Адамдар арасындағы коммуникация жолындағы кедергілер

 

Адамдар арасындағы коммуникация жолындағы кедергілердің себептері мынадай:

1) түйсіну;

2) семантика;

3) ауызша емес ақпаратпен алмасу;

4) сапасыз кері байланыс;

5) дұрыс тыңдамау.

Адамдар айналасында іс жүзінде болып жатқанға емес, олар болып жатыр деп түйсінгеніне жауап қайтарады. Ақпаратпен алмасу барысында түйсінуге әсер ететін кейбір факторларды ескеру түйсінумен себептелген кедергілерді дер кезінде жойып, коммуникация тиімділігін төмендетпеуге мүмкіндік береді. Мұндай кедергілердің бірі жөнелтуші мен алушының пайымдау негіздері арасындағы келіспеушілік себебінен пайда болады. Адамдар жинақталған тәжірибеге байланысты бір ақпараттың өзін түрліше түсіндіре алады. Пайымдау негіздері арасындағы алшақтық адамдардың мүдделері, қажеттіліктері, ішкі күйі мен қоршаған ортасына байланысты ақпаратты таңдамалы түйсіну салдарынан болуы мүмкін. Бұл сипаттама ақпаратпен алмасу үшін өте маңызды. Осыған орай көптеген жағдайларда адамдар қабылдаған хабарламаның тек бөлігін ғана түйсінеді. Ақпаратпен алмасуды ұйымдастырудағы қиындықтар адамдардың қабылдаған ақпаратты түрліше түсінуімен себептелген. Осының салдарынан жөнелтуші кодтаған идеялар бұрмаланып, дұрыс түсінілмеуі мүмкін.

Семантика сөздер арқылы берілетін мағыналар мен сөздердің пайдалану тәсілдерін зерттейді. Сөздер түрлі адамдар үшін әр түрлі мағынаға ие болуы мүмкіндіктен, біреудің жеткізгісі келген хабарламасын алушы өзгеше түсінуі де мүмкін. Семантикалық вариациялар көбіне дұрыс түсінбеудің себебінен болады, өйткені көп жағдайда жөнелтушінің символға таққан дәл мағынасы онша айқын болмауы мүмкін. Символдың қайталанбас мағынасы жоқ. Ол тәжірибе арқылы анықталады әрі символ қолданылған жағдайға қарай өзгеріп отырады. Ұйымдағы қызметшілермен тиімді ақпарат алмасу үшін сіз олар қолданған сөздерге қандай мағына бергенін түсініп, олардың сіз қолданған сөздердің мағынасын ұғынатындай жағдайға қол жеткізуіңіз керек.

Ауызша символдар (сөздер) жеткізуге арналған идеяларды кодтаудың негізгі құралы болғанмен хабарламаны жеткізу үшін ауызша емес символдар да қолданылады. Ауызша емес коммуникацияда сөздерден басқа кез келген символдар пайдаланылады. Көбіне ауызша емес жеткізу ауызшамен бір уақытта жүріп, сөздердің мағынасын күшейтуі немесе өзгертуі мүмкін. Көзқарас, бет әлпеті, сұқ саусақпен нұсқап көрсету ауызша емес коммуникацияға мысал бола алады. Ауызша емес коммуникацияның тағы да бір түрі сөзді қалай айтатындығымызға (дауыс ырғағына) байланысты қалыптасады. Өмірлік тәжірибеден білетініміздей сөздерді біз қалай айтатындығымыз олардың мағынасын елеулі түрде өзгертуі мүмкін. Көп жағдайда біздің қалай сөйлегеніміз айтқан сөздерімізден маңыздырақ болады. Хабарламаны жеткізу үшін сіз қолданатын ауызша емес символдар жеткізгіңіз келген идеяға сай болуына қол жеткізу керек.

Сіз жіберген хабарлама жайлы кері байланыстың болмауы адамдар арасындағы ақпаратпен алмасудың тиімділігін шектеуші тағы да бір кедергі болуы мүмкін. Кері байланыс маңызды, өйткені алушы қабылдаған сіздің хабарламаңыз сіз берген мағынада түсінілгендігін білуге мүмкіндік береді. Сіздің пікіріңізше сіздің идеямен толық сәйкес келетін жіберген хабарламаңыз дұрыс түсінілмеуі мүмкін болатын көптеген себептер бар. Кері байланысты қамтамасыз ету үшін адамдар арасындағы қарым-қатынасты үзбеу шеберлігін жетілдіру қажет.

Тиімді коммуникация адам хабарламаны жөнелткен және қабылдаған кезде бірыңғай дәл болғанда ғана мүмкін. Сондықтан да тыңдай білу қажет. Өкінішке орай көптеген адамдар тиімді дәрежеде тыңдай білмейді. Көбінің ойынша тыңдау тек тиыш отыру мен өзге адамның сөйлеуіне мүмкіндік беру. Алайда бұл мұқият тыңдау процесінің шағын бөлігі ғана. Сізге тапсырма жайлы, жұмыстағы өзгерістер жайлы, тиімділікті арттыруға қажет жаңа идеяларды айтқан кезде нақты баяндалған мәселелерді есту қажет. Сондай-ақ сезімдерге де зейін қою керек. Сезімдерді көп жағдайда дене тұрысы мен қимылы, дауыс ырғағы білдіреді.