Периодонттың анатомо-гистологиялық құрылымының ерекшеліктері мен физиологиясы

Периодонт – түбір байламы (корневая связка) – periodontium – дәнекер тінді құрылым, тісті альвеолада ұстап тұрып, жақ сүйегімен байланыстырады және периодонт саңылауында орналасады.

Сурет -1. Периодонттың құрылымы.1. тісальвеолалық талшықтар. 2.Түбіраралық талшықтар. 3. Тісқызылиек талшықтары.сайт-http://www.bestreferat.ru/
Периодонттың құрамына байланыстырушы аппарат, клеткалар тобы, қан және лимфа тамырлары, нерв талшықтары, клеткааралық зат кіреді. Периодонт орналасқан кеңістікті периодонт саңылауы деп атайды. Периодонт саңылауы бір жағынан тіс түбірімен, екінші жағынан тіс ұясының сүйек қабырғасымен қоршалған. Орташа есеппен ені 0,2-0,3 мм тең. Периодонт саңылауының ені түбірдің әр деңгейінде бірдей емес. Е.И.Гавривловтың (1969) ұйғаруы бойынша бір түбірлі тістердің тіс ұясына (альвеолаға) кіре берісінде оның ені 0,23-0,27 мм, тістің мойын бөлігінде – 0,17-0,19 мм, түбірдің орта бөлігінде 0,08-0,14 мм, түбір ұшына жақын – 0,16-0,19 мм, альвеола түбінде – 0,23-0,28 мм. Қорыта айтқанда, периодонт саңылауы немесе кеңістігі альвеола жиегінен воронкаға (үріңкіге) ұқсап кеңейіп басталады да, біртіндеп түбірдің орта бөлігінде тарылып барып, түбір ұшында қайта кеңейіп, кәдімгі «құмсағатты» еске түсіреді. Күрек тістер төңірегіндегі периодонт саңылауы көптүбірлі тістерге қарағанда кеңдеу болып келеді. Тістердің алдыңғы және артқы беттеріндегі периодонт саңылауларының ені бірдей емес, артқы беттерінде оның ені кеңдеу. Көптүбірлі тістердің периодонт саңылауының көлемі 60-150 мм³ тең, ал біртүбірлі тістерде 30-100 мм³ тең. Периодонт саңылауының көп бөлігін коллаген талшықтары, аз бөлігін қан тамырлары мен нервтер өтетін борпылдақ дәнекер тін (интерстициальдық тін) алып жатады.

Түбір ұшына жақындаған сайын дәнекер тіннің мөлшері көбейе түседі.

Периодонттың байланыстырушы аппараты көптеген коллаген талшықтарының шоғырынан тұрады. Олардың бір ұшы цементке, екінші ұшы альвеола қабырғасына бекиді. Аталған тіндерге өтетін терминалдық бөліктері (өткіш бөліктері) «Шарпеев талшықтары» деп аталады. Олардың жуандығы әр түрлі, сүйекке өтетіндерінікі – 10-20 мкм, цементке өтетіндерінікі – 3-5 мкм және олар жартылай минеаралданған. Альвеола сүйегінде талшық ұштары сүйек майы қуыстарына жетпей кеуек сүйектің бағаналарына бекиді.

Белгілі бағытта орналасқан коллаген талшықтары бірнеше негізгі топ құрайды, олардың арасындағы кеңістікте жиі тармақталатын жіңішке коллаген талшықтарының шоғыры орналасқан. Әрбір коллаген талшығы аса жуан емес, диаметрлері 55 мкм коллаген фибриллдерінен тұрады. Олар сіңірдің құрамындағы фибриллдерден 2-4 есе жіңішкелеу және созылғыштық қасиеттерінің жоқтығына қарамай, тістердің қозғалғыштығының шектелуін қамтамасыз етеді. Коллаген талшықтары толқынға ұқсап орналасады, осының арқасында шайнау күші әсер еткенде біраз ұзарады. Талшықтар шоғырының ұзындығы периодонт саңылауының еніне байланысты. Пеиодонт саңылауының тар орта бөлігінде қысқа талшықтар, ал түбір ұшы бөлігінде ең ұзын талшықтар орналасқан. Бұл талшықтардың орналасу бағыттарының өзіндік ерекшеліктері бар, олар цементке жақындаған кезде тығыз шоғырлар арасында ромбыға ұқсас кеңістіктер құра орналасады. Талшықтар арасындағы аралық кеңістік 0,1 мкм жақын. Ер адамдар периодонтының коллаген талшықтарының жуандығы 0,15-0,2 мкм, әйелдердікі – 0,1-0,15 мкм. Жас ұлғайған сайын (50 жастан кейін) коллаген талшықтарының жуандығы 0,05 мкм жіңішкереді, ал олардың арасындағы борпылдақ дәнекер тіндер орналасқан кеңістіктер кеңейе түседі.

Орналасу ерекшеліктеріне байланысты коллаген талшықтар шоғыры төмендегідей болып бөлінеді:

· Альвеола қырының талшықтары: тістің ұрт бетін альвеола сүйегінің қырымен байланыстырады және ұрт-тіл жазықтығында орналасады;

· Көлденең талшықтар: альвеола қырының талшықтарынан тереңірек периодонт саңылауына кіре берісте орналасып, тістің айналма байламын (круговая связка) құрайды. Оның құрамына альвеола өсіндісінің тіс аралық қалқандарының ұшын басып өтіп және көрші тістерді байланыстыратын транссепталдық талшықтар кіреді. Айналма байлам үш топтағы талшықтардан тұрады. Бірінші топтағы талшықтар қызыл иек бекімінің астында цементке бекиді. Екінші топтағы талшықтар желпуіш сияқты, шашырап қызыл иектен және қызыл иек бүртіктерінен басталып тіс мойнына бекиді және қызыл иекті қозғалмайтындай етіп, тіске тығыз жанасуын қамтамасыз етеді. Үшінші топқа Фаллин Л.И. (1963) транссепталдық талшықтарды жатқызады. Олар қызыл иек бүртігінің терең қабатында тістераралық қалқан сүйектердің ұшын баса өтіп, көрші тістерді бір-бірімен байланыстырады және көлденең орналасады.

· Қиғаш орналасқан талшықтар: олар басқа талшықтардан көбірек периодонт саңылауының 2/3 бөлігін алып жатады. Олар қиғаш (тангенциальды бағытта) цементтен альвеола сүйегіне қарай жоғарылай орналасқан.

· Түбір ұшы талшықтары радиальды және альвеола түбіне тік ал кейбіреулері көлденең де орналасады.

· Түбіраралық талшықтар көптүбірлі тістердің түбір ашалары аймағында тіс түбірін түбіраралық қалқанның қырымен (ұшымен) байланыстырады, біразы көлденең, қалғандары тік орналасады.

Cohn S.A. (1975) келтірген деректерге қарағанда периодонтта трансальвеолалық талшықтар бар. Олар альвеола қабырғаларының сүйек тіні арқылы өтіп көрші тістердің түбірлерін байланыстырады. Периодонттың құрамында коллаген және эластикалық талшықтардан басқа окситаланды талшықтар (жетілмеген эластикалық талшықтар) кіреді, олар диаметрі 0,5-1 мкм, ұзындығы бірнеше милиметр шоғырлар құрай (параллелді) және оған жақын периодонт саңылауының ортасымен тік өтеді және түбірді айнала үш өлшемді тор құрайды, олар коллаген талшықтарын тік бұрышпен қиып өтеді. Окситаланды талшықтардың көбі тістің мойын бөлігінде орналасқан. Біраз ғалымдардың болжауынша олар қан айналысын реттеуге қатынасады.

Негізгі (аморфты) зат периодонтта көп мөлшерде кездеседі және жасушааралық заттың 65% құрайды. Бұл жұмсақ былқылдақ гель, 70 пайызы судан тұрады. Сондықтан ол тіске әсер ететін күштерді тең бөлуде (амортизациялауда) үлкен рөл атқарады.

Периодонттың жасушалық құрылымдары негізінде фибробласттардан, плазматикалық және толықша жасушалардан, гистиоциттерден, вазогендік жасушалардан, мононуклеарлық макрофагтардан, остеобласттардан, цементобласттардан, остеокластардан тұрады. Остеобласттар, цементобластар және остеокластар түбір ұшы аймағында сүйек тініне жақын орналасқан және оларға жоғары дәрежелі зат алмасу үрдістері тән.

Периодонтта тотығу-тотықсыздандырушы ферменттер анықталған. Олар – талшықтар шоғырының арасындағы борпылдақ дәнекер тінде орналасқан сукцинатдегидрогеназа, НАД- және НАДФ-диафаразалар, глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа, фосфатазалар.

Көбірек кездесетін клеткалар – фибробласттар; олар ұршыққа ұқсас жалпақ домалақ немесе сопақ пішінді, ядросында 1-2 ядрошықтары бар өсікті жасушалар. Олар коллаген талшықтарының бойында орналасқан, бір-бірімен және талшықтарымен десмосомдық-жабыспалы байланыс құрайды. Жасушаларда гранулярлы эндоплазматикалық тор (гранулярная эндоплазматическая сеть), Гольджи кешені жақсы дамыған және оларға белсенді құру қызметі тән. Цементке және альвеола сүйегіне жақын фибробласттар 3-6 қатар болып орналасады. Олар периодонттың негізгі затын және коллаген талшықтарын құруға қатынасады.

Физиологиялық жағдайда және периодонт жарақаттанған кезде олардың орны қантамырлар төңірегінде орналасқан жасушалардың-ізбасарлардың сүйекке немесе цементке қарай көшуі нәтижесінде толығып отырады. Жас ұлғайған кезде фибробласттар саны азаяды.

Гистиоциттер (тыныштақ жағдайда кезеген жасушалар) немесе орныққан макрофагтар – домалақ, сопақ немесе дұрыс пішінсіз бірядролы жасушалар, түбір ұшына жақын борпылдақ дәнекер тінде орналасады. Олардың ядросы сопақ немесе «соя» пішінді, құрамында хроматиннің ірі түйіршіктері бар.

Остеобласттар альвеола өсіндісінің ішкі бетінде орналасақан. Куб немесе пирамида пішінді, диаметрі 15-20 мкм. Жасушаның ядросы сопақ немесе домалақ пішінді, жасушаның ортасынан ауытқи орналасқан, құрамында бір немесе бірнеше ядрошықтары бар. Белсенділік жағдайында олар тұтасқан қабат жасай отырып, остеоид құрып, оның минералдауына қатысады.

Мезенхимадан дамыған, аса жетілмеген (малодифференцированные) адвентициальдық жасушалар қан тамырларына жақын орналасқан, фибробласттарға ұқсайды, кішірек ядролары бар. Жасушалардан ұзын протоплазмалық өсінді шығады. Бұл жасушалардың эмбриондық әнекер тінге тән қасиеттері бар, сондықтан олар дәнекер тіндік әр түрлі жасшаларға және қан жасушаларына ауыса алады. Қабыну кезінде бұл жасушалар өзгеріске ұшырап, фибробласттарға немесе еркін макрофагтарға айналады (И.А.Гаврилов, 1950).

Остеокласттар және одонтокласттар (цементокласттар) - ірі көпядролы, лизосомалық аппараты жақсы дамыған гематогендік (қан текті) жасушалар (клеткалар). Олар тіс ұяшығында сүйек және түбір беттеріндегі ұяшықтарда орналасқан және қатты тіндерді бұзуға қатысады.

Макрофагтар мен лейкоциттер (эозинофильдік гранулоциттер, лимфоциттер және моноциттер) көбіне аз мөлшерде периодонттың интерстициальдық дәнекер тінінде орналасады. Олар қорғаныс реакциясын қамтамасыз етеді және қабыну үрдістері кезінде олардың саны көбейе түседі.

Толықша жасушалар (тучные клетки) лейкоциттер мен плазматикалық жасшалрдан дамиды, көп мөлшерде борпылдақ дәнекер тінде орналасады және сөл бөлу қызметін атқарады.

Барлық тістер периодонтында, оның ішінде үлкен азу тістер және күрек тістер периодонтында кішірек эпителий жасушаларының шоғыры немесе аралшықтары кездеседі. Оларды алғаш 1885 жылы Маляссе анықтап сипаттаған.

Маляссе эпителиальдық аралшықтары периодонттың тұрақты құрылымы болып табылады және периодонттың мойын және түбір ұшы бөліктерінде жиі орналасады.

Тіс құрушы эпителийдің қалдығы болып саналатын Маляссе аралшықтары тіс-жақ сүйек жүйесінде дамитын әр түрлі ісіктер мен ісіктерге ұқсас құрылымдардың дамуына себепкер болып, пародонт ауруларының кейбір белгілерінің қалыптасуын қамтамасыз етуі мүмкін (3-сурет).

Кейбір болжамдарға сүйенсек болашақ аралшықтар кіреукелік ағзаның (эмалевый орган) ішкі қабатынан жасушалар тобының бөлініп шығуынан құрылады немесе энамелобласттардан дамиды (Стецула В.И., 1957).

Паникаровский В.В. және басқалардың (1988) ұйғаруынша, тіс ұрығының даму және өсуіне қарай кіреукелік ағзаны құрушы эпителий бір қатарлы жасушаларға дейін созылып барып бөлшектенеді және дамып келе жатқан түбір жүйесімен альвеола өсіндісінің ішіне қарай өсе жылжи бастайды. Мұның өзі периодонттың әрбір деңгейінде аралшықтардың жасушылар санының әр түрлі болуына әкеп соғады.

Периодонттың әр аймағында Маляссе аралшықтарының түрі әр түрлі болып келеді. Түбір ұшы тұсында эпителий аралшықтары капиллярлар және прекапиллярлар тектес қантамырлар маңайында созылған тартпа (тяж) түрінде орналасады.

Периодонттың мойын бөлігінде орналасқан аралшықтардың жасушалары ірі келеді. Периодонттың басқа бөліктерінде Маляссе аралшықтары коллаген талшықтарының арасында цементке жақын орналасқан 5-7 жасушадан тұратын ұсақ құрылымдар түрінде кездеседі және ультрақұрылымы жағынан көпқабатты жазық эпителийдің базальды жасушыларына ұқсайды. Олар коллаген талшықтары шоғырларының арасында цементке жақын ораналасқан, құрамында гликоген бар және бір-бірлерімен жасушааалық қосылымдармен байланысқан.

Морфологиялық белгілеріне қарай эпителий қалдықтарының үш түрін ажыратады: тыныштанған, дегенерацияланушы және пролиферацияланушы аралшықтар.

Тыныштанған Маляссе аралшықтары – базальды жарғақпен қоршалған ірі ядролы ұсақ жасушылардың тығыз орналасқан жиынтығы. Жасушаларда гликоген бар, бір-бірімен жасушааралық қосылымдармен байланысқан көпқабатты жазық эпителийдің базальды жасушыларына ұқсас.

Дегенерацияланушы жасушалар ұқсас келеді, құрамында біртіндеп бұзылысқа ұшырайтын, пикнозды ядролары бар қараңғы жасушалар кездеседі. Олардан тұратын детрит кейінірек минералданып, цементиклдер құрайды. Пролиферацияланушы жасушалар – жоғары полиферацияланушы (көбейгіш немесе өскіш) және синтездеу (құру) белсенділігі тән ірі жасушалар. Жас өскен сайын тыныштанған және дегенарацияланған жасушалар саны азайып, пролиферацияланушы жасушалар саны көбейеді. Мысалы, Маляссе аралшықтары жасушаларының бөлініп көбею белсенділігінің жоғары болуына байланысты, олар өмір бойы периодонтта сақталады.

Жасы 20-30 арасындағы адамдар периодонтында эпителий аралшықтары көптеп кездеседі, адамның жасы ұлғайған сайын олардың саны азаяды. Жасы 30-40 шамасындағы адамдарда аралшықтар 5-7 жасушадан тұрады және розеткаға ұқсайды, кейде ядролары тығыз жеке жасушалар созыла орналасады. Жастары 45-50 және оданда ересек адамдар периодонтында құрамында 40-тан астам жасушалар бар ірі аралшықтар кездеседі. Жасушалардың ядролары әр түрлі, өздері жарық болып келеді. Жас ұлғайған сайын олардың саны азая береді, жасы елуден асқан адамдарда дегенеративті өзгеріске ұшыраған жасушалардан тұратын бірлі-жарымды аралшықтар кездеседі. Әр түрлі адамдарда және бір ғана адамда аралшықтардың саны да әр түрлі болуы мүмкін.

Аралшықтардың эпителий жасушалары фибробластармен қатынаста бола отырып, биологиялық белсенді заттар (гликозамингликандар, ферменттер) бөліп шығарып, фагоцитозға және коллаген талшықтарын қорытуға қатысады деген көзқарас бар.

Аралшықтардың эпителий жасушаларында сукцинатдегидрогеназа, лактатдегидрогеназа, глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа (Г-6-ФДГ) сияқты ферменттердің белсенділігі анықталған. Бұл В.В.Гемонов пен Т.В.Козловицердің (1980) ұйғаруынша зат алмасу үрдісінің қарқындылығын көрсетеді. Маляссе эпителиальдық аралшықтары тіс төңірегіндегі тіндерде дамитын ісікті және қабыну үрдістерінің морфогенезінде және патоформозында белгілі рөл атқарады. Периодонттың тіс мойнына жақын бөлігінде орналасқан пролиферацияланушы эпителий жасушалары пародонт қабынуы кезінде пародонтальдық қалталардың қабырғаларының эпителий қабатымен төселуіне де ат салысады.

Периодонттың қанмен камтамасыз етілуі өте жоғары дәрежеде, сондықтан мұнда жасушлық және жасушалық емес құрылымдардың жаңаруы жедел және асқан белсенділікпен іске асып отырады. Периодонтта тасымалдау және қоректендіру (нәрлендіру) қызметтерін орындайтын микроциркуляторлық қан айналымының барлық тізбегі орын алған. Оны қанмен қамтудың көзі – жоғары және төменгі альвеолалық артериялар. Периодонттың ұсақ қан айналымды арнасы қоректендіретін артериалық тамырдан (кіру өзегі), шығарушы венулалық тамырдан (шығу өзегі), қылтамырлық өрімдерден тұрады және олар түбірдің әр деңгейінде әр түрлі жиілікте орналасады. Периодонттың тіс мойыны (пришеечный отдел) және түбір ұшы бөліктерінде қылтамырлар өте жиі кездеседі. Бұл осы аймақтарға түсетін қысымның біршама ауытқып тұратындығына байланысты ұсақ қантамырлар айналымының бейімделу мүмкіндігінің жоғарылығын көрсетеді.

Қанның көп мөлшері периодонтқа диаметрлері 20-40 мкм артериялар арқылы келеді. Олар периодонтқа тіс альвеоласының әр түрлі деңгейінде орналасқан сүйек тесіктері арқылы (Фолькман өзекшелері) тісаралық және түбіраралық қалқан сүйектердің сүйек майы кеңістігінен енеді және коллаген талшықтары шоғырларының арасында орналасқан борпылдақ тінде орналасады. Үлкен азу тістерде алдыңғы топтағы тістерге қарағанда мұндай артериялдардың саны көбірек.

Периодонтты артериялық қанмен тіс артериясының тармақтары да қамтамасыз етеді. Олар периодонттың түбір ұшы бөлігінен қызыл иекке бағытталған.

Периодонттың қанмен қамтамасыз етуінің тағы бір көзі – альвеола өсіндісін жапқан кілегей қабыққа өтетін супрапериосталдық артериялардың тармақтары. Олардан қылтамырлар (капиллярлар) бөлініп, түбір төңірегінде ұяшықтарға ұқсас өрім құрайды және цементтің сыртқы бетіне жақын орналасады. Периодонттың қан тамырлары А.И.Варшавскийдің (1978) ұйғаруынша тістің өсіне параллельді орналасады. Қылтамырлардың диаметрі 8-10 мкм шамасында. Периодонтта кеңдеу қылтамырлардың көбірек кездесуін А.В.Варшавский (1981) өзіндік қантамырлары жоқ цементтің периодонтпен тығыз функциональдық қатынаста болуымен байланысты деп түсіндіреді. Мұндай қылтамырларда қан айналымы өте жоғары деңгейде жүреді және цементтің қоректенуі периодонттың тамырлары арқылы іске асады.

Периодонттың қылтамырларының біразы фенестирлік немесе қабырғалары жоғары өткізгіш қылтамырлар тобына жатады. Олардың қабырғаларының өткізгіштігі өте жоғары болуына байланысты периодонттың сусорғыш негізгі затына су жылдам жеткізіледі. Бұл тіске әсер етуші өзгеріп тұратын шайнау күшінен туатын қысымды периодонт саңылауына бейімдеуге өте қажет.

Периодонт аймағынан қан жинап алатын веналар тістераралық қалқан сүйекке келеді, бірақ артериялардың жолын қайталамайды. Периодонттың қантамырлар арнасының веноздық бөлімі сан жағынан артериялық бөлімінен басымырақ, периодонттан қан бірнеше бағытта әкетіледі: мойын бөлігінен қан жартылай қызылиек веналарына, ал түбір ұшы бөлігінен альвеолалық веналарға құйылады.

Көптеген қылтамырлар соңы ұзындығы 200-350 мкм, ені 30-80 мкм кең және қысқа внулалық бағаналарға (стволға) бірігеді. Олар коллаген талшықтары шоғырының арасымен өтіп, жақ сүйектерінің кемік заттары үшін тармақтар құрайды.

Сонымен қатар периодонттан қанның біраз бөлігі доғаға ұқсас қуысішілік веналарға кетеді. Олар тіс мойнына параллельді орналасқан және ұзын веноздық коллатеральдармен бірігеді.

Периодонттың артериялық және веноздық тамырларының арасында көптеген анастамоздар бар. Борпылдақ дәнекер тін қабаттарында артериялық және венулалық тамырлар бір-бірімен қатар орналасады және түзу немесе доғаға ұқсас қысқа анастамоздармен бірігеді. Кейде мұнда венуло-венулярлық жалғастықтар да байқалады. Көршілес тістер периодонтының, жақ сүйектерінің қабығының және ауыздың кілегейлі қабығының веноздық тамырларының арасында да анастамоздар бар. Периодонттың қантамырлар арнасымен қызылиектің эпителий аймағындағы тамырлар өрімдерімен тығыз байланысы анықталған (Варшавский А.И., Леван В.Н., 1978).

Периодонттың қантамырлануы альвеоланың қанмен қамтылуымен тығыз байланысты. Оған негізгі қантамырлар альвеолааралық артериялардан, жартылай тіс артерияларынан, ал біразы қызылиекке баратын артериялдардан бөлінеді.

Сонымен қатар түбір ұшындағы бүйірлік тесіктер арқылы жеке тамырлар тармағының периодонттан ұлпаға өтетіні байқалады (Варшавский А.И., 1978). Мұның клиникалық жағдайда үлкен маңызы бар. Себебі, бұл жол – ұлпа қабынуы кезінде периодонтқа инфекция өтетін жолға айналуы мүмкін.

Пеиодонттың лимфа жүйесі қабырғалы жұқа лимфалық қылтамырлардан тұрады және ондағы борпылдақ тіннен басталып, клапандары (қақпақтары) бар, веналармен бірге жүретін жинағыш лимфа тамырларына өтеді. Лимфа тамырларының біразы қызыл иекке барады, біразы альвеола қабырғасын тесіп өтеді.

Периодонт сезімтал нерв ұштарына және нерв талшықтарына өте бай. Бұл – оның өте ерекше сезу ағзасы екенінің дәлелі және оның шайнау қысымын рефлекторлық реттеудегі маңызын көрсетеді (Фалин Л.И., 1965).

Периодонттың иннервациялануы афферентік және эфферентік талшықтар арқылы жүреді. Афферентік талшықтар периодонтқа екі иннервациялаушы көзден келеді. Олардың біріншісі – тіс нервісінен, ол қантамыр-нерв шоғырымен бірге түбір ұшы тесігіне кіргенге дейін және қызылиекке жеткенге дейін бөлінетін перифериялық тармақтар. Афферентік нервтердің екінші көзі – тістераралық және түбірлераралық қалқандардың тесіктеріне өтетін (Фолькман өзектері) тармақтар. Олар тіс нервісінен түбір ұшына немесе тіс сауытына қарай бағыт алады және периодонттың орта және тіс мойыны бөлігін нервтендіруге қатысады.

Екі көзден шығатын талшықтар периодонтта тіс өсіне параллельді орналасқан және жіңішке талшықтар шоғырынан тұратын нервтік өрімдер түзеді. Жіңішке талшықтар шоғырынан аяққы (соңғы) тармақтар мен жеке талшықтар бөлінеді.

Периодонттың барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары орналасқан. Олар көбінесе механорецепторларға және ауыру рецепторларына (ноцицепторларға) жатады. Олар тармақталған бұталарға ұқсас келеді, кейде әр түрлі құрылымды (бірқабат, екіқабат) шумақтарға немесе жалпақ, ұршыққа ұқсас, жапыраққа ұқсас құрылымдар түрінде кездеседі. Сезімтал рецепторлар бірнеше қабат тармақтана отырып, коллаген талшықтарының шоғырына еніп кетеді және периодонттың белгілі аймақтарын иннервациялауға қатысады. Көптеген ұйғарымдарға сүйенсек, бұтаға ұқсас нерв ұштары шайнау қысымын реттейтін механорецепторлық қызмет атқарады. Жоғарғы күрек тістерден басқа тістердің барлықтарының периодонтының түбір ұшы бөлігі сезімтал нерв ұштарына бай. Ал жоғарғы күрек тістердің периодонтының барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары бірдей тығыздықпен орналасқан.

Бұтаға ұқсас нерв ұштарынан ерекше шумаққа ұқсас нерв ұштары борпылдақ дәнекер тін шоғырларының арасында орналасқан. Симпатикалық талшықтар миелинсіз, диаметрлері 0,2-1 мкм, өн бойы ендері 2,0 мкм көптеген варикозды түйіндер құрайды және тамырлардың төңірегінде корзинаға ұқсас ұштармен аяқталады (Быков В.Л., 1998) және қан айналымын реттеуге қатысады.

Периодонтта парасимтпатикалық нерв талшықтары анықталмаған.

Сезу қасиеті тән, құрылымы әр түрлі өте сезімтал нерв ұштары күрек тістердің периодонтында көптеп орналасқан. Бұл ерекшелікті Фалин Л.И. (1960) олардың қызметімен тікелей байланыстырады.

Периодонттағы рецепторлардың құрылымы жағынан әртүрлі болуы олардың қызметінің де әр түрлі болуына байланысты: тактильдік тітіркендіргіштерді, шайнау қысымын, ауыру сезімін қабылдау сияқты.

Адамның жасы ұлғайған сайын периодонтта коллаген талшықтарының саны азайып, редукцияға ұшырайды. Керісінше эластикалық талшықтардың саны көбейеді және аралық өрімнің талшықтары толығымен жойылып кетеді. Кейбір авторлар адамның жасына байланысты периодонт саңылауының енінің де өзгеретіндігі туралы мәлімет келтіреді (Velden V., 1994).

Периодонттың негізгі қызметі тіреп-бекіту және амортизациялаушы болып табылады. Периодонттың гидравликалық аппараты (қан және лимфа тамырлары) оның негізгі қызметінің биомеханикасында белсенді рөл атқарады. Гидростатикалық қысымның өзгеруі байламдық аппараттың созылғыштығына әсер етеді, периодонтқа жоғары қысым түскенде полимерлерде болатын өзгерістер сияқты оның талшықтарының тығыздығының жоғарылағаны байқалады. Функционаьдық күш түскен кезде тістер серпімді бекіген жағдайда болады, сондықтан ешқашан альвеола қабырғаларына тығыз жанаспайды.

Периодонттың амортизациялаушы қызметінің мәні – шайнау тербелістерін реттеп, қысымды тіс ұясы қабырғаларына тепе-тең бөліп, оны бұзушы фактордан зат алмасу үрдістерін күшейтетін факторға айналдыру.

Мұндай жағдайда туғызатын коллаген талшықтары мен тамырлар жүйесі. Олар периодонт тініндегі сұйықтықпен қосылып, тіске арнайы гидравликалық жастық құрады. Периодонтта қысым жоғарылаған кезде қан мен лимфа сүйектегі тамырлар жүйесіне бағыт ала бастайды.

Тіреп-бекіту және амортизациялаушы қызметтерімен периодонттың трофикалық қызметі қатар жүреді. Шайнау қысымы тістің тірек аппаратында зат алмасудың қалыпты ағымын қамтамасыз ететін функциональдық тітіркендіргіш қызметін атқарады. Тіс жұлынған жағдайда шайнау күші түспегендіктен альвеола өсіндісі семе бастайды. Периодонт цементті толығымен, ал ұлпаны жартылай қоректендіреді.

Периодонттың қорғаныс немесе барьерлік қызметі оның барлық бөлігінде бірдей орналасқан гистиоциттермен тығыз байланысты, периодонттың жиі орналасқан қантамырлар торы оның әрбір аймағында микрофаг-лейкоциттер мен антителалардың орын алуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі периодонт арқылы ауыздан организмнің ішкі ортасына инфекциялық және басқалай агенттердің түсуіне тосқауыл бола алады.

Пластикалық немесе қайта құру қызметі арнаулы жасушалардың остеобласттар мен цементобласттардың қызметі арқылы орындалады және тістер шықаннан кейін де жалғаса береді. Бұл жасушалардағы ферменттік жүйелерге жоғары белсенділік тән, сондықтан сүйек құрылымдары мен түбір цементі сорылған кезде, оларды қайта құруға осы жасушалар қатынасады.