Йымды басқарудың органикалық құрылымы және оның түрлері

 

60-шы жылдардан бастап кейбір ұйымдар олар әрекет ететін сыртқы жағдайлар тез өзгеріп, жобалар соншалықты күрделі болып, ал технология жылдам дамығаны соншалық, бюрократиялық ұйымның кемшіліктері артықшылықтарынан асып түскен жағдайға тап болды. Сондықтан да ұйымдардың сыртқы ортаның өзгерісіне тез төсілуге және жаңа технологияны ендіруге мүмкіндігі болуы үшін бейімделгіш ұйымдық құрылым әзірленді. Бейімделгіш құрылым - бұл қоршаған орта мен ұйымның өз қажеттіліктерінің өзгеруіне сай тез түрлене алатын құрылым. Оны органикалық құрылым деп те атайды, себебі ол тірі организмдер сияқты сыртқы ортадағы өзгерістерге бейімделу мүмкіндігімен байланысты. Оның негізгі тұжырымдамаларын «Инновацияларды басқару» (1961) деген еңбегінде Т. Бернс және Д. Сталкер атты ғалымдар баяндады. Органикалық құрылым бюрократиялыққа қарама-қарсы мақсаттар негізінде құрылады. Ол пайда болған мәселелер мен қажетті іс-әрекеттерді жекелеген элементтерге жіктеп, мамандар бойынша бөлуге мүмкін болмаған жағдайда пайдаланылады. Органикалық құрылымның келесі ерекшеліктері бар:

1) шешімдер бедел, ережелер немесе әдеттерге негізделмей, тек талқылау негізінде қабылданады;

2) мәселелерді талқылау барысында назар аударуды талап ететін жағдайларға лауазымдық нұсқаулар емес, сенім білдіру жатады;

3) басты біріктіретін факторлар - ұйымның миссиясы мен даму стратегиясы;

4) жұмысқа деген шығармашылық көзқарас;

5) жұмыс ережелерін нұсқаулар емес, қағидалар ретінде қалыптастыру;

6) қызметкерлер арасындағы еңбек бөлінісін лауазымдарға қарай емес, шешілетін мәселелердің сипатына байланысты жүзеге асыру;

7) ұйымда прогрессивтік өзгерістерді жүзеге асыруға қашанда дайын болу.

Мұнда функционалдық еңбек бөлінісін енгізудің қажеті жоқ және әрбір қызметкердің жалпы табысқа деген жауапкершілігі арта түседі. Басқарудың органикалық құрылымын жүзеге асыру үшін дайындық жұмысын жүргізу керек. Сондықтан компания жұмысшылары ұйымның мәселелерін шешуге қатысу үшін ақпараттық технологияларды дамытып, басқа компаниялармен қарым-қатынасты жаңартады. Органикалық құрылым дамудың бастапқы сатысында, оны «таза» түрде пайдаланатын ұйымдардың саны көп емес. Органикалық құрылымның екі негізгі түрі бар: жобалық және матрицалық құрылым.

Жобалық құрылым - бұл нақты міндетті шешу үшін құрылатын уақытша құрылым. Оның мәні белгіленген сметаның шегінен шықпай, сапаның берілген деңгейімен белгіленген мерзімде күрделі жобаны жүзеге асыру үшін ең білікті қызметшілерді бір командаға жинау болып табылады. Жоба аяқталған соң, команда таратылады.

Матрицалық құрылым - мұнда жобалық топ мүшелері әрі жоба басшысына, әрі өздері тұрақты жұмыс істейтін бөлім басшыларына да бағынады, яғни қызметкерде бір мезгілде тең құқыққа ие екі басшы болады. Бұл құрылымның схемасы торға ұқсас, сондықтан да матрицалық деп аталады.

Матрицалық департаменттеу барлық құрылымдардың ішіндегі барынша күрделісі болып табылады. Бірақ белгілікті жағдайларда ол өте тиімді болуы мүмкін. Матрицалық құрылымның тиімділігі көбіне онда жетекші рөл орындаулары тиіс менеджерлердің әрекеттерімен анықталады. Матрицалық құрылым ұйымның бір бөлігінде функционалдық және дивизионалдық тізбектерді бір мезгілде пайдалануды ұйғарады. Мұндай жүйе дара басшылық қағидасын бұзады, бірақ әрі функционалдық, әрі дивизионалдық тізбектерге тең көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Функционалдық басшы арнайы үйрету мен жобаларға техникалық персоналдың тағайындалуын қамтамасыз етеді, ал бөлімше жетекшісі ағымдық бағдарламаның тұтастай іске асуына жауап береді. Бастапқыда матрицалық құрылымдағы әрекеттестікке бейімделу мәселесіне матрицалық басшылар да, екі басшысы бар қызметкерлер де душар болады. Матрицалық басшы қызметкерге жарым-жартылай ғана билік ете алатындықтан, ол матрицаның өзге жағындағы әріптесімен кеңесуі тиіс. Бұл бірлескен мәжілістердің қажеттілігін білдіреді.

11.4. Матрицалық құрылымның схемасы


Матрицалық құрылымның мынадай артықшылықтары бар:

1) дәстүрлі иерархияға қарағанда ресурстарды барынша тиімді пайдалану;

2) өзгермелі сыртқы ортаға бейімделгіштігі, икемділігі;

3) басшылықтың әрі жалпы, әрі арнайы дайындығының дамуы;

4) шектес қызметтер арасындағы кооперация, барлық бөлімшелер косымша тәжірибе алады;

5) барлық қызметкерлер үшін жұмыс міндеттері мазмұнының байытылуы.

Оның күрделілігіне байланысты матрицалық құрылымның келесі кемшіліктері бар:

1) қос басшылықпен туындаған түсініспеушілік;

2) матрица тараптары арасындағы шиеленіскен қайшылықтың мүмкіндігі;

3) мәжілістің көптігі, іске қарағанда сөздің басым болуы;

4) қызметкерлерді адамдық қарым-қатынастар өнеріне үйрету қажеттілігі;

5) матрицаның бір тарапынан күшті ықпал ету ықтималдығының жоғарылығы.

Бейімделгіш ұйымдық құрылымның тағы бір түрі конгломерат болып табылады. Конгломерат – бұл негізгі фирма мен, жекелеген экономикалық орталықтар ретінде қарастырылатын, отау компаниялардан тұратын ұйым. Негізгі фирма өзінің өсу стратегиясына сай отау фирмаларды сатып алады және сатып жібереді.

 

 

Тарау