Басқаруды ұйымдастыру

 

Тарау

 

Йым туралы түсінік және оның түрлерi

 

Йым түсiнiгi

Ұйым– бұл ортақ мақсатқа жету үшін әрекеттері саналы түрде үйлестірілген адамдар тобы. Ұйым келесi мiндеттi талаптарға сай болуы тиiс:

1) аталмыш топтың барлық мүшелері ортақ ретінде қабылдайтын кемінде бір мақсаттың болуы;

2) өздерін осы топтың бөлігі ретінде санайтын кемінде 2 адамның болуы;

3) барлығы үшiн маңызды мақсатқа жету үшiн әдейi бiрге жұмыс iстейтiн топ мүшелерiнiң болуы.

Әлеуметтiк жүйе ретiнде ұйым ашық болып табылады, өйткенi оның әрекет етуi сыртқы ортаға байланысты. Ол сыртқы және iшкi орта, құрылым, мақсаттар, стратегиялар, технология, қызметкерлер, әлеует сияқты негiзгi сипаттамалармен суреттеледi.

Ұйымның құрылымы, яғни оның өзара байланысқан элементтерiнiң реттелген жиынтығы, техникалық, әлеуметтiк, социотехникалық, нормативтiк-құқықтық болуы мүмкiн.

Техникалық құрылымның негiзiн материалдық объектiлер мен процестер құрайды. Оның элементтерi өзгермейтiндiктен мұндай құрылымды қатты санатқа жатқызады. Өндiрiстiк кәсiпорында техникалық құрылым көбiне қызметкерлердiң кәсiби-бiлiктiлiк құрамын, еңбек операцияларының сипаты мен мазмұнын анықтайды, адамдар арасындағы функционалдық байланыстардың негiзiн жасайды және әжептәуiр шамада адамаралық қатынастарға ықпал етедi.

Оны алғаш Э.Мэйо талдаған ұйымның әлеуметтiк құрылымы бiрлескен қызмет аясында қатысушылар мен олардың байланыстарының жиынтығымен құрылады. Оған ресми және бейресми топтар, құндылықтар, мүдделер, өкiлеттiктер, оларды бөлу арналары және т.б. кiредi. Ұйымдық құрылымның барлық осы элементтерi «жұмсақ» болып табылады.

Социотехникалық құрылым – бұл қызметкерлердi кеңiстiкте және еңбектiк өзара байланыста бiрiктiретiн жұмыс орындарының жүйесi. Ол қатты техникалық және икемдi (жұмсақ) әлеуметтiк құрылымнан тұрады.

Нормативтiк-құқықтық құрылым – ұйым қызметтерiн жүзеге асыру үшiн қажет заңды нормалардың, ережелердiң, талаптардың, стандарттардың жиынтығы.

Ұйымның өмiрi адамның өмiрiне, кез келген еңбек затының немесе қызмет көрсетудiң тiршiлiк уақытына ұқсас. Оның өз фазалары және даму ерекшелiктерi бар. Ұйымның өмiрлiк циклiнiң тұжырымдамасына сәйкес оның барлық қызметi туудан бастап өмiр сүруiн тоқтатқанға дейiн бiрқатар сатыдан өтедi.

Ұйым дамуының 5 негiзгi фазасы белгiлi, олардың әрқайсысында белгiлiктi мақсаттар, басшылық стилi, мiндеттерi мен еңбектi ұйымдастыруы бар.

1 фазаұйымның тууы. Оған тән: тiрi қалудан тұратын басты мақсатты анықтау; басшылық стилiнiң дағдарысы (бiр адамның басқаруы); негiзгi мiндетi – нарыққа шығу; еңбектi ұйымдастыру – пайданы барынша арттыруға ұмтылу.

2 фазабалалық және жастық. Айрықша ерекшелiктерi: басты мақсаты – қысқа мерзiмдi пайда және жеделдетiлген өсу; қатаң басшылық есебiнен тiрi қалу; негiзгi мiндет – нарықтағы өз бөлiгiн нығайту және жаулап алу; еңбектi ұйымдастыру – пайданы арттыру, жалақы мен құрметтi арттыру.

3 фазажетiлу. Басты мақсат – жүйелi, теңдестiрiлген өсу және жеке имидждi қалыптастыру; өкiлеттiктердi табыстау есебiнен басшылық әсерi (орталықсыздандырылған басшылық); негiзгi мiндет – түрлi бағыттар бойынша өсу, нарықты жаулап алу, әр алуан мүдделердi ескеру; еңбектi ұйымдастыру – бөлу және кооперациялау, жеке нәтиже үшiн сыйақы.

4 фазаұйымның қартаюы. Негiзiнен бұл оның жетiлуiнiң ең жоғарғы сатысы. Басты мақсат – жеткен нәтижелердi сақтап қалу; басшылық саласында әсер әрекеттердi үйлестiру есебiнен алынады; негiзгi мiндет – тұрақтылықты, еңбектi ұйымдастырудың еркiн режимiн, пайдаға қатысуды қамтамасыз ету.

5 фазаұйымның қайта өркендеуi. Басты мақсат – барлық қызметтер бойынша жандануды қамтамасыз ету; ұйымның өсуi – ұжымдану есебiнен; басты мiндет – жасару; еңбектi ұйымдастыру саласында – еңбектi ғылыми ұйымдастыруды ендiру, ұжымдық сыйлықақы беру.

Ұйымның бірқатар белгілері бар:

1) мақсаттың болуы - мақсат ұйымның өмір сүруіне мән береді, оның мүшелерінің әрекеттеріне анықтылық және бағыт-бағдар беріп, күнделікті өмірде оларды біріктіріп, топтастырады;

2) оқшаулылық - ұйымды сыртқы ортадан, соның ішінде өзге ұйымдардан, бөлетін шекараның болуы, iшкi процестердiң тұйықтығы;

3) жүйелiлiк, оның жекелеген элементтерiнiң арасында байланыстардың болуы – байланыстар экономикалық, технологиялық, әкiмшiлiк, әлеуметтiк, ақпараттық және т.с.с. болуы мүмкiн;

4) өзін-өзі реттеу – белгiлiктi шекте iшкi өмiрдiң көптеген сұрақтарын дербес шешуге және нақты мән-жайларды ескере отырып, сыртқы бұйрықтарды орындауға мүмкiндiк бередi;

5) ұйымдық мәдениеттiң болуы - аталмыш ұйымды өзгелерден ерекшелейтін құндылықтардың, мінез-құлық нормаларының, дәстүрлердiң жиынтығы.

 

Йымның түрлерi

 

Кез келген өзге құбылысты сияқты ұйымдарды көптеген негiздер бойынша жiктеуге болады.

Пайда болуы тұрғысынан ұйымдар табиғи және жасанды болып бөлiнедi.

Табиғи ұйымдар өздiгiнен, өз мүдделерiн iске асыруға ұмтылатын тұлғалардың ерiктi бiрiгуi негiзiнде пайда болады. Бұл бiрлестiктер бiрте-бiрте институционалданады, яғни ресми мәртебеге, ережеге, регламентке, сондай-ақ өз қызметiнiң материалдық жағдайына ие болады. Мұндай ұйымдардың сырттан бiреулермен арнайы қойылған мақсаттары жоқ және олардың қызметi құрушылардың өз мәселелерiн шешуге бағытталған. Олар ешкiмге тәуелдi емес, барынша жоғары дәрежелi ешқандай құрылымдарға бағынбайды. Әдетте олар жоғары бейiмдiлiкке, яғни сыртқы және iшкi орталардың өзгерулерiне төсiле алу қабiлетiне, ие, сондықтан да тұрақты болып табылады. Бұған көбiне iшкi икемдiлiк және өзiн-өзi ұйымдастыру процестерiнiң үстемдiгi есебiнен қол жетедi.

Жасанды ұйымдар оларға қарағанда барынша жоғары бiрлiктiң (мысалы, мемлекет) ресурстары есебiнен және бастамасымен белгiлiктi жоспар бойынша жобаланады және құрылады. Сондықтан да олар тек салыстырмалы дербестiкке ие және үзiлдi-кесiлдi осы бiрлiк қойған мақсаттарға жетуге бағдарланған. Тек оларға жету үшiн ресурстар жұмсалады, әрi соларға сәйкес, әдетте, тек қажеттi элементтерден (мысалы, бөлiмшелер, лауазымдар, жұмыс орындары) тұратын ұйымның құрылымы қалыптасады. Мұндай ұйымдарды еңбектiң дәл бөлiнуi, қызметкерлердiң тар мамандануы, ұтымдылық қағидасына негiзделген қатаң құрылым, техникалық жүйелердi секiлдi қызметтi орталықтандырылған реттеу сипаттайды. Нәтижесiнде жасанды ұйымдар iс жүзiнде жеткiлiктi түрде икемдi және бейiмделгiш болмай, көбiне тiршiлiкке қабiлетсiз болады.

Заңдылық тұрғысынан ұйымдар ресми және бейресми деп бөлiнедi.

Заңды түрде танылған ұйым ресми деп аталады. Белгiлiктi тәртiппен мемлекетпен тiркелмеген ұйым бейресми болып табылады (мысалы, қылмыстық бiрлестiк).

Саяси жүйе тұрғысынан ұйымдар бiртұтас және плюралистiк болып бөлiнедi.

Бiртұтас ұйым өз мүшелерiне қатысты оларға қарамастан өмiр сүретiн және оларды өз мақсатына жету құралы ретiнде қарастыратын әлдебiр сыртқы болмыс түрiнде болады. Ол адамдардан өз мүдделерiн ұмытуды, оған сөзсiз бағынуды, белгiленген ережелер мен мiнез-құлық нормаларын бұлжытпай сақтауды талап етедi. Мұндай ұйымда қатаң тiк байланыстар үстемдiк етедi, адамдардың құқықтары мен бостандықтары шектеледi, тұлға еленбейдi. Сөйтiп, бiртұтас ұйым қатысушыларға үстемдiк етедi, оларға құқықтар берiп, мiндеттер жүктейдi, сондықтан да оларға қатысты бастапқы болып табылады. Оған әскер мысал бола алады.

Плюралистiк ұйым «ойын ережесiн» анықтайтын құрушыларға бағынышты. Адамдар ұйымға қажеттi ресурстарды, құқықтар мен мiндеттердi үлестiредi, сондықтан да ол адамдарға қатысты қосалқы болып табылады. Мұндай ұйым корпоративтiк және ассоциациялық болуы мүмкiн.

Корпоративтiк ұйымға қатысушылар өз егемендiгiн құрбан ете отырып, белгiлiктi кезеңге бағынады (мысалы, кезектi жалпы жиналыстар арасында). Бұл оған солардың жалпы мүдделерiне орай қажеттi iс-әрекеттердi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Бiрақ түптеп келгенде оның тағдырын адамдар шешедi.

Ассоциациялық ұйым олардың егемендiгiн жоғалтпастан өз қызметiн күнделiктi үйлестiру үшiн қатысушылармен құрылады және оларға қатысты шартты түрде де басымдыққа ие емес (мысалы, БҰҰ). Олардың әрекеттестiгi шарттарға негiзделедi, сондықтан да шешiмдер жалпы келiсiм бойынша қабылданады. Ұйым өзi оларға тiптi уақытша да ештеңе бұйыра алмайды.

Ұйым элементтерiнiң әрекеттестiк ерекшелiктерiне қарай ұйымдар механикалық және органикалық болып бөлiнедi.

Механикалық ұйымдар шекаралардың, құрылым мен байланыстардың мызғымастығымен, билiктiң орталықтануымен, жан-жақты регламенттелумен әрi қызметтiң бағдарламаланылуымен, лауазымдық құқықтар мен мiндеттердiң дәл мамандануымен, нәтижелердi ұйғарымдарды орындаудың дәлдiгi бойынша бағалаумен сипатталады.

Органикалық ұйымдар шекаралардың бұлыңғырлығымен, иерархиялықтың әлсiздiгiмен, жекелеген буындардың дербестiгiмен, ережелер мен рәсiмдердiң аз санымен, олардың қызмет нұсқаларын таңдау еркiндiгiмен, iшкi бәсекемен, нәтижелердi нақты нарықтық әсер негiзiнде бағалаумен, бейресми қатынастардың үстемдiгiмен сипатталады.

Шешiлетiн мiндеттердiң ерекшелiктерiне сәйкес ұйымдар iскер және қоғамдық деп бөлiнедi.

Iскер ұйымдар сыртқы клиенттердiң қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн құрылатын фирмалар, мекемелер, кәсiпорындар және т.б. болып табылады. Ол үшiн алынған қаражат ұйым мүшелерiнiң де тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз етедi.

Қоғамдық ұйымдар өз қатысушыларының өзара көмекке, қатынасқа, өзiн-өзi көрсетуге деген қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған. Әдетте пайда болуы бойынша олар табиғи, қызмет сипаты бойынша көбiне бейресми, қатысушылардың жеке мақсаттарын сомдау нәтижесiнде алынған мақсаттары бар.