Нағыз ауыз ішін (қуысын) көріп тексеру

 

Алғашында нағыз ауыз ішін жалпы шолып өтеді. Онда орналасқан ағзалардың кілегей қабығының түсіне, рельефіне, ылғалдығына көңіл бөлінеді. Содан кейін қалыптасқан жүйемен жеке ағзаларды көріп тексеруге кіріседі және белгілі бір өзгеріс байқалған аймақты мұқият зерттейді.

Нағыз ауыз ішін тексеруді тілден бастайды және ауыз табынана ауысып, содан кейін қатты және жұмсақ таңдайдың, таңдай имектерінің, бадамша бездердің, жұтқыншақтың артқы қабырғасының кілегей қабықтарын көрумен аяқтайды. Жалпы ауыз ішін тексеруді екі аспаппен (стоматологиялық айна және пинцет-шымшуыр) жүргізеді.

Тілді қарап тексеруге үлкен мән берілуі керек. Он тоғызыншы ғасыр дәрігерлері науқасты қарап тексеру кезінде тілдің маңыздылығына үлкен мән бере келіп, «мына кішкене ғана беттен қаншама шындықты оқуға болады» деген (Дикинсон).

Тілдегі өзгерістерді анықтау үшін оның көлеміне, пішініне, рельефіне, түсіне, ылғалдылығына және қозғалмалылығына көңіл аударады.

Қалыпты жағдайда тілдің кілегей қабығы қызғылт түсті, беті жақсы ылғалданған және барқырт түсіне ұқсас (жіпке ұқсас бүртіктері осындай көрініс береді), таза немесе аздап қана ұнтақ сеуіп қойғандай өңезденген (қақпен жабылған). Ақшыл сұр қақ көбінесе түбір жақ бөлігін жауып тұрады, жиектері және ұш жақ бөлігі қақтан таза болады. Тілдің көлемі тұрақты түрде (стационарлық үлкею) немесе уақытша үлкеюі мүмкін.

Тұрақты үлкеюі (макроглоссия) көбінесе ішкі бездер аурулары кезінде (акромегалия, микседема, кретинизм), әр түрлі қатерлі және қатерсіз ісіктер (обыр, лимфоангиома, гемангиома, лимфостаз) кезінде кездеседі. Уақытша үлкеюі тіл тіндерінің домбығуы кезінде ( аллергиялық реакциялар, Квинке домбығы, асқазан-ішек, өт-бауыр, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары), тіл тіндерінің катаральды және іріңді қабынулары (абцесс, флегмона), созылмалы инфекциялық аурулар (туберкулез, мерез, лепра-алапес) кезінде байқалады.

Тілдің көлемінің кішіреюі тілдің дамымай қалуы (микроглоссия) сияқты аномалиясынан басқа жүйке аурулары (бульбарлық салдану, гемиплегия), ас қорыту жолы аурулары, спецификалық аурулардың шешілу кезеңі (гуммозды мерез), өліеттеніп-жаралану үрдістерінің тыртықтана жазылуы кездерінде, тілге жасалған әртүрлі оталардың нәтижесі ретінде байқалады.

Тіл бетінде кейде қатпарлар (складки) кездесуі мүмкін. Олар туа немесе жүре пайда болады және тілдің үстінде аса терең емес жіңішке сайлар-жүлгелер (бороздки) түрінде кездеседі. Бұл сайларға адам тілін кездейсоқ айнада көргенде немесе тілі мазалай бастағанда ғана көңіл аударады. Кейбір жағдайларда тілдің бүртіктері өзгеріске ұшырауы мүмкін. Тілдің үстінің артқы түбір бөлігіндегі саңырауқұлаққа және науаға ұқсас бүртіктері асқазанның созылмалы гиперацидті қабынуы және әр түрлі тітіркендіруші ықпалдар (ішімдік, тым ащы немесе қышқыл тағамдар) шамадан тыс ұлғаюы мүмкін. Ал асқазанның гипоацидті және анацидті қабынулары және әр түрлі қан аздығы кезінде көптеген бүртіктері (жіпке және саңырауқұлаққа ұқсас) кшірейіп немесе жойылып кетуі мүмкін. Бұл кезде тілдің беті тегіс және жып-жылтыр болады. Арнаулы әдебиетте мұндай тіл «Гунтер-Меллер глосситі» деген атаумен белгілі. Тілдің бүйір беттеріндегі түбіріне жақын орналасқан жапыраққа ұқсас бүртіктерге де мән берген жөн. Кейде олар азу тістер тіл бағытында ауытқи орналасқан жағдайда немесе сауыттары тісжегі әсерінен бұзылып, өткір қырлар пайда болған кезде созылмалы жарақаттануға ұшырап, көлемдері ұлғаюы мүмкін.

Тілдің түсіне де мән берген жөн: бозғылт түсі қан аурулары кезінде (лейкоздар), алқызыл ашық қызыл түстенуі жұқпалы аурулар, әр түрлі жедел қабынулар, қызыл-қошқыл немесе піскен шие түстес болуы қан аурулары (эритремия, полицитемия), қызыл жолақты ошақтардың пайда болуы витаминдер жетіспеушілігі (В2 витамині), қызыл-көкшіл түстенуі жүрек-қантамыр аурулары кезінде байқалады.

Тілді жоғары көтеріп, оның астыңғы бетін де мұқият қарап, тіл үзбесінің (уздечка языка) жағдайына мән беру керек. Кейбір жағдайларда тіл веналары (көк тамырлары) қатты кеңейіп (қабырғаларының әлсіздігінен немесе қанның ұзақ тұрып қалуынан), түйіндер мен түйіншектер (варрикозные узлы) пайда болып, қан айналымына кедергі жасайды. Бұл кезде тілдің асты қызыл-қоңыр немесе қызыл-көк түстенеді. Бұл жағдайды тілдің көктамырларының варрикозды кеңеюі (варрикозное расширение вен языка) деп атайды. Кейде тілдің екі бүйір беттеріндегі және үстіндегі ұсақ капиллярлар да кеңейіп, ұсақ қызыл-қошқыл домалақ пішінді құрылымдар пайда болып, тілде көптеген ыңғайсыздық немесе ауыру белгілерін туындатады.

Тілдің түбірінде жұтқыншаққа қараған бетінде екі жағында қызыл түсті немесе қызғылт-көкшіл түсті лимфоидты тін орналасқан. Кейде олар ұлғайып кетсе, тілдің аталған беті тегіс емес, бұдырмақты келеді. Бұл аймақта көк тамырлар (веналар) да жиі кеңеюі мүмкін.

Тіл бетіндегі қақтар. «Тіл – ас қорыту жолының айнасы» деп ертеде гректер бекер айтпаған. Дені сау адамның тілі таза, кейде үсті азғана жұқа, оңай алынатын қақпен жабылған. Бұл көбіне таңертең байқалады және қазақ халқы ондай тіл туралы «тілім өңезденіп қалыпты» деп айтқан. Тіл қағының құрамына астың қалдығы (ауыз тазаланбаған жағдайда), түлеген эпителий жасушалары, микроорганизмдер кіреді және түнде ұйықтаған кезде көбірек пайда болады. Бұл кезде тілдің түсі және көлемі өзгермейді, қалыпты жағдайы сақталады. Мұндай жұмсақ қақты (мягкий налет) физиологиялық немесе «қалыпты» қақ деп атауға болады. Ертеңгі асты қабылдап, тістерді дұрыс тазалаған кезде ондай қақ оңай тазаланады. Көптеген аурулар кезінде ( ас қорыту жолдары) тілдің үсті қалың, оңай алынбайтын түрлі түсті қақтармен жабылады. Дене қызуын көтеретін аурулар кезінде (тұмау, жоғарғы тыныс жолдарының вирустық инфекциялары) тілдің домбығуы және қатты ауыруы әсерінен тілдің қозғалуы шектелген кезде тілдің үстінде ақ немесе ақ-сарғыш түсті қалың қақ пайда болады және аурудан жазылғаннан кейін қақ жойылады. Асқазанның қабынулары, бауыр мен өт қабы аурулары кезінде де тілдің үстінде қалың ақ-сары немесе сары-қоңыр түсті қақ пайда болады және ол ұзақ сақталады, жағымсыз иіс береді. Бұл кезде тіл домбығып, көлемі ұлғаяды, бүйір беттерінде тістердің ізі қалады. Кейде қақтың ұзақ сақталуына жіпке ұқсас бүртіктердің шамадан тыс ұзара өсуі де (түкті тіл – волосатый язык) себепші болады.

Тілдің қозғамалылығына дәрігер-стоматолог бұған үлкен мән беруі керек. Тілдің үзбесі (уздечка языка) қысқа болып қалыптасса да тілдің еркін қозғалмалығы шектеледі (тіл анкилозы – ankyloglosson). Тілдің қозғалмалылығының төмендеуі (тілін толық шығарып көрсете алмауы) және дірілдеуі көптеген созылмалы уыттанудан туған және ішкі бездер аурулары (ішімдікпен улану, нашақорлық, Базед ауруы), орталық жүйке жүйесі аурулары (жалпы салдану, Паркинсон ауруы, қояншық-эпилепсия) кезінде кездеседі. Тілді шығарған кезде бір жаққа қарай ауытқып кетуі бұлбарлық салдану, біржақты салдану (гемиплегия), тіласты нервісінің (подъязычный нерв) салдануы кезінде де байқалады. Кейде тілдің шамадан тыс қозғалмалылығы да кездеседі (сирек жағдайда). Ол тіл үзбесі ұзындау және тілдің көлемі үлкен болған (макроглоссия) жағдайда байқалады. Мұндай тіл артқа қарай қозғалғанда тыныс жолдарын бітеп, тұншығу қаупін туғызуы мүмкін. Бұл арнаулы әдебиетте «өз тілін жұтып қою» деген атпен белгілі.

Ауыз табанын тексерген кезде оның созылғыштығына (податливость), тіл асты біліктерінің симметриялылығына, жақасты және тіласты сілекей бездерінің шығару түтіктерінің (Вартонов проток) ауызына көңіл бөлу керек.

Қатты таңдайдың кілегей қабығы тығыз, түсі ақшыл-қызғылт түсті, күрек тістерге жақын көлденең қатпарлар жақсы дамыған, кейде ұсақ сілекей бездерінің түтіктерінің ауыздары ұсақ қызыл нүктелерге ұқсап көрініп тұрады және біраз тосып байқаса, ұсақ мөлдір сұйық шырыш тамшылары пайда болғанын көруге болады. Ұзақ уақыт шылым шеккен адамның қатты таңдайының түсі күңгірт ақшыл-сұр түстенеді.

Жұмсақ таңдай, тілшік және таңдай имектерінің кілегей қабығының түсі де бозғыл-қызғылт түсті. Кейбір адамдардың ұсақ тамырлары өте беткей орналасқандықтан, эпителий қабаты астынан қызыл, қызғылт-көкшіл тарамдар, иілген тармақтар сияқты болып жақсы көрінеді. Олар өте жиі орналасқан кезде белгілі бір қабыну ошағына ұқсас қызыл түсті аймақтар құрайды. Тәжірибесі аз дәрігер-стоматолог бұл ерекшеліктерді патологиялық үрдіске санауы мүмкін.