Микроэкономика пәні және оның әдіснамасы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ КІТАПХАНАСЫ

 

Жүрсін ҒАБИТ

Амангелді ДОҒАЛОВ

Нұрлан ДОСМАҒАНБЕТОВ

 

 

МИКРОЭКОНОМИКА

 

ОҚУЛЫҚ

АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

МИКРОЭКОНОМИКА

 

Оқулық

АСТАНА, 2010

УДК 330 (075. 8)

ББК 65. 012. 1 я 73

Ғ – 12

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесі ұсынған

 

Пікір жазғандар:

Рахимбеков Т.С., экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Мұхамбеков М.М., экономика ғылымдарының докторы, профессор.

 

Ғ – 12 Ғабит Ж.Х., Доғалов А.Н., Досмағанбетов Н.С.

Микроэкономика: экономикалық мамандықтарға арналған оқулық/ – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010. – 275 б.

 

ISBN 9965 – 31 – 315 – 6

 

Аталған оқулықта микроэкономика пәнінің базалық мәселелері жан-жақты қарастырылған. Тақырыптық мәселелер теориялық тұрғыдан ғана емес, жаттығулар, есептер, графиктер мен кестелер, тест тапсырмалары көмегімен де жатық түсіндіріледі.

Оқулық оқыту жүйесінің кредиттік технологиясына негізделген. Экономистер даярлайтын жоғары оқу орнының студенттеріне, оқытушыларға, сондай-ақ микроэкономиканы өз бетінше оқитын оқырман қауымға арналады.

 

 

УДК 330 (075. 8)

ББК 65. 012. 1 я 73

 

 

Ғ 0605010200

00 (05)-09

ISBN 9965 – 31 – 315 – 6

 

 

© Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010.

© Ғабит Ж.Х., Доғалов А.Н., Досмағанбетов Н.С., 2010.

алғы сөз

Экономикалық теория салалық экономикалық ғылымдар үшін базалық ғылым болып табылады. Қазіргі заманғы экономикалық теорияның негізгі бір бөлімі ретіндегі микроэкономика курсының зерттеу мақсаты – нарықтық экономикадағы субъектілердің ұтымды тәртіптері мен мінез-құлықтарын анықтап зерттеу немесе қоғамның шектеулі ресурстары жағдайында жекелеген нарықтардың іс-әрекеттерін анықтау.

Сондықтан да микроэкономика ғылымын жеке пән ретінде оқытудың маңызы бүгінгі күні аса ерекше. Себебі аталған ғылым экономикалық теорияның құрамдас бөлігі ретінде өзінің зерттеу мәселелерін сол ғылымнан алады, яғни экономикалық теорияның негізгі зерттейтін мәселелері – адамдардың шексіз қажеттіліктері мен шектеулі ресурстар сияқты іргелі проблемалар шеңберіндегі сұрақтарды микроэкономикалық деңгейде шешуге негізделеді. Бұл – аталған мәселелерді жекелеген субъектілер тұрғысынан шешу деген сөз.

Микроэкономика пәнін басқаша шешімдер қабылдау ғылымы деп те атайды. Кез келген адам күнделікті өмірде әртүрлі шешімдер қабылдайды. Ол шешімдер жай ғана емес, сол адамның шешім қабылдауына әртүрлі факторлар әсер етеді. Демек, шешім қабылдау барысында экономикалық жағынан рационалды адам шектеулі таңдау жағдайында өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүзеге асыруы қажет. Әр адамның дұрыс шешім қабылдай білуі оны экономикалық рационалдылыққа итермелейді. Микроэкономиканың негізгі жекелеген субъектілері ретінде үй шаруашылығы немесе тұтынушылар (сатып алушылар), фирмалар немесе өндірушілер (сатушылар), мемлекет немесе үкімет өз беттерінше шектелген экономикалық ресурстар мен мүмкіндіктер жағдайында алдарында тұрған шектеусіз тілектері мен қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға тырысып соның аясында тиімді шешімдер қабылдайды. Бірақ олардың қабылдайтын шешімдері өзара тығыз байланыста және тәуелділікте болады. Аталған ұтымды субъектілер арасындағы өзара тиімді байланыстарды микроэкономикадағы шеңберлі айналым үлгісі арқылы қарастыруға болады. Ол үлгі арқылы игіліктер (тауарлар мен қызметтер) нарығы және ресурстар (өндіріс факторлары) нарығының көмегімен фирманың тұтынушыға, тұтынушының фирмаға әсерін, фирманың мемлекетке, мемлекеттің фирмаға әсерін, және де тұтынушының мемлекетке, мемлекеттің тұтынушыға әсерлерін біле аламыз.

Микроэкономика курсы бойынша ұсынылып отырған оқулықта микроэкономиканың шеңберлі айналым үлгісіне сәйкес мына мәселелер қарастырылады.

Біріншіден, микроэкономика пәні, ондағы негізгі ұғымдар, әдіснамасы мен қазіргі игерушілік рөлі, нарық жағдайындағы оның негізгі элементтері – сұраныс пен ұсыныс теориялары, икемділік ұғымы толығымен қарастырылады, яғни ең алдымен, пәннің бастапқы базалық түсініктерін терең меңгере отырып кейінгі тақырыптарды оқуға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, микроэкономиканың екі негізгі агенті – тұтынушылар мен өндірушілердің игіліктер нарығындағы мінез-құлқы жайлы сөз болады. Алдымен, тұтынушылардың, үй шаруашылықтарының және сатып алушылардың осындай нарықтардағы өздерінің шектеулі мүмкіндіктері жағдайындағы сұраныс ерекшеліктері және олардың таңдау теориялары қарастырылады. Сонымен қатар, өндірушілердің, фирмалардың және сатушылардың аталған нарықтардағы тұтынушылар тарапынан қалыптасқан сұраныстарға сәйкес тауарлар мен қызметтерді өндіру, сату және ұсыну ерекшеліктері жалпы теориялық жағынан қарастырылады.

Үшіншіден, микроэкономиканың маңызды элементі бәсеке ұғымының теориясы енгізіліп, соның аясында игіліктер нарығындағы аталған субъектілердің жетілген және жетілмеген нарықтық құрылымдар жағдайындағы шешім қабылдаулары қарастырылады. Мұнда алдымен, жетілген бәсеке нарығы кезінде игіліктерді сату және сатып алу, баға белгілеу мен өнім көлемін анықтау мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, жетілмеген бәсеке нарықтарындағы микроэкономика субъектілерінің басты шешімдері жайлы мәліметтер беріледі.

Төртіншіден, өндіріс факторлары нарықтарындағы ресурстарды сату және сатып алу бойынша үй шаруашылықтары мен фирмалардың оларға баға тағайындау мен табыстарды қалыптастыру ерекшеліктері сипатталады.

Бесіншіден, жалпы тепе-теңдік моделін қарастыра отырып, аталған екі негізгі нарық – игіліктер нарығы мен ресурстар нарығындағы өзара байланыс негізінде қоғамның (тұтынушылар мен өндірушілердің) жалпы экономикалық тиімділігі мен әл-ауқаттылығы туралы мәселелер сипатталады. Сонымен қатар, жалпы тепе-теңдікті зерттей отырып, игіліктерді өзара тиімді алмастыру және ресурстарды өзара тиімді бөлу мәселелері кеңінен қозғалады.

Алтыншыдан, микроэкономиканың нарық тұрғысынан шешілмейтін мәселелері қарастырылады, яғни нарықтың кемшіліктері жайлы зерттеледі, нарықтық белгісіздік пен тәуекел жағдайында субъектілердің шешім қабылдау ерекшеліктері, мемлекеттің тиімді қызметтері мен рөлі қарастырылады.

Курс бойынша оқулықты дайындау барысында микроэкономика пәні бойынша жарық көрген бірқатар отандық әдебиеттер (Н.Қ. Мамыров, К.С. Құдайбергенова, Қ.С. Есенғалиева, А.Б. Молдахметова, М.Ө. Өтебаев, т.б.), соның ішінде орыс тіліндегі (Ю.В. Тарануха, Р.М. Нуреев, Г.С. Вечканов, М.Н. Чепурин, Е.А. Киселева, т.б.) және орыс тіліне аударылған шетелдік оқулықтар (Р.С. Пиндайк, Д.Л. Рабинфельд, т.б.) мен материалдар пайдаланылды.

 

 

Бірінші Тақырып.

Микроэкономика пәні және оның әдіснамасы

Мақсаты:жалпы экономикалық теорияның құрамдас бөлігі ретінде курстың пәні мен құрылымын ашу, сатушылар мен сатып алушылар, үй шаруашылығы мен фирмалар сияқты микроэкономика субъектілерінің экономикалық қарым-қатынастар жүйесін ғылыми талдау және оның әдістемесін ашу. Микроэкономиканың басты пәні – нарық және нарықтық механизм, сонымен қатар оның құрамдас бөліктері – сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке. Олардың мәнін қоғамдағы экономикалық жүйелердің ерекшеліктеріне байланысты ашу.

 

Дәріс жоспары:

1. Микроэкономиканың зерттеу пәні, объектісі мен субъектісі.

2. Микроэкономикалық талдаудың әдіснамасы мен негізгі зерттеу әдістері.

3. Микроэкономиканың базалық түсініктері: қажеттіліктер, ресурстар, технологиялар, игіліктер. Экономикалық таңдау мәселесі және баламалы шығындар.

4. Өндірістік мүмкіндіктер қисығы және оның экономикалық мәні.

 

Негізгі ұғымдар:экономикалық теория; микроэкономика; макроэкономика; сиректілік; өндірістік мүмкіндіктер қисығы; баламалы шығындар; ұтымдылық; экономикалық таңдау мәселесі; үнемдеу мәселесі; қажеттіліктер; ресурстар; технологиялар; игіліктер; шекті талдау; функционалдық талдау; экономикалық модельдер; позитивті микроэкономика; нормативті микроэкономика; микроэкономикадағы шеңберлі айналым моделі; экономикалық жүйе; т.б.

 

Тақырыптың мазмұны.Микроэкономикалық теорияның зерттейтін негізгі проблемаларын қарастыру үшін ең алдымен экономикалық теория ғылымына қысқаша шолу жасауымыз қажет. Өйткені экономикалық теория екі негізгі бөлімге – микроэкономика және макроэкономика болып бөлінеді.

Экономикалық теориядегеніміз – адамдардың шексіз қажеттіліктерін қоғамның шектеулі ресурстары арқылы қанағаттандыру үшін материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну бойынша ғылым саласы. Міне, осы анықтамадан байқап отырғанымыздай, экономикалық теорияға екі негізгі проблема тән және ол соларды шешумен айналысады, яғни олар – 1) ресурстардың шектеулілігі және 2) адамдардың шексіз қажеттіліктері. Міне, осы іргелі проблемалар микроэкономикаға да, макроэкономикаға да ортақ болып табылады, бірақ олар әртүрлі деңгейде шешіліп, әр қырынан зерттеледі. Микроэкономика ғылымы осы проблемаларды жекелеген экономикалық субъектілердің дербес шешім қабылдауларына сәйкес шешеді. Макроэкономика болса аталған проблемаларды ұлттық экономика шеңберінде шешуге ұмтылып, экономиканы біртұтас жүйе ретінде зерттейтін экономикалық теорияның негізгі құрамдас бөлігі. Мысалы, микроэкономиканы – «бір тал ағаш» десек, онда макроэкономиканы – «біртұтас орман» деп қарастырсақ болады.

Микроэкономикалық теория макроэкономикалық саясатты жүзеге асырудың негізін құрайды. Ал макроэкономикалық саясат болса өз кезегінде мемлекетпен анықталады, ол жекелеген нарықтар мен салалар үшін нақты мақсаттарды белгілейді және осы мақсаттардың жүзеге асырылуында нарықтар мен салаларды реттеудің нақты құралдарын қолданады.

Микроэкономикада да, макроэкономикада да зерттеудің сол бір ғана құралдары қолданылады, бірақ ол ғылымдардың әрқайсысы экономикалық құбылыстар мен үрдістерді әртүрлі көзқарастарда зерттейді. Макроэкономика елдің экономикасын тұтастай зерттейді, ал микроэкономика қоғамдық өнімнің құрамы мен бөлінісін қарастырады. Экономикалық білім алу үшін экономикалық теорияның осы екі бөлімі бірдей дәрежеде құнды болып табылады.

Микроэкономика жекелеген игіліктердің бағаларын, яғни салыстырмалы бағаларды зерттейді, ал макроэкономика болса бағалардың абсолютті деңгейін зерттейді.

Қазіргі микроэкономикаға бірнеше анықтама беруге болады.

Микроэкономика – адамдардың арасындағы экономикалық қарым – қатынастарды зерттейтін және олардың әрекет ету заңдылықтарын қарастыратын экономикалық теорияның құрамдас бір бөлігі.

Микроэкономика – бұл жекелеген экономикалық субъектілердің (әдетте, үй шаруашылықтары мен фирмалардың) нарықтағы тәртіптері мен мінез-құлықтарын зерттейтін ғылым.

Микроэкономика– бұл шешімдер қабылдау ғылымы.

Микроэкономиканың зерттейтін негізгі проблемалары:

- белгілі бір игіліктердің бағасы, олардың көлемі және тұтынылуы;

- жекелеген нарықтардың жағдайы;

- альтернативтік (балама) мақсаттарға байланысты ресурстарды тиімді бөлу.

Микроэкономиканың зерттеу пәніболып шектелген экономикалық ресурстарды тиімді пайдаланумен байланысты экономикалық қатынастар, экономикалық таңдау жағдайында жекелеген экономикалық субъектілердің экономикалық игіліктер туралы шешімдер қабылдауы табылады.

Микроэкономиканың негіздерін австриялық (маржинализм бағытының) мектептің негізгі өкілдері К. Менгер, Ф. Визер, Э. Бем-Баверк және неоклассикалық теорияның негізгі өкілдері А. Маршалл, А. Пигу, сонымен қатар, ағылшын экономисі Дж. Хикс, американдық экономист Дж. Б. Кларк, итальяндық экономист В. Парето, швейцар экономисі Л. Вальрас және басқа да экономистер қалады және қалыптастырды.

Микроэкономикалық талдаудың қазіргі уақытта зерттеу объектісі кеңейе түсті.

Микроэкономиканың зерттеу объектісі– бұладамдардың экономикалық іс-әрекеттері және олардың жүзеге асырылуында туындайтын жалпы экономикалық проблемалары. Микроэкономиканың зерттеу субъектілері болып жекелеген индивидтер, үй шаруашылықтары, фирмалар, өндірістік ресурстардың иелері, елдің ішіндегі және сыртындағы басқа фирмалармен байланысқан ірі корпорациялар, сондай-ақ, экономиканың тұтас саласы да табылады.

Микроэкономиканың әдісі.Жекелеген экономикалық субъектілердің тәртіптері мен мінез-құлықтарын түсіндірудің бағыттарына байланысты микроэкономикалық теория позитивті және нормативті микроэкономика болып бөлінеді.

Позитивті микроэкономика– не бар немесе не болу керек деген сұрақтарға жауап бере отырып дәл осы уақытта қалыптасып отырған нақты құбылыстар мен жағдайлардың фактілері мен байланыстарын зерттейді немесе оны басқаша айтсақ, ол нақты жағдайлармен ғана жұмыс істей отырып, іс-әрекеттің ғылыми көзқарастарын зерттеуге ұмтылады. Позитивті микроэкономика субъективтік бағалауға тәуелді болмайды.

Нормативті микроэкономика– экономика қандай болуы керек деген сұрақтың субъективті көзқарасын көрсете отырып, экономикадағы кейбір аспектілердің қолайлы және қолайсыздығын қарастырады. Мысалы, позитивтіде – «Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 10%-н құрайды» делінсе, ал нормативтіде – «Жұмыссыздықты қысқарту керек» деп айтылады. Тағы бір мысал: «Барлық жерде бірдей көлемде оқудың төлемақысы көбейсе, абитуриенттер саны азаяды» деген тұжырымды позитивті талдау сипаттаса, ал нормативті талдау осы жағдайға мынадай тұжырым жасайды: «Университеттерде білім алушы студенттер санының көп болуы үшін оқудың төлемақысын қысқарту керек». Бір сөзбен айқанда, «керек» немесе «істеу керек» деген сөздер кездесетін болса, онда бұл тұжырымды нормативті микроэкономикаға жатқызамыз. Экономистер арасындағы көптеген нақты келіспеушіліктер талқылауға негізделген нормативті әдіспен, саясатпен байланысты. Экономистер экономикалық модельдер мен теорияларды, олардың құрамдас элементтерін қалыптастыруға тырысады. Ең көп келіспеушіліктер біздің қоғамның қандай болуы керектігі жайлы әртүрлі көзқарастар мен баламалы талқылаулар төңірегінде туындайды. Баламалы талқылаулар мен нормативті тұжырымдар экономикалық саясаттың жүзеге асырылу барысында пайда болады.

Микроэкономиканың позитивті және нормативті деп бөлінуі микроэкономикалық теория методологиясының бастапқы буыны және алғышарты болып табылады.

Позитивті микроэкономикалық теорияның нақты іс-әрекеттілігін зерттеудің негізгі әдістері мыналар болып табылады:

1. Шекті талдау, немесе маржиналды талдау, бұл талдау экономикалық әрекеттердегі өзгерістерді зерттейді, яғни экономикалық субъектілер тек қана жалпы түсім пен жалпы шығындарды салыстырып қана қоймайды, сонымен қатар, өнім өндіруді көбейткен кездегі шекті (қосымша) түсім мен шекті (қосымша) шығындарды да салыстырады. Шекті түсім шекті шығыннан көп болған уақытта шекті пайда оң мәнге ие болады, сондықтанда өз пайдасын мейлінше арттыруды көздейтін экономикалық субъект мұнымен тоқталмайды, ол жоғарыда айтылған екі көрсеткіш бір біріне теңескенге дейін өнім шығару көлемін арттыра береді. Сөйтіп ұтымды субъект өз мақсатына жетеді.

2. Функционалды талдау, бұл әдіс зерттеудің мынадай жолын ұсынады: алдымен құбылыстың тұрпаттық сипаты анықталады, содан кейін осы құбылыстың сипатына әсер ететін факторлар айқындалады. Соңында алдын-ала анықталған құбылыстың сипаты мен оған әсер еткен факторлардың арасындағы өзара байланыс – функцияанықталады. Бұл шама (функция) өзгермелі болып табылады, яғни оған әсер еткен басқа факторларға байланысты ол өз мәнін өзгертеді. Мысалы, егер у х-тің функциясы болып табылса, онда ол былай жазылады: у = f (x), мұнда у – х-тің функциясы болса, ал х – функцияның агрументі болады.

3. Теорияның тексерушілік әдісі, бұл жағдайда теорияның тәжірибеде тікелей немесе жанама түрде іске асып мойындалуы қажет деген тұжырым айтылады. Егер теория нақты фактілермен келіспесе, онда ол теория жақсартылады, немесе жоққа шығарады және жаңасын жасайды. Позитивистер – субъективтік бағалауларды жоққа шығара отырып экономикада не және қалай орын алуы керек деген сұрақтарды түсіндіру қажет деп санайды.

Нормативтік микроэкономикалық бағытты жақтаушыларэкономикалық құбылыстар мен үрдістерді модельдеуді кеңінен қолданады, яғни танып білу объектілерін зерттеу тікелей емес жанама түрде модельдер арқылы жүзеге асыру қолданылады. Сондықтан да, микроэкономиканың жоғарыда қарастырылған талдау ерекшеліктері экономикалық модельдер құрғанда анық байқалады. Экономикалық модель дегеніміз – экономикалық құбылыстарды немесе оның белгілі бір үзіндісін қарапайым түрде көрсету. Бұл жерде зерттеліп отырған құбылыстардың басты қасиеттерін және өзара қарым-қатынастарын жақсы түсіну үшін оның кейбір бөліктері модельде қарастырылмайды. Модельдер ауызша, график түрінде және символикалық (аналитикалық) болуы мүмкін. Кез келген ғылым әртүрлі модельдерден тұрады және олар көбінесе ауызша болады. Бірақ теориялық модельдеу кезінде әрдайым графикалық және аналитикалық модельдер қолданылады, себебі олар көрнекті (графиктік) және қысқаша, түсінікті болады.

Кез келген модельде айқын және айқын емес түрде белгілі болжамдар болады. Әртүрлі құбылыстар, олардың қасиеттері мен өзара байланыстары көбінесе символдық түрде, соның ішінде сандық және айнымалы шамалармен бейнеленеді. Модельде экзогенді және эндогенді деп аталатын екі экономикалық айнымалылар қолданылады. Экзогенді айнымалылардың мәні модель құрылмастан бұрын белгілі болады. Бұлар берілген ақпараттар. Модельді талдау барысында зерттеліп отырған экономикалық құбылыстың қасиеттері туралы белгілі бір қорытынды шығарылады. Бұл кезде анықталған шамаларды эндогенді айнымалылар деп атайды. Олар модельдің нәтижесі болып табылады. Модельді құрудың нәтижесінде экзогендік айнымалылардың эндогендік айнымалыларға қалай әсер ететінін көреміз.

Кез келген экономикалық модель нақты экономикалық құбылысты белгілі бір дәрежеде ғана көрсетеді. Сондықтан, оның нақты жағдайға сәйкес келуін анықтаған кезде экономикалық әрекеттің модельде көрсетілмеген басқа да қасиеттері, көрсеткіштері өзгермейді деп санауымыз қажет. Бұл шартты әріқарай зерттеу барысында қолданамыз (басқа көрсеткіштерді тұрақты деп қарастырғанда).

Модельдеу – экономикалық үдерістер мен құбылыстарды зерттеудің басты әдісі. Микроэкономикада модельдердің екі түрі қолданылады: оңтайландыру және тепе-теңдікке келтіру. Жеке экономикалық агенттердің әрекеттерін зерттегенде оңтайландыру модельдері қолданылады. Сондықтан, негізгі түсініктер шекті сипатта болады: шекті пайдалылық, шекті өнім, шекті шығындар, шекті түсім және басқа да маржинализмнің әдістемелері қолданылады. Модельдердің екінші түрі – экономикалық агенттердің арасындағы өзара қатынастарды зерттеуде қолданылатын нарықтық тепе-теңдік модельдері. Егер өзара әрекетке түсетін күштер балансталған болса және осы балансты бұзатын ішкі импульстер болмаса, онда жүйе тепе-теңдік жағдайында тұр деп есептелінеді.

Микроэкономикадағы субъектілердің негізгі экономикалық қызметтері үнемі өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады, сол себепті олар қажеттіліктер, ресурстар, технология, игіліктер және олардың пайдаланылуы сияқты ұғымдармен тығыз байланысты және осындай компоненттерден құралады, оны төмендегідей сызбадан көруге болады:

 
 

 

 


Микроэкономиканың осы аталған базалық түсініктері мынадай негізгі экономикалық үш сұрақтың шешімін табу үшін қолданылады, яғни олар:

Не өндіреміз?

Қалай өндіреміз?

Кім үшін өндіреміз?

 

Не өндіреміз? – бұл қажеттіліктер бойынша берілген экономикалық жүйеде, белгілі бір уақыт кезеңінде және қандай мөлшерде мүмкін болатын тауар немесе қызмет түрінің қайсысы өндірілуі тиіс деген экономикалық мәселе. Бұл сұрақ «қажеттіліктер» деген компонент арқылы өз шешімін таба алады.

Қалай өндіреміз? – бұл өндірілуі мүмкін тауардың немесе қызмет түрінің таңдап алынған нұсқалары ресурстардың қандай қисынымен және қандай технологияны пайдалану арқылы өндірілуі тиіс деген экономикалық мәселе. Бұл сұрақ «ресурстар» мен «технология» деген компоненттер арқылы шешіледі.

Кім үшін өндіреміз? – бұл таңдап алынған тауар немесе қызмет кімге арналып шығарылады, олар қалай бөлінеді және оны кім сатып алуы тиіс деген экономикалық мәселе. Бұл сұрақ «игіліктер» және олардың «пайдаланылуы» сияқты компоненттермен шешіледі.

Осындай үш экономикалық сұрақтың туындауы әрдайым қажеттіліктердің шексіздігімен және экономикалық ресурстардың шектеулілігімен тығыз байланысты болып келеді. Сондықтан да аталған проблемалар кез келген экономикалық жүйеге тән құбылыстар болып табылады.

Енді аталған негізгі ұғымдарға анықтама беруіміз қажет. Яғни микроэкономикалық ғылымның бастамасы ең алдымен, экономикалық қажеттіліктер және олардың қанағаттандырылу тәсілдері болып табылады.

Қажеттіліктер дегеніміз – микроэкономиканың субъектілеріне белгілі бір экономикалық қызметті атқаруға итермелейтін ішкі ниеттер мен ынта-жігерлер, немесе басқаша сөзбен айтқанда, адамның өмір сүруін қамтамасыз етуге және де жеке бір индивидтің, фирманың және тұтастай қоғамның дамуына қажетті заттар мен нәрселерге деген жетіспеушіліктен туындайтын мұқтаждықтар. Қоғамның кез келген қажеттілігі игіліктер арқылы қанағаттандырылуы тиіс.

Игіліктер дегеніміз – қажеттіліктерді қанағаттандыратын құралдар; өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық қызметінің объектісі. Олар шексіз (мысалы, ауа, күннің нұры, жел энергиясы) және шектеулі көлемде болып келеді. Шектеулі көлемдегі игіліктерді экономикалық игіліктер деп атайды. Яғни, экономикалық игіліктер дегеніміз – экономикалық қажеттіліктерді қанағаттандыра алу қасиетіне ие материалдық және материалдық емес заттар мен қызметтер. Ал экономикалық игіліктердің ерекше түріне тауар немесе қызмет көрсету жатады. Тауар немесе қызмет көрсету дегеніміз – нарықтық экономикалық жүйеде сатылатын және сатып алынатын материалдық және материалдық емес экономикалық игіліктер. Адамдардың экономикалық қажеттіліктері көбінесе игіліктерді өндіру мүмкіндігінен асып кетіп отырады. Сондықтан да, жетпеген тұтынушылық игілікті өндіру үшін жанама экономикалық игілік – ресурстар қажет.

Ресурстар дегеніміз – қандай да бір экономикалық қажеттілікті қанағаттандыруы тиіс экономикалық игіліктерді (тауарлар мен қызметтерді) өндіруде қолданылатын ресурстардың барлық түрлері немесе басқа игіліктерді өндіруде қолданылатын игіліктер. Сондықтан да, оларды өндіріс факторлары деп атайды. Қазіргі уақытта, олардың негізгі түрлеріне еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік қабілет және ақпарат жатады. Уақыттың әрбір нақты кезеңінде экономикалық ресурстардың шектеулілігі мәселесі орын алады. Ресурстардың шектеулілігі дегеніміз – барлық экономикалық қажеттіліктерді бір мезетте қанағаттандыру мүмкін еместігінің көрсеткіші. Ресурстар шектеулі болғандықтан оларды тиімді пайдалану қажет.

Әр өндірістік ресурстың шегінің болуы және экономикалық мақсаттардың көп болуы – экономикалық таңдау мәселесін туындатады. Экономикалық таңдау дегеніміз – берілген шығындар деңгейінде қоғамның қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатының орындалуы кезінде бірдей альтернативті нұсқалардың ішінен ең дұрысын және жақсысын таңдап алу. Кез келген қоғамның алдында әрдайым шектеулі ресурстардың аһуалы мен бағытын анықтау мәселесі тұрады. Пайда болған мәселелерді шешудің ең жақсы нұсқаларын таңдап соны жүзеге асыру барысында экономикалық субъект экономикалық рационалдылыққа және ұтымды шешім қабылдауға жүгінеді. Яғни, экономикалық рационалдылық немесе ұтымды шешім қабылдау дегеніміз – рационалды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез-құлқы. Сондықтанда, микроэкономикалық теорияда әрбір шаруашылық жүргізуші субъект аса жоғарғы көрсеткішке жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.

Экономикалық таңдау мәселесі үнемдеу мәселесімен тығыз байланысты болып келеді. Үнемдеу мәселесі дегеніміз – берілген экономикалық субъектінің берілген қажеттілікті қанағаттандыруға игіліктерді дұрыс ойластырып және шектеп жұмсауынан туындайтын мәселелер, демек соның нәтижесінде басқа да қажеттіліктерге осы игілікті жеткізе алу. Алайда, балама қажеттіліктерді шектеулі игіліктермен қанағаттандыруды түсіндірген кезде экономикалық әрекеттердің шығындары туралы айтып өтуіміз керек, себебі кез келген экономикалық қызмет шығындарсыз орындалмайды. Нақты өмірде адамдар үнемі баламалы (альтернативті) шығындармен кезігіп отырады. Бір өнімді өндіре отырып біз екінші бір өнімді өндіруден бас тартуымыз қажет. Ұтымды субъект болашақ шығындарын есепке алып қоймай, сонымен қатар, ол оңтайлы экономикалық таңдау жасау үшін қолданыла алмаған және жіберіп алған өндірістік мүмкіндіктер шығындарын да есепке алуы қажет. Яғни, баламалы (альтернативті) шығындар дегеніміз – жіберіп алған немесе қолданыла алмаған мүмкіндіктер шығындары, бір өнімді өндіру барысында құрбан болған және таңдауға ие болмаған балама нұсқалардың сол өнімді өндірудің құнымен өлшенген шығындары. Баламалы шығындардың өндіріс шығындарынан айырмашылығын мына сызба арқылы түсіндіруге болады.

 

 

       
 
Жүзеге асырылған ең жақсы мүмкіндік
 
Таңдауға ие болмаған нұсқалардың ең жақсысы


Баламалы

шығындар

       
   

 


Өндіріс шығындары

 
 
Ресурстар

 

 


Баламалы шығындардың орын алуын мынадай мысалмен де нақты түсіндіруге болады. Айталық, Алматыдан Астанаға саяхатқа бару пойызбен 8 сағат және ұшақпен 3 сағат (аэропортқа бару уақытын есепке алғанда) уақытты қажет етеді. Пойызбен жүру ақысы 100 доллар, ал ұшақпен ұшу билеті 250 доллар. Саяхатқа үш адам аттанады: Қайрат, Қобыланды және Ерлан. Қайраттың бір сағаттық еңбек ақысы 20 доллар, Қобыландының бір сағаттық еңбек ақысы 30 доллар, ал Ерландікі – 50 долларға тең. Бұлар Астанаға көліктің қай түрімен барады? Көліктің қай түрімен барса да, оларға бұл жерде 100 доллар баламасыз шығын болып табылады, яғни одан кем жұмсауға болмайды. Сондықтан, қосымша шығындар 250 – 100 = 150 долларға тең болады. Уақыттың баламасыз шығыны бұл жерде 3 сағатқа тең, яғни одан кем уақыт жұмсауға келмейді. Сондықтан, қосымша уақыт шығындары 8 – 3 = 5 сағатқа тең болады. Бұл мысалдағы талдаудың мәні осы 150 доллар мен 5 сағат уақытты салыстыруға негізделеді. Қайрат осы 5 сағатта 100 доллар ғана табыс таба алады, оның альтернативті шығындары (100) авиабилет сатып алуға жұмсайтын қосымша шығындарымен (150) салыстырғанда аз болып тұр, сәйкесінше, оған пойызбен бару тиімдірек болып табылады. Қобыландының бір сағатта табатын табысы 30 долларға тең дедік. Ұшақпен ұшып барса 5 сағат уақытты үнемдей алады, онда ол осы үнемделген уақытта 150 доллар табыс таба алады, демек үнемделген уақыт авиабилет сатып алуға жұмсаған қосымша шығынды (150) толығымен өтей алады. Сондықтан да, ұтымды тәртіп тұрғысынан алып қарасақ, Қобыландыға пойызбен де, ұшақпен де аттанса да бәрібір. Ал Ерланға келетін болсақ, «уақыт – ақша» дегендей, ол 5 сағат уақыттың ішінде 250 доллар табыс таба алады, бұл авиабилетке жұмсайтын қосымша шығынынан (150) әлдеқайда көп. Сонымен, ұтымды шешім қабылдаудың нәтижесі: Қайрат пойызбен барады, Ерлан ұшақпен аттанады, ал Қобыландыға бәрібір.

Экономикалық таңдау кезінде баламалы шығындарды есептеу микроэкономикалық талдаудың маңызды принциптерінің бірі болып есептелетіндігі бізге белгілі.

Енді баламалы (альтернативті) шығындарды график арқылы, яғни өндірістік мүмкіндіктер қисығы арқылы көрсетуге болады. Бұл қисық – екі секторлы экономикалық модель. Берілген өндірістік ресурстар қорын және белгілі деңгейдегі технологияны пайдаланып, осы ресурстан дайын өнім өндіргенде бір ғана баламалы игіліктің өндірісін кеңейтуге болады, бірақ осы уақытта басқа игіліктің өндірісі азаяды. Және де бұл кезде ресурстардың өндірістік құрылымдарының баламалы мүмкіндіктері өте көп болады.

Өндірістік мүмкіндіктер дегеніміз – технологиялық дамудың белгілі бір деңгейінде қолдағы бар ресурстардың барлығын аса толық және тиімді пайдалана отырып экономикалық игіліктерді өндірудегі қоғамның мүмкіндіктері. Жоғарыда атап өткеніміздей, өнімнің мүмкін шығарылымын өндірістік мүмкіндіктер қисығы сипаттайды. Мысалы, қоғамда тек қана екі игілік өндіріледі: станок пен май. Оны 1.1 суретінен көруге болады. Осы суретке сәйкес, А нүктесінде – ресурстардың барлығы станок өндіруге жұмсалады. Е нүктесінде – ресурстардың барлығы май өндіруге жұмсалады. D нүктесі – тиімсіз өндірісті білдіреді. N нүктесі – мүмкін емес өндірісті сипаттайды. А, В, С, Е нүктелерінен өтетін қисықты біз өндірістік мүмкіндіктер қисығы – ресурстарды толық пайдалану кезіндегі альтернативтік нұсқаларды сипаттайтын қисық деп атаймыз.

А

Станок В .N

(мың дана)

 

С

 
 


.D

E

Май (мың т.)

Сурет 1.1 Өндірістік мүмкіндіктер қисығы

ОРЫТЫНДЫ

 

1. Микроэкономика түсінігі, біріншіден, экономикалық қатынастар деңгейімен, яғни қоғамның бастапқы субъектілері – адамдардың (тұтынушылар мен өндірушілердің), үй шаруашылықтарының, кәсіпорындар мен фирмалардың экономикалық қатынастарымен анықталады; екіншіден, экономикалық жүйелердің мәнінен және олардың әрекет етуінен пайда болатын экономикалық қатынастардың мазмұнымен анықталады. Бұл нарықтық қатынастар жүйесі, олардың зерттеудің ортасында әрдайым баға, сұраныс пен ұсыныс, бәсеке сияқты ұғымдар орын алады.

2. Микроэкономика - бұл негізгі экономикалық бірліктердің (фирмалар, үй шаруашылықтары) жұмыс істетудің ауқымы, олардың нарықтағы мінез-құлқын зерттейтін бөлімі. Микроэкономика фирмалар мен үй шаруашылықтарының рыноктағы мінез-құлқын, іс-әрекетін, олардың шешім қабылдауының экономикалық негіздерін және өзара байланыстарын зерттейді. Макроэкономикалық құбылыстың негізінде микродеңгейде пайда болатын өзара байланыс жатқандықтан зерттеушілер микроэкономиканың тәсілдерін де қолданады.

3. Микроэкономиканың басты ерекшелігі- бұл пән негізгі экономикалық бірліктердің (фирмалар, үй шаруашылықтары) іс-әрекеттерін, олардың нарықтағы мінез-құлқын зерттейтін бөлімі. Микроэкономика фирмалар мен үй шаруашылықтарының рыноктағы мінез-құлқын, іс-әрекетін, олардың шешім қабылдауының экономикалық негіздерін және өзара байланыстарын зерттейді. Фирмалар мен үй шаруашылықтары алға қойған мақсаттарды және оған қол жеткізу үшін қойылған шектеулерді ескере отырып, олардың өз көзқарастары тұрғысынан ең жақсы шешімдер қабылдауы болып табылады. Үй шаруашылықтары тауарларды сатып алар кездерінде тұтынудың аса тиімділігін көздейді, ал фирмалар өндіріс туралы шешім қабылдай отырып, таза табыстың мол болуына ұмтылады.

4. Макроэкономикада талдау үрдісі экономиканы толығынан қамтиды, яғни жалпы экономикалық үрдістердің ауқымын қарастырады (жалпы ұлттық өнім, ұлттық табыс, жалпы шығын және тағы басқа). Макроэкономика әр түрлі елдерге және әрқилы кезеңдерге байланысты жалпы табыс, баға, жұмыссыздық және тағы басқа жинақталған экономикалық көрсеткіштерді қолданады, оларды түсіндірерліктей жалпы теориялық жол табуды қалыптастыруға тырысады. Сонымен қатар, оның зерттеу мақсаттары экономикалық құбылыстарды түсіндіру ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық саясатын қалыптастыру, жетілдіру болып табылады.

5. Микроэкономика жалпы экономикалық теорияның құрамдас бөлігі бола отырып өзінің пәні ретінде шаруашылық етуші субъектілердің – сатушылар мен сатып алушылардың, үй шаруашылығы мен фирмалардың іс-әрекеттерінің нәтижесінде қалыптасатын экономикалық қатынастарды қарастырады. Бірақ қазіргі заманғы микроэкономика нарықтық жүйені зерттейтін болғандықтан, оның қалыптасуы мен дамуы болып нарық және оның қызметтері туралы, нарықтық экономиканың үлгілері, нарықтың құрылымы мен инфрақұрылымы, нарықтық механизм, оның элементтері мен тиімділігі туралы ережелер табылады.

6. Микроэкономиканы зерттеудің басты объектілері болып баға және баға қалыптастыру үрдісі табылады. Осыған қарап қазіргі заманғы ғылыми микроэкономикалық теориялар жүйесі қалыптасады. Баға құнның ақшалай көрінісі ретінде игіліктер мен қызметтердің шығындары мен пайдалылығы есебінен қалыптасады, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың, бағалық және бағалық емес факторлардың әсерінен қалыптасады. Сондықтан да, микроэкономиканың келесі тақырыптары болып баға, сұраныс және ұсыныс теориялары табылады, олар бір жағынан, бағаның, шығындар мен пайдалылықтың өзара байланысы ретінде, ал екінші жағынан, сұраныс пен ұсыныстың заңдары, факторлары мен икемділіктері ретіндегі басты мәселелерден тұрады.

7. Микроэкономика экономикалық теорияның жалпы ғылыми әдістерін қолданады. Микроэкономика методологиясының негізгі құрамдас бөліктері болып экономикалық теориялар, экономикалық заңдар мен категориялар, экономиканың әрекет етуінің негізгі қағидалары (принциптері) табылады. Экономикалық құбылыстар диалектикалық тұрғыдан қарастырылады, яғни олардың дамуының сапалық және сандық жақтарын айқындау қажет. Жалпы алғанда, микроэкономиканың заңдылықтарын танып білу – бұл жалпыдан жекеге айналу, абстрактіліден нақты құбылысқа қозғалу.

8. Жалпы ғылыми әдістердің негізінде микроэкономикада позитивті және нормативті талдаулар жүргізіледі. Микроэкономикалық үрдістердің теориясы құбылыстарды түсіндіру үшін қажет, тәжірибемен тексеріледі және болжамдық модельдер жасау үшін қолданылады. Микроэкономикада оптимизациялық және тепе-теңдіктік модельдер қолданылады. Бірінші модель шекті шамалар көмегімен өндірістің жеке экономикалық агенттерін зерттеу кезінде қолданылады. Тепе-теңдіктік модель өндірістің экономикалық агенттері арасындағы өзара байланысты зерттеу кезінде қолданылады. Тепе-теңдік жағдайы өндіріс факторларын талдау, экономиканы тұрақтандыру кезінде шешуші рөл атқарады.

9. Зерттеудің дербес объектісі болып экономиканың тепе-теңдік жағдайы табылады. Нақты құбылыстар мен үрдістерді және нормативтік теорияларды салыстыру экономикалық саясаттың әртүрлі нұсқаларын ұсынуға, дәлелденген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Таңдау теориялары қолданылады – бұл микроэкономика әдісінің аса маңызды ерекшеліктерінің бірі.

10. Микроэкономика әдістемесінің ерекшеліктерін экономикалық теориядағы жекелеген мектептер мен бағыттарды айқындау арқылы ашуға болады. Неоклассикалық бағыт микроэкономикалық үрдістерді теориялық тұрғыдан дәлелдеуге негізделеді. Ол нарықтық экономиканың гүлденуі, еркін бәсекенің шарықтауы кезінде пайда болды. Оның пайда болуының нақты қажеттілігі еркін бәсекенің әрекет етуінің және экономикалық тепе-теңдік мәселелерін, сұраныс пен ұсыныстың, бағаның өзара байланысын, нарықтық шаруашылық етудің тиімділіктерін дәлелдеу мәселелерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу болып табылады. Уақыт өте келе экономикалық құбылыстарды зерттеудің жаңа бағыттарын ұсынған маржиналистік экономикалық теория пайда болды. Бұл бағыттың мәні - объективті заңдарды зерттеуден бас тарту және шаруашылық етуші субъектілердің ой-санасын, олардың тәжірибесін талдауға көшу, экономикалық іс-әрекеттердің себептерін, адамдардың мүдделерін зерттеу болып табылады. Сондай-ақ, ғылымға психологиялық факторларды зерттеу бағыты, адамның «ұтымды тәртібі» принципі, робинзон әдісі сияқты бағыттар келіп қосылды. Маржиналистік әдістің ерекшелігі шексіз қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін ресурстардың сиректілігі мен шектеулілігі принципін қолдану болып табылады. Осы бағыттар мен әдістердің барлығын неоклассиктер қолданды, яғни олар жекелеген экономикалық субъектілердің мінез-құлқы деңгейінде сұраныстың, ұсыныс пен бағаның өзара байланысын, олардың сандық өлшемін және экономикалық тепе-теңдік үлгілерін құру мәселелерін терең зерттеу үшін қолданады.