Тістердің қатты тіндерінің қажалуы

(стирание твердых тканей зубов)

Тістің қатты тіндерінің тамақ шайнау нәтижесінде қажалуы немесе физиологиялық қажалу - әрбір адамға тән үрдіс.

13-сурет. Тістердің патологиялық қажалуы
Физиологиялық қажалуға алдымен тістердің шайнау төмпешіктері, тістеу қырлары, экватор тұсындағы жанасу аймақтары ұшырайды. Осының нәтижесінде алғаш тіс доғасы қалыптасқан кездегі азу тістер арасындағы нүктелі түйісу (точечный контакт) жазық түйісуге (плоскостной контакт)айналады.

Физиологиялық қажалу уақытша және тұрақты тістемде де кездеседі.

Жас ұлғайған сайын тістердің физиологиялық қажалуы үдей береді. Егер 30 жасқа дейін физиологиялық қажалу кіреукемен шектелсе, 40 жасқа жақындағанда дентин де қажалуға ұшырай бастайды және беті ашылуы нәтижесінде сарғыш түстенеді. Дентиннің қажалуы 50 жасқа қарай күшейе түседі. Жас 60-қа келгенде алдыңғы тістер қажалу нәтижесінде біраз қысқарады, азу тістердің шайнау төмпешіктері жойыла бастайды. 70 жаста тістердің қажалуы сауыт қуыстарына жақындауы мүмкін. Бұл кезде жаңа құрылған орынбасушы дентинмен толған сауыт қуысының контуры жақсы көріне бастайды, бірақ өзі ашылмайды. Физиологиялық қажалу ешқандай емдеу шараларын қажет етпейді.

Тістердің қатты тіндерінің физиологиялық қажалуымен қатар, тіндердің жедел жойылуымен сипатталатын патологиялық қажалуы да кездесе береді және 11,8% құрайды. Азу тістердің шайнау төмпешіктерінің толық қажалуы және алдыңғы тістердің тістеу қырларының жартылай қажалуы әйелдерге қарағанда ер адамдарда жиі кездеседі және әйелдерде 22,7%, ал ерлерде 62,5% құрайды. Патологиялық немесе жедел қажалудың негізгі себептері- жергілікті ықпалдар (патологиялық тістем, кейбір тістерге шайнау күшінің көп түсуі, биік қойылған пломбылар, сапасыз дайындалған протездер, кәсіби мамандық жағдайының зиянды әсерлері) және тістің қатты тіндерінің құрылымдық тұрғыдан толыққанды дамымауы.

Тік тістем (прямой прикус) кезінде барлық азу тістердің шайнау төмпешіктері мен алдыңғы тістердің тістеу қырлары қажалады (13-сурет). Мұндай кезде 35-40 жас арасында күрек тістердің ұзындығы 1/3-1/2 бөлігіне қысқарады. Олардың тістеу қырлары жазық алаңға немесе жиектері қырлы ойықтарға айналады.

Беті ашылған дентин одан әрі тезірек қажала бастайды. Мұның өзі беттің төменгі бөлігінің кішіреюіне, екі езуде қатпарлардың пайда болуына әкеліп соғады және төмендеген тістем синдромына тән (синдром сниженного прикуса) төменгі жақ – шықшыт буынында өзгерістер дамып, оның нәтижесі ретінде ауыз кілегейлі қабығында ысып-күю, шаншу, ауыру сезімдері, нашар есту, құлақ шуылы сияқты белгілер дами бастайды.

Патологиялық үрдіс одан әрі үдеген сайын, қажалу тістердің мойын бөлігіне дейін жетеді және дентин арқылы тіс қуысының аумағы көрініп тұрады, бірақ тіс қуысы ашылмайды (үшіншілік дентиннің құрылуы нәтижесінде).

Терең тістем кезінде алдыңғы жоғарғы күрек тістердің таңдай жақ, ал төменгі күрек тістердің ерін жақ беттері қажалады. Өте терең тістем кезінде төменгі күрек тістер жоғарғы күрек тістер тұсындағы таңдай жақ қызыл иекке дейін жетіп, оны біртіндеп жарақаттай бастайды. Осының нәтижесінде қызылиекте терең іздер пайда болып, катаральды немесе жаралы қабыну үрдісі дамиды.

Тістердің қажалуы тіс қатарында көптеген тістер жұлынуы нәтижесінде тістер саны азайып, қалған санаулы тістерге шайнау күші шамадан тыс түскен кезде де байқалады. Азу тістер жоқ жағдайда күрек және сүйір тістер көптеп қажала бастайды. Алмалы және алынбайтын протездер дұрыс дайындалмаған кезде де қажалу байқалады. Егер кламмер ілінетін тіс жасанды сауытпен жабылмаса, оның мойын бөлігінде кіреуке мен дентин қажалып механикалық және химиялық тітіркендіргіштерге аса сезімталдық дами бастайды.

Әртүрлі өндіріс салаларының зиянды әсерлері де тіс тіндерінің жарақаттанып, жедел қажалауына себепкер болады. Органикалық және бейорганикалық қышқылдар шығаратын өндірісте істейтін жұмысшылардың барлық тістерінің біркелкі қажалғанын байқауға болады.

Ауасы шаң-тозаңға, механикалық ұсақ қиыршықтарға бай өндірісте істейтін жұмысшылар арасында да тістердің птологиялық қажалуы кездеседі.

Әртүрлі ішкі бездер (қалқанша, қалқанша маңы бездері, гипофиз) қызметтері бұзылған кезде тістің қатты тіндерінің құрылымдық тұрақтылығының (структурная резистетность) төмендеуі нәтижесінде патологиялық қажалу байқалады. Мысалы, жедел немесе патологиялық қажалу тістер флюорозы, мәрмәр ауруы, Стейнтон – Капдепон синдромы, кіреуке мен дентиннің біріншілік нашар дамуы кезінде кездеседі. Тістердің жедел қажалуы жүйке жүйесі аурулары кезінде де орын алады. Соның бірі- кейбір адамдардың түнгі ұйқы кезінде тістерін шықырлатуы (ночное скрежетание зубов).

Тістердің жедел қажалуының Грошиков М.И. ұсынған клинико-анатомиялық жүйесі дәрігерлік тәжірибеде тиімді болып саналады және төмендегідей сатыларға бөлінеді.

І сатысы – тіс сауыттарының шайнау төмпешіктері мен тістеу қырларында кіреукенің аздап қажалуы.

ІІ сатысы – сүйір тістердің тістеу төмпешіктері мен барлық азу тістердің шайнау төмпешіктерінде және күрек тістердің тістеу қырларында кіреукенің толық қажалып, дентиннің ашылуы.

ІІІ сатысы – кіреукенің толық, дентиннің тіс қуысына дейін қажалуы.

Шет елде тістердің жедел қажалуынының Бракко ұсынған жүйесі кең қолдау тапқан. Бұл жүйеге байланысты қажалудың 4 сатысын ажыратады: біріншісі – төмпешіктер мен тістеу қырларында кіреукенің қажалуы; екіншісі – кіреукенің толық қажалып, дентиннің тіс сауытының 1/3 бөлігінде жойылуы; үшіншісі – тіс сауытының 2/3 бөлігінің қажалуы; төртіншісі – тіс сауытының мойнына дейін қажалуы.

Тіс сауыттары алғаш қажала бастағанда тісте температуралық әсерлерге, кейінірек механикалық және химиялық әсерлерге жоғары сезімталдық дами бастайды. Көпшілік жағдайда тістердің біраз қажалуына қарамай, олардың электрқозғыштығы аса көп өзгеріске ұщырамайды және 6-20 мка шамасында ғана ауытқиды.