Менеджмент туралы түсінік

 

Қазақстан экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты біздің сөздік қорымызға «менеджмент», «менеджер» ұғымдары енді.

«Менеджмент» ағылшын сөзі, оның түп төркіні гректің «манус», яғни «қол, күш» деген сөзінен шығып, алғашқы кезде мал бағу саласын, дәлірек айтқанда, ат тізгінін ұстау, меңгеру шеберлігін білдірген. Кейіннен бұл атақ адам қызметінің саласына ауысып, адамдарды басқарудың және ұйымдастырудың ғылыми, практикалық мәнін білдіретін болды. Ағылшын тіліндегі Оксфорд сөздігінде бұл ұғымға мынадай түсінік беріледі:

– адамдармен қарым-қатынас жасау әдісі, үлгісі;

– билік және басқару өнері;

– шеберліктің ерекше түрі және әкімшілік дағды;

– басқару органы, әкімшілік бірлік.

Орыс тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiнде менеджмент зияткерлiк, қаржы, материалдық ресурстарды басқару өнерi ретiнде анықталған.

Осы заманғы экономикалық сөздiкте менеджмент терминiне келесi түсiнiктер берiлген:

1) басқару ғылымының жетiстiгiн пайдалана отырып, өндiрiс пен өндiрiстiк қызметкерлердi басқару қағидаларының, нысандарының, әдiстерiнiң, тәсiлдерi мен құралдарының жиынтығы;

2) кәсiпорынды, фирманы басқару, басқарушы орган.

Келтiрiлген анықтамаларға сай менеджменттi былайша тұжырымдауға болады:

- ұйымның шаруашылық қызметiн басқару процесi;

- тауар өндірісін немесе қызмет көрсетуді басқару процесi;

- ұйымды басқару қызметi;

- ұйымды басқару аппараты;

- басқару өнерi немесе ғылымы.

«Менеджмент» терминi тек нарықтық жағдайда әрекет етушi фирма деңгейiнде әлеуметтiк-экономикалық процестердi басқаруға ғана қолданылады, алайда соңғы уақытта оны кәсiпкерлiк емес ұйымдарға қатысты да қолдана бастады.

Менеджмент - кәсіпорынды ұйымдастырудың қағидалары (заңдық жағы), оны дамытудың стратегиясы (идеологиялық бөлігі), қызметкерлерді іріктеу (әлеуметтік жағы) және олардың жұмысын оңтайландыру тәсілдері (психологиялық бөлігі) туралы ғылым. Менеджментте басты нәрсе кез келген адамдық қарым-қатынастарға жарайтын баршаға ортақ басқару қағидаларын іс жүзінде бөлу, анықтау және қолдану болып табылады.

Менеджмент– бұл өндірістің тиімділігін арттыру және пайданы көбейту мақсатымен әзірленіп, қолданылатын, өндірісті басқару қағидалары, әдістері, құралдары мен нысандарының жиынтығы.

Басқару тұрпаты ретінде менеджменттің негізгі белгілеріне мыналарды жатқызуға болады:

1. Адам, оның қажеттіліктері, мүдделері, себептері, құндылықтары, нұсқамалары басқаруды ұйымдастырудың бастапқы сәті мен оны жүзеге асырушысы болып табылады.

2. Басқарудың көзқарастары, қағидалары мен әдістерінде экономикалық құралдар мен басқару әдістеріне артықшылықтар беріледі. Бұл әсіресе маркетингте - тұтынушылардың мүддесін алдыңғы орынға қоятын басқаруда - жиі білінеді.

3. Менеджер мен қызметкерге қойылатын басты талап ретінде көрінетін кәсіби тұрғыдан басқару менеджментке тән. Менеджер экономикалық және әлеуметтік-психологиялық білімдерді игеріп оқуы керек.

4. Ұйымдастыру ісінде менеджментке жағдайдың өзгеруіне қарай және инновациялық типті ұйымдастыруда, яғни жаңашылдыққа жылдам бейімделе алатындай басқаруды икемді ұйымдастыру тән.

5. Менеджмент менеджердің жеке басына қойылатын талаптардың кешенін танытуы керек. Олардың ішіндегі негізгілері - тапқырлық, коммуникабельділік, сенімділік. Бұл қасиеттер басқару өнерін танытуда маңызды рөл атқарады.

Менеджмент мынадай функциялардыатқарады:

– кәсіпорын жұмысын жоспарлау және болжау, яғни басқару стратегиясын, бағдарлама іс-әрекетін жасау, қаржыландыру көздерін іздестіру және белгіленген шешімдер мен бағдарламаның орындалу мерзімін анықтау;

– дәрежесіне байланыссыз барлық жұмыскерлердің орындауға тиісті жұмыстарын ұйымдастыру, яғни жұмыстың орындалу құрылымын ұйымдастыра білу қажет; сөйтіп барлық қызметкерлердің күш-жігерін өнімді жұмысқа мақсатпен бөлу және оны жоғарғы тиімділікке мақсатты бағыттау;

– басшы мен оның қарамағындағылардың істерін үйлестіру, яғни өзінің және басқалардың қызмет атқаруын тұрақты қарау, сөйтіп оны өзінің және сол ұйымның қойған мақсатына жету үшін бағыттау;

– алдағы мақсаттарды қамтамасыз ету үшін ұйымның жұмысын бақылау.

Менеджменттiң зерделеу пәнi ақпараттық айырбас нысанындағы және нарық жағдайында iскерлiк және шаруашылық процестерге басшылықты жүзеге асырумен байланысты адамдар арасындағы ұйымдық қатынастардың ерекше түрi болып табылады. Ғылым ретiнде менеджмент осы қатынастарды суреттейдi және талдайды, оларға ықпал ететiн факторларды анықтайды, өзiнiң күш-жiгерiн басқарушылық еңбектiң табиғатын зерделеуге, оның тиiмдiлiгiнiң факторларын анықтауға, басқарушылық шешiмдердi қабылдау процесiндегi себеп-салдарлық байланыстарды орнатуға бағыттайды. Ғылым ретiнде менеджмент экономика, әлеуметтану, құқық, психология және т.б. теориялық ережелерi мен практикалық ұсыныстарын қатыстыра отырып, айқын байқалатын пәнаралық сипатқа ие.

Менеджмент пәнiн АҚШ колледждерiнiң бiрiнде Дж.Вартон 1881 ж. алғаш рет оқыта бастады. Бүгiндерi Батыста ол кәсiби бiлiм берудiң кең таралған бағыттарының бiрi әрi кез келген маманды даярлаудың маңызды элементi болып табылады.