Кеннон кеуекті ақ невусы

Сурет -7. Кеннон невусы немесе жұмсақ лейкоплакия
Алғаш рет кілегей қабық жабынды эпителийінің қатерсіз дисплазиялануымен сипатталатын, өзіндік клиникалық белгілері және гистологиялық ерекшеліктері бар ауруды 1935 жылы Cannon сипаттап жазып, кеуекті ақ невус (белый зубчатый невус Кеннона – naevus spongiosus Cannon) (сурет -7 )деп атаған. Аурудың себебі анықталмаған, зерттеушілердің көпшілігі оны аутосомды – доминантты типте дамитын тұқым қуалайтын ауруларға жатқызады.

Клиникалық көрінісі. Кеннон невусы жас балалар арасында немесе кейініректе пайда болып, өзінің шырқау шыңына жыныстық жетілу кезінде жетеді. Одан кейін аурудың басылуы немесе өзгерместен қалып қоюы мүмкін.

Науқасты субъективті белгілер көп мазаламайды, тек ауыз кілегей қабығының түрінің өзгеру ерекшелігіне шағымданады.

Кеуекті ақ невус көбіне екі ұрттың кілегей қабығында симметриялы түрде орналасады. Жарақат ошағы ақшыл-сұр түсті, біраз қалыңдаған, кеуек сорғыш сияқты, жұмсақ, көп қатпарлағандықтан терең әжімді тері бетіне ұқсайды. Кейде әжімдердің тереңдігі соншалық қатпарлар салбырап ауыз ішіне түсіп тұрады. Қырып байқағанда жабынды эпителийдің жоғарғы қабаттары оңай алынады. Ауыз кілегей қабығымен қатар жыныс ағзалары мен тік ішектің де кілегей қабығы жарақаттануы мүмкін.

Аурудың диагнозын дұрыс нақтылау үшін лейкоплакиядан және ауыз кандидозынан ажырата білу керек.

Емі. Ауыз ішін мұқият сауықтырғаннан кейін А және Е витаминдерінің майлы ертінділерін, витаминдер жиынтығын тағайындайды.

 

Жұқпалы аурулар

Жұқпалы аурулар көбінесе вирустардың, бактериялардың, саңырауқұлақтардың әсерінен дамиды. Олардың көбі организмге сыртқы ортадан (экзогендік инфекция) тағамдармен, ауамен бүтіндігі бұзылған тері және кілегей қабықтар арқылы түседі. Көпшілік жағдайда ауыз іші организмнің инфекциямен бірінші рет қатынасқа түсетін ортасы болып саналады. Сонымен қатар ауыз ішін жайлаған микроорганизмдер (сапрофиттер)- резиденттер де ауру тұдыруы мүмкін (эндогендік немесе аутоинфекция). Бұл микробтар иммундық жүйенің қорғаныс қасиеті төмендеген кезде патогендік қасиетке (ауру тұдырушы) ие болады. Инфекциялық ауруларға тән ортақ белгілер:

· Ауру тұдырушы агент лабораториялық зерттеулердің көмегімен қалтқысыз анықталады.,

· Арудың жұқпалылығы немесе ауру туындатушы микробтың сырқат адамнан төңірегіндегі адамдарға берілуі.

· Ауру туындатушы микробтың өзіне тән қасиеті немесе барлық адамда бір-ақ түрлі ауру тұдыруы.

· Клиникалық белгілерінің тек осы ауруға ғана тән заңдылығы.

Жұқпалы агент организмге енгеннен кейін қабыну үрдісі дамиды және ол кезде көбіне жалқықтану (экссудация), өліеттену немесе кәрілік белгісіне ие болу (альтерация), көбею (пролиферация) белгілері орын алады. Тіндердегі дами бастаған қабынудың сипаты енген инфекциялық агент пен оған беретін организмнің иммундық жауабымен тығыз байланысты болады.

Ағым ерекшелігіне байланысты жедел және созылмалы инфекциялық аурулар деп бөледі. Көптеген жұқпалы аурулардың алғашқы белгілері ауыз кілегей қабығында көрініс береді және тек сол ауруға тән ерекшелігімен сипатталады.

Көпщілік жағдайда жұқпалы аурулардың ауыздағы белгілері аса ерешеліне қоймағандықтан, олардың диагнозын нақтылау қиынға түседі. Сонымен қатар олардың ауыздағы клиникалық белгілерінің өзгеруіне жергілікті ыңғайсыз ықпалдар (екіншілік инфекция, зақымдаушы факторлар, ауыз гигиенасы) сақтамау әсер етеді.

Жедел және созылмалы жұқпалы аурулар өз кезегінде организмнің жалпы жағдайын өзгертіп, иммунитет және витаминдер жетіспеушілігін туындатады. Ал осының өзі жұқпалы аурудың клиникалық көрінісінің өзгеруіне әкеліп соғады. Осының барлығы дәрігер-стоматологтың жұқпалы ауруды нақтылау мүмкіндігін төмендетіп, дәрігерлік қателік жіберуіне және емдеу шараларын тиімді жүргізбеуіне мүмкіндік тұғызады.

Диагнозы дұрыс нақтыналып, емі дұрыс жүргізілмеген кез-келген ауру әртүрлі асқынуларға әкеп соғады.

 

Вирустық аурулар

Ауыз кілегей қабығы ауруларының ішінде вирустық аурулар ерекше орын алады. Ересек адамның ауызында вирустардың біраз түрлері орын тепкен. Көбіне олар организмде жасырын түрде кездеседі, ал организмнің қарсыластығы төмендеген кезде көбейіп, ауру туындатады. Дені сау адамдардың ауызында қарапайым ұшық вирусы (вирус простого герпеса), цитомегаловирус, аденовирустар, энтеровирустар, реовирустар және басқалары (белгісіз вирустасушылық – бессимптомное вирусоносительство) кездеседі.

 

Арапайым герпес

Сурет -8. Қарапайым герпес вирусы
Қарапайым (әдетті) герпес, синонимы көпіршікті теміреткі (простой герпес- пузырковый лишай – herpes simplex) немесе кәдімгі ұшық – герпес вирусы туындататын жұқпалы ауру. Антигендік қасиетіне байланысты бұл вирусты негізгі екі топқа (1 және 2) бөледі. Бірінші типтегі вирустар ауыздың кілегейлі қабығын, теріні, ал екінші типтегі вирустар жыныс ағзаларының кілегейлі қабығын жарақаттайды. Қарапайым ұшық вирусы РНҚ (рибонуклеин қышқылы) және ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы)-дан тұрады және жабынды эпителийдің тікенекті қабат жасушаларының ядросында жасырын өмір сүріп, ыңғайлы жағдайда көбеюге ұшырайды және қайталамалы ауру туындатады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (1985) ұйғаруынша жер беті тұрғындарының 90%-на аталмыш вирус жұққан, ал 20-30%-да ауру белгілері білінеді.

Инфекцияның алғаш рет жұғуы 1-3 жас арасында байқалады. Себебі бұл кезде баланың қанында анадан алған антидене жойылады немесе саны азаяды да, организм вирустық инфекцияны оңай жұқтырады. Көп жағдайда балаға біріншілік герпестік инфекцияның жұғуы аса көп біліне бермейді, ал кейбір жағдайда біріншілік герпестік ауру дамиды. Жас баланың алғашқы айларында ауру өте ауыр түрде дамиды және көптеген кілегей қабықты ағзаларды жарақаттайды. Сирек жағдайда біріншілік герпеспен ертеректе вирусқа қатынасы болмаған үлкен адам да ауруы мүмкін. Біріншілік герпестен сауыққаннан кейін инфекция жасырын түрге ауысып, әртүрлі зиянды ықпалдардың әсерінен (дененің суыққа шалдығуы, тумау, жүйкелік күйзелістер, витаминдер тапшылығы) жиі қайталуы мүмкін.

Қарапайым герпес вирусы науқастан немесе вирустасымалдаушы адаммен тікелей жанасу және ауа-тамшылары арқылы жұғады (герпестік вирус вирустасымалдаушылардың сілекейінен де бөлініп алынған).

Ауыз ішінде герпестік инфекция екі түрде көрініс табады: ауыздың жедел герпестік қабынуы немесе біріншілік герпес (острый герпетический стоматит или первичный герпес); ауыздың қайталамалы герпестік қабынуы немесе созылмалы қайталамалы герпес (рецидивирующий герпетический стоматит или хронический рецидивирующий герпес).

 

9-с урет. Ауыздың жедел герпестік қабынуы
Ауыздың жедел герпестік қабынуы (stomatitis herpetica acuta). Ауруды ертеректе «ауыздың жедел афтозды қабынуы» деп атаған.

Науқас адамның жалпы жағдайына және кілегей қабықтың жарақатқа ұшырау аймағына байланысты аурудың үш дәрежесін (жеңіл, орташа, ауыр), патогенезіне байланысты 5 кезеңін – инкубациялық (инкубационный), продромальдық немесе катаральдық (продромальный или катаральный) , даму шыңы немесе бөрткендер шығу кезеңі (разгара болезни или высыпаний), бетінің қайтуы (угасания) және сауығу (выздоровления или реконвалесценции) кезеңдерін ажыратады.

Клиникалық көрінісі. Инкубациялық кезеңі 1-4 күнге созылады. Бұл кезең герпестік вирус жұққаннан кейін басталады және олар жақын орналасқан лимфа түйіндеріне жетіп, көбейе бастайды. Сондықтан осы және продромальдық кезеңде аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды және ауырады. Ауру жедел басталады, ауырлығына байланысты дене қызуы 37-41° С көтеріледі, жалпылай уыттану белгілері - әлсіздік, организмнің салғырттық, дімкәстік, бас ауруы, бұлшық еттерінің сыздауы, лоқсу және құсу, іші өтуі байқалады. Бала тынышсызданып, ұйқысы қашады, тері түсі бозғылтанады, тамақ қабылдаудан, емшек емуден бас тартады.

Продрамальдық кезеңде -ауыз кілегей қабығында жайылған қызару ошақтары пайда болып, ісіну, домбығу , балаларда сонымен қатар қызылиектің катаральды қабынуы байқалады, кейде қызылиек жиегі эрозияланып кетуі де мүмкін. Ересек балалармен үлкен адамдар ауыз ішінің ысып, күйіп, сыздап ауыратынына, қышуына, сілекейдің көп бөлінуіне шағымданады. Кілегей қабақта ішінде мөлдір сұйық бар ұсақ көпіршік бөрткендер шыға бастайды және топтаса орналасқандықтан сандары да әртүрлі болады. Бірнеше сағаттан кейін бөрткендер жарылып, орнында диаметрі 1-5 мм домалақ, сопақ пішінді беті ақшыл-сұр өліетті қақпен немесе сары-сұр фибринді қақпен жабылған эрозиялар пайда болады. Көптеген көпіршіктердің бірігіп барып жарылуынан пайда болған эрозиялар белгілі пішінсіз полигональды (көпбұрышты) болып келеді (сурет-10).

 

10-сурет. Көпядролы алып клеткалар.

 

Көпіршік бөрткендер көбіне таңдайда, тілдің үстінде, қызылиекте, ұртта, ерінде орналасады. Ауыр жағдайда ерін, ерін жиектері мен жақын орналасқан тері аймақтары да жарақаттанады. Бөртпелер шыға бастасымен дене қызуы төмендей бастайды, кейде олар бірнеше рет қайталана шығып отыруы мүмкін. Осыған байланысты дене қызуының көтерілуі де қайталанады және бөртпелерді әртүрлі даму сатысында байқауға болады.

Пайда болған эрозия ошақтары 5-7 күнде жазыла бастайды және емдеу шаралары дұрыс жүргізілген жғдайда жазылуы жеделдейді.

Продрамальды кезеңде дамыған аймақтық лимфаденит пен қызылиек қабынуы аурудың барлық кезеңінде, тіптен эрозиялар жазылғаннан кейін де 5-10 күн шамасында сақталады. Аурудың орташа ұзақтығы 1-3 жетіге созылады.

Аурудың алғашқы кезеңінде сілекейдің рН реакциясы қышқылдау (рН-6,4-6,8) болып, сауыға бастағанда бейтараптана бастайды немесе әлсіз сілтілік ортаға ауысады. Лизоцимнің мөлшері төмендеп, интерферон жойылады. Гистологиялық зерттеулер нәтижесі герпестік көпіршік бөрткендердің тікенекті қабат ішінде спонгиоздану, баллонды және вакуольді дегенерациялану, акантолиздену үрдісінің нәтижесінде дамитынынын дәлелдеген. Осыған байланысты аурудың алғашқы 2-3 күнінде жарақат ошағынан алынған жақпа-таңбада көп ядролы алып жасушалар анықталады. Бұл жасушаларға бояулық және өлшемдік (диаметрі 30-120 мкм) көптүрлілік (полиморфизм) тән. Жасушалардың ортасында бірнеше ядролардан (2-3 тен оншақтыға дейін) тұратын конгломерат орын алада, ал ядрошықтар (нуклеолы) анықталмайды (10-сурет).

Аурудың алғашқы күндерінде және қайталану кезінде көпіршік бөрткендер сұйығынан герпес вирусын бөліп алуға болады, ал қанда вирусқа қарсы антидене титры аурудың кезеңіне сай жоғарылай бастайды.

Ауыздың жедел герпестік қабынуын нақтылау үшін иммунофлюоресценциялық әдістерді, антигенмен теріішілік сынамаларды, серологиялық реакцияларды қолдануға болады.

Аурудың салыстырмалы диагностикасы - көптүрлі жалқықты эритемамен, дәрілер әсерінен дамыған қабынулармен, басқа вирустық аурулармен (белдеме теміреткі, аусыл), буллезді дерматоздармен, ауыз-қызылиектің өліеттеніп – жаралана қабынуымен (Венсан гингивостоматиті) жүргізіледі.

Емі. Ауыздың жедел герпестік қабынуын емдеу оның ауырлығына байланысты; этиотроптық, патогенездік, симптоматикалық, жалпылай және жергілікті шаралардан тұрады.

Жалпылай емдеу:

· Вирусқа қарсы дәрілерді (таңдай білу керек) алғашқы күндері тағайындайды: бонафтон 0,1г 3-4 рет 5 күн қабылдаған соң 1-2 күн үзіліс жасап, қайта қабылдайды (емдеу ұзақтығы 2-3 курс); ацикловир (зовиракс, виролекс) 0,2 г күніне 5 рет 5-10 күн қабылдайды. Балаларға дәрінің жарты мөлшерін береді. Неовир – бұлшық етке әрбір 48 сағаттан кейін енгізеді. Емдеу курсы 7-10 иньекциядан тұрады. Циклоферон-арнулы схемамен бұлшық етке енгізеді, емдеу курсы 10 иньекциядан тұрады. Неовир мен циклоферонды 12 жастан кейін қолдануға болады. ДНК (дезоксирибонуклеиназа) 10-25 мг натрий хлоридінің изотониялық ертіндісіне ерітіп күнара бұлшық етке енгізеді, емдеу курсы 6-10 иньекциядан тұрады.

· Ауыру сезімін азайтып, ыстықты басатын дәрілер: парацетамол, панадол, амидопирин, аспирин, ибупрофен (науқастың жасына сәйкес) тағайындайды.

· Гистаминге қарсы дәрілер: супрастин, фенкарол, тавегил, антигистамин, алсет, ломилан, траксил, диазолин, димедрол, зиртек тағайындаған тиімді.

· Витаминдерді жекелей немесе жиынтық түрінде: аскорутин 0,05г- күніне 3-4 рет, аскорбин қышқылы 0,05г күніне 2-3 рет; поливит, дуовит, триовит, олиговит, джунгли, альфавит, альфагин, супрадин және б., тағайындайды. Организмнің реактивтілігін көтеру үшін – 150 мг тәулігіне 2-3 рет 7-9 күн лизоцим, фузобактериялармен асқыну қаупі болған жағдайда метронидазол тағайындайды. Сілтілі минералды суды, шайды көбірек ішіп, жаралы ошақтарды аса тітіркендірмейтін жұмсақ тағамдар қабылдау туралы ақыл-кеңес беріледі.

Жергілікті емдеу.

· Ауыру сезімін басу – анестетиктер ерітінділерін (1% тирмекаин, 1-2% пиромекаин, 1-2% лидокаин ертінділері) жарақат ошағына бастырма қою немесе аэрозольдық препараттарды («10%Лидокаин»-эорозоль, «Лидестин» және «Xylostesin» аэрозольдарын) қолданып уақытша жансыздандыру.

· Антисептиктер және ферменттермен өңдеу (өңдеуді әрбір 3-4 сағат сайын жүргізген жөн). Антисептиктерден 0,25-0,5% сутегінің асқын тотығын, 0,25% хлорамин, 0,5% этоний, 0,1% госсипол, хлоргексидиннің 0,06% ертінділерін, ферменттерден дезоксирибонуклеазаның 0,2%, лизоамидазаның 1%, трипсин, химотрипсиннің 1% ертінділерін қолданған тиімді.

· Алғашқы күндері (3-4 күн ұдайы) тазаланған және өңделген жарақат ошақтарына вирусқа қарсы дәрілермен (ертінділермен және жақпамайлармен) аппликат қойған жақсы нәтиже береді. Олар - 1% бонафтон, 5% ацикловир, 0,5% флореналь, 3% госсипол, 2-5% алпизарин, 3% мегасин, 1-5% хелепин немесе хедилеспин, 50% интерферон жақпамайлары.

· Қабынуға қарсы жақпамайлар мен гельдерді де (бутадион жақпамайы, мундизаль гелі, пиралвекс, гепарин, 0,025% синафлан жақпамайлары) пайдалануға болады.

· Эрозия ошақтарының тез жазылуын қамтамасыз ететін дәрілік заттарды – А витаминнің майлы ерітіндісі, 0,2% тезан линименті, итмұрын және шырғанақ майлары, каротолин, актовегин және солкосерил жақпамайлары немесе гельдері, дентальды адгезивті пастаны, «Ливиан», «Спедиан», «Олазоль», «Гипозоль» сияқты аэрозольдық препараттарды қолдану5а болады.

· Ерін жиектеріндегі, тері бетіндегі бөрткендерді 1-2% бриллиант жасылының спирттегі ер3тіндісімен, фукарцинмен, вирусқа қарсы жақпамайлармен өңдейді.

Аурудың диагнозы дер кезінде анықталып, емдеу шаралары дұрыс жүргізілсе, науқас аурудың ауырлығына қарай 2-3 аптанық ішінде сауығып кетеді. Ал емі дұрыс жүргізілмеген жағдайда ауру созылмалы қайталамалы түрге ауысады. Ескерте кететін жай, ауыздың жедел герпестік қабынуымен сырқаттанған мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар толық сауыққанға дейін ұжымнан оқшауландырылады және төрт аптаға дейін организмге жүктеме түсіретін шаралардан босатылуы тиіс.

Аурудың алдын алу. Ауыздың жедел герпестік қабынуы жұқпалы ауру болғандықтан, сырқат адамды оңашаландырған жөн. Тұрмыста қажетті заттарын (сүртінетін сүлгілер, ыдыс-аяқтар) арнаулы өңдеуден өткізіп, өзі жеке пайдаланған жөн.

 

11-сурет -11. Ауыздың қайталамалы герпестік қабынуы
Ауыздың қайталамалы герпестік қабынуы

Ауыздың қайталамалы герпестік қабынуы (сурет -11) (stomatitis herpetica recidivans) немесе созылмалы қайталамалы герпес (herpes chronicus recidivans) эндогендік герпес вирусы туындататын және жиі кездесетін эндогендік инфекция, ертеректе вирус жұққан, вирусқа қарсы антиденесі бар (ауыздың жедел герпестік қабынуымен ауырған) әртүрлі жастағы адамдарда кездеседі. Аурудың патогенезінде жасушалық иммунитетті төмендететін жағдайлар (суық тію, созылмалы күйзелістер, жалпылай және жұқпалы аурулар), өте ауыр сырқаттар (лейкоз, обыр және б.) маңызды рөл атқарады. Әйелдерде созылмалы герпестің қайталануы етеккір келген уақытта да байқалуы мүмкін. Ауру жыл мезгіліне қарамай әртүрлі жиілікте қайталанады. Алғашқы кездерде жылына 1-2 рет қайталанса, жүре келе айына 3-4 рет қайталанып, біртіндеп толассыз ағымғ ие болады.

Клиникалық көрінісі. Ауыз шінде аздап қызарған және ісінген кілегей қабық бетіне диаметрі 1-2 мм ұсақ көпіршік бөрткендердің шығып, әртүрлі көлемді, дұрыс пішінсіз эрозияларға айналуымен сипатталады. Бөрткендер шығатын аймақта ысып-күю, қышу және аздаған ауыру сезімдері мазалайды. Эрозиялар беті біраз уақыт өткен соң ақшыл-сары түсті фибринді қақпен жабылады. Ерін жиектерінде тері беттеріне шыққан көпіршік бөрткендердің сұйықтығы кеуіп қабықшаға айналады.