Дәріс №3. Қазақстан Республикасындағы ұлт саясаты. Тіл туралы заң

1. Ұлт мәселесіндегі проблемалар. Көпұлтты Қазақстан жағдайында ұлт мәселесі мемлекеттің негізгі мәселесі болып саналады. Тәуелсіз Қазақстан ұлт мәселесіне өзінің өмір сүруінің алғашқы кезінен бастап үлкен мән берді. Өйткені күні біткен КСРО-дан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттерде қордаланып қалған ұлттық проблемалар аз емес болатын.

Кеңестік тоталитарлық жүйеден қалған этностық проблемалар жағдайында Тәуелсіз Қазақстан өзінің ұлт саясатын екі түрлі бағытта жүргізді. Бірі — осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып есептелетін қазақтардың Кеңес үкіметі тұсындағы әлсіреген ұлттық мәдениетін, тілін, ділін қайта жандандыру болса, екіншісі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың мәдени, тілдік құқықтарын қамтамасыз ету еді.

Қазақстандағы ұлт саясатын зерттеуші ғалымдар осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың бүгінге дейінгі даму барысын екі кезеңге бөледі.

Бірінші кезең-1991-1995 жж. қамтиды. Бұл кезеңді этноұлттық басымдылықтар кезеңі деп атауға болады. Бұл кезеңде мемлекетті құрушы негізгі ұлт ретінде қазақ этносына, оның тіліне, оның мәдениетіне біраз артықшылық берілді. Сондықтан да 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған “Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі” жөніндегі Декларациясында қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп танылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөніндегі” конституциялық заңда қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін анықтауға құқы бар екендігі көрсетілді. 1993 ж. 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында да Қазақстан мемлекеттілігінің ұлттық сипатына ерекше мән берілді. Ол бойынша да Қазақстан өзін-өзі таныған, өз болашағын өзі анықтайтын Қазақ ұлтының мемлекеті деп танылды.

Тәуелсіз еліміздің бұл кезеңінде мемлекеттігіміздің формасын ұлттық деп жариялаудың объективті қажеттілігі болды. Біріншіден, бұл кезеңде тәуелсіздік алған барлық мемлекеттер өздерін сол мемлекеттердің негізін құрайтын ұлттың мемлекеті деп жариялаған болатын. Екіншіден, ғасырлар бойы өз тәуелсіздігін жоғалтып, өз жерінде саны жағынан азшылыққа айналған қазақ халқының ұлттық рухын, көтеру, сол арқылы дүниеге жаңа келген мемлекетті тез арада аяғынан тік тұрғызу керек болды. Үшіншіден, тоталитарлық жүйе кезінде жойылып кете жаздаған қазақ халқының ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін, ділін қалпына келтіру үшін бұндай саясат қажет болды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сезіне бастады, ұлттық рухы оянды, өзінің ұлттық құндылықтарын ақтап алды, ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін қалпына келтіре бастады, имандылыққа мойнын бұрды. Осы кезеңді мемлекеттің атауына негіз болып отырған қазақ ұлтының ұлттық санасының ерекше ояну кезеңі, ұлттық рухының ерекше көтерілу кезеңі десе де болады. Бұл кезеңде ұлтжандылықпен қоса, ұлтшылдық пиғылдардың да белең алғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдайлар, екінші жағынан, республикада тұратын басқа ұлт өкілдерінің өгейсуіне, олардың арасында кемшілдік пиғылдардың біртіндеп қалыптасуына бастады.

Жалпы осы кезеңде, бұдан соңғы жылдары да басқа ұлт өкілдерінің Қазақстаннан қоныс аударуын республикадағы этноцентристік саясаттың нәтижесі ғана деп түсінбеу керек. Егемендік алған кездің алғашқы жылдарындағы өзге ұлттар өкілдерінің сыртқа көшуінің біздіңше мынадай себептері де бар. Біріншіден, бұрынғы КСРО сияқты үлкен мемлекеттің ыдырауы ұлттық жаңа құрылған мемлекеттер жағдайында ұлттардың арасында болашағына деген белгілі бір сенімсіздік туғызды. Сондықтан басқа ұлт өкілдері өз мемлекеттілігі бар елге көшті. Екіншіден, ұлттық мемлекеттіліктер құрылу кезеңінде этностар өкілдерінің санасында этноцентристік пиғылдар уақытша болса да күшейді. Үшіншіден, сана бодандығынан құтылған азаматтарда өз тарихи Отанына қайту пиғылының күшейуі заңды құбылыс еді. Әсіресе мұндай себеп кезінде Қазақстан жеріне күшпен депортацияланған неміс, т.б. халықтарға тән болды.

Қазақстанның ұлт саясатының екінші кезеңі 1995 ж. қабылданған жаңа Конституциядан басталады. Бұл Ата заңда енді Қазақстан халқын титулды және титулсыз ұлт деп бөлу жойылды. Бұл заң бойынша ендігі жерде Қазақстан мемлекеті ұлттық негізде емес, жалпыазаматтық негізде құрылатындығы баяндалды.

Осы конституциялық заңға негізделген еліміздің ұлт саясаты азаматтық қоғамның принциптеріне сүйене отырып, Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық қауымдастық құру мақсатын көздейтін саясатқа айналды. Бұл — Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған адамдар қауымдастығын бірте-бірте Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық бірлестікке айналдыру.

2. Тіл туралы заң.Республика толғағы жеткен мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік ала салысымен, бірінші болып тіл мәселесін көтерді. 1989 ж. 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында “Қазақ КСР-індегі тілдер туралы Заңның” жобасын бекітті. Бұл құжаттың 1-бабында Республикадағы Мемлекеттік тіл-қазақ тілі, орыс тілі халықаралық тіл болып жарияланған. 1997 ж. шілдеде “Қазақстан Респуб­лика­сындағы тілдер туралы” заңы өзгерістермен, толықтырулармен қайта қабылданды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында да қазақ тілі Мемлекеттік тіл болып қала беретіндігі айтылған. 1993 ж. Министрлер кабинеті жанында тілдер жөніндегі комитет құ­рылды, ол 1995 ж. ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталды. Дегенмен, рес­публика тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген саяси, экономикалық және мәдени өміріміздегі қиындықтар негізінде айырылып қалған рухани мұралар мен тілдерді дамытуда проблемалар кездесті. Ұлттық балабақшадан бастап мектептер ашу барлық аймақтарда бірдей емес екендігі анықталды.

Орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларын қазақ мектептеріне беруге шақырған “Қазақ тілі қоғамының” үндеуі 1991 ж. 1 тамызда “Ана тілі” газетінде жария­лан­ды. Осындай игі бастамаларға қосымша Қазақстан Республикасының тіл саясаты жөнінде тұжырымдамасы қабылданды. 1999 ж. “Тіл туралы заң” негізінде Қазақстанда “Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы” жасалды. Бағдарлама төмендегідей бағыттарда істелінетін шараларды белгілеген:

· Ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдық, материалдық-техникалық алғышарттарын жасау;

· Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту, оның белсенді түрде қоғамдық қолданылу аясын, әсіресе, ғылым, білім және мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу және халықаралық қатынастар саласында функционалдық қызметін арттыруға жағдай жасау;

· Ресми іс қағаздарын мемлекеттік тілге біртіндеп көшірудің нақты базасын жасау;

· Ел азаматтарының өз ана тілін пайдалануына жағымды жағдайларды дамыту және сақтау.

Жалпы еліміздегі тіл саясаты бір жағынан — мемлекеттік тілді үйрену, пайдалануды міндеттесе, екінші жағынан — республикамызда бүгінгі қалыптасқан тілдік ахуалды ескеріп, орыс тілінің қолданылу аясына ешқандай шек қоймайды, оның үстіне, басқа тілдерге де ешқандай шектеу жасамайды. Қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Сондықтан мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдылық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат бұл тілді білуге міндетті. Тіпті қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет.

Негізгі әдебиеттер: 1, 3, 8, 9, 10, 14, 15.

Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 6, 12, 16, 17, 21, 29, 31.