Біріншілік жалқықты бөрткендер

Домбықпа (волдырь – urtica) қуыссыз жастыққа ұқсас жалқықты бөрткен, тығыз консистенциялы, тері мен кілегей қабық беттерінен көтеріңкі орналасады, түсі ақшыл-сұр, дәнекер тін бүртікті қабатының жедел қабына домбығуы нәтижесінде дамиды. Домбықпа кенеттен пайда болады және біраз уақыттан кейін (10 минут – 2-3 сағаттан кейін) ешқандай із қалдырмай сорылып кетеді. Домбықпа Квинке домбығы (отек Квинке), есекжем (крапивница) кезінде кезедеседі, қатты қышып, кейде қышусыз да шыға береді. Ауыз кілегей қабығында домбықпа кейде көпіршік немесе күлбіреуік бөрткенге ауысуы мүмкін.

2-cурет. Көпіршік бөрткен. Төменгі еріндегі көпіршік бөрткен және оның схемалық түрі: 1- жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық қабаты, 3- эпителийішілік жалқыққа толы қуыс. Сайт-http://stomatologist.org/  
Көпіршік (пузырек – vesicula) қуысты жалқықты бөрткен, диаметрі 1-5 мм, эпителий қабатының ішіне жалқықтың (сарысулы немесе геморрагиялық) жиналуынан пайда болады, төңірегіндегі тіндерден көтеріңкі тұрады (2-сурет). Бірде ішіндегі сұйықтығы кеуіп, қабықшаға айналса, кейде жарылып, орнында жұқа жара (эрозия) пайда болады. Күлбіреуіктен көлемі кіші және құрылу механизмінің де ерекшелігі бар. Кейде жиі орналасқан ұсақ көпіршіктер бірігуі нәтижесінде көпқуысты күлбіреуік бөрткен (многокамерный пузырь) пайда болады.

Көпіршік бөрткендер эпителий жасушаларында гидропиялық дистрофиялану (вакуольді және баллонды), спонгиоздану сияқты патогистологиялық өзгерістердің нәтижесінде дамиды.

Кеуектену немесе спонгиоздану (spongiosis) –жабынды эпителийдің тікенекті қабат жасушаларының арасында сұйықтықтың жиналып, жасушааралық кеңістіктерді керіп кеңейтуі.

3-сурет Вакуольді дистрофиялану. Сайт-http://stomatologist.org/
Вакуольді дистрофиялану (вакуольная дистрофия) – базальды және тікенекті қабат жасушаларының ішінде сұйықтықтың жиналуы нәтижесінде олардың бұзылысқа ұшырауымен сипатталатын патогистологиялық үрдіс(3-сурет)Баллонды дистрофиялану(баллонирующая дистрофия,баллонная дистрофия)тікенекті қабат жасушаларында сұйықтықтың жиналуынан олар домалақ шар пішіндес болып үлкейеді және

клеткааралық байланыстың үзілуі әсерінен жиналған жасушааралық сұйықтықта жүзіп жүреді. Осының нәтижесінде жасушаларда колликвациялық өліеттену дамиды. Көпіршік бөрткендер көбінесе жұқпалы вирустық аурулар кезінде шығады. Іші іріңді жалқыққа толған көпіршікті іріңдік (гнойничок-pustula) деп атайды.

Күлбіреуік (пузырь – bulla) – қуысты жалқықты бөрткен, диаметрі 5 мм-ден үлкен, эпителий ішінде немесе астында біраз мөлшерде сұйықтықтың жиналуы нәтижесінде пайда болады. Күлбіреуік бөрткенде де көпіршік сияқты қабық болады. Орналасу тереңдігіне байланысты қабығы қалың (эпителий астында орналасқанда) немесе жұқа болады (эпителий ішінде орналасқанда) және тез тесіледі (-сурет). Күлбіреуіктің ішіндегі сұйықтығы бірде мөлдір, бірде сары-бал түсті немесе лай түстес болады, кейде қанды-сарысулы сұйық та кездеседі. Күлбіреуік тесілгеннен кейін орнында тыртықсыз жазылатын жұқа жара – эрозия пайда болады. Эпителий ішіндегі күлбіреуік көбіне акантолиздену үрдісінің нәтижесінде дамиды.

 

 

4-сурет. Акантолиздену. Сайт-http://stomatologist.org/
Акантолиздену – (acantolysis) тікенекті қабат жасушааралық заттың лизиске (ыдырауға) ұшырауы нәтижесінде олардың бір-бірімен байланысы үзіліп, араларында жалқыққа толған кеңістіктің пайда болуы. Осының әсерінен біртіндеп күлбіреуік қалыптасады. Тікенекті қабат жасушалары домалақ пішінге ие болып, көлемі кішірейеді, керісінше жасуша ядросының көлемі үлкейеді. Мұндай үрдістің дамуы иммундық механизмдерге байланысты және көбінесе күлбіреуікше ауруы кезінде кездеседі.

Іріңдік (гнойничок – pustula) – іші іріңді жалқыққа толы, жарты шарға ұқсас шағын қуысты бөрткен (шие дәнінің көлеміндей). Теріде жиі кездеседі, эпителий жасушаларының өліеттенуі нәтижесінде дамиды, кейде көпіршіктің сұйығы да екіншілік инфекцияның әсерінен сарғыш-жасыл түсті іріңді жалқыққа айналуы мүмкін. Қабығы жұқа ішінде іріңді жалқығы бар күлбіреуік фликтена (phlictena) деп аталады.

Киста (жылауық – cysta) - әр түрлі көлемді қабырғалары эпителий қабатымен төселген, дәнекер тіннен тұратын қабығы бар қуысты құрылым. Даму ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінеді: ретенциялық, фолликулярлық және түбір кистасы немесе радикулярлық киста.

Абсцесс (abscessus) – жұмсақ тіндердің терең қабатында іріңді жалқықтың жиналуынан дамыған қуысты құрылым.

 

Біріншілік инфильтративті бөрткендер (патоморфологиялық элементтер)

5-сурет. Түйіншек.1-эпителий қабаты. 2-өзіндік қабат.3-эпителидің төмпешігі. сайт-http://stomatologist.org/

Түйіншек (узелок – papula) – қуыссыз бөрткен, қабыну әсерінен дамиды, эпителийдің төменгі және дәнекер тіннің бүртікті қабаттарында шағын аймақта (көлемі 5 мм-ге дейін) жасушалар шоғырлануынан (инфильтрат құрылуынан) пайда болады. Кілегей қабық және тері беттерінен аздап көтеріңкі орналасады, түсі мен тығыздығы әр түрлі болады (аурудың клиникасына байланысты). Беттері жазық, конусқа ұқсас, жарты шарға немесе күмбезге ұқсас, пішіндері домалақ немесе көпбұрышты (полигональды) болып келеді. Ауыз ішінде орналасқан түіншіктер кілегейлі қабық бетінен сәл ғана көтеріңкі орналасады, беттері жазық келеді; көлемі де аса үлкен болмайды (тары және күріш дәндерінің көлеміндей-ақ). Кейбір аурулар кезінде (қызыл жалпақ теміреткі) топтаса бірігіп, тоға (бляшка – plaquae) құрайды. Ауыз кілегей қабығында жалпақ папулалар орын алады. Әр түрлі тітіркендіруші ықпалдар әсерінен беттері эрозиялануы, кейде көлемдері ұлғаюы (гипертрофиялануы) мүмкін.

Түйіншектің құрылуы эпителийдегі (эпидермисте) әр түрлі патогистологиялық үрдістермен (гиперкератоздану, паракератоздану, акантоздану, гранулездену, папилломатоз, қабынбалық инфильтрация) байланысты.

Гиперкератоздану – мүйізгекті қабаттың қалыңдауына әкеліп соғатын шамадан тыс мүйізгектену үрдісі. Кератоздану-мүйізгектенбейтін аймақта мүйізгекті қабаттың пайда болуымен сипатталатын патогистологиялық үрдіс (лейкоплакия кезінде).

Паракератоздану– мүйізгектену үрдісінің бұзылуы, кератогиалин мен элеидин құрылу сатысының жойылуы. Паракератоздану кезінде кілегейлі қабықта түйіршікті қабат, теріде жылтыр қабат құрылмайды және мүйізгекті қабат жасушаларында ядролар сақталады. Мүйізгекті қабат жасушаларында жабысқақ зат – кератин жойылады, соның нәтижесінде жедел түлеу үрдісі байқалады (ерін қабынулары кезінде ерін жиектерінде қабыршақтардың пайда болуы). Ауыз кілегейлі қабығы гиперкератоздану және паракератоздану әсерінен ақ-сұр түстенеді бетінде мүйізгекті жарғақ пайда болады.

 

Акантоздану (7-сурет). – тікенекті қабат жасушаларының қатарларының көбеюі (5-6 қабаттан 40-қа дейін), дәнекер тін бүртіктері аралық эпителий өсінділерінің дәнекер тінге қарай ұзаруымен сипатталатын патологиялық үрдіс (7-cурет).

7-сурет. Акантоздану үрдісі. Сайт-http://stomatologist.org/
Гранулездену – түйіршікті қабаттың қалыңдауы, кейде ол 1-2 қатар емес 3-4 қатарлы жасушалар қабатынан тұрады.

 

 

 

Бұдырмақ (бугорок – tuberculum) қуыссыз, инфильтративті бөрткен, терінің торлы, нағыз кілегейлі қабықтың төменгі қабаттарында біраз көлемді жасушалар шоғырлануынан пайда болады, төңірегіндегі тіндерден көтеріңкі орналасады, пішіні жарты шарға, конусқа немесе күмбезге (куполға) ұқсайды, көлемі көк бұршақ пен шие дәнінің көлеміндей, түсі әртүрлі (ауруға байланысты), шашырай немесе топтаса орналасады (8-сурет).

8-сурет. Жоғарғы еріннің кілегейлі қабығындағы ыдырай бастаған бұдырмақ бөрткендер және олардың схемалық құрылысы: . 1- жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық, 3-жасушалық инфильтратты ошақтар. Сайт-http://stomatologist.org/  
Бұдырмақтың орта бөлігі немесе тұтас ыдырауға ұшырап екіншілік бөрткен – жара пайда болады немесе сорылуға ұшырап, орнында атрофиялаушы тыртық пайда болады (туберкулез жегісі, мерез, алапес аурулары кезінде). Гистологиялық құрамына қарай бұдырмақ – инфекциялы гранулема.

 
 
Түйін (узел, гумма – nodus) – инфильтративті құрылым (элемент), кілегейлі қабықтың дәнекер тінінің төменгі қабаттарында немесе дәнекер тін асты қабатында жасушалардың көптеп шоғырлануынан пайда болады, тығыз консистенциялы, көлемі орман жаңғағы мен кішігірім жұмыртқадай. Алғашқы кезде көрінбейді, тек сипап тексергенде тіндердің терең қабатында анықталады, көлемі үлкейген сайын төңірегіндегі тіндерден жоғарылай береді. Түйіндер қабыну үрдісі нәтижесінде қатерсіз және қатерлі ісіктердің өсуіне байланысты кальций тұздары мен холестерин шөгуі әсерінен дамиды. Түйін өзін туындатқан ауруға байланысты бірде сорылып кетеді(түйінді васкулит) немесе өліеттеніп сорылуы нәтижесінде орнында ойық жара пайда болады және тыртықтанып жазылады (гуммозды мерез), кейде іріңді ыдырауға ұшырайды (гидраденит, атерома).