Бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
аз қалдықты технология - өнiмдер бiрлiгiн шығару кезiнде осы өнiмдердi алудың қолданылып жүрген тәсiлдерiмен салыстырғанда қалдықтардың аз саны пайда болатын өнiмдердi шығару процесi;
аудиттелетiн субъект - экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргiзуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
коммуналдық-тұрмыстық қалдықтар - адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде пайда болған қалдықтар;
қалдықтарды орналастыру объектiсi - полигондар, күл-қоқыс сақтау орындары, қалдық сақтау орындары, кен жыныстарының үйiндiлерi мен қалдықтарды сақтауға және көмуге арналған басқа да арнайы жабдықталған орындар;
қалдықтардың қауiптiлiк сыныбы - адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсер ету дәрежесi бойынша анықталатын қалдықтардың зияндылық көрсеткiшi;
қалдықтардың паспорты - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасын куәландыратын құжат;
қалдықтардың түрi - ортақ белгiлерi бар қалдықтардың жиынтығы;
қалдықтармен жұмыс iстеу - қалдықтардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты қызметтiң барлық түрлерi;
қалдықтармен жұмыс iстеу нормативтерi - қалдықтардың қоршаған ортаға әсер етуiн ескере отырып, олардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмiлуiне байланысты сандық және сапалық шектеулер;
қауiптi қалдықтар - зиянды заттарды қамтитын және қауiптi қасиеттерi бар (уыттылық, жарылыс қаупi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi бар) не адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн жеке тұрғанда немесе басқа заттармен өзара әрекетке түскен кезде қауiп төндiруi мүмкiн қалдықтар;
қолайлы қоршаған орта - объектiлерiнiң жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, ластануға жол бермеудi, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететiн орта;
қоршаған орта - табиғи объектiлердiң, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, суды, топырақты, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы;
қоршаған ортаға және адам денсаулығына келтiрiлетiн нұқсан (зиян) - қоршаған ортаны ластау немесе тiрi организмдер мен адамның ауыруын, жұтауын немесе қырылуын, табиғи ресурстардың сарқылуын туғызған немесе туғызатындай етiп табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден тыс алып қою;
қоршаған ортаға ықпал етудiң жол берiлетiн шектi нормативтерi - экологиялық жүйелердiң тұрақтылығын бұзуға әкеп соқпайтын, қоршаған ортаға барынша жасалуы мүмкiн антропогендiк ауыртпалық;
қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның өзара үйлесiмдi iс-қимылына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтiк және экономикалық шаралар кешенi;
қоршаған ортаны қорғау объектiлерi - қоршаған ортаның заңнамамен қорғалатын құрамдас бөлiктерi;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау заңнамасын, қоршаған орта сапасының нормативтерiн және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жөнiндегi қызметi;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк саясатты iс жүзiне асыратын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары;
қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауiптi химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивтi материалдардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының түсуi, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстердiң және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсерi;
қоршаған ортаны ластауға лимиттер - ластағыш заттардың, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемiнiң, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелiстiң, магниттi өрiстер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсерi деңгейлерiнiң қолайлы қоршаған орта сақталатын шектерi;
қоршаған ортаның мониторингi - адамды қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн бақылау және адамдардың денсаулығы мен өзге де тiрi организмдерге зиянды немесе қауiп туғызатын қатерлi ахуалдар туралы ескерту;
қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерiнiң сипаттамасы;
ластағыш заттардың қордалануы мен ықпал ету деңгейiнiң жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфералық ауада, су объектiлерiнде, топырақта ластағыш заттардың жол берiлетiн құрамының және қоршаған ортаға физикалық факторлар ықпалының адам денсаулығын сақтау және өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиянды әсерiне жол бермеу мақсатында белгiленетiн шамасы;
ластағыш заттардың шығарылуы мен тасталуына жол берiлетiн шектi нормативтерi - атмосфераға, су объектiлерiне, топыраққа шығарылатындар мен тасталатындардағы ластағыш заттардың, қоршаған ортаға жасалатын физикалық ықпалдық ол жасалған жағдайда жол берiлетiн ауыртпалықтың экологиялық нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн көлемi;
өндiрiс қалдықтары - өнiмдердi шығару, өзге де технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде пайда болған және, техногендiк минералдық түзiлiмдер мен ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң қалдықтарын қоса алғанда, тиiстi өндiрiсте қолдануға қажеттi бастапқы тұтыну қасиеттерiн толық немесе iшiнара жоғалтқан шикiзаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары;
өндiрiстiк экологиялық бақылау - табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау саласындағы мониторинг, есеп, есептiлiк және өзге де iшкi әкiмшiлiк шараларды қамтитын нормативтiк-құқықтық талаптарды сақталуын бақылау үшiн қабылдайтын шаралар жүйесi;
стратегиялық объект - iске асырылуы табиғи ресурстарды барлау, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, пайдалану, республикалық маңызы бар инфрақұрылым, республикалық маңызы бар аэроғарыштық және әскери кешендер, байланыс, энергетика саласындағы қызметпен тiкелей байланысты сараптама объектici;
табиғат пайдалану - адамның шаруашылық және өзге де қызметiнде табиғи ресурстарды пайдалануы;
табиғат пайдаланушы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган берген табиғат пайдалануға рұқсаттың негiзiнде қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығаруға және тастауға, өндiрiспен тұтыну қалдықтарын орналастыруға құқығы бар субъект;
табиғи ресурстар - қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттерiн қанағаттандыру үшiн қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процесiнде пайдаланылатын құрамдас бөлiктерi;
трансшекаралық объект - iске асырылуы екi немесе одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және (немесе) шектес мемлекет аумағының қоршаған ортасына және адамдар денсаулығына зиянды әсер ететiн немесе зиянды әсер етуi ықтимал сараптама объектici;
тұтыну қалдықтары - табиғи және моральдық тозу нәтижесiнде өзiнiң тұтынушылық қасиетiн толық немесе iшiнара жойған бұйымдар, материалдар мен заттар;
шығарылудың, тасталудың үлес нормативi - өнiмнiң, қуаттың, көлiк немесе өзге де жүрiп-тұру құралдарының бiрлiгiне шаққанда атмосфераға, су объектiлерiне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, астаудың ең көп массасының нормативi, ол шығарылудың, тасталудың, технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы, тұрақты көздерi үшiн белгiленедi;
экологиялық аудит - аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен бағалауға және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру;
экологиялық аудитке тапсырыс берушiлер - мүдделi жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар;
экологиялық жүйе - организмдердiң және олар мекендейтiн жансыз ортаның өзара байланысты бiртұтас функционалдық жиынтығы;
экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи ықпалдар әсерiнiң, соның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар себептерiнен қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жағдай;
экологиялық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи ықпал ету нәтижесiнде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйi;
экологиялық қауiптi объект - iске асырылуы ауқымы әрi ұзақтығы бойынша қоршаған ортаға зиянды әсер ететiн немесе әсер етуi ықтимал және халықтың өмiрi мен денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн сараптама объектiсi;
экологиялық нормалау - адамның өмiр сүруi мен биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау үшiн қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететiн ережелердiң (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйi мен оған ықпал ету дәрежесiн бағалаудың сан және сапа көрсеткiштерiнiң (нормативтерiнiң) жүйесi;
экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының заңдық, өзге де заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық және нормативтiк-техникалық актiлерiнде қамтылған қоршаған ортаға терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметте орындауға мiндеттi шектеулер және ондай қызметке тыйым салу.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.