Пародонттың қабынуы

Пародонттың қабынуы (пародонтит) пародонт құрамына кіретін тіндер кешенінің қабынбалы-деструкциялануға ұшырауымен сипатталатын күрделі патологиялық үрдіс.

Пародонт қабынуы 11-12 жастағы жас өспірімдер арасында (8-10% жағдайда) да кездеседі және 30-50 жас арасында (таралуы 60-65%), қарқынды дамып, жасы ұлғайған адамдар арасында (50 жастан кейін) таралуы жиілей береді (65-90% құрайды).

Пародонт қабынуының жеңіл, орта және ауыр дәрежелерін, жайылу аймағына байланысты шектеулі және жайылған түрлерін ажыратады.

Ағымына байланысты жедел және созылмалы қабынуын, созылмалы қабынуының өршуін, ремиссиялану (қысқа уақытқа тұрақтануы) және түбегейлі тұрақтану кезеңдерін (фаза стабилизации) ажыратады.

Пародонттың жедел қабынуы сирегірек кездеседі, инфекция және әртүрлі механикалық тітіркендіргіштер әсерінен (терең енгізілген және өте кең жасалған жасанды сауыттар, салбырай қойылған пломбылар, тістердің жанасу беттеріндегі тісжегі қуыстары, кламмерлер иығы, тіс тасы) шектеле дамиды (2-4 тістер аймағында). Бұл кезде пародонты жедел қабынған науқас белгілі бір аймақта қызылиегінің қатты сыздап немесе солқылдап ауыратынына, ас шайнағанда ауыру сезімінің күшейетініне шағымданады. Қарап тексергенде: себепші ықпал әсер еткен аймақта 1-2 қызылиек бүртіктері және жиегі қатты қызарып, домбығады, сипап басқан кезде қатты ауырады, қызылиек сайынан сарысулы немесе іріңді жалқық бөлінеді. Қызылиек бүртігіне сүңгі тиіп кетсе қатты қанайды. Тісті көлденең қағып байқағанда ауыру сезімі анықталады, алғашқы кезде тіс-қызылиек бекімі бұзыла қоймайды. Тістің реннтген суретінде периодонт саңылауының жиектік бөлігі кеңейгені анықталады. Кейбір жағдайда терең отырғызылған жасанды сауыт жиегі бекім эпителийі мен айналма байлам талшықтарына қысым түсіріп, сыдыруы нәтижесінде пародонтальдық қалта пайда болады. Ықпал етуші әсерлер уақытында жойылмаса, жедел ағымды қабыну созылмалы қабынуға ауысады, пародонтальдық қалта тереңдей келе сүйек қалтасы пайда болады, тістераралық қалқан сүйек сорыла басталуы нәтижесінде (-сурет) қабыну аймағындағы тістер қозғалмалы бола бастайды.

Сурет -7. Қарқынды дамыған пародонт қабынуы
Пародонт (сурет-7)қабынуының бұл түрі пубертаттық кезеңнен өткен және 35 жасқа дейінгі адамдар арасында жиі кездеседі. Ауру альвеола сүйегінің жылдам сорылуымен, ал созылмалы түрінде көптеген тістер аймағына таралуымен сипатталады. Бұл жағдайда сүйек тінінің жойылуы сүйектің тігінен және көлденеңінен, сонымен қатар осы екі сорылудың қосарлана кездесуімен сипатталады. Бұл ауруға қақтар санының және сүйек тініндегі деструктивті өзгерістің сәйкес келмеуі тән. Пародонттың қабынуының қарқынды дамуын кейбір жүйелі аурулармен ассоцияцалауға болады. Олар қант диабеті, Даун синдромы және пародонттың әртүрлі идиопатиялық аурулары. Қарқынды дамыған пародонт қабынуы өз ішінде екі түрде кездеседі. Екі түрі де сүйек тінінің жайыла сорылуымен суреттеледі және жас категориясына қарай бөлінеді.

· Пародонт қабынуының А типтесіне 14-26 жас аралығындағы науқастар жатады.

· Пародонт қабынуының В типтесіне қарқынды дамыған пародонт қабынуының 26 -35 жас аралығындағы науқастарды жатқызады.

Қарқынды дамыған пародонт қабынуының типтілігі емдеу барысының нәтижелігіне қарамай өте жиі өршиді.

Клиникалық тәжірибеде пародонттың созылмалы қабынуы, жайылған түрі жиі орын алады, дамуы ондаған жылдарға созылып, тиімді ем жүргізілмеген жағдайда тістердің өз беттерімен түсуімен аяқталады. Пародонттың созылмалы қабынуының клиникалық ерекшеліктері, ауырлығы, организмнің жалпы жағдайымен, оның реактивтілік деңгейімен тығыз байланысты.

Алғашында патологиялық үрдіс катаральды қабынудан басталады, одан әрі тіс-қызылиек бекімі, тістің тіреп-ұстаушы аппараты бұзылып, сүйек тіні сорылып, пародонтальдық қалта пайда болады.

8-сурет. Пародонттың созылмалы қабынуы, жеңіл дәрежесі.
Пародонттың созылмалы қабынуы, жеңіл дәрежесі. Аурудыңбұл түрінде науқас қызылиегінің жиі, көбінесе тістерін тазалағанда қанайтынына, қызылиегінің қышуына немесе ыңғайсыздық сезіміне, аузынан жағымсыз иіс шығатынына, тістерінің температуралық және химиялық тітіркендіргіштер әсерінен қақсап ауыратынына шағымданады.

Қарап тексергенде, қызылиекте созылмалы катаральды қабынуға тән белгілер анықталады және бұл үрдісті қызылиектің симптоматикалық қабынуы (симптоматический гингивит) деп атайды. Сонымен қатар тістер төңірегінде тереңдігі 3,5-4,0 мм пародонтальдық қалталар және тістердің мойын ймқтары ашыла бастағаны анықталады. Патологиялық үрдіс көбінесе төменгі және жоғарғы алдыңғы немесе азу тістер аймағындағы пародонтта орын алады (8-сурет).

Альвеола өсіндісінің пародонт қабынуы бар аймағындағы рентген суретінде тістераралық қалқан сүйектер ұштарын жауып тұрған тығыз сүйек қабатының ошақты сорылуы нәтижесінде бүтіндігі бұзылғаны (деструкцияланған) немесе толығымен сорылып, кемік сүйек кеуектене бастғны анықталады. Кейде қалқан ұшы бөлігіндегі сүйек тіні түгелімен сорылып, сүйек биіктігі біраз (1/3 биіктігіне) төмендеуі нәтижесінде алдыңғы тістераралық қалқандар пішіні кертілген конусқа (усеченный конус) ұқсап қалады, ал кемік сүйекте ошақты немесе жайыла кеуектену үрдісі орын алып, сүйек суретінің айқындылығы төмендейді. Тістер мойындары бөлігіндегі периодонт саңылаулары кеңейгені байқалады.

Бұл кезде тістердің орындарынан ауытқуы және қозғалмалылығы анықталмайды.Науқастың жалпы жағдайы өзгермейді

Пародонтың созылмалы қабынуы,орта дәрежесі. Аурудың бұл сатысында қабыну үрдісі қызылиектің альвеолалық бөлігін де қамтиды және ағым ерекшілігіне байланысты (созылмалы қабынуы немесе созылмалы қабынудың өршуі), қызылиектің катаральды, өсе немесе жаралана қабынуына тән белгілер анықталады. Тістер төңірегіндегі пародонтальдық қалтаның тереңдігі 5 мм дейін.

9-сурет. Пародонттың созылмалы қабынуы, орта дәрежесі
Бұл кезде науқас тістерін тазалағанда, қатты тағамды тістеп үзіп алған кезде және шайнағанда қызылиегінің тұрақты түрде қанайтынына, қызылиек бүртіктерінің түсінің, пішінінің өзгергендігіне, кейбір тістерінің қозғалмалығына, тістер түбірлерінің және араларының ашылып, орындарынан ауытқи бастағанына, ауыздарынан жағымсыз иіс шығып, металл дәмін немесе қышқыл дәм сезетініне шағымданады.

Қарап тексергенде, қызылиек көкшіл-қызыл түстенген, бүртіктері мен жиектері қатты домбыққан, тістерге тығыз жанаспаған, қызылиек бүртіктерінің көлемдері әртүрлі болғандықтан оның жиегінің біркелкі иректігі (фестончатость) бұзылған. Сүңгі тиіп кетсе қызылиек оңай қанайды, пародонтальдық қалталардың тереңдігі 4-5 мм, қабырғаларын саусақпен сипай басқанда олардан сарысулы немесе іріңді жалқық бөлінеді. Тістердің желпуішке ұқсап бір-бірлерінен қашықтай бастағанына байланысты араларындағы кеңістіктер ашылып (диастемалар, тремалар пайда болған), тістем қатынастары бұзыла бастаған және жарақаттаушы түйісу ошақтары (травматическая окклюзия) анықталады. Кейбір тістер I-II дәрежелі қозғалмалылыққа ие болған және әртүрлі бағытта орындарынан ауытқи бастаған, түбірлері әртүрлі дәрежеде ашылып, жалаңаштанған. Қызылиекүсті және қызылиекасты тіс тасы мен жұмсақ шөгінділер көп мөлшерде анықталады. Кейбір тістер I-II дәрежелі қозғалмалылыққа ие болған, түбірлері әртүрлі дәрежеде ашылып, жалаңаштанған.

Альвеола өсіндісінің рентген суретінде тістераралық қалқан сүйектер түбір ұзындығының 1/3-1/2 бөлігіне дейін біркелкі емес көлденең сорылған, сақталған бөліктеріндегі кемік сүйекте жайыла кеуектену үрдісі орын алған. Кейбір тістер аймағындағы қалқан сүйек қабырғаларының тік бағытта да сорылуына байланысты периодонт саңылаулары кеңейіп, сүйек қалталары пайда болған (10-сурет).

 

10-сурет. Ортопантомограмма. Пародонттың созылмалы қабынуы, орта дәрежесі.

11-сурет. Пародонттың созылмалы жайыла қабынуы, ауыр дәрежесі.

Пародонттың созылмалы қабынуының ауыр дәрежесі кезінде аурудың барлық белгілері өріс алады және жиі-жиі өршу үрдісі қайталанып, қызылиек қатты қабынып, жекелеген немесе бірнеше абсцесттер пайда болады.

Пародонт қабынуы бар науқас қызылиегінің сыздап өз бетімен ауыратындығына, қанағыштығына, тістерінің қозғалмалығына, тағам шайнаудың қиындағанына, тістерінің әртүрлі бағытта ауытқып, (жоғары-төмен, алға-артқа, ұрт-тіл бағыттарында), аралары ашылып, тістер қатарының реттілігінің бұзылып, косметикалық ыңғайсыздық туғызғанына, қозғалмалылығы нәтижесінде біраз тістерін жұлдыруға мәжбүр болғанына, аузынан нашар иіс шығатынына, осының бәрі көңіл-күйіне әсер етіп, ұйқысы қашып, уәйімшіл және ашуланшақ болғанына, бойын салғырттық, дымкәстік билегеніне шағымданады. Кейде қызылиегіне іріңді ісіктер шығатынын айтады.

Қарап тексергенде, көптеген тістер аймағында қызылиек домбығып, қызыл-көкшіл немесе қою-қызыл түстенген, бүртіктері әртүрлі дәрежеде ұлғайып, қызылиек жиектері білікке ұқсап қалыңдап, деформациялануға ұшыраған. Көпшілік тістер ІІ-ІІІ дәрежелі қозғалмалы болғандықтан орындарынан ауытқыған және түбірлері әртүрлі деңгейде жалаңаштанған. Тістердің қалыпты түйісуі бұзылып, патологиялық тістем (жарақаттаушы тістем) пайда болған. Көптеген тістердің төңірегінде пародонтальдық қалталардың тереңдігі 5-6 мм терең және ішінде көп мөлшерде сарысулы немесе іріңді жалқық байқалады. Тістер бетінде жұмсақ және қатты шөгінділер (қызылиек асты және қызылиек үсті тасы) көп мөлшерде анықталады.

Пародонт қабынуы бар науқастың альвеола өсінділерінің әр аймағында пародонт қабынуының әртүрлі дәрежелері орын алады.

Альвеола өсінділерінің рентгенсуретінде тістераралық қалқандардың көлденең және тік бағытта сорылуға ұшырауына байланысты 1/2-2/3 бөлігінен аса бөлігі жойылғаны, тереңдігі әртүрлі (кейде түбір ұшына дейін жететін) пародонтальдық немесе сүйек қалталары анықталады. Қалқандардың сақталған бөліктері жайылмалы кеуектенуге ұшыраған (12-сурет).