Боровский Е.В. және басқалар ұсынған тісжегінің замануи даму теориясы

 

 

 

Тісжегіні емдеу.

Тісжегіні емдеу шараларын екі топқа бөлуге болады: жалпылай және жергілікті емдеу. Жалпылай емдеу шараларын тісжегінің қарқындылығы жоғары және өте жоғары болып, дамуы жедел болған кезде жүргізеді және кешенді емдеу қағидасын ұстана отырып іске асырылады. Тісжегіні жалпылай емдеу оны алдын-алу шараларымен үйлестіріледі және организмнің қорғаныс қасиеттерін, тістің қатты тіндерінің тісжегі туындатушы ықпалдарға төзімділігін жоғарылатуға бағытталады. Осы мақсатта витаминдер жиынтығын, микро және макроэлементтер (Са, Р, F ) қоспаларын, жалпы қорғаныс қасиетін жоғарылататын дәрілер (жасына қарай) тағайындау қажет. Емдеу курсының ұзақтығы 4-6 апта, бірнеше курс жүргізу керек. Емдеу курстары арасындағы үзілістер 2-3 айға созылуы қажет.

Қазіргі кезде әртүрлі шетелдік және отандық фирмалар макро-микроэлементтер, витаминдер жиынтығын адамның жасына байланысты шығара бастады. Оларға қоса биологиялық белсенді қоспаларды (БАД – биологические активные добавки) пайдалануға да болады.

Тісжегіні жергілікті емдеу әдістерін тіс тіндеріндегі патоморфологиялық өзгерістерді ескере отырып жүргізген тиімді.

Тісжегінің дақты кезеңінде немесе кіреукенің ошақты минералсыздану сатысында дәрі-дәрмектер қолданып емдейді, ал қуыстану сатысында бұзылған тіндерді егеп-тазалап алып, ақауды пломбылық материалдармен толтыру немесе пломбылау әдісі қолданылады(оперативно-восстановительная терапия).

Тісжегінің бастапқы кезеңіндегі кіреукеде ақбор түсті немесе қоңыр түсті дақтардың пайда болуы – кіреукедегі минералсыздану үрдісінің дәлелдемесі екені белгілі.

Емнің нәтижесін бағалауды оңтайландыру үшін метилен көгінің 2% ертіндісімен кіреукені тікелей бояу әдісін қолданады.

Қазіргі кезде қайта минералдандырып емдеудің нәтижелілігін арттыру үшін арнаулы ерітінділерді жарақат ошағына физикалық факторлардың көмегімен тереңірек және жылдамдата енгізуге болады. Ол үшін дәрілік электрофорездеу әдісін және дәрілік ертінділерді ультрадыбысты қолданып сіңіру тәсілдерін пайдалануға болады.

Емдеу шараларының нәтижелілігін бекітетін маңызды факторлар: ауызды дұрыс күту ережесін толық сақтау (тісжегі дағының бетінде қақ қайтадан пайда болмас үшін), тиімді құрамды тағамдық заттарды қабылдау, тамақ рационында көмірсулы тағамдар мөлшерін азайту және оларды бей-берекет қабылдай бермеу.

Қоңыр және қара түсті тісжегі дақтары – патологиялық үрдістің тұрақтанғанының белгісі. Бұл кезде қайта минералдандырып емдеу шаралары ешқандай нәтиже бермейді. Мұндай жарақаттар ұзақ дамиды және тісжегі қуысына айналып, кіреуке-дентин шекарасының бұзылуымен аяқталады. Егер ошақ аймағы көлемді болса (2 мм² немесе одан үлкендеу), қуыстың пайда болуын күтпей-ақ жарақаттанған қатты тіндерді егеп алып тастап, пайда болған ақауды пломбылайды. Егер пигменттелген дақ көлемі 1,0 – 1,5 мм² аспаса, оның әрі қарай дамуын бақылап бағалау тактикасы қолданылады.

Тістердің тегіс беттерінде орналасқан жоғары тісжегіні емдеу әдістері туралы әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Сүт және жаңадан шыққан тұрақты тістер беттеріндегі жоғары тісжегі орналасқан аймақтарды көбіне егеп-тегістеп, арнаулы дәрілердің ертінділерімен қайта минералдандыруға болатыны дәлелденген.

Тістердің ерін және ұрт беттерінде орналасқан жоғары тісжегі кезінде жарақаттанған тіндерді егеп тазаламай-ақ композиттік материалдармен пломбылауға немесе ART (АРТ) техниканы қолданып емдеуге болады.

Орта және терең тісжегі кезінде жергілікті емдеу шаралары тісжегі қуыстарын егеп-тазалаудан және пломбылау арқылы тістің пішінін қалпына келтіруден тұрады (оперативно-восстановительная терапия).

Қазіргі заман талаптарына сай және жаңа пломбылық материалдардың көптеген түрлерінің шығарылуына байланысты жоғарыда аталған емдеу әдісі кең аяға ие болды. Бұл әдіс енді тістің тек пішінін ғана қалпына келтіруді мақсат тұтпай, тіске қойылатын эстетикалық сұраныстарды да толығымен қанағаттандыруды қарастырады және тісті қайта қалпына келтіріп емдеу немесе реставрациялау (метод реставрации зуба) деп аталады.

Тісжегіні егеп-тазалап емдеу.

Тісжегі қуысын егеп-тазалау – тісжегіні жергілікті емдеу шараларының бірден-бір жауапты кезеңі болып табылады. Себебі, оның дұрыс орындалуы – тістің қатты тіндерінің әрі қарай бұзылмауының және қойылған пломбының ұзақ тұруының кепілі. Егеп-тазалау кезіндегі негізгі міндет-тістердің өзгеріске ұшырап бұзылған қатты тіндерін толық алып тастап, тазаланған қуысқа пломбы ұзақ бекіп тұратындай тиімді пішін беру.

Жалпы стоматологияның даму барысының әр кезеңінде Блек пен Лукомский И.Г.тісжегі қуысын егеп тазалаудың екі қағидасын ұсынды. Бірінші қағида – тісжегі қуысының жан-жағына жайылып кетпеуінің алдын ала кеңейту (протетическое или предупредительное расширение), немесе тіс тіндерін иммунды белдеуге дейін тіс экваторына, төмпешіктерге дейін егеп алып тастау. Екінші қағида – мүмкіндігінше бұзылмаған тіс тіндерін сақтап, егеп тазалау (щадящее препорирование), немесе бұзылған тіндерді ғана егеп алып тастап, бұзылмаған тіндерді (кіреуке мен дентинді) мүмкіндігінше сақтау.

Қазіргі кезде екі қағиданы да қолданудың негізі бар, ол тісжегінің даму ерекшелігіне, адамның жас ерекшелігіне және пайдаланылатын пломбылық материалға байланысты. Мысалы, көптеген тістер және олардың табиғи жүлгелері жарақаттанған болса, алдын-ала кеңейту қағидасын, ал бірлі-жарымды тістер жарақаттанып, тісжегі баяу дамыса бұзылмаған тіс тіндерін барынша сақтап, егеп тазалау қағидасын ұстануға болады. Балалардың тістері жарақаттанған кезде екінші қағида негізінде егеп-тазалап, қосымша қайта минералдандырып емдеу шараларын жүргізуге болады. Сәулемен қатаятын композиттермен пломбылайтын жағдайда тісжегі қуыстарына классикалық пішін бермей-ақ, бұзылған тіндерді толық тазалаған жеткілікті болады.

Тістердің қатты тіндерін егеп-тазалауды тісжегі қуыстарының Блек ұсынған жүйесін негізге ала отырып орындайды және ол төрт кезеңнен тұрады.

Клиникалық жағдайда тісжегі қуысының тереңдігін, тіс тіндерінің сезімталдығын, емделуші адамның жүйке жүйесінің ерекшелігін ескере отырып, егеп-тазалаудың алдында тіс тіндерін уақытша жансыздандырған тиімді.

Тісжегі қуыстарын егеп-тазалау кезінде көбіне жергілікті жансыздандыру (өткізгіштік немесе инфильтрациялық анестезия) әдісі қолданылады және ол үшін лидокаин және артикаин қатарындағы дәрілер (мелокаин, ультракаин, ксилокаин, ксикаин, ксилодонт, лигнокаин, октокаин, солкаин, ремикаин, убестезин, убестезин-форте, артикаин және б.,) пайдаланылады.

Кейде тісін емдеу кезінде болуы мүмкін ауыру сезімі туралы қорқыныш науқастың психикасына үлкен әсер етеді. Қорқынышты азайту үшін күні бұрын жүйке жүйесін тыныштандыратын (транквилизаторлар, антигистаминдік дәрілер) және ауыру сезімін азайтатын (анальгетиктер) дәрілер беріп, алда жүргізілетін емдеу шараларына дайындайды (премедикациялау әдісі).

Аса қажет болған жағдайда жалпылай жансыздандыру әдісін (общее обезболивание или наркоз) де қолдануға болады. Ол арнаулы газбен демалту (газовый наркоз с закисью азота фторотаном) немесе көк тамырға ұйықтатын дәрі енгізу арқылы (внутривенный наркоз с сомбревином) жүргізіледі.