Азақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiгiнiң жай-күйi

Азақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Кiрiспе

Ел Президентiнiң 1997 жылғы 10 қазандағы "Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы" атты Қазақстан халқына Жолдауында ұзақ мерзiмдi басымдық ретінде ұлттық қауiпсiздiк айқындалды, оның құрамының бiрi ақпараттық қауiпсiздiк болып табылады.
Қоғам мен мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық және мәдени өмiрiндегi ақпараттық технологиялардың даму серпiнi ақпараттық қауiпсiздiк мәселелерiн шешуге жоғары талаптар қояды.
Мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ақпарат алу саласында адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын iске асыруға қабiлеттi ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық, әлеуметтiк тетiктердi қамтитын кешендi көзқарасты пайдалануды, оны конституциялық құрылыстың мызғымастығын, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен аумақтық тұтастығын, саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылықты, заңдылық пен құқықтық тәртiптi қорғау мақсатында пайдалануды, ақпараттық қауiпсiздiк саласында өзара тиiмдi халықаралық ынтымақтастықты дамытуды талап етедi.

Жалпы ережелер

Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiк тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Конституциясының және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгi туралы" 1998 жылғы 26 маусымдағы, "Мемлекеттiк құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы, "Терроризмге қарсы күрес туралы" 1999 жылғы 13 шiлдедегi, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы, "Ақпараттандыру туралы" 2003 жылғы 8 мамырдағы, "Экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы" 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 18 тамыздағы N 163 Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңiстiгiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасының негiзiнде әзiрлендi.
Сондай-ақ Тұжырымдаманы әзiрлеу кезiнде ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы халықаралық тәжiрибе және 1999 жылғы 4 шiлдедегi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң әскери саладағы ақпараттық қауiпсiздiк тұжырымдамасының ережелерi ескерiлдi.
Тұжырымдама ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасының бiрыңғай мемлекеттiк саясатын қалыптастыру мен iске асыру кезiнде негiз болып қызмет етедi, оның ережелерi Қазақстанның бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгiн құру мен дамыту және ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты одан әрi жетiлдiру кезiнде ескерiлетiн болады.
Қазақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясат (бұдан әрi - мемлекеттiк саясат) ашық болып табылады және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актiлерiнде көзделген шектеулердi ескере отырып, қоғамның мемлекеттiк органдар мен қоғамдық институттардың ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы қызметi туралы хабардар болуын көздейдi. Ол жеке және заңды тұлғалардың кез келген заңды тәсiлмен ақпаратты еркiн жасауға, iздестiруге, алуға және таратуға құқықтарын қамтамасыз етуге негiзделедi.
Мемлекет ақпараттық ресурстар меншiк объектiсi болып табылатынын, және ақпараттық ресурстардың меншiк иелерiнiң, иелерiнiң және өкiмдiк етушiлерiнiң заңды мүдделерi сақталған жағдайда оларды шаруашылық айналымға енгiзуге ықпал ететiнiн негiзге алады.
Мемлекет ұлттық телекоммуникациялық желiлер құруды және халықаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге қабiлеттi қазiргi заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды және техникалық құралдарды дамытуды басым деп санайды.
Мемлекеттiк саясат, мемлекеттiк құпияларды қорғау саласын қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы монополиясына жол бермейдi.

азақстан Республикасының ақпараттық қауiпсiздiгiнiң жай-күйi

Қазiргi уақытта Қазақстанның саяси өмiрiндегi және экономикасындағы болып жатқан қайта құру процестерi оның ақпараттық қауiпсiздiгiнiң жай-күйiне тiкелей әсерiн тигiзедi. Бұл ретте ақпараттық қауiпсiздiктiң нақты жай-күйiн бағалау және осы саладағы негiзгi проблемалар мен бағыттарды айқындау кезiнде ескерудi қажет ететiн жаңа факторлар туындайды.
Көрсетiлген факторларды саяси, экономикалық және ұйымдастырушылық-техникалық деп бөлуге болады.
Саяси факторлар:
әлемнiң түрлi өңiрлерiнде геосаяси жағдайдың өзгеруi;
әлемдiк саяси, экономикалық, әскери, экологиялық және басқа да процестердiң жаһандық мониторингiн жүзеге асыратын, ақпаратты бiртарапты артықшылықтар алу мақсатында тарататын әлемнiң дамыған елдерiнiң ақпараттық өктемдiгi;
демократия, заңдылық, ақпараттық ашықтық, елдiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру принциптерi негiзiнде жаңа Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуы;
iшкi саяси дағдарыстардың туындауы: билiк тармақтары арасындағы, аумақтық мемлекеттiк құрылым субъектiлерi арасындағы жанжалдар, қорғалатын тұлғаларға қастандық жасалуы;
iшкi саяси блоктардың, одақтардың, альянстардың қызметi, әлемде күштердiң геосаяси орналасуына әсер ететiн жаңа әскери-саяси бiрлестiктердiң құрылуы;
реформалар жүргiзу процесiнде Қазақстанның шетелдермен неғұрлым тығыз ынтымақтастық жасауға ұмтылуы;
терроризм және экстремизм, криминогендi жағдайдың ушығуы, әсiресе кредит-қаржы саласында компьютерлiк қылмыстар санының өсуi болып табылады.
Экономикалық факторлар арасында:
Қазақстанның дүниежүзiлiк экономикалық кеңiстiкке белсендi кiруi, көптеген отандық және шетелдiк мемлекеттiк емес құрылымдардың - ақпаратты өндiрушiлер мен тұтынушылардың, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау құралдарының пайда болуы, ақпараттық өнiмнiң тауарлық қатынастар жүйесiне қосылуы;
Қазақстанның ақпараттық инфрақұрылымын дамыту мүддесiнде шетелдермен кеңейiп келе жатқан кооперация;
бүкiл әлемдегi экономикалық процестердiң дамуына өспелi әсерiн тигiзетiн коммуникациялық жаһандану;
қазiргi әлемде экономикалық-технологиялық даму деңгейiн барынша жоғары дәрежеде айқындайтын жаңа ақпараттық технологияларды дамыту мен енгiзуде Қазақстанның артта қалуы неғұрлым елеулi болып табылады.
Ұйымдастырушылық-техникалық факторлардың iшiнен мыналар айқындаушы болып табылады:
ақпараттық қатынастар саласында, оның iшiнде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында, нормативтiк құқықтық базаның жеткiлiксiздiгi;
мемлекеттiң Қазақстандағы ақпараттандыру құралдары, ақпараттық өнiмдер мен қызмет көрсетулер нарығының жұмыс iстеу және даму процестерiн нашар реттеуi;
ақпаратты сақтау, өңдеу, беру және қорғау үшiн мемлекеттiк басқару саласында, кредит-қаржы және басқа салаларда ақпараттың сыртқа шығып кетуiнен және сыртқы әсерден қорғалмаған импорттық техникалық және бағдарламалық құралдардың кеңiнен пайдаланылуы;
ашық байланыс арналары және деректер беру жүйелерi бойынша берілетін ақпараттар көлемiнiң өсуi.
Қазақстандағы ақпараттық қауiпсiздiктiң қазiргi жай-күйiн талдау оның қазiргi заманғы деңгейiнiң адам, қоғам және мемлекет қажеттiлiктерiне сәйкес келмейтiнiн көрсеттi.
Елдiң саяси және әлеуметтiк-экономикалық дамуының бүгiнгi жағдайы ақпаратпен еркiн алмасуды кеңейтудегi қоғам қажеттiлiгi мен оны таратуға жекелеген шектеулердi сақтау қажеттiлiгi арасында қайшылықтардың шиеленiсуiн тудырады.
Мемлекеттiк органдарды толық, сенiмдi және қазiргi заманғы ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн негiзделген, оның iшiнде мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды қорғауға арналған шешiмдер қабылдау, сондай-ақ отандық ақпаратты қорғау құралдарын және импортталатын техникалық құралдардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жүйелерiн әзiрлеу талап етiледi.
Ақпаратты қорғау саласында кәсiби мамандар сандарының жеткiлiксiздiгi республикада ақпараттық қауiпсiздiктi ұйымдастыруға керi әсерiн тигiзедi.
Техникалық барлауларға қарсы iс-әрекеттер, ақпараттық қарудан қорғау мен осы саладағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру мәселелерiн одан әрi пысықтау талап етiледi.
Осы мақсаттарда ақпараттың тұтастығы мен құпиялығын қамтамасыз ету үшiн ақпаратты жалпымемлекеттiк ауқымда және ведомстволық деңгейде қорғау жөнiндегi iс-шараларды кешендi үйлестiру қажет.
Ақпараттық кеңiстiкте Интернеттiң ролiнiң өсуiмен адамның және қоғамның құқықтары мен бостандықтарын зорлық жасау мен қатыгездiктi насихаттайтын ақпараттан, оларға өтiрiк және жалған ақпаратты таңудан, болашақ ұрпақтың мақсатты бағытталған терiс дүниетанымын қалыптастырудан қорғау қажеттiлiгi туындайды. Бұл ретте, сыртқы қатер көздерi Қазақстан Республикасының заңнамалық құзырынан тыс болуы мүмкiн, бұл құқық шаралары жүйесiн қолдануды елеулi қиындатады.
Отандық ақпараттық технологиялардың болмауы өзектi проблема болып табылады, бұл жаппай пайдаланушыларды ақпараттық қауiпсiздiк талаптары бойынша сәйкестiгi расталмаған импорттық техниканы сатып алуға мәжбүр етедi. Бұл деректер базалары мен банктерiнiң ақпараттық қауiпсiздiгiне қатер, сондай-ақ елдiң шетелдiк компьютер мен телекоммуникация техникасын және ақпарат өнiмдерiн өндiрушiлерге ықтимал тәуелдiлiгiн тудырады.
Ақпарат саласындағы құқық қатынастарының субъектiлерi меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
Ақпараттың меншiк иелерi: мемлекет (мемлекеттiк органдар мен ұйымдар, лауазымды тұлғалар тұрғысында), жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
Ақпараттық қатынастар субъектiлерi ақпаратты жасау және пайдалану тұрғысынан авторлар, меншiк иелерi, иеленушiлер немесе пайдаланушылар ретінде болуы мүмкін.
Ақпарат және ақпараттық ресурстар заттай меншiк немесе зияткерлiк меншiк бола алады. Сондықтан ақпараттық жүйелерде ақпаратты өңдеу кезiнде ақпараттың құпиялығын қамтамасыз ету ғана емес, оның тұтастығы мен қол жетiмдiлiгiн, ал электрондық құжаттар үшiн әрбiр электрондық құжаттың авторлығын электрондық цифрлы қолтаңбамен растау талап етiледi.
Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қамтитын ақпаратқа қатысты барлық қатынас субъектiлерi үшiн белгiленген құпиялық режимi жұмыс iстейдi. Осы ақпараттың меншiк иесi мемлекет болып табылады.
Мемлекет меншiк иесi болып табылатын қол жеткiзу шектелген ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк ақпаратты қорғау жүйесi жұмыс iстейдi.
Қазiргi заманғы қоғамының табысты жұмыс iстеуi онда болып жатқан ақпараттық процестердiң қаншалықты тиiмдi ұйымдастырылғанына және жолға қойылғанына тұтастай байланысты. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы үшiн аталған процестердiң мемлекет шеңберiнде ақпараттық кеңiстiкке бiрлесуi барған сайын маңызды бола түсуде.
Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiк жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi, ақпаратты өндiрушiлер мен тұтынушылар қызметiн ынталандыруға, елдiң әлемдiк ақпараттық кеңiстiкке кiруiне жәрдем ететiн болады.
Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiктi қалыптастыру барысында құрылуы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы 10 қарашадағы N 1471 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында "электрондық үкiмет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасымен көзделген "электрондық үкiметтiң" рөлi өсе түсуде. "Электрондық үкiмет" барлық билiк тармақтарының қызметiн ақпараттық қолдау мен олардың арасындағы, сондай-ақ экономика субъектiлерiмен және халықпен арадағы ақпараттық өзара iс-қимылды серпiндi ұйымдастыру есебiнен олардың жұмыс iстеу тиiмдiлiгiн елеулi түрде көтеруге мүмкiндiк бередi.
Қазақстан Республикасында "электрондық үкiмет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде "Жеке тұлғалар", "Заңды тұлғалар", "Жылжымайтын мүлiк тiркелiмi", "Мекенжай тiркелiмi" мемлекеттiк деректер базасы құрылуда, олардың қауiпсiздiгi ақпараттық қатынастар субъектiлерi арасындағы қорғалған ақпараттық өзара iс-қимыл нәтижесiнде қамтамасыз етiлетiн болады.