Лпаның толық жедел қабынуы (острый общий пульпит – pulpitis acuta totalis)

Қабынудың бұл түрі уақытында емделмеген ұлпаның жедел жартылай қабынуынан дамиды (аурудың анамнезін анықтаған кезде ескерген жөн).

Тісінің ұлпа қабынуы бар сырқат адам өздігінен ауық-ауық жиі қозатын ұстамалы және ұзаққа созылатын (2-3 сағатқа) ауыру сезіміне шағымданады. Ауыруаралық уақыт (межболевой период) немесе интермиссиялық уақыт аса ұзақ емес 30-40 минуттан аспайды. Түн кезінде пайда болған ауыру сезімі ұзаққа созылып, тісі сырқат адамның ұйқысын қашырады.

Тітіркендіргіш ықпалдар ауыру сезімін қайта қоздырады немесе күшейте түседі. Ауыру сезімі сырқат тіс аймағымен шектелмей, үштік нерв тармақтарының бойымен таралады. Жоғарғы жақ тістерінің ұлпасы қабынған кезде ауыру сезімі шықшытқа, самайға, көз, бет, мұрын аймақтарына, Гаймор қуысына, қарама-қарсы жақ және төменгі жақ тістеріне беріледі.

Кейде тісі сырқат адам өз бетімен ауырмайтын, тек тісжегі қуысы бар қарама-қарсы жақ тісін көрсетіп, тәжірибесі аз дәрігерді қателестіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда дәрігер-стоматолог өз мүмкіндігін, білімін барынша тиімді пайдалағаны жөн.

Төменгі жақ тістерінің ұлпа қабынуы кезінде ауыру сезімі шүйдеге, мойынға, құлаққа, төменгі жақасты, иекасты аймақтарына, жоғарғы жақ және қарама-қарсы жақ тістеріне (алдыңғы тістердің ұлпасы қабынған кезде) беріледі. Науқастың жалпы жағдайы, жұмыс қабілеті төмендейді, көңіл-күйі нашарлайды. Бұдан бір-екі күн бұрын тісінің өз бетімен аз уақыт қана ауырып мазалағанын, ұзақ уақыт мазаламағандықтан дәрігерге келмегені туралы айтады.

Қарап тексергенде сырқат тісте терең тісжегі қуысы анықталады, сүңгілеп тексергенде қуыстың табанының барлық аймағында ауыру сезімі байқалады. Суық сумен әсер еткен кезде тіс қақсап ұзақ ауырады. Қағып тексергенде аздаған ауыру сезімін анықтауға болады (сау тіспен салыстыра қағып тексергенде) элекрқозғыштығы 30-40мка дейін төмендеген, кейде одан да төмен болуы ықтимал. Данилевский Н. Ф. және б.,(2003) зерттеулеріне сүйенсек, ұлпаның толық қабынуы кезіндегі электрқозғыштық көрсеткіш 15-20 мка тең, ал Николаев А. И. және Цепов Л. М.,(2008) берген мәліметтерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 20-30 мка тең.

Ұлпа қабынуының бұл түрін басқа аурулардан ажырата білу керек (салыстырмалы диагностика жүргізу керек). Ол аурулар: ұлпаның жартылай жедел қабынуы, ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі, периодонттың жедел қабынуы, үштік нерв невралгиясы, Гаймор қуысының жедел қабынуы, тіс ұяшығының (альвеоласының) қабынуы.

Ұлпаның жартылай жедел қабынуы кезінде ауыру сезімі жиі мазаламайды және ұзаққа созылмайды, сырқат тіспен ғана шектеледі.

Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі кезінде аурудың анамнезіне мән беру керек: тісінің бұдан бұрын әртүрлі тітіркендіргіштерден ұзақ ауырғаны, қарап және сүңгілеп тексергенде тісжегі қуысы мен сауыт қуысы арасында байланыстың және ауыру сезімінің болуы аталмыш ауруға тән белгілер екендігі еш күмән туғызбайды.

Периодонттың жедел қабынуы кезінде тістің ауруы әртүрлі тітіркендіргіштер әсерінен күшеймейді және электрқозғыштығы төмендейді (көрсеткіш 100 мка жоғары болады).

Үштік нерв невралгиясы кезінде түнде ауыру сезімі мазаламайды, тістің электрқозғыштығы өзгермейді. Бет аймағындағы үштік нерв тармақтары нервтендіретін белдеулерге (курковые зоны – серіппелі белдеулер) тиіп кетсе (жуынған, тіс тазаланған кезде, кейде жамылған көрпе тиіп кетсе), ауыру сезімі қатты-қозып, жан-жаққа таралады. Мимикалық еттер жиырылған кезде де (күлген кезде) ауыру сезімі туындауы мүмкін.

Гаймор қуысының жедел қабынуы және созылмалы қабынуларының өршуі кезінде дене қызуы көтеріліп басы қатты ауырып, қуыс жақтағы бет аймағында, ауырлық сезіну (ощущение тяжести), жақын орналасқан тістер ауырғандай сезім мазалауы мүмкін. Гаймор қуысы қабынған жақтағы мұрын бөлігімен демалу қиындайды және одан сарысулы немесе іріңді жалқық бөлінуі мүмкін. Рентгендік суретте қабыну үрдісі бар Гаймор қуысында қара көлеңкелену белгісі орын алады.

Тіс альвеоласының қабынуы диагнозы аурудың анамнезін анықтау арқылы (тісі жұлынғалы аз уақыт болған), тіс ұясында ұйыған қанның болмауы, қабырғаларының сұр-қоңыр түсті өліетті жұқа қақпен жабылуы, төңірегіндегі жұмсақ тіндерде қабыну белгілерінің байқалуы сияқты негіздерге сүйене отырылып қойылады.

Ұлпаның жедел іріңді қабынуы (острый гнойный пульпит – pulpitis acuta purulenta)

Бұл – ұлпаның қабынуының клиникалық әдістермен сирек анықталатын түрі. Себебі, стоматологиялық көмек көрсету қиын алыстағы ауылды мекен тұрғындары болмаса, стоматологиялық немесе тіс емдеу кабинеттері бар елді мекендерде тұратын адамдар тістері қатты ауыра бастасымен-ақ қатты ауыруға шыдамай, дәрігерге келуге тырысады. Осыған байланысты ұлпа қабынуы кезінде пайда болған сарысулы жалқық іріңді жалқыққа ауыспай тұрып-ақ дәрігерлік көмек ала алады деуге болады.

Ұлпаның жедел іріңді қабынуының соңғы жылдары қала тұрғындарында сирек анықталу себебі осында деп ұйғаруға болады. Ертеркте ұсынылған Школяр Т.Г. (1967) жүйесінде ұлпаның жедел қабынуының бір түрі «кеш анықталған ұлпаның жедел (іріңді) қабынуы» берілген.

Сондықтан да Кеңес Одағы кезінде дәрігер-стоматологтар дайындайтын жетекші медициналық оқу орындарының бірі болған МММСУ (МГМСУ)-де қолданылатын ұлпа қабынуының жүйесінде «ұлпаның жедел іріңді қабынуы» ескерілмеген. Дегенмен, көптеген ғалымдардың (Дмитриева Л.А. және б., 2003) көзқарастарына сүйенсек, ұлпаның жедел іріңді қабынуы жиірек кездеседі, себебі, сарысулы жалқықтың іріңді жалқыққа ауысуы аз уақыт ішінде байқалады (ұлпа қабынуы басталғаннан кейін бір тәуліктен соң).

Дегенмен ұлпаның іріңді қабынуының клиникалық белгілері кешірек ұлпа қабынуы басталғаннан 3-5 күн өткен соң ұлпада іріңді ошақ (абсцесс) қалыптасқаннан кейін немесе ұлпа жартылай іріңді ыдырауға ұшыраған соң біліне бастайды. Сондықтан, қабыну жалқығының ерекшелігіне сүйене құрылған ұлпа қабынуының жүйелерінде клиникалық және патологоанатомиялық диагноздардың үйлеспеушілігі 75-80 % жағдайда кездеседі.

Эксперименттік зерттеулерге жүгінсек, иттер тістерінің ұлпасын жарақаттаған кезде ұлпаның жедел сарысулы қабынуы 6 сағаттан 24 сағатқа дейінгі аралықта дамиды және 18 сағатқа дейін жалқық сарысулы болса, бір тәулік соңында олардың ¼ пайызы іріңді жалқыққа айналады. Ал гистологиялық зерттеулер 75,2 % жағдайда іріңді қабынуды, ал 5,7 % жағдайда сарысулы қабынуды анықтаған.

Ұлпаның жедел іріңді қабынуы кезінде сырқат тіс өте қатты солқылдап, жұлқылап, кернеп, үзгілеп қатты ауырады және ауыру сезімі үштік нерв тармақтарының бойымен кең таралады. Бұл кезде ауыруаралық уақыт немесе кезең болмайды, ауыру сезімі тек суықтың әсерінен аздап саябырлайды. Сондықтан өте ертеде шығарылған оқулықтарда кейбір авторлар «тісі сырқат адам стоматолог-дәрігерге барғанда өзімен бірге суық су құйылған құтыны ала жүріп, ауық-ауық ауызына суық су ұрттап алып, ауыру сезімін жеңілдетеді» деп жазған.

Ұлпаның жедел іріңді қабынуы кезінде ауыру сезімінің толастамауының, ал суықтан аздап саябырлауының себебі толық дәлелденбеген.

Ұлпаның жартылай жедел қабынуы кезінде қабыну ошағының аумағы аса үлкен емес, ал пайда болған жалқықтың мөлшері де аз болғандықтан, ол ұлпа үстінде орналасқан дентин өзекшелеріне, жұмсарған дентин қабатына тез сіңіп кететіндіктен, сауыт қуысы ішіндегі қысым азайып, ауырусыз уақыттың қалыптасуына мүмкіндік тудырады. Ұлпа толық жедел қабынған кезде жалқықтану үрдісі басым болып, жалқық дентин өзекшелеріне толық сіңе алмауы нәтижесінде ауыру сезімі ұзаққа созылып, ауыруаралық уақыттың қысқару мүмкіндігі туындайды. Ұлпаның жедел іріңдей қабынуы кезінде жалқықтың қоюлығын ескерсек, ондай жалқық дентин өзекшелеріне сіңе алмай, ұлпаға көрсетілетін қысымды жоғары ұстап тұратын болса, бұл кездегі ауыру сезімінің толастамауын қысымның әсерінен деп түсіндіруге болады. Ал суық әсерінен ауыру сезімінің саябырлауын қан тамырларының тарылып, ұлпаға көрсетілетін қысымның аз да болса төмендеуінен деп қорытуға болады.

Ұлпаның жедел іріңді қабынуы кезінде толассыз және өте қатты ауыру сезімі науқастың жалпы жағдайын да өзгертуі мүмкін: басы ауырып, асқа тәбеті шаппайды, көңіл-күйі нашарлап, жұмыс қабілеті төмендейді, кейде аз уақытқа дене қызуы да жоғарылауы мүмкін. Тісі сырқат адам сөйлеуге, ас қабылдауға жүрексінбейді.

Қарап тексергенде сырқат тісте терең тісжегі қуысы анықталады, табанында және қабырғаларында қалың жұмсарған дентин қабаты бар. Аса қысым көрсетпей сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі жоқ (іріңді жалқық орналасқан мұйізше тұсында), үшкір сүңгімен сүңгілігенде сүңгі аса жұмсарған дентинге тереңірек батып кетіп, сауыт қуысының төбесі оңай тесіледі және қанды-іріңді жалқық шығып, ауыру сезімі аздап басылғандай жеңілдік сезіледі. Ашылған ұлпаға сүңгінің ұшы тиіп кетсе қатты ауыру сезімі туындайды.

Ұлпа қабынуының ұзақтығына байланысты, түбір ұшы периодонтын қабыну ошағынан бөлінген уытты заттардың тітіркендіруі әсерінен қағып тексергенде әртүрлі деңгейде ауыру сезімі пайда болады.

Түбір ұшы толық қалыптаспаған тістерде периодонт қабынуы да орын алуы мүмкін (көбінесе балаларда). Бұл кезде тіс төңірегіндегі жұмсақ тіндерде (ауыспалы қатпарда) қызару, домбығу белгілері анықталады және тісті қағып тексергенде ауыру сезімі күштірек болады. Тістің электрқозғыштығы төмендеген (40-50 мка шамасында).

Тіс ұлпасының электрқозғыштығын анықтаған кезде көптеген жергілікті факторлармен (пародонт аурулары) жалпы факторларға (орталық жүйке жүйесі, эндокриндік жүйе аурулары) көңіл бөлу керек. Жас ұлғайған сайын ұлпаның электр тогына сезімталдығы өзгереді. Жас адамдарда қлыпты ұлпаның электрқозғыштығы 4-6 мка тең болса, 61-70 жастағы адамдарда 40-50 мка, ал 81-90 жаста 50-55 мка тең болады. Ұлпаның электрқозғыштығы тістердің патологиялық қажалуы кезінде, тіс қуыстарында конкременттер құрылған кезде де өзгеруі мүмкін. Ұлпаның жедел қабынуы бір-екі тәуліктен 10-14 күнге созылады (емдемеген кезде).

Ұлпаның жедел іріңді қабынуын ұлпаның созылмалы қабынуының өршуінен, периодонттың жедел қабынуынан, Гаймор қуысының қабынуынан, жұлынған тіс ұясының қабынуынан ажырата білу керек.