Казахский язык» для школ с русским, узбекским, уйгурским, таджикским языками обучения

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Қазақстан Президентінің дәстүрлі Жолдауында «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», - деп нақтылап өткен болатын.

Сонымен қатар Елбасының «Мәңгілік Ел – Мәңгілік Тіл» идеясын көтеруі – қазақ тілінің маңыздылығын, басымдығын көрсетеді. Бұл қазақстандықтарды біріктіруші ұлттық идея ретінде оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелей отырып, қазақ тілін білудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Әлемдік білім кеңістігінде орныққан «Шетел тілдерін деңгейлеп меңгертудің еуропалық жүйесінде» белгіленген тілді игерудің деңгейлері мен олардың сипаттарының негізінде еліміздегі оқыту қазақ тілді емес жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сыныптарында қазақ тілін үйретудің деңгейлері айқындалған. Соған сәйкес оқыту өзге тілдерде жүргізілетін мектептерде тілдерді оқыту мен үйретудің өзіндік ерекшелігі ескеріліп, деңгейлік меңгерудің еуропалық жүйесі негізге алынған. Әр сыныптағы оқу материалдары тілдік бөлім, қатысымдық-сөйлесімдік бөлім және мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі бойынша нақтыланып ұсынылды.

Оқушының білім, білік, дағдылары тілді деңгейлік меңгерту ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, жіктелді. 10-11-сыныптардағы Ортадан жоғары деңгей-В1 екі игерімді қамтиды:

- тереңдетіле қалыптасқан орташа игерім В 1.1 – 10-сынып;

- тереңдетіле қалыптасқан толық игерім В 1.2 В 1.2 – 11-сынып.

В1 ортадан жоғары деңгейінің сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша қол жеткізілетін нәтижелер:

Тыңдалым. Әдеби тілде айтылған сөздердің мазмұнын, радио, телебағдарламаларда көрсетілген оқиғалардың не туралы айтылғаны, ұсынылған лексикалық тақырыптар бойынша шағын хабарлама, хабарландыру, жарнаманы түсінеді.

Оқылым. Қарым-қатынас, оқиғалар, сезім, ниет білдірілген қарапайым хаттар т.б. түсінеді. Ұсынылған материалдарды танымдық оқылым деңгейінде меңгереді.

Айтылым. Лексикалық тақырыптағы отбасылық дәстүр, оқиғалар, кітап, фильм желісі туралы баяндап, өз пікірін қарапайым түрде дәлелдеп айтады, осыған қатысты жай сөйлемдер арқылы шағын мәтіндер құрастыра алады.

Жазылым. Лексикалық тақырыптар ауқымында сипаттау, суреттеу мәтіндерін құрайды. Тақырыптар бойынша қарапайым түрде байланыстырылған мәтіндер құрастырады. Құжаттардытолтырады. Мәтін бойынша жоспарқұрады.

Тілдесім. Ақпарат алмасады, ой бөліседі, пікірлеседі. Лексикалық тақырыптар аясында құптау/қарсылық білдіру сипатында модальдік тілдесімге түседі.Тосын немесе қызықты жағдаяттарда диалогтік, полилогтік сипаттағы әлеуметтік тілдесімге түседі.

«Қазақ тілі» пәнін өзге тілді мектептерде оқытудың мақсаты – ортадан жоғары деңгей бойынша қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан меңгерту; сөйлесім әрекетінің түрлеріне сай оқушыны тілдік білім негізінде әдеби тілде сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету арқылы дара тұлғаның тілдік қабілетін дамыту, бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптарды коммуникативтік тұрғыдан ұсына отырып, оқушыларға қазақша тілдік қатынас нормаларын игерту.

Осы мақсатты жүзеге асырудағы оқу пәнінің міндеттері:

- оқушылардың қазақ тіліндегі функционалдық сауаттылығын дамыту;

- білімін тілдік, лингвомәдениеттанымдық, этномәдени және әлеуметтік тұрғыдан кеңейтіп, қазақ тілін игертудің коммуникативтік бағытын жүзеге асыру;

- тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім әрекеттерін кешенді түрде өз мақсатына сай әлеуметтік ортада қолдана білуге үйрету;

- мәдени-әлеуметтік, қоғамдық-саяси тақырыптардағы оқу материалдарымен жұмыс аясында қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастыру;

- сын тұрғысынан ойлауды дамыту арқылы қазақ тіліне қызығушылығын арттыру, қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.

«Қазақ тілі» пәнінің білімдік, тәрбиелік мақсаттары «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі», «Қазақстан тарихы», «Информатика», жаратылыстану циклі пәндерімен тығыз байланыста іске асырылады. Мұндай пәнаралық байланыс оқушының қазақ тіліндегі сөздік қорын молайтуға, көркем сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға, орыс тілі мен қазақ тілінің арасындағы байланыс сөз әдебіне қатысты ерекшеліктерді ұғындыруға, басқа тілден енген сөздерді дұрыс меңгертуге, сөздердің этимологиясын түсіндіруде тарихи фактілерге сүйену арқылы оқушылардың оқу мотивтерін қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге, өздік және шығармашылық тапсырмаларды сапалы орындауда ақпараттық технологияларды қолдануға, Интернет көздерінен материалдар тауып, оларға талдау жасау, ой қорыту, алынған материалдарды өз жұмыстарында орынды қолдануға, қазақ тілін қолдану мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады. Жалпы, функционалдық сауаттылығын қалыптастырады.

Білім мазмұнында қазақ тілінің тұрмыстағы, қоршаған ортадағы адамдар арасындағы қатынас құралы қызметін игеруі әлеуметтік-тұрмыстық ая; әлеуметтік-мәдени ая; оқу-еңбек аясы деген аяларға бөлініп ұсынылған. Әрбір аяда қамтылған тақырыптар бірізділікті сақтай отырып, бірте-бірте күрделенеді. Қазақ тілінің функционалдық-грамматикалық минимумдары осы лексикалық тақырыптарды меңгерудің нәтиже көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар тақырыптар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттардың ерекшеліктерін ескере айқындалған.

Қазақ тілін үйренуге негіз болатын бөлімдер арқылы оқушылардың жобаланған оқу нәтижелеріне жетуі қарастырылады. Тілді меңгеру деңгейлерін игерімдерге жіктеу білім беруді дара тұлғаға бағдарлау ұстанымына сай іске асырылады. Бір деңгейдің алғашқы сатысында білім мазмұнын игере алмаған оқушы бейімдеу, дамыту, психологиялық үйлесімділік ұстанымдары негізінде келесі сатыда тиісті мазмұнды меңгеруге мүмкіндік алады.

«Қазақ тілі» пәнінің білім мазмұнын іріктеуде қатысымдық-әрекетшілдік, қатысымдық-функционалдық, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, ұлттық ерекшеліктерді ескеру, оқу материалдары мазмұнының аутенттілігі, шындық өмірге сәйкестігі; оқушының тілді білу деңгейіне сай келуі; білім мазмұнының жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған оқыту ұстанымдары басшылыққа алынған.

«Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 27 қарашадағы №471 бұйрығын орындау мақсатында, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілді мектептердегі оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің оқу жүктемесінің көлемі:

оқыту орыс тілді мектептерде:

Қоғамдық-гуманитарлық бағытында:

10-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;

11-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;

оқыту ұйғыр, өзбек, тәжік тілді мектептерде:

10-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;

11-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;

оқыту орыс тілді мектептерде:

Жаратылыстану-математикалық бағытында:

10-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136сағат;

11-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;

оқыту ұйғыр, өзбек, тәжік тілді мектептерде:

10-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;

11-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат.

 

«Казахская литература» для школ с русским, узбекским, уйгурским, таджикским языками обучения.

Оқыту қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде меңгерту міндеттері «Тілдер туралы», «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының, Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талаптарынан туындайды. Қазақ әдебиеті пәні оқу бағдарламасының негізі болып табылатын еліміздің әрбір оқушысы қазақ халқының тілі, әдебиеті, мәдениеті бойынша неғұрлым мол сусындап, оны тану және құрметтеу деңгейіне жетуіне оңтайлы жағдай тудыру қызметін орындаудан өріс алатын қағидаттар оқу үдерісінде жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақ тілді емес мектептердегі оқушыларды қазақ халқының төл туындыларымен таныстыра отырып, олардың бойында мемлекеттік тілді құрметтеу мен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру көзделеді. Білім мазмұны қазақ тілінде еркін, жетік сөйлей алатын мәдениетті тұлғаның қалыптасуы мен дамуына сай қажетті туындылардан құрылған.

5-9-сыныптарда белгілі бір кезең әдебиетінің көрнекті өкілдері шолу түрінде қарастырылып, олардың әдебиет тарихында алатын орны, шығармаларының идеялық-көркемдік жетістіктері нақты атап көрсетілгені дұрыс. Авторлар шығармашылығын оқыту олардың қысқаша өмірбаяндарына, елеулі туындыларына жалпы сипаттамадан және ең бастысы туындысына талдау жасаудан тұрады.

Оқу бағдарламасында пәнді оқыту мақсаты – тәуелсіз еліміздің азаматы ретінде халықтың мәдениеті мен әдебиетін, өнерін танып білуге, сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды құрметтей білетін тұлға қалыптастыру. Оқушылардың туындыны өз бетінше оқып, түсініп, әңгімелеу дағдылырының негіздерін меңгеруін қамтамасыз ету, адамгершілікке, отансүйгіштікке баули отырып, қазақ халқының рухани әлемімен, мінез-құлқымен, қоғамдық өмірімен таныстыру, көркем шығармалар негізінде кеңейтілген тілдік ортаны қазақ тілінде еркін сөйлеуге оқушыларды жаттықтыру үшін ұтымды пайдалану деп айқындалып, пәнді оқыту міндеттері:

- белгілі бір кезеңдегі, ХІХ және ХХ ғасырдағы, әдебиет үлгілерімен таныстыру;

- сол кезеңнің көрнекті ақын-жазушылары туралы мәлімет беру;

- қазақ тілінде өз ойларын ауызша, жазбаша баяндауды меңгерту;

- қазақ әдебиеті пәні негізінде оқушыларды қазақ халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына, салт-дәстүріне деген құрмет сезімін қалыптастыру;

- оқушының бойында рухани-адамгершілік мәндегі құндылықтарды қалыптастыру, отансүйгіштік, төзімділік сезімдерін дамыту;

- оқыған шығармаларына қатысты өзіндік ой-пікірлерін ашық айта білуге дағдыландыру;

- қазақ әдебиеті шығармаларын оқыту арқылы мектеп қабырғасында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту деп белгіленген.

Оқыту үдерісінде «Қазақ әдебиеті» пәні төмендегі оқу пәндерімен тығыз байланыста оқытылады:

«Қазақ тілі»: филологиялық ғылым салаларын байланыстыра оқыту үздіксіз, жүйелі жүргізіледі, бұл арқылы оқушылардың сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту жүзеге асырылады;

«Орыс әдебиеті»: қазақ және орыс әдебиеттерін өзара байланыстыра оқыту әдеби көркем шығармалардың идеялық мәнін терең ұғуға, өзіндік ерекшеліктерін салыстыру арқылы ұлттық маңызын түсінуге мүмкіндік жасайды;

«Қазақстан тарихы»: әдебиет пен тарихты байланыстыру оқушылардың тарихи шындықты көркем шығармада бейнелеу ерекшеліктерін түсіну дағдыларын қалыптастырады және оқушылар нақты мәліметтерді талдай алуға, өзіндік баға беруге үйренеді;

«География»: көркем шығармада бейнеленген, суреттелген немесе оқиғалар өрбіген жердің географиялық ерекшеліктерін автор көзімен көруге, оны өзіндік байқауларымен, білімдерімен салыстыруға үйренеді;

«Музыка»: әдеби шығарма мен музыканының ішкі иірімдерін салыстыра алуға дағдыланады, әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық ән-әуендегі мазмұны мен талғамын түсінуге мүмкіндік береді;

«Бейнелеу өнері»: әдебиет сабақтарында бейнелеу өнерінің туындыларын пайдалану оқушылардың кейіпкер бейнесі мен оқиғаларды, жалпы суреттелген мәселелерді көзбен көре, терең сезінулеріне мүмкіндіктер жасайды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарындағы оқу жүктемесінің көлемі:

10-сыныпта аптасына 1 сағаттан, барлығы – 34 сағат;

11-сыныпта аптасына 1 сағаттан, барлығы – 34 сағатты құрайды.

Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде жүзеге асады.