Шағын жинақты мектептерде оқыту ерекшеліктері

2013-2014 оқу жылында шағын жинақты мектеп оқыту үдерісін ұйымдастыруда Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, жалпы білім беретін мектептер туралы нормативтік құжаттарды және «Шағын жинақты мектеп және тірек мектебі (ресурстық орталық) қызметін ұйымдастыру Ережесін» басшылыққа алады.

Шағын жинақты мектеп параллель сыныптардың болмауы, сыныптар санының аз болуы және бір сыныптағы оқушылардың жас шамалары әртүрлі болуына байланысты өз қызметін ұйымдастыру формалары мен әдістерін таңдауына құқылы.

Шағын жинақты мектептің қызметін ұйымдастыруда мынадай қағидалар ескеріледі:

- біріктірілген сыныптарда бірпәндік, біртақырыптық ұстанымдарға негізделген кіріктіре оқытуды ұйымдастыру;

- біріктірілген сыныптардағы сабақтың дидактикалық кезеңдерін тиімді үйлестіретін икемді сабақ кестесін құру;

- кіші және жоғары сынып оқушыларымен өздігінен жұмыстарды өткізуге мүмкіндік беретіндей сабақ жоспарларын ұйымдастыру;

- оқу үдерісін әрбір оқушы тұлғасына психодиагностикалық сараптау, оның даму динамикасына байқау жасау, соның негізінде тиісті түзетулер енгізу арқылы ұйымдастыру;

- әрбір білім алушы үшін оқытудың өзіндік траекториясын белгілеп, даралап және саралап оқытуға жағдай жасау;

- білім беру процесінің технологиясы мен мазмұнының икемділігін, вариативтілігін жүзеге асыру;

- әрбір оқушының өзін-өзі көрсете білу, өздігінен білім алу қабілетін дамыту;

- білім берудің дамытушылық, шығармашылық және инновациялық сипаты;

- шағын жинақты мектептің мәдени орталықтардан шалғай орналасқандығын ескере отырып, мектептегі тәрбиелеу және дамыту жұмыстарын басты назарға алу;

- шағын жинақты мектеп жағдайында оқытудың ерекшеліктеріне сәйкес тиімді педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану.

Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi нұсқада қарастырылады: аралас және әр жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.

Мектептiң бастауыш білім деңгейінде оқушыларды сыныптық-құрамдарға бiрiктiрудiң мынадай нұсқалары болуы мүмкiн: сыныптарды біріктірудің аралас түрі: 2+3, 3+4; әртүрлі жастағы оқушыларды біріктіру: 2+4, 1+3. Сыныптарды біріктіру кезінде әр жастағыларды біріктіру оңтайлы болып табылады, себебі бұл сыныптарда оқушылардың жас ерекшеліктері мен оқу бағдарламаларының айырмашылықтары елеулі, сондықтан оларды бір сынып ішінде, бір-біріне кедергісіз бөліп оқыту мүмкіндігі жоғары.

1-сынып оқушылары жеке оқытылады. Себебі мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіні тұрақтануы мен ынтасының артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқыту керек.

Екі немесе үш сыныпты бiрiктiру қажет болған жағдайда (мысалы, 2+3+4), сабақтың белгiлi бiр бөлiгiн әрбiр сыныппен жеке өткiзу үшiн жағдай жасау мақсатында сабақтың жылжымалы кестесiн қолданған дұрыс.

Мектептiң негiзгi орта және жалпы орта білім деңгейінде сыныптарды бiрiктiру әр сыныптағы оқушылар санына байланысты. Оқушылар санының аз болуы жағдайында сыныптарды мынадай тәртiпте біріктірген дұрыс: 5+6; 6+7; 7+8, 6+8. Мұндай бiрiктiруде бірпәндік ұстанымға негізделген пән ішіндегі мазмұны ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқытуға болады. Мысалы: қазақ тілі, әдебиет, биология, тарих, география пәндері бойынша пәнішілік кiрiктiре оқыту ұсынылады.

Біріктірілген сыныптарда пәнішілік кіріктіре оқыту мұғалімдер мен оқушылар үшін төмендегідей тиімділіктерді көрсетеді:

- оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;

- әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;

- өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;

- оқушылардың бір-біріне көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;

- оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге асырылады;

- үлкен сынып оқушысы төменгі сыныптың жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік туады.

Пәнішілік кіріктіре оқыту мүмкін болмаған жағдайда пәнаралық кіріктіре оқыту мүмкiндiгі бар (мысалы: әдебиет пен тарих, тарих пен география, биология мен химия, математика мен информатика).

9, 11-сыныптар бiтiрушi сыныптар болғандықтан, олардағы бала саны аз болған жағдайда да өзге сыныптармен қосып оқытылмайды.

Бастауыш шағын жинақты мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек:

- жазу сабағы бойынша 2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан;

- математика сабағы бойынша 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта
20 минуттан аспауы тиiс.

Шағын жинақты мектепте оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар (деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.) қолданылады.

Деңгейлеп оқыту оқушылардың жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұжымдық оқыту әдісі динамикалық жұптар құра отырып, оқушылар арасында танымдық қарым-қатынасын, оқушылардың бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып табылады. Ұжымдық оқыту әдісі балалардың қарым-қатынасы тапшылығын азайтуға, ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында оқушылардың монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.

Дидактикалық бірлікті ірілендіру (ДБІ) - ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік жасайды.

Дамыта оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін кең қолдану - әр оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасау арқылы белсенді тұлға тәрбиелеу.

Шағын жинақты мектеп жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы білім беру, ғылым мен мәдениет және т.б. салаларда ақпараттардың халықаралық дереккөздерін, электрондық оқу материалдарын пайдаланады, тірек мектебімен (ресурстық орталықпен) байланыс орната отырып, сессияаралық кезеңде олардың білім қорларын пайдаланады, қашықтан оқытуды жүзеге асырады.

Жақын орналасқан шағын жинақты мектептерді біріктіретін, білім беру ұйымы болып табылатын тірек мектептер (ресурстық орталықтар) оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай туғызады. Тірек мектептер (ресурстық орталықтар) базасында шағын жинақты мектеп оқушылары үш рет (оқу жылының басында, ортасында жəне соңында) он күннен (сессия) білім алады əрі онда аралық жəне қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессияаралық кезеңде шағын жинақты мектептерде оқыту тірек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен жəне қашықта оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Тірек мектептердің қорларын қолдану негізінде білім сапасы, мектептердің педагогикалық өзара қарым-қатынасы, тәжірибе алмасу жүйесі дамытылады.