Тісжегінің даму себептері туралы заманауи көзқарастар

Қазіргі кезде тісжегі кіреукеде минералсыздану үрдісінен басталатынына ешкімде күмән туғызбайтын ақиқат екені белгілі. Минералсыздану кіреукенің сыртқы қабаты сақтала тұра, астыңғы қабатында жүреді. Минералсыздандыру үрдісінің тікелей себепкері – тіс қағының құрамындағы микроорганизм ферменттерінің көмірсулы тағамдар қалдығын ыдыратуынан пайда болған органикалық қышқылдар.

Соңғы жылдардағы біраз ғалымдардың (Боровский Е.В., Леус И.А., 1979) зерттеулері тісжегінің бастапқы кезеңінде (тісжегі дағы) жарақат ошағында біршама минералсыздану үрдісі орын алатынын дәлелдеді. Аталған авторлар тісжегінің бастапқы даму кезеңін былай деп түсіндіреді: белгілі жағдайларда (тістер дұрыс тазаланбағанда, ас қалдықтары тістердің беттерінде көп жиналған кезде, сілекейде мөлшерлік және сапалық өзгерістер байқалса) тіс беттерінде жұмсақ тіс қағы немесе микробты қақ (микробная бляшка) құрылады және көмірсулардың ыдырауынан пайда болған қышқылдардың әсерінен қақ астындағы ортаның рН-ы кіреуке төзгісіз деңгейге дейін (критический уровень-4,5-5,0) төмендейді. Сонымен қатар тіс қағының ферменттік жүйелері әсерінен кіреукенің органикалық қабықтары (пелликула және кутикула) бұзылып, қышқылдар кіреукеге тікелей әсер ете бастайды. Сутегі иондарының (Н+) төзгісіз деңгейі ұзақ сақталған кезде кіреуке бетінің кейбір тұрақсыз аймақтарында (призмааралық кеңістіктер, Ретциус жолақтары аймақтарында) апатит кристаллдары ери бастайды.

Қышқылдар енді кіреукенің астыңғы қабатына өтіп, ондағы минералды компоненттерді де еріте бастайды. Құрамындағы апатит кристаллдары еріп, бұзылысқа ұшырай бастаған кіреуке призмаларының физикалық қасиеттері өзгеріп, сәуле сындырғыштығы төмендеуі нәтижесінде оның мөлдірлігі жойылып, бетінде ақбор түсті күңгірт тісжегі дағы пайда болады. Астыңғы қабаттағы минералсыздану ошағы біртіндеп жанжаққа қарай кеңейе береді, және призмааралық кеңістіктердің кеңеюіне байланысты микрооргнизмдердің кіреуке ішіне енуіне жағдай туып, енді қышқыл құрылу көзі кіреуке ішіне ауысады. Тісжегінің бұл кезінде кіреукеде минералсыздану үрдісі кіреукенің сыртқы бетіне параллельді аймақта және ішке қарай дамығандықтан жарақат ошағы конусқа ұқсас болып құрылады. Қышқыл құрылу көзі кіреуке ішіне ауысқанмен оның сыртқы қабатының бүтіндігі көпке дейін сақталады. Бұның өзі оның құрылымдық ерекшеліктеріне (фторапатиттің басым болуы) және сілекей құрамындағы бейорганикалық компоненттер әсерінен қайта минералданып отыруына байланысты.

Кіреуке ішінде минералсыздану ошағының ұзақ сақталуы төзімді сыртқы қабаттың астыңғы қабат жағынан біртіндеп еріп жойылуы тісжегі қуысының пайда болуына әкеп соғады. Сонымен қатар тісжегі қуысы басқа жолмен де пайда болуы мүмкін. Астыңғы қабаттағы минералсыздану үрдісі дамыған сайын сыртқы қабат жұқара келе механикалық әсерлерден сынуы барысында кіреукеде ақау немесе тісжегі қуысы пайда болады.

Тісжегі үрдісінің бастапқы белгілерінің дамуында тістің қатты тіндерінің тұрақтылығының (резистенттігінің) үлкен маңызы бар. Бұл тұрақтылық олардың құрылымдық, химиялық құрамдық ерекшеліктерімен және генетикалық ізқуарлығымен қамтамасыз етіледі. Тісжегінің пайда болуына ықпалын тигізетін факторларды төмендегідей топтастырған.

Жалпылай әсер ететін ықпалдар:

· Сапасыз тағамдық заттар мен ауыз суы.

· Организмнің жүйелері мен ағзаларындағы функциональдық ауытқулар.

· Төтенше жағдайлар.

Жергілікті ықпалдар:

· Тіс қағы немесе микробты тоға

· Ауыз сұйықтығының құрамының және қасиеттерінің өзгеруі.

· Көмірсулы ас қалдықтары.

Тіс тіндерінің тұрақтылығы (төзімділігі – резистентность)

· Құрылымының толыққандылығы.

· Химиялық құрамының толықтығы.

· Генетикалық кодының оңтайлылығы.

Тісжегі туындатушы ықпалдар (жалпылай және жергілікті) тіс тіндерінің төзімділігі сияқты әртүрлі жағдайларда әртүрлі қарқындылықпен әсер етуі мүмкін. Тісжегі бұлардың әртүрлі қатынастық жағдайында дамуы мүмкін, бірақ тісжегіні туындататын бірден-бір қауіпті кезең – тіс тіндерін үнемі минералсыздандырушы жоғары концентрациялы сутегінің бос иондарының (Н+) түзілуі. Ауыз іші ортасы қабылдаған тамақтың, ішкен судың құрамына, организмнің жүйелері мен ағзаларының функциональдық жағдайына, әртүрлі ауруларына байланысты өзгеріп отырады.

Егер кіреукенің қалыпты жағдайы онда толассыз жүретін және тепе-теңдікте сақталатын минералдану- минералсыздану үрдісімен байланысты болатынын түсінсек, бұл ықпалдардың тісжегінің даму үрдісіндегі маңыздылығы дәлелдеуді қажет етпейді. Егерде тіс тіндеріндегі минералдану және минералсыздану тепе-теңдігін бұзатын жағдай туған болса және минералсыздану үрдісі басым болатын болса, кіреуке қабаты өзгеріске ұшырап, дақты тісжегіге тән белгілер дамиды. Минералсыздану үрдісінің толассыз дамуы кіреуке мен дентинде әртүрлі тереңдіктегі қуыстардың қалыптасуына әкеп соғады. Ал ауыз іші жағдайын жақсартып, организмнің функциональдық қасиетін жоғарылатар болса, бұзылған тепе-теңдік қайта қалпына келіп, минералсыздану үрдісі тежеліп, патологиялық үрдіс кері дамуы ( ақ дақ толығымен жойылады) немесе тежелуі ( ақ дақ қоңыр түске ауысады) мүмкін.

Үлгіде көрсетілгендей, кіреукенің астыңғы қабатында минералсыздану үрдісін туындататын жоғары концентрациялы сутегінің бос иондарының (Н+ның) шектеулі аймақта қалыптасуында көмірсулы тағамдар мен микроорганизмдердің рөлі өте жоғары және олар тісжегінің орналасу ерекшеліктерін де негіздей алады. Сонымен қатар бұл үлгі ауызды дұрыс күтудің, тісжегіні пломбылап емдеудің маңыздылығын көрсете отырып, тісжегінің алдын-алу шараларын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.