Оқыту процесі туралы түсінік

Арнайы білім беру және оқыту теориясы арнайы педагогиканың жеке бөлігі болып табылады. Арнайы білім берудің дидактикасы -мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру мен оқыту, оның заңдылықтары, принциптері, әдістері мен оқу процесін ұйымдастыру формаларын зерттеумен айналысады. Арнайы педагогиканың дидактикасы, оқыту теориясы ретінде оқытудың динамикасын көрсете, барлық өзгерістерін ашып, білім берудің мазмұның қамтиды.

Дидактика нысаны – тұлғаның білім алуда, жаң-жакты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған оқытушы мен оқушылар арасындағы байланыс әрекеттер жүйесі. Ал дидактика пәні оқыту мен оқу процестерін зерттейді. Сонымен бірге, дидактика оқыту процесінің түсінігі мен мәні, оқыту принциптері, арнайы мектептегі білім беру мазмұны, оқыту әдістері мен ұйымдастыру формалары, оқушылар білімін тексеру және бағалау мәселелерін қамтиды.

Оқыту процесінде арнайы мектеп оқушылары арнайы білім беру мазмұның меңгереді. Түзетушілік жұмыс ұйымдастыру арқылы оқушы бойында еңбекке баулу, ең бастысы қоғамдық өндіріске қатысуға мүмкіндік беретін икеммен дағдылар, көзқарас пен сенімдер қалыптасады, қоғамға бейімделуге жағдайлар қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда дамуында кемістігі бар оқушылар жаңа компьютерлік технологиялармен мектепте танысуы қажет, арнайы оқытуда бағдарлап оқыту технологияларды т.б. кен пайдалануы тиіс. (О.И. Кукушкина, Т.К. Королевская т.б). Ол келешекте бұл техникамен жұмыс істеп қана қоймай, теория мен тәжірибе саласындағы жаңалықтармен танысып, оны жетілдіруге мүмкіндік береді, болашақта қарым-қатынас, ақпарат алу құралы ретінде пайдаланады.

Сондықтан, болашақ арнайы педагог арнайы білім беру және оқыту теориясын терең меңгеріп, оны мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс жасау тәжірибесінде жүзеге асыруды білуі қажет.

Арнайы педагогикада оқыту, білім беру, оқу, білім алу арнайы мектеп оқушыларының қоғамдық мәнін міндеттерін шешуге бағытталған өзара байланысты педагогикалық процес тұрғысында сипатталады.

Қоғамның – тарихи дамуында оқыту салыстырмалы түрде өзіндік және дербес сипат алады. Себебі, біріншіден, білім күрделенеді. Білімнің күрделенуі оқу материалын игеруге бағытталған арнайы танымдық іс -әрекетті ұйымдастыруды талап етеді. Екіншіден, ғылым мен техникалық дамуына сәйкес оқыту процесіне танымның абстрактілі даму кезеңі үлкен орын алады. Бала санасында әлем әр түрлі қырларымен көрінеді. Ал арнайы мектеп оқушылары үшін бұл жағдай ауырға түседі, себебі оқытудың алғаш кезеңдерінде көрнекі ойлау жетекші болады. Арнайы оқыту өзіне тән мақсатымен, ұйымдастырылуы ерекшеліктерімен сипатталады, олар оқушылардың бойындағы ерекшеліктерге тәуелді. Үшіншіден, қоғамдық өндірістің дамуы жаңа мамандыктарды қажет етеді, қоғам тарапынан білім беру жүйесіне тапсырыс етеді. Осыдан мүмкіндіктері шектеулі балаларды өмірге бейімдеу, лайықты мамандықты меңгеруге бағытталған білімдік, еңбектік және кәсіби отқыту қажеттігі туады. Арнайы мектептегі оқыту үш міндет атқарады, олар: білім беру, тәрбиелеу, түзету-дамыту.

Білім беру қызметі ғылыми білімді меңгеру мен жалпы және өзгеше икемділік пен дағдыларды қалыптастыруда жүзеге асады. Өзгеше арнайы икемділік пен дағдылар нақты оқу пәніне лайықты тәжірибеде қажетті икемділік пен дағдыларға үйрету. Мысалы, физикадан есеп шығару мен зерттханалық тәжірибе өткізу болса, географиядан- карта, атлас, глобуспен жұмыс жасау т.б. Жалпы оқу дағдылары барлық пәндерге қатысты, олар кітап, анықтама, сөздіктермен жұмыс жасау, оқу және жазу дағдылары, оқу әрекетін ұйымдастыру дағдылары сияқты.

Тәрбиелеу қызметі оқушылардың дүниетанымың, адамгершілік, енбек, эстетикалық, этикалық көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған.

Оқытудың түзету-дамыту қызметі көбінесе арнайы түзету сабақтар арқылы атқарылады. Оқыту процесінде оқушылар алдына таным процестерін дамыту үшін арнайы міндеттер қойылады. Оқытудың дамытушылық міндеті білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады.

Білім беру және оқытудың ғылыми теориясы озат ойшылдары Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталосций, А.Дистервегтің иедагогикалық көзқарастарын негізінде қалыптасты. Я.А.Коменский өзінің «Ұлы дидактика» (1658) деген еңбегінде мектепте оқытудың принциптерін, мазмұнын, әдістерін, ұйымдастырудың негізгі түрін - сабақ екенің негіздеді. Қазіргі уақытқа дейін арнайы мектепте сол сабақ түрінде оқыту негізгі түрі.

Философияның таным теориясы білім беру және оқыту теориясының әдіснамалық негізі ретінде оқыту процесі және адамның танымдық іс-әрекектінің басқа да формалары мен түрлерінің ұқсастығы және айырмашылығын түсінуге, қоршаған әлемді адамның тануының заңдылықтары жүйесінде оқытудың орнын анықтауға мүмкіндік береді. Нақты оқытуда, таным теориясы секілді сезімдік танымнан абстрактілі ойлауға, одан тәжірибе қалыптасады. Мектептегі оқыту – танымдық процестің көптүрлігінің бірі, өзінің міндеттері, мазмұны, ұстанымдары, әдістері, шарттары, ұйымдастыру түрлері және логикамен құрылысы бар. Оқыту теориясының дамуына П.П.Блонский, С.Т.Шацкий, Л.С. Выготскийдің педагогикалық және психологиялық еңбектері үлкен үлес қосты. П.П.Блонскийдің оқыту процесін психологиялық негіздеу білім беру мен оқытудың теориялық мәселелерін зерттеуді елеулі тереңдетті. Л.С.Выготскийдің оқытудың жетекші рөлі туралы концепциясы оқытудың психологиялық негізін зерттеуде елеулі ықпал етті.

Н.А.Менчинская, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин және т.б. білімді игерудегі жас ерекшелігінің мүмкіндіктерін, Л.В.Занковтың кіші мектеп жасындағы оқушылар дамуының жалпы деңгейін қалыптастыру жолдарын, оқытудың мазмұны мен әдістерін жергілікті табиғат және баланың өмір тәжірибесімен байланыстыруды психология және педагогикалық тұрғыдан зерттеулері оқыту теориясын ерекше бағытта түседі.

Арнайы білім беру мен оқытудың бойында мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды жан - жақты дамыту мен кемістікті түзетуге қуатты жағдайы бар. Осы жағдайларды ашу және жүзеге асыру - арнайы білім беру мен оқыту теориясының маңызды міндеті. Педагогика ұлы орыс физиологтары И.М.Сеченов пен И.П.Павлов жасаған жоғарғы жоғарғы жүйке жүйесінің іс-әрекеті жөніндегі алдыңғы қатарлы материалистік ілімге сүйенеді. Жүйке жүйесінің қызметінің шартты рефлекторық теориясы оқушылардың таным процесініц және олардың қоғамдық негізінің дамуын терең түсінуге мүмкіндік ашады.

Оқу іс-әрекетінің элементтері мектепке дейінгі тәрбие мазмұнында да болады. Бала әріптер, есептеумен, оқу процесімен танысады. Ата- аналар және тәрбиешілер көмегімен бақыланған табиғат құбылыстарының елеулі белгілерін ажыраты, әңгімелер мен ертегілер тыңдайды, олардың мазмұнын түсінуге үйренеді. Дегенмен, ғылымның, оған сәйкес оқу пәнінің логикасы, ғылыми білімнің элементтерін ұғыну және олардың негізінде білік пен дағдылардың қалыптасу процесіне шешуші ықпал жасамайды. Мүмкіндіктері шектеулі балалардың жетекші іс-әрекетіне көңіл бөліп, ойлау, сезімдік, таным іс-әрекетінде басым мәнінде қала береді.

Ал, оқыту процесі - оқушының қоршаған әлемді тану процесі. Оқыту процесінің бұл белгісі оның адамның таным іс-әрекетінің басқа түрлері мен формалары ұқсастығын білдіреді. Оқыту - арнайы ұйымдастырылған танымдық іс-әрекет. Оқыту құрылымының ойын, көркем-бейнелеу, еңбек және басқа да іс-әрекеттерден мәндік айырмашылығы болады.