Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы

Периодонт қабынуының бұл түрі де уақытында емделмеген жедел қабынудан дамиды немесе біріншілік созылмалы қабыну үрдісінің белгілі бір сатысына жатады. Көп жағдайда ешбір клиникалық белгісіз дамиды, ал кейде сырқат тісте әлсіз ауыру сезімдері (тіс түбірі ұшы тұсында ыңғайсыздық, ауырсыну, кернеу сияқты) мазалауы мүмкін. Оқта-текте сырқат тіспен ас шайнағанда аздаған ауырусыну белгісі біліну мүмкін. Ауық-ауық қызыл иектің түбір ұшы проекциясы деңгейінде жыланкөз пайда болып, мазалауы да мүмкін.

3-сурет. Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы. 1-кіреукедегі тісжегі қуысы. 2-бұзылған дентин. 3-өліеттенген ұлпа.4-қабыну ошағындағы грануляциялық тін .сайт-http://www.ruzanadent.ru/
Қарап тексергенде, сырқат тісте үлкен тісжегі қуысы анықталады, көбінде сауыт қуысымен байланысқан. Беткей және терең сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі болмайды. Температуралық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап болмайды, тістің ЭҚ. 100 мка. жоғары. Тісте кейде тұрақты пломбы тұруы да мүмкін (ертеректе асқынбаған немесе асқынған тісжегімен емделген болса).

Кейде тіс тұсындағы қызылиекте ауыспалы қатпарға жақын жыланкөз анықталады, аузынан бүршіктеніп жас грануляциялық тін немесе іріңді жалқық шығып тұруы мүмкін немесе бітіп кеткен жыланкөз орнында ақшыл-сұр түсті тары дәніндей тыртық анықталады (мұның бәрі тұрақты белгілер емес). Жыланкөз аймағын сипап тексергенде альвеола сүйегінің беті тегіс емес, кедір-бұдырлы екені анықталады (қатты сүйек қабатының сорылып, бүтіндігінің бұзылуы нәтижесінде).

Жыланкөз болмайтын көпшілік жағдайда тіс тұсындағы қызылиек аздап қызарыңқырағанын байқауға болады; нығыздағыштың домалақ ұшымен басып көргенде бозғылт түсті ойық пайда болып, баяу тегістеледі (вазопарез симптомы) және ашық қызыл түске боялады. Ал саусақпен басып сипағанда ыңғайсыздық немесе аздаған ауырсыну сезімі білінеді. Тісті салыстырмалы әдіспен қағып тексергенде, сау тіске қарағанда ыңғайсыздық немесе аздап ауырғандай сезім анықталады.

Ұзаққа созылған қабыну үрдісі кезінде сырқат тіс жақтағы аймақтық лимфа түйіндерінің ұлғайғандығы және аздап ауыратындығы байқалады.

Рентгендік тексеру кезінде созылмалы қабыну үрдісі аймағында тіс альвеоласының қатты сүйек пластинкасы мен кеуек сүйектің сорылуы нәтижесінде сырқат тістің түбір ұшында жиегі тегіс емес иір-қиырлы шекара құрайтын, кейде от жалынына ұқсас әртүрлі көлемді қаракөлеңкелі ошақ анықталады.

Сорылу үрдісіне кейде түбір ұшын жауып жатқан цемет пен түбір дентині де ұшырауы мүмкін. Бұл кезде тістің түбір ұшы жойылып, шекарасы ойлы-қырлы болып көрінеді және түбір ұзындығы біршама қысқарады.

Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде өршу үрдісі жиірек кездеседі (басқа қабыну түрлеріне қарағанда) және көбіне жыланкөз пайда болып басылады. Егер жыланкөз бітіп қалмай, ұзақ сақталатын болса, өршу үрдісі де жиі қайталанбайды.

Патологиялық анатомисы.Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде ұзақ қабыну әсерінен бұзылып, ыдырауға ұшыраған периодонттың орнын грануляциялық тін басады. Бұл тіннің құрамы капиллярларға (қылтамырларға), фибробласттарға, домалақ плазматикалық жасушаларға және лейкоциттерге бай болады. Жас грануляциялық тіннің қалыптасуы кезінде оның құрамында гликогеннің, бейтарап және қышқыл мукополисахаридтердің мөлшері жоғарылайды. Түбір ұшы периодонтының орнын грануляциялық тін басқан кезде, осы аймақтағы қатты тіндер (альвеоланың қатты сүйек пластинкасы, кемік сүйек, кейде цемент және дентин) остеокласттар мен грануляциялық тіннің қатысуымен сорылуға ұшырайды. Грануляциялық тін сүйек майы қуыстарын қуалай өсіп, қызыл иекте іріңді жыланкөздің пайда болуымен толастайды, кейде кілегей қабық немесе теріасты гранулемасына (подслизистая или подкожная гранулема) айналады. Мұндай гранулемалардың қабыну ошағынан қашық орналасуына байланысты кей жағдайларда себепкер тісті анықтау дәрігер-стоматологқа біраз қиындықтар тудыруы мүмкін.

Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде альвеола өсіндісіндегі ыдырау және сорылу үрдісіне және көптеген тіндердің ыдырауына байланысты қабыну ошағында пайда болған уытты заттар қанға сіңіп, организмнің созылмалы уыттануын туындатады. Сондықтан созылмалы қабынудың бұл түрі – ең белсенді патологиялық үрдіс деп саналады. Осыған қарамай, емдеу шараларын дұрыс жүргізген жағдайда оның нәтижелелігі жоғары болады және қабынудың тиімді түріне – созылмалы фиброздана қабынуымен алмасады.