Адам және қоғам» білім саласы

Азақстан тарихы

Пәнді оқытудың мақсаты – оқушылардың білімі мен дайындық деңгейін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан тарихының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі нақты тарихы бойынша білім беру.

Қойылған мақсаттарға сай пәнді оқытудың келесі міндеттері орындалуы тиіс:

1) оқушыларға Қазақстан тарихы бойынша толыққанды, жүйелі білім беру;

2) Қазақстан тарихы бойынша тарихи терминологияларды меңгерту;

3) оқушылардың тарихи фактілер мен құбылыстарды талдап-қорыту, тарихи оқиғалардың мақсаты мен мәнін анықтай білу, оның маңызын бағалай білу дағдыларын қалыптастыру;

4) оқушыларды оқытылатын кезеңдегі ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері мен саяси жетекшілердің қызметіне, тарихи оқиғаларға салыстырмалы талдау жасауға дағдыландыру;

5) оқушылардың қазақ және басқа да халықтардың мәдени мұраларына қызығушылығын қалыптастыру;

6)оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, түрлі дерек көздерінен қажетті ақпаратты іздестіру арқылы өзіндік жұмыспен айналысуына мүмкіндік беру.

Пәнді оқытуда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы
23 шілдедегі №961 қаулысымен бекітілген Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 27-тармағын басшылыққа алу керек.

Оқу жүктемесінің көлемі:

5-сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат;

6-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

7-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

8-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

9-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат.

5-сынып. «Қазақстан тарихынан әңгімелер»

Пәнді оқытуда бастапқы кезең пропедевтикалық, яғни кіріспе курс маңызды рөл атқарады. Тарихқа кіріспе ретінде берілетін бұл курстың мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктері мен психологиялық деңгейіне сәйкес болу керек.

Пропедевтикалық курстың негізгі міндеттері:

- оқушы бойында тарих туралы қарапайым ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру;

- Отан тарихына деген қызығушылықты ояту, отандық және әлемдік тарихтың маңызды оқиғаларымен және құбылыстарымен таныстыру;

- танымдық қызметтің қарапайым тәсілдерін игеру, тарихтың жүйелі курсын қабылдау мен игеруге оқушыларды дайындау.

Бұл кіріспе курста барлық материалды жүйелі түрде сипаттау талабы қойылмайды, алайда уақыттық және логикалық бірізділік сақталуға тиісті.

Тарихтың пропедевтикалық курсын оқыту процесінде оқиғалардың хронологиясын жасау, тарихи оқиғалардың сабақтастығы мен ұзақтығын анықтау, әңгімеде қосымша материалдарды қолдану, салыстыру және ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау біліктері қалыптасады.

 

6-сынып. «Ежелгі Қазақстан тарихы»

 

Негізгі орта білім деңгейінде тарихтың жүйелі курсы тарихи білім беру құрылымы мен мазмұнына сәйкес 6-сыныптан бастап оқытылады.

Ежелгі Қазақстан жеріндегі алғашқы адамдардың қоршаған ортасы, қола және ерте темір дәуіріндегі шаруашылықта, қоғамдық-мәдени өміріндегі өзгерістер, көшпелі мал шаруашылығының пайда болуы, ежелгі адамдардың антропологиялық бейнесі туралы түсініктер беріледі. Оқушылар бұл сыныпта тарихи таным негіздері, негізгі ұғымдар, категориялар, тарихи үдерістің заңдары туралы түсініктерімен танысады. Оқыту барысында тарихи мәтіннің қысқаша жоспарларын жасауы, басты мәселені анықтау және тарихи картадан ертедегі адамдар мекендеген аймақтарды, олардың қоныстанған орындарын көрсете білу дағдылары қалыптасады.

 

7-сыныпта «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» бойынша орта ғасыр кезеңдерінің ерекшеліктері, түркі кезеңі, қазақ жері арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының қалалық мәдениеттің дамуына әсері менортағасырлық ұлы ғұламалар тарихы, моңғол, жоңғар шапқыншылықтарының зардаптары, біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуы мен оның дербес саяси бірлестікке, орталықтанған мемлекетке айналуы туралы білім алады. Мемлекеттердің құрылуы, олардың саяси, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері туралы тақырыптарды қарастыруда ұқсас тарихи оқиғаларды салыстырып, айырмашылығын таба білу, орта ғасырлардағы қалалар мен сәулет өнері ескерткіштеріне сипаттама бере білу, көрнекті қайраткерлердің тарихтағы рөлін ашып көрсету біліктері мен дағдылары тереңдетіледі.

 

8-сыныпта «Қазақстан тарихы» бойынша XVIII ғасырдағы Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы, қазақ-жоңғар соғыстары, Қазақстанның Ресейге қосылуы және тәуелсіздік үшін күрес, отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ХІХ ғасырдағы әкімшілік реформалар, патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюі, жұмысшы қозғалысының басталуы, ХХ ғасырдың басындағы мәдени өмір туралы білім алады.

Бұл сыныпта оқушылардың саяси тарихтағы өзгерістерді талдауына, тарихи құбылыстар арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтауына, хронологиялық, синхронды кестелер жасауына, тұлғалар мен тарихи оқиғаларға өздігінен сипаттама бере алуына ерекше назар аударылады.

 

9-сыныптағы «Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқушылар бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, 1917 жылғы ақпан қазан төңкерістерінің қоғамдық өмірге әкелген өзгерістері, саяси партиялардың құрылуы, Ұлттық Алашорда үкіметінің қызметі, Қазақ Кеңес мемлекетінің құрылуы, азамат соғысының негізгі оқиғалары, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, ағарту ісі мен ғылымның дамуы, «қайта құру» мен тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан туралы жүйелі білім беріледі.

Осы сыныпта оқушыларда тарихи ақпараттарды жүйелеп іздеу, зерттеушілік, тарихи деректердің түрлерімен кешенді жұмыс жасау дағдылары қалыптасады. Тарих сабағында оқушыларды ойландыратын және өздігінен жұмыс жүргізуге ынталандыратын оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Оқушылардың өзара мағұлмат алмасу белсенділігін арттыруға, зерттеліп отырған тақырыпқа ғылыми дұрыс бағыт ұстануына, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған интерактивті әдістер, жаңа педагогикалық технологиялармен қатар, тарихи анықтамалық, тапсырмалар жинағы, ғаламтор материалдары, мультимедиялық құралдар, электронды оқулықтарды кеңінен қолдану тиімді.

Жүйелі тарихи білімді меңгеру барысында оқушылар тарихи тақырыпта шығармашылық жұмыстар, жобалар, рефераттар, тарихи эсселер, шығармалар (портфель) жазуға үйренеді.