Тіс шөгінділерін алу

Сурет - Скейлер
Тісті шөгінділерден тазарту ауыз кілегей қабығы мен пародонт ауруларын емдеудің алғашқы және тиімді кезеңі болып саналады. Дегенмен көптеген дәрігер-стоматологтар бұл емдеу шараларының мәні мен маңызын түсіне бермейді және ауыздың мамандық гигиеналық әдістерін жүзеге асырмайды. «Ауыз ішінің мамандық гигиенасы (профессиональная гигиена полости рта)» термині тістердің барлық беттерінен, қызылиек және пародонтальдық қалталардан жұмсақ және қатты тіс шөгінділерін алып, тістер мен қызылиекті антисептикалық ертінділермен өңдеу сияқты шараларды қамтиды.

Жұмсақ шөгінділерді немесе қақты (налет) сутегінің асқын тотығының 1-3% ертіндісімен немесе марганецқышқылды калийдің 0,05% ертіндісімен суланған анжымен сүрту арқылы, болмаса аршығышпен (экскаватор) қырып алады. Тіс бетіне жақсы бекіген жұмсақ шөгіндіні және шылым шегушілер қағын аршығыштың көмегімен алып, соңынан тістерді арнаулы ағартқыш қойыртпақтармен (паста) щетканың, резіңке шәшкелердің, полирлердің көмегімен тазалайды. «Септодонт» фирмасы кремнезем негізінде абразивті қойыртпақтар «Detartrine», цирконий оксиді және иондалған фтор негізінде «Detartrine fluoreе», ұнтақталған кремнезем және цирконий негізінде «Detartrine Z» қойыртпақтарын шығарады.

Соңғы уақытқа дейін стоматологияда тіс тасын алудың механикалық әдісі қолданылып келді. Ол үшін әртүрлі өлшемді және пішінді экскаваторлар (аршығыштар), ілмектер (крючки), кіреуке пышақтары, кюретаждау қасықшалары, Грейси кюреткалары, орақ пішінді скалерлер, рашпильдер, имплакерлер, пародонтологиялық пышақтар, Визион кюрветтері қолданылады. Тіс тасын алған кезде төмендегі ережелер сақталуы тиіс:

· барлық аспаптар жеткілікті зарарсыздандырылуы керек;

· тіс тасын алар алдында емдеу жүргізілетін аймақты (тістер беті, қызылиек) сутегінің 1-2% асқын тотығының, 2-3 % иодтың спиртті ертінділерімен өңдеу керек.

· Тіс тасын алушы аспапты қатты қозғауға болмайды, оны еркін, тасты қыра немесе рычагты қимылмен қозғау керек.

· Аршығышты немесе басқа аспапты ұстап тұрған қол көрші тістерге немесе науқастың иегіне тіреліп бекітілуі қажет (аспапты тайдырып алып, жұмсақ тіндерді жарақаттамау үшін).

· Қозғалмалы тістерді солқолдың саусақтарымен ұстап бекітеді.

· Тас алатын аспапты тастың жиегі астына жіберіп, сындыра отырып, бөліп-бөліп алады.

· Дәрігер-стоматолог көздерін арнаулы көзілдірікпен қорғайды (тас ұсақтары көзге түспеу үшін).

Тіс тасын тиімділікпен алу үшін, ең алдымен қызылиекүсті тіс тасын тістің алдыңғы бетінен (ерін және ұрт), одан кейін жанасу беттерінен, ең соңында тіл-таңдай беттерінен алады. Осыдан кейін ғана қызылиекасты тасты алып, пародонтальдық қалталарды грануляциялық тіннен тазартады.

Тістерді тіс тасынан мұқият тазарту және көп күш жұмсамау үшін, дәрігер-стоматолог науқасқа байланысты белгілі бір орын таңдап алу керек.

І – дәрігер науқастың алдында жайғасады, 13 12 11 21 22 23 тістердің барлық беттері, сол жақ азу тістердің тіл жақ беттері, оң жақ азу тістердің ұрт жақ беттері өңделеді.

ІІ – дәрігер науқастың артына жайғасады, 43 42 41 31 32 33 тістердің барлық беттерін өңдейді;

ІІІ – дәрігер науқастың сыртында, емделушінің басы оңға бұрылған. Жоғарғы және төменгі солжақ кіші және үлкен азу тістердің ұртжақ беттері, жоғарғы оңжақ кіші-үлкен азу тістердің таңдай беттері, төменгі оңжақ кіші-үлкен азу тістерінің тілжақ беттері өңделеді.

IV – дәрігер науқастың сыртында, емделушінің басы солға бұрылған, жоғарғы оңжақ кіші-үлкен азу тістердің ұртжақ, жоғарғы солжақ кіші-үлкен азу тістердің таңдайжақ беттері өңделеді.

Қызылиекасты тасы толық алынуы керек және оның толық алынуын сүңгінің көмегімен анықтайды. Тастан толық тазарған тістің түбір беттері тегіс және қатты болып келеді.

Қызылиекасты тасын алу үшін қазіргі кезде арнаулы әртүрлі пішінді айналмалы аспаптар шығарыла бастады.

Тіс тасын ультрадыбыстың көмегімен де алуға болады. Ол үшін арнаулы ұштықтары бар аппараттар қолданылады.

Тіс тасын ультрадыбысты аппаратпен алған кезде төменгі ережелерді сақтау керек:

· аспаптың ұшын тіс осіне тік қоюға болмайды;

· тіс бетіне қатты қысым көрсетілмеуі керек;

· аппаратпен сусыз жұмыс істеуге болмайды.

Себебі, белгілі қысыммен берілген су шоғыры ультрадыбыстың әсерінен тербелісті қозғалыс жасап, дыбыспен бірлесе отырып, қатты тіс тасын бөлшектеп, ұшырады.

Жаңа ультрадыбысты жүйе Sirona’s Perioscan қызылиекасты шөгінділерді қызылиекті жарақаттамай алады.

Қол қондырғысындағы арнаулы сенсорлар тіс тасын қалыпты тіс бетінен ажырата алады. Бұл қондырғының ұшы тербеліп, тіс бетіне талдау жүргізеді және оның нәтижесі сақинаға ұқсас LED-экранда көрінеді. Жасыл түс тіс бетінің тазалығын, ал көк түс тіс шөгінділері барын көрсетеді.

Тіс тасын алу әдісінің қайсысын да жүзеге асырған кезде, емдеу әрекеті тістер беттерін тегістеумен аяқталуы қажет. Ол үшін ертеректе айтылғандай абразивті қойыртпақтар, щеточкалар (мәсуектер) рәзіңке шеңберлер, домалақ бастар қолданылады.

Тіс тасы тым қатты болған жағдайда немесе тіс аса қозғалмалы кезде тіс тасын ерітетін химиялық препараттар қолдануға болады. Ол үшін «Септодонт» фирмасы шығаратын құрамында тұз қышқылының концентірленген ертіндісі, йод және хлороформ бар сұйық детергент «Detartrol ultra» қолданылады. Препаратпен суланған мақта анжыны тіс тасы бетіне 30 секундтқа қояды, содан кейін анжыны алып тастап, ауызды шайқатады да жұмсарған тасты қырып ала береді. Бұл әрекетті тіс тасы толық алынғанға дейін бірнеше рет қайталайды және қышқылды сұйықтың қызылиекке түспеуін қамтамасыз етеді.

Air Flow – пигментті тіс шөгінділерді (қақтарды) алудың бір тәсілі. Құрамына сода бикорбанаты және су кіреді. Аэрозольдың шоғырын тістің қақ құрылған бетіне жіберіп отырады, бірақ тіс тасын алу үшін қолданылмайды.

Жұмсақ және қатты шөгінділерден тазаланған тістер бетін құрамында фтор бар гельмен немесе лакпен (сырмен) жабады (тістің жоғары сезімталдығын жойып, тісжегінің алдын алу үшін).

Тіс шөгінділерін алу алдында дәрігер-стоматолог ауыз іші кілегей қабығын жансыздандырушы гельдердің, спрейлердің немесе инъекциялық анестезияның көмегімен ауырусыздандырып алады.