Азақстанда нарықтық қатынастарға көшудің негізгі бағыттары

 

Қазақстанның нарықтық қатынастарға көшу жолында құндылықтарды қайыра бағалау жүргізіліп, белгілікті түзетулер енгізілді. 1991-1992 жылдарда тұрақтылықты сақтау және халықтың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажетті шұғыл міндеттердің қыспағы күшті болды. Рубльдік аймақта болғандықтан Ресейдің қаржы және ақша-несие саясатына қатаң байлана отырып, Қазақстан осы кезеңде оның ізімен жүруге мәжбүр болды. 1993-1994 жж. да елде тұрақты, ойластырылған, кешенді экономикалық саясаты болған жоқ. Бұл жылдары дағдарысқа қарсы бағдарламалар әзірленіп, бекітілгенімен, бірақ оларды іске асыру ойдағыдай болмады: бағдарламалар өзімен-өзі қалып, атқарушы өкімет өз бетімен әрекет етті. Сөйтіп, дағдарысқа қарсы бағдарламалар болғанымен, дағдарыс тереңдей берді. Ресей мен Қазақстанда қатаң бюджеттік және ақша-несиелік саясат мүлдем жүргізілмеді, ал орташа қатаң саясат тек 1992 ж. төрт айы ғана жүргізілді. Мамырдан бастап өндірісті қолдау, барлық кәсіпорындарды субсидиялау, бағаны мемлекеттік реттеуді талап еткен парламенттің консервативтік бөлігінің қысымымен барлық бағыттар бойынша кейін шегінуге байланысты реформалардың таңдап алынған стратегиясы бұзылды.

1992 ж. басының өзінде Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ынталандыру, эмиссиялық несие көлемін кеңейту үшін несиелік және салықтық кең жеңілдіктерді ұйғаратын жарлық жарияланды. Жылына 2 реттен егіс және орақ жұмыстарын жүргізу үшін үлкен несиелер берілді. 1992-1994 жж. ақша эмиссиясы жылына 5-тен 16,5 есеге дейін өсті.

1992 ж. басында тапшылықсыз бюджет саясатын жүзеге асыру ойын көрсетіп, Қазақстан кейіннен өз бюджетін орасан тапшылықпен жабуға мәжбүр болды. Өндіріс құлдырағанда салықтар қажетті кіріс бөлігін қалыптастыра алмады, ал оның шығыс бөлігінде күрделі қысқартулар мен ұтымдастыру жүргізілмеді. Теңгерімсіздік күшейіп, қаржы құралдары реттегіш әсер етуден қалды. Жекелеген жылдары бюджет тапшылығының көлемі жалпы ішкі өнімнің үштен біріне дейін жетті. Сонымен бірге сол үшін осы шегіністер жасалған өндіріс құлдырауының бәсеңдеуі көрінбеді.

Макроэкономикалық тұрақтылыққа жетуге орташа қаржы-бюджеттік және ақша-несиелік саясатты кіріс саясатымен ұштастырусыз, оның ішінде Ұлттық банктен, яғни эмиссиялық ресурстардан коммерциялық банктерге келіп түсетін несиелердің есебінен бизнес дамыған мемлекеттік емес сектордағы кірістерді шектеусіз күресуге тырысу көмектеспеді. Олардың негізгі бөлігі тұтынуға, автомобильдерді, жиһазды, шетел валютасын және т.б. сатып алуға жұмсалды. Сөйтіп коммерциялық сектор мемлекеттік қаржы ресурстарының есебінен инфляцияның өршуіне жағдай жасады. Басқаша айтқанда, мемлекет өзінің қаржы жүйесінің тұрақсыздануына өзі көмектесті.

1992-1995 жж. тұрақтандыру үшін Қазақстанның сыртқы экономикалық мүмкіндіктері онша тиімді пайдаланылмады. Экспорт-импорттық және валюталық бақылау жүйесінің жоқтығы валютаның сыртқа ағылуына, капиталдың республикадан тысқа шығарылуына және валюталық қаражаттың ірі шығындарына әкелді. Шетелдік инвестициялар негізінен несиелер түрінде берілді, 1995 ж. олардың үлесі 80% құрады, ол болса елдің сыртқы қарызының өсуіне әкелді. 1995 жылы оның көлемі 2,5 млрд. долларға жетті. Бірақ ең бастысы ел оны тиімді пайдалана алмады.

Бағаларды жарым-жартылай ырықтандыру саясаты, оның ішінде энергия тасымалдаушылар мен шикізатқа бекітілген бағаны сақтау, экономиканы қалтыратты. Бағаның өсуіне қарсы бірден-бір шара әрдайым бекітілген баға бойынша өткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту ғана болды. Бұл энергия тасымалдаушынар мен шикізатқа сатылап, жылына 4-5 рет, бағаны көтерумен аяқталатын, ол болса сәйкесінше өзге тауарлар бағасы мен қызметтер тарифінің өсуін тудыратын.

Мемлекеттік меншікті жекешелендіруде ұлттық ауқымдағы күрделі қателік жіберілді. Ол ең басында қате белгіленген нұсқамаға - олар бірден тиімді шаруашылық жүргізе бастайтын мүмкіндігінше көп меншік иелерін құруға - сүйене отырып формальды түрде жүргізілді. Жекешелендірудің қабылданған схемасының негізіне экономикалық лайықтылық, инвестициялық қажеттіліктер емес, саяси және іске аспайтын әлеуметтік себептер қаланды. Ол сапалы құқықтық қамтамасыз етусіз жүргізілді. Елдегі нақты жағдайды ескермей меншік иелері мен фермерлік қожалықтардың санын қуу, әсіресе ауыл шаруашылығына, орасан зор нұқсан әкелді. Сонымен бірге капитал нарығы, кәсіпорындарды банкроттау және т.б. сияқты нарық тетіктерін енгізу тым созылды. Экономиканың түрлі өрістерін қаржыландырудың ойластырылған ұзақ мерзімді бірыңғай жүйесі жасалмады.

Қысқаша айтқанда, экономикалық реформаларды өткізу саясатына деген теориялық дұрысталған, өзара ұштастырылған дәл айқындаманың жоқтығы әрдайым дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бермеді, ал бұл болса жүзеге асырылып отырған қадамдарға халық тарапынан сенімнің азаюына әкелді.

Түптеп келгенде, Қазақстан, ТМД-ның өзге елдері секілді, нарыққа көшуді негізінен ешбір дайындықсыз бастады. Экономикасының маңызды сипаттамаларының бірі – көптеген шаруашылық бірліктерінің монополиясы – толығымен ескерілмеді. Демек, қысқа уақыт ішінде нарықтың қозғаушысы – дамыған бәсекенің пайда болуын күту негізсіз болды.