Патологиялық анатомиясы

Тіс тіндерінде байқалатын өзгерістер жедел қажалудың даму сатысына байланысты болады. Кіреуке тістеу қырлары мен шайнау төмпешіктерінде алғаш қажала бастағанда осы аймақтар астында орынбасушы дентиннің құрылуының қарқындылығы жоғарылағаны байқалады. Қажалудың екінші сатысында орынбасушы дентиннің қалың боп құрылуымен қатар дентин өзекшелерінің бітеліп қалуы орын алады (апатит кристалдарының шөгуі нәтижесінде). Ұлпада да өзгерістер байқалады: одонтобластар саны азайып, олардың вакуолденуі, торлы атрофиялану үрдісі орын алады, ұлпаның орталық қабаттарында тұздардың шөгу әсерінен петрификаттардың құрылғаны байқалады.

Жедел қажалудың үшінші сатысында дентиннің толық склероздануы, екіншілік дентиннің қарқынды құрылуы нәтижесінде сауыт қуысының толығымен жабылуы, ұлпаның атрофиялануы байқалады. Одонтобластар саны ұлпаның қалған бөлігінде азайған, одонтобластар қабатында вакуалдену үрдісі анықталады. Екіншілік дентиннің көптеп құрылуы арқасында түбір өзектері тарылып кейбір бөліктерінде бітеніп, нашар өтетін болады.

Жедел немесе патологиялық қажалудың емі. Емдеу әдістерін таңдап алу және оны жүргізу тәсілдері патологиялық үрдістің сатысына байланысты. Қажалудың алғашқы сатысында оны тудыра бастаған себептерді жоюға тырысып, тіс тіндерінің тұрақтылығын арттырып, қажалу үрдісін тежеуге арналған шаралар жүргізу керек. Тістің қатты тіндерінің тығыздығын жоғарылататын шаралар ертеректе айтылған (тістердің эрозиясы, қышқылдар әсерінен некроздануы). Егер жедел қажалу тістерге түскен шайнау күшінің жоғарылығынан болса, тиімді протездеу әдісін қолданады. Сонымен қатар сауыттың қажалған бөліктерін композиттік материалдармен қалпына келтіріп, тістем биіктігін дұрыс қалыптастыруға болады.

Аса қиындық тудыратын қажалудың ІІІ сатысы ( бұл кезде тістер сауыттары мойнына дейін қажалып кетуі мүмкін). Бұл кезде тіс сауыттарын өзекті тістер қою арқылы (бір түбірлі тістер болса), немесе жасанды сауыттар кигізу арқылы қалпына келтіреді. Егер тістің сақталған бөлігі өте қысқа жасанды сауыт кигізуге мүмкіндік болмаса, уақытша жансыздандырғаннан кейін тістің ұлпасын алып, өзектерге анкерлі штифтер немесе металдан жасалған басқа да штифтер бекітіп пломбылық материалдардың көмегімен тіс сауытын қалпына келтіруге тырысады. Қалпына келтірілген тістердің ұзақ қызмет етуі үшін сыртынан жасанды сауыттар кигізген жөн болады. Және сауыттардың түрлерін эстетикалық талаптарға, тістердің атқаратын қызметіне сай таңдап алып дайындайды.

Дұрыс жүргізілген емдеу шаралары жедел қажалудан туатын асқынулардың алдын алуға және орын алған асқынуларды (төмендеген тістем сидромы) емдеуге толық мүмкіндік береді.

Тістердің жедел қажалуының алғашқы сатысында қатты тіндерде жоғары сезімталдық байқалуы мүмкін. Мұның өзі тағам қабылдағанда үлкен ыңғайсыздық туғызады. Сондықтан ондай сезімталдықты жоюға арнаулы емдеу шаралары жүргізілуі тиіс (жоғары сезімталдықты қара).

Тістердің жоғары сезімталдығы ( гиперестезия зубов)

Тістердің жоғары сезімталдығы деп қатты тіндерде қалыпты жағдайда ешбір өзгеріс тудырмайтын тітіркендіргіштер әсерінен әртүрлі дәрежеде ауыру сезімінің пайда болуын айтады.

Тістердің жоғары сезімталдығы тісжегі мен тістің қатты тіндерінің басқа аурулары және пародонтағы патологиялық үрдістер кезінде байқалады. Тістердің жедел қажалуы кезінің алғашқы сатысында кіреуке-дентин шекарасы ашыла бастағанда жиі кездеседі, бірақ тістері қажалуға ұщыраған адамдардың барлығанда бірдей бола бермейді. Кіреуке эрозиясы кезінде жоғары сезімталдық жиі кездессе, сынаға ұқсас ақау кезінде көп байқала бермейді.

Тістердің жоғары сезімталдығы тек жергілікті тітіркендіргіштер әсер еткенде ғана емес, тістерде ауыру сезімі организмнің кейбір патологиялық жағдайлары кезінде де туындайды. Тістерде ауыру сезімі психоневроздар, эндокринопатия, климакс,әртүрлі зат алмасу үрдістері бұзылған кезде жұқпалы аурулармен және басқа жүйелі аурулар ауырған жағдайларда орын алады.

Клиникалық белгісі. Тістердің жоғары сезімталдығы кезінде науқастар тістерінде температуралық (ыстық және суық), химиялық (қышқыл, тәтті, ащы) және механикалық ықпалдардан өте күшті, бірақ тез басылатын ауыру сезімдері пайда болатынына шағымданады. Кейде суық ауа жұтқан кезде де ауыру сезімі қатты мазалайды. Сондықтан көбі жұмсақ, аса суық немесе ыстық емес тамақ қабылдауға, сыртқа щыққанда ( жылдың суық мезгілінде) ауыздарын ашпауға мәжбүр болады. Ауыру сезімі кейде аздап азайып, бірде біраз уақыт мазаламауы да мүмкін. Қарап тексергенде тістің қатты тіндерінде тісжегіге және басқа ауруларға тән құрылымдық өзгерістер болады, кейде тіс түбірлері ашылуы да мүмкін.

Кейбір кездерде тіс тіндері бұзылмаған, белгілі бір ақауларды табу қиынға соғады.

Тістердің жоғары сезімталдығының бірнеше жүйесі бар. Солардың ішінде Федоров Ю.А. және б. (1981) ұсынған жүйе ең ұтымды деп саналады.

А) Жайылу көрсеткіштері бойынша (по распространенности):

І. Шектелген түрі (ограниченная форма) бір немесе бірнеше тісте кездеседі (тісжегі, сынаға ұқсас ақаулар бар және ортопедиялық мақсатта егелген тістерде).

ІІ. Жайылған түрі (генерализованная форма) көптеген тістерде байқалады (жүйелі патологиялық қажалу кезінде, көптеген тістерде тісжегі қуыстары, кіреуке эрозиясы мен сынаға ұқсас ақаулар бар кезде, көптеген тістердің мойындары мен түбірлері ашылғанда, психоневрологиялықц ауытқулар жағдайында).

Б) Даму себебіне байланысты (по происхождению).

І. дентиннің жоғары сезімталдығы (тістің қатты тіндерінің жойылуына байланысты);

· тісжегі қуысында болатын;

· тістерді ортопедиялық мақсатта егегеннен кейін болатын;

· тістің қатты тіндерінің қарқынды қажалуы және сынаға ұқсас ақаулары кезінде болатын;

· тіс тіндерінің эрозиясы кезінде болатын.

ІІ. Тістердің қатты тіндері бұзылмаған кезде болатын дентиннің жоғары сезімталдығы:

· пародонтоз және пародонттың басқалай аурулары кезінде тіс мойындары мен түбірлері ашылған кезде болатын дентиннің жоғары сезімталдығы;

· бұзылмаған тістердегі дентиннің жоғары сезімталдығы (функциональдық жоғары сезімталдық).

Көбінесе организмде жалпы өзгерістер кезінде орын алады.

В) Клиникалық ағымы бойынша:

І дәрежелі – тіс тіндері температуралық тітіркендіргіштерге сезімтал және дентиннің электрқозғыштығы – 5-8 мка;

ІІ дәрежелі - тіс тіндері температуалық және химиялық тітіркендіргіштерге сезімталдық көрсетеді, дентиннің электрқозғыштығы – 3-5мка;

ІІІ дәрежелі – тіс тіндері барлық тітіркендіргіштерге сезімталдық көрсетеді, дентиннің электрқозғыштығы – 1,5-3,5мка.

Тістердің жоғары сезімталдығын ұлпаның жедел қабынуынан ажырата білу керек. Себебі, бұл кезде де ауыру сезімі ұлпа қабынуындағыдай өте күшті болады, бірақ тітіркендіргіштер әсері тоқтаған кезде бірден басылады және тістің электрқозғыштығы көп ауытқымайды, 1,5-8 мка тең.

Емі. Тістердің жоғары сезімталдығын жою мақсатында ертеректе көптеген дәрі-дәрмектер қолданылған, бірақ олардың нәтижелілігі шамалы болған. Тістің қатты тіндерінің органикалық құрамын бұзу үшін цинк хлориды мен күміс нитраты (азот қышқылды күміс) ерітінділері, сусыздандыру үшін құрамына натрий гидрокарбонаты, натрий, калий, магний карбонаты кіретін сілтілі қойыртпақтар (пасталар) қолданылған.

Сонымен қатар тістің қатты тіндерінде құрылымдық өзгерістер тудыратын препараттар, натрий фториді,стронций хлориді және кальций тұздары да қолданылады. Қазіргі кездегі көзқарастарға сүйенсек, фтор ионы гидроксиапатит құрамындағы гидроксил тобының орнын басып, оны аса тұрақты құрылым-фторапатитке айналдырады. Егер беті кептірілген тістің жоғары сезімталдығы бар аймағына 75 % фторлы натрий қойыртпағын (пастасын) сүртсе, аса сезімталдық төмендей бастайды және көп ұзамай 5-7 сеанстан кейін жойылып кетеді.

Тістің қатты тіндерінің жоғары сезімталдығын жою үшін Платонов Е.Е. құрамында дикаин бар екі сұйықтық ұсынған. Бірақ бұл сұйықтардың ауырусыздандыру уақыты ұзақ емес. Осындай сұйықтардың қатарына Гартман (1936) сұйықтығын жатқызуға болады.

Гартман сұйықтығының құрамы:

· Тимол 1,25

· Спирт 1,0

· Эфир 1,0

Тістердің жоғары сезімталдығын жою үшін қолданылған тиімді әдістердің бірі – Федоров Ю.А, және Володкина В.В. ұсынған әдіс. Тістің қатты тіндеріне әсер ету үшін олар кальций глицерофосфатының глицеринге аралыстырылған қойыртпағын 6-7 рет аппликациялық әдіспен қолданған. Сонымен қатар бір айдай кальций глицерофосфатын немесе кальций глюконатын 0,5 г. күніне 3 рет, поливитаминдерді күніне 3-4 таблетка, фитоферолактол (тәулігіне 1 грамм) қабылдау және әрбір үш айда емдеу шараларын қайталап тұруды ұсынған.

Соңғы кезде тіс тіндерінің жоғары сезімталдығын жою үшін қайта минаралдандырып емдеу әдісі кең қолданылады. Ол үшін тістің бетіндегі қақты жақсылап тазалап, сілекейден оқшалауландырады және бетін құрғатып барып, кальций глюконатының 10% ерітіндісімен немесе ремоденттің 3-4% ерітіндісімен 5-7 минөтке бастырма қояды. Әрбір үшінші қабылдауда қайта минералдандырушы ерітіндімен екі рет бастырма қойғаннан кейін тістің бетін фторлы натрийдің 1-2 % ерітіндісімен өңдейді. Бұл ерітіндінің орнына фтор-лак, фторлы гель «Белагель» қолдануға болады. Бұл кезде мүмкін болса әртүрлі шырындар, қышқыл тағамдар қабылдамау керек және тістерді тазалау үшін құрамында фтор бар қойыртпақтар пайдаланған жөн. Ресейде шығатын «Жемчуг», Колгейт фирмасының «Colgate Sensitive Pro-Relive», «Сенсадин» қойыртпағын қолданған өте тиімді. Бұл қойыртпақтарды 5-7 рет қолданғаннан кейін-ақ жақсы нәтиже байқала бастайды, ал 12-15 рет қолданғаннан кейін жоғары сезімталдық жойылады. Егер 6-12 айдан кейін жоғары сезімталдық қайта біліне бастаса, емдеу курсын қайталайды.

Жоғары сезімталдықты жою үшін физикохимиялық әдісті де қолдануға болады. Ол үшін кальций тұздары мен фторлы натрий ертінділерін тіс тіндеріне электрофорездеу тәсілімен де сіңіруге болады және өте жақсы нәтиже береді.

Жайылған немесе жүйелі сезімталдықты емдеу үшін орталық жүйке жүйесі қызметін жақсартатын дәрілер: кіші транквилизаторлар, ұйқы келтіретін және ауыру сезімін жоятын препараттар (анальгетиктер) тағайындайды.

Сонымен қатар электр тоғымен ұйықтату, инелірефлекспен емдеу (иглорефлексотерапия) әдістерін қолдануға да болады.

 

ТАРАУ

Тісжегі (кариес зубов).

Тісжегі (кариес зубов – caries dentis) – тістерді шыққаннан кейін жарақаттайтын, қатты тіндерінің минаралды заттарының еруі, органикалық құрамының ыдырауы нәтижесінде тістің бүтіндігінің бұзылып, ақаулардың немесе қуыстардың пайда болуымен сипатталатын патологиялық үрдіс.

Тісжегі – адамзатқа ертеден белгілі ауру. Біздің заманымызға дейін 500 мың жыл бұрын тұрған оңтүстік Африка тұрғындарының бас сүйектерінде тісжегі әсерінен бұзылған тістер болғаны туралы мәлімет жеткен (Thilad E., Birhed D., 1986). Көптеген зерттеулер де қазіргі жыл санаудан 2,5-3 мың жыл бұрын тұрған адамдарда тісжегі болғанын дәлелдейді. Аң және балық аулап күн көрген адамдардың пісірілген тамақпен қоректену дәуіріне дейін тістері тісжегімен бұзылмағаны туралы дәлелді мәліметтер де бар.

Көптеген елдерде жүргізілген зерттеулер Еуропа және Америка тұрғындарының тістерінің тісжегіге шалдыға басталуы XVII ғасырдан басталғанын және оның сыртқы ортаның, әлеуметтік жағдайдың, тұрмыс- тіршілік, тамақтанудың ерекшеліктерімен тікелей байланысты екенін көрсетеді.

Лукомский И.Г., ескі қорғандардан алынған археологиялық материалдарды (IX-XII ғасыр), мазарлардан алынған бас сүйектерді (XV-XVII ғасыр) зерттей отырып, сол кездегі адамдар арасында тісжегінің таралу көрсеткіші 0-8,2% , ал орташа көрсеткіші 4,5 % тең болғанын анықтады. Қазіргі кезде тісжегі көп таралған аурулар қатарына жатады. Жер шары тұрғындарының арасында оның таралу көрсеткіші 50-95%.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының (ДДҰ) номенклатурасына сай тістердің тісжегімен жарақаттануын бағалау үшін үш көрсеткішті қолдануды ұсынады:

· тісжегінің таралуы (распространенность кариеса);

· қарқындылығы (интенсивность кариеса);

· қарқындылықтың өсу көрсеткіштері (прирост интенсивности кариеса).

Тісжегінің таралуы (распространенность кариеса) – тісжегімен немесе оның асқынуларымен жарақаттанған (Тісжегі-Т немесе Кариес-К ), пломбыланған (П) және жұлынған (Жұлынған –Ж немесе Удаленный-У) тістері бар адамдардың пайыздық (%) көрсеткіші. Мысалы, стоматологиялық тексеруден өткен 100 адамның 65-де тістерінің тісжегімен жарақаттанғаны анықталды. Бұл жағдайда тісжегінің таралуы 65% тең болады. Тісжегінің қарқындылығы (интенсивность кариеса) – барлық тісжегі және оның асқынулары бар тістердің (Т-К), пломбыланған (П) және жұлынған (Ж-У) тістердің бір адамға (тексеруден өткен) шаққандағы орта саны немесе ТПЖ-КПУ көрсеткіші. Балаларда аралас тістесу (смешанный прикус) болғандықтан, тұрақты тістесу қалыптасқанға дейін бұл көрсеткіш тұрақты және сүт тістерінің көрсеткіштерінен (ТПЖ + тп немесе КПУ+кп) тұрады және «т-к» кіші әріптерімен тісжегіге ұшыраған сүт тістерін, ал кіші «п» әрпімен пломбыланған сүт тістерін белгілейді. Тіс қатарында болмаған сүт тістерін жұлынған тістер санына қоспайды. Себебі, тұрақты тістер шығар алдында сүт тістерінің түбірлері сорылып, өз беттерімен түсе бастайды.

Қарқындылықтың өсу көрсеткіші (прирост интенсивности) – ТПЖ немесе КПУ көрсеткішінің бір жыл ішінде өсу саны.

Стоматологиялық аурулармен сырқаттану деңгейін анықтауды белгілі бір стандарттық жүйеге сыйдыру үшін шартты талаптар ойластырылған. ДДҰ-ның ұсыныстарына сай, үш жаста сүт тістерінің жағдайы, 6 жастан бірінші үлкен азу тістердің тісжегімен жарақаттануы, 12 жаста – барлық тістердің жағдайы;15 жаста – пародонттың жағдайы; ересек адамдарда 35-44 жаста – барлық тістер мен пародонттың жағдайы анықталады. Жасы ұлғайған адамдарды 65-74 жас тобында қарап тексеру- оларға стоматологиялық көмек көрсетуді жоспарлау үшін қажет болады.

Стоматологиялық саулық туралы дәлелді мәліметтерді 12-15 жас және 35-44 жастағы топтарды тексерген кезде алуға болады. Тістердің 12 жаста тісжегімен жарақаттану көрсеткіштері және 15 жастағы пародонттың жағдайы жүргізілген сақтандыру шараларының нәтижелігін, 35-44 жастағы ТПЖ-КПУ көрсеткіші және пародонт жағдайы стоматологиялық көмектің деңгейін және сапасын анықтауға мүмкіндік туғызады.

ДДҰ-ның ұсынысына сәйкес балаларда тісжегінің қарқындылығын жыл сайын анықтау қажет. Ал ересектер арасындағы топтарда 5-10 жылдық аралықпен (интервалмен) жүргізеді.

Тиянақты мағлұматты ТПЖ-КПУ көрсеткішінің көмегімен алуға болады және ол арқылы емдеу шараларының қажеттілігін, сапалылығын және нәтижелілігін анықтауға болады. Мысалы, ТПЖ алтыға тең болғанда оның үш маңызды құрамдары болуы мүмкін: 4+1+1; 1+4+1; 1+1+4. Бірінші жағдайда көрсеткіштің құрамында тісжегімен және оның асқынуларымен жарақаттанған, бірақ емделмеген тістер басым (4), пломбыланған тістер аз(1), жұлынған тіс бар (1), сондықтан емдеу шаралары қанағаттандырмайды. Екінші жағдайда бір емделмеген, 4 пломбыланған, бір жұлынған тіс бар, емдеу жұмысы жаман емес. Үшінші жағдайда 4 тіс жұлынған, стоматологиялық көмек өте нашар, белгілі дәрежеде жүргізілмеген.

ДДҰ-ы 12 жастағы ТПЖ-КПУ көрсеткішіне байланысты тісжегінің қарқындылығының бес деңгейін ажыратуды ұсынады: өте төмен (0-1,1), төмен (1,2-2,6), орта (2,7-4,4), жоғары (4,5-6,5), өте жоғары (6,6 және одан да көп).

Тісжегінің жүйесі.

Адам организмінде орын алатын кез-келген аурулар сияқты тісжегіге де белгілі клиникалық белгілер тән және олардың көрінісі тісжегінің даму сатысына байланысты. Осыған орай тісжегінің бірнеше жүйесі ұсынылған.

Тістің қатты тіндерінде тісжегі үрдісінің тереңдеуіне байланысты оның төрт сатысын ажыратады:

· бастапқы тісжегі (начальный кариес – caries incipiens) немесе тісжегі дағы (кариозное пятно-caries maculosa)

· жоғары тісжегі (поверхностный кариес – caries superficialis) немесе кіреуке тісжегісі (кариес эмали – caries enamelum )

· орта тісжегі (средний кариес – caries media)

· терең тісжегі (глубокий кариес – caries profunda)

Бұл тісжегінің клиникалық-топографиялық жүйесі. Сонымен қатар анатомиялық жүйесін де ажыратады: 1) кіреуке тісжегісі (кариес эмали), 2) дентин тісжегісі (кариес дентина), 3) цемент тісжегісі (кариес цемента). Тіс беттерінде орналасу ерекшеліктеріне қарай: табиғи жүлгелердегі тісжегі (фиссурный кариес), жанасу беттегі тісжегі (апроксимальный или контактный кариес), тістің мойын аймағында ораналасқан тісжегі (пришеечный кариес). Тісжегі кезінде ұлпада белгілі бір клиникалық белгілер туындататын өзгерістер болмаса, қарапайым тісжегі (простой кариес – caries simplex) немесе асқынбаған тісжегі (неосложненный кариес – caries noncomplicata), ал тісжегі әсерінен ұлпада және периодонтта патологиялық үрдіс туындаса асқынған тісжегі (осложненный кариес – caries complicata) деп ажыратады.

Клиникалық тәжірибеде көп кездесетін жағдай, ертеде қойылған пломбының төңірегінде тісжегі қуысы пайда болса, екіншілік тісжегі (вторичный кариес – caries secundaria) немесе қайталамалы тісжегі (рецидивный кариес – caries recidiva) деген термин қолданылады. Мұндай патологиялық үрдіс көбінесе жүргізілген емдеу шараларында жіберілген қателіктер нәтижесінде дамиды. Болашақта емдеу шараларын дұрыс жүргізу үшін екіншілік қуыстың да тереңдігін дұрыс анықтаған жөн.

Біраз авторлар даму ағымының ерекшеліггіне қарай жедел тісжегі (острый кариес-caries acuta) және созылмалы тісжегі (хронический кариес-caries cһronica) деп бөледі. Жалпы медициналық көзқарас бойынша бұл терминдерді қолдану орынды емес. Себебі жедел дамыған үрдіс болғанның өзінде тіс кіреукесінде деминералдану үрдісінен бастап, қуыс пайда болғанға дейін бірнеше ай өтеді. Мұндай ұзақ уақыт медицинада қабылданған жедел дамыған патологиялық үрдістердің уақыт шеңберіне сия бермейді. Сонымен бірге әртүрлі адамда тісжегінің даму қарқынының бірдей болмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Осыған байланысты тісжегі үрдісін даму жылдамдығына байланысты қарқынды дамыған тісжегі (быстро прогрессирующий кариес) және баяу дамыған тісжегі (медленно прогрессирующий кариес) деп бөлуге болады.

Қарқынды дамыған тісжегі 3-7 жас арасындағы балалардың сүт және тұрақты тістерінде, 12-17 жас арасындағы жасөспірімдер тістерінде жиі кездеседі. Сонымен қатар қарқынды дамыған тісжегі көмірсуларға бай тағамдарды (кәмпит, торт, тәтті тоқаштар) көп жейтін, аузын дұрыс күтпейтін, әртүрлі аурулармен жиі ауыратын, толыққанды тағамдармен тамақтанбайтын балалар мен жасөспірімдерде жиі орын алады.

Кіреукені жарақаттаған тісжегі үрдісі дентинге жеткеннен кейін аз уақыт ішінде кеңейіп және тереңдеп жайылады, дентинді тіректен айырылған кіреукенің механикалық әсерлерден оңай сынуына байланысты тісжегі қуысы үлкен көлемге ие болады. Тісжегі қуысының қабырғаларында көп мөлшерде ақшыл - сұр түсті жұмсарған дентин қабаты анықталады. Екі-үш ай ішінде тісжегі қуысы тереңдеп, ұлпада қабыну үрдістері дамиды. Тісжегінің қарқынды даму үрдісінде организмнің реактивтілігінің төмендеуі, жылтыр және орын басушы дентин құру қызметі азайған тіс тіндерінің құрылымдық ерекшеліктері маңызды орын алады.

Баяу дамыған тісжегі кезінде тіс тіндеріндегі патологиялық үрдіс баяу қарқынмен дамиды, ұзақ уақыт кіреукеден әрі аспайды. Мұның өзі мөлдір және орынбасушы дентиннің қалың және үлкен аймақта құрылуын қамтамасыз етіп, тісжегінің тереңдеуіне кедергі болады. Патологиялық үрдіс ұлпаға жеткенше 2-3 жыл уақыт өтеді. Баяу дамыған тісжегі кезінде тісжегі қуысының ауызы кең, қабырғаларындағы жұмсарған дентин пигменттелген (сары-қоңыр немесе қара - қоңыр түсті). Тістердің жанасу беттерінде дамыған тісжегі кезінде науқас тісінің бұзылып жатқанын көп уақытқа дейін байқамауы да мүмкін.

Өте қарқынды дамыған тісжегі (острейший кариес – caries acutissima) гүлденген тісжегі (цветущий кариес – caries florida) немесе жүйелі тісжегі (системный кариес – caries generalis) көбінесе тісінің қатты тіндері толыққанды қалыптаспаған, жедел және созылмалы жұқпалы аурулармен жиі ауыратын, рахитпен ауырған балаларда, қан аздығынан зардап шеккен, тамақ құрамында көмірсулы тағамдарды басым қабылдайтын адамдар арасында жиірек кездеседі.

Тісжегінің бұл түріне көптеген тістердің мойын бөлігін айнала жарақаттайтын айналмалы тісжегіні (циркулярный кариес – caries circularis) жатқызуға болады. Аталған жүйелерден басқа ДДҰ-ы 9-шы рет қайта қарап ұсынған жүйесін де келтіруге болады.

Тісжегінің ДДҰ ұсынған жүйесі (классификация ВОЗ, 9-переосмотр).

· кіреуке тісжегісі, дақты тісжегіні қоса алғанда (кариес эмали, включая «меловое пятно»);

· дентин тісжегісі (кариес дентина);

· цемент тісжегісі (кариес цемента);

· тежелген (тоқталған) тісжегі (приостановившийся кариес);

· одонтоклазия (одонтоклазия)

· басқалай (другой);

· дәлелденбеген (неуточненный);

Тісжегінің жергілікті емдеу шараларын дұрыс жүргізу үшін тісжегі қуыстарының Блэк (1884) ұсынған жүйесін де жақсы білу қажет. Орналасу ерекшеліктеріне қарай Блэк тісжегі қуыстарын 5 классқа бөледі:

I класс – барлық тістердің табиғи жүлгелері (фиссураларында) мен ойықтарында (көбінесе кіші және үлкен азу тістердің, жоғарғы екінші күрек тістердің тұйық тесіктерінде) орналасқан тісжегі қуыстары.

II класс – кіші және үлкен азу тістердің жанасу беттерінде орналасқан тісжегі қуыстары;

III класс – күрек тістер мен сүйір тістердің жанасу беттерінде орналасқан және олардың сауыттарының тістеу бұрыштары мен қырларына ауыспаған немесе оларды бұзбайтын тісжегі қуыстары;

IV класс – күрек тістер мен сүйір тістердің жанасу бетінде орналасқан, олардың сауыттарының тістеу бұрыштары мен қырларының бұзылуына әкеп соғатын тісжегі қуыстары;

V класс – барлық тістердің мойын бөлігінде орналасқан тісжегі қуыстары;

Қазіргі кезде VI кластық тісжегі қуыстарын да қарастырып жүр.

VI класс – жоғарыда көрсетілген шартты аймақтардан басқа жерде орналасқан, аумағы мен тіс тіндерінің жараққаттану ерекшеліктері жағынан жоғарыда келтірілген анықтамаларға сай келмейтін тісжегі қуыстары. Алтыншы кластық тісжегі қуыстарын атипиялық қуыстар немесе атипиялық тісжегі ( атипичный кариес – caries atypica ) деп атауға болады. Бұл тісжегі тіс сауыттарының тісжегіден басқа аурулары (тістер гипоплазиясы, тістер флюорозы, сынаға ұқсас ақаулары т. б.) орналасқан аймақтард, шайнау төмпешіктерінде, тістеу қырларында дамиды.

 

1-сурет. Дақты тісжегі.сайт-http://www.colgate.ru/
Тісжегінің клиникалық көрінісі.

Дақты тісжегі (кариозное пятно- macula сariosa). Тісжегінің дақты кезеңінде немесе бастапқы тісжегі (начальный кариес-caries-incipiens) кезінде ешқандай

шағым болмайды және ұзақ уақыт байқалмауы да мүмкін. Кейде тәтті және қышқыл тағамдардан тістер қармалып қалған сияқты ыңғайсыз сезім (чувство оскомины) туындауы немесе алдыңғы тістерде орналасқан дақтар болса эстетикалық шағым болуы мүмкін (көбінесе тістердің мойын аймақтары жарақаттанған кезде). Көпшілік жағдайда басқа тістеріне шағымданып келген адамдардың тіс қатарларын мұқият қарап тексеру және тіс беттерінің күмән туғызған аймақтарын сүңгілеу арқасында анықталады. Қарап тексергенде бастапқы тісжегі немесе тісжегі дағы аймағында жылтырлығы жойылған мұнарланған ақ бор түсті немесе ашық қоңыр, қою-қоңыр кейде кара-қоңыр түсті ошақ түрінде байқалады (1-cурет).

Бастапқы тісжегі кезінде кіреукедегі минералсыздану ошағының қоңыр, қою-қоңыр түстері патологиялық үрдістің баяу дамыған кезінде призмалараралық шағын кеңістіктердің көлемдері үлкейгендіктен органикалық бояғыш заттардың сіңуі арқылы қалыптасады. Шарпенак Ю.A А.,(1970) ұйғаруынша, алғашқы кезде тісжегі дағы ошағында алмаспайтын амин қышқылы триптофан құрылады да кейіннен меланинге айналады.

Бор түстес ақ дақты ошақты сүңгілеп байқағанда беті бірде тегіс, кейде кедір-бұдырлау және сау аймақтарға қарағанда жұмсақтау көрінеді. Пигменттелген дақты ошақтарды сүңгілеп тексергенде бірде беті тығыздау, кейде кіреукенің жоғарғы қабатының жұмсарғаны соншалықта, сүңгі ұшы біраз тереңдікке еніп кетеді. Соңғы кездегі зерттеулер нәтижесіне сүйенер болсақ, тісжегінің бастапқы сатысының әрі қарай дамуы немесе өз бетімен тежелуі де мүмкін. Тісжегі дағы тістің бетін қақтан тазалап, ауамен кептірген кезде анық көрінеді және метилен көгінің 2% ертіндісімен жақсы боялады.

Тісжегі дақтарын тіс гипоплазиясы мен флюорозы кезіндегі дақтардан ажырата білу керек. Гипоплазия кезіндегі дақтар аттас тістердің беттерінде симметриялы түрде орналасады, шекаралары анық, беттері тегіс және жылтыр болады, метилен көгінің ертіндісімен боялмайды. Өмір бойы өзгермей сол қалпында сақталады. Тіс флюорозы кезіндегі дақтар саны көп, түстері әртүрлі, шекаралары анық емес, көптеген тістер беттерінде орналасады және фторға бай ауызсуды пайдаланған эндемиялық аймақта кездеседі.