282 бабын басшылыққа ала отырып, талапкердің жауапкерге тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін бөлуге шығаруды міндеттеу туралы талап арызын қанағаттандырған.

«Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы №20 Нормативтік қаулысының 28-тармағына сай, егер сот мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шағымданып отырған шешімін, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шағымданып отырған әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныса, онда сот шешімінде: осы шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) қандай нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні; арыз берушінің қандай құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің бұзылғаны көрсетілуге тиіс. Шешімнің қарар бөлігінде сот арыз берушінің құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерінің орын алған бұзылуын жоюға міндетті мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтар жойылуға жататын мерзімді көрсетуге міндетті. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешімін заңсыз деп танығаннан кейін, сот туындаған жариялы-құқықтық қатынастарда мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы қабылдауға тиіс шешімнің мазмұнын сот актісінде көрсетуге құқылы емес.

Аталған нормаларға сәйкес, егер сот мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның әрекетін(әрекетсіздігін) заңсыз деп таныған жағдайда ғана, сот жол берілген бұзушылықтарды жоюды міндеттейді. Сонымен бірге, сот мемлекеттік органға қандайда бір нақты әрекет жасауды міндеттей алмайды.

Ал, бұл азаматтық істің қаралу аясында Құрық ауылы әкімінің әрекеті немесе әрекетсіздігі дауланбаған және заңсыз деп танылмаған.

Осылайша, бірінші сатыдағы сот жоғарыдағы нормаларға қайшы шешімінің қарар бөлігінде Құрық ауылының әкімін жеке тұлға И.Ивановичтің тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін бөлуге шешім шығару міндеттеген.

Сонымен қатар, аталған бірінші сатыдағы азаматтық істі ерекше талап қоюмен іс жүргізумен, яғни АІЖК-нің 27 тарау мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс
бойынша қараған.

АІЖК-нің 278-бабының 1-бөлігінде, азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) тікелей сотта дау айтуға құқылы деп көрсеткен.

Алайда, талапкер тарапынан Құрық ауылы әкімінің әрекетін немесе әрекетсіздігін даулау туралы арыз берілмеген.

Талапкер сотқа тек қана Құрық ауылының әкімін жер теліміне шешім шығаруды міндеттеу туралы талап арызбен жүгінген, сондықтан бұл талап арыз АІЖК-нің 27 тарауымен ерекше талап қоюмен іс жүргізумен қаралуға жатпайды.

Осылай, бірінші сатыдағы сотпен іс жүргізу құқығы нормалары бұзылған, ал бұл АІЖК-нің 366 бабы 2 тармағының талаптарына сәйкес, шешімнің күші жойылуға жатады.

Іс материалдарына сәйкес, И.Иванов тұрғын үй құрылысын салу үшін 27.09.2008 жылғы өтініші бойынша №111 болып кезекке тіркелген, ал 16.06.2012 жылғы №1 комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, И.Иванов №47 болып кезекте тұр.

Сол себепті, соттың жер телімін алуға кезекке тұрған азаматтардың кезек тізімі рет-ретімен емес, араласып кеткен деген уәждері негізсіз болып табылады.

Сонымен қатар, Құрық селосының әкімі /аты-жөні/ 17.07.2011 жылғы №01-48/689 санды хатымен И.Ивановичтің 27.09.2005 жылғы өтініші бойынша Бас жоспарға сәйкес тұрғын үй салу үшін белгіленген «Маңғыстау» жеріне инженерлік, инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуіне байланысты жер телімін беру жұмысы уақытша тоқтатылып тұрғандығын, жуық арада жер беріліп бастайтынын, сол уақытта кезек бойынша жер алатындығы жөнінде хат жолданған.

Сондай-ақ, 27.04.2014 жылғы №01-48/488 санды ауыл әкімі /аты-жөні/ И.Ивановичтің жолдаған хатында, Маңғыстау облысы жер қатынастарының басқарма бастығы /аты/жөні/ 23.10.2012 жылғы №02-13-480 санды, Маңғыстау облыстық аумақтық жер инспекциясының және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары аты-жөні 09.10.2012 жылғы №02/2429 санды хаттары негізінде жаңадан жер учаскелерін бөлуге елді мекендердің, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жасақталғанға дейін тыйым салынған деп көрсетілген.

Бұл орайда, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының 1-бөлігіне сай, елдi мекеннiң бас жоспарлары негiзiнде орындалған егжей-тегжейлi жоспарлау жобалары болмаса, жер учаскелерiн құрылыс үшiн беруге тыйым салынады деген нормасы соттың назарынан тыс қалған, және де, елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады («Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 47-бабы).

Сол себепті, И.Ивановичтің жер учаскесін беру туралы ауыл әкімнің шешімін қабылдау кейінге мерзімге қалдырылған.

Осылайша, бiрiншi сатыдағы сотпен iс үшiн маңызы бар мән-жайлар шеңберiнiң дұрыс анықталмаған және дұрыс айқындалмаған, материалдық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, ал бұл жағдай ҚР АІЖК 364 бабының 1 тармағының 1),4) тармақшасында көзделгендей, апелляциялық тәртiппен сот шешiмiнiң күшiн жоюға негiз болып табылады.

Жоғарыдағылардың негізінде, ҚР АІЖК-нің 332-335 баптарын басшылыққа ала отырып,

СҰРАЙМЫН:

Қарақия аудандық сотының 10 шілде 2014 жылғы Иванов Иван Ивановичтің жауапкер Қарақия ауданы, Құрық ауылының әкіміне келтірген жер теліміне шешім шығаруды міндеттеу туралы шешімінің күшін жойып, талап арызын қанағаттандырусыз қалдыруды.

 

Қарақия ауданы прокурорының

Міндетін атқарушы

аты-жөні

қосымша-4

Ақтау қалалық прокурорының

мiндетiн атқарушы

аға əділет кеңесшісі _________

А У Л Ы