Каспий теңізінің экологиялық проблемасы

Каспий теңізінің алып жатқан географиялық орнына байланысты (шөл зонасы) еліміздің шаруашылық саласында атқаратын маңызы өте зор. Сонымен қатар сол маңдағы шөлді алапқа ылғал әкелуші су айдыны ретінде де үлкен рөлі бар. Солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнайкәсіпшілігінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын нашарлатты. Соңғы жылдары бұл аймақ мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл аймақ табиғи апат жағдайына ұшырады. Табиғи қорларын игеруде де, бұл аудандағы табиғат компоненттерінің өзгеруіне байланысты мынадай проблемалар туындауда:

· экологиялық апатты аймаққа жататындықтан, негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты тұрғын халықтардың денсаулығының күрт нашарлауы;

· мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты тіршілік дүниесінің өзгеруі, балықтардың (бекіре) қырылуы, уылдырық шашатын көксерке балықтарының кеміп кетуі;

· осы теңізге ғана тән (эндемикалық) итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы;

· аңызақ жерлердің шаруашылыққа тигізетін кері әсері (жел эрозиясы).

1. Каспий теңізінің солтүстік жағасы, Еділ мен Жайық өзендері аралығының көп жері Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайды. Теңіз жағасының шекарасын Еділ өзенінің теңізге құятын Қиғаш саласы анықтайды. Осы Қиғаш өзенінен Исатай ауданының Забурын елді мекеніне дейінгі жағалық аймақ түгелдей Құрманғазы ауданының жері. Бұл жердің экологиялық жағдайынан сөз қозғау үшін оның бұрынғы жағдайы қандай екеніне көз жеткізу керек. Бұрын бұл жердің кеңестік кезеңге дейін, онан кейін де теңіз суының және оның құрлыққа суғына кіріп жатқан шалқыған саналуан сулы шығанақтары мен теңізден бөлініп қалған көлдері көп болды. Қай кездерде де осы көлдерден, шығанақтардан жергілікті халық балық аулап, олардың түрлі өнімдерін шығаратын шағын да ірі кәсіпорындарына тапсыратын. Оларды балықшылардың тілімен айтсақ «Балық батағалары» дейтін. 1925 жылдан бастап Каспий теңізінің суы тартылып, барған сайын азайды. 1930 жылы бұл су арналары, шығанақтар сусыз қалды. Біртіндеп тартылған теңіз суы 100 километрге қашықтаса, кейіннен ол одан екі есеге жуық қашықтап кетті. Балық батағалары жабылды. Аудандағы кеңестік кезеңде құрылған балық колхоздарының балықшылары теңізге балық аулауға шығатын кеме-қайықтарын Астрахань облысы аумағына қарасты теңіз жағасындағы «Тұмақ» аралына күзде тастап, көктемде сол жерден жарақтанып теңізге шығатын болды. Бұрынғы теңіз ротасындағы Белужий, Трешкин, Дементьев, Қарабөлек, Ленкоса, Комсомольск, Бесшифер, Жаркөсе, Әбу аралдары қара жерге жалғасты. Бұл аралдар соңғы 30-40 жылдар бойы Атырау облысы мал шаруашылықты колхоздарының мал азығын дайындайтын учаскелерге, малшылардың қыстақтарына айналды. Қиғаш өзенінен Забурын елді мекеніне дейігі 200 километрге жуық жердегі халықтың байырғы қонысы сусыз қалды. Оншақты колхоздар тұрақты тұра алмағандықтан Қиғаш, Шарон өзендерініңбойына қоныс аударды. Бірақ бұл сусыз қалған мыңдаған гектар жерді малшылардың қонысына, жайылымға айналдырар бағдарламасы ел алдына қойылды. 1946 жылы Шортанбай балық зауытының қасынан Қиғаш өзенінен басын алатын Қиғаш-Кобяков каналы, одан басын алатын Көкарна-Белужий-Трешкин, кейін Кобяков-Жанбай каналдары, мал су ішетін Кобяков-Мальцев каналы, сонан кйін Ганюшкиннен Забурынға жететін жоғары жақпен Сурхан каналының желісі іске қосылды. Бұл каналдардың тұщы ағынды суы түгелдей каналдың төменгі желісімен бұрынғы арналар ізімен теңізге құятын болды және осы арналар ізімен суды теңізге жеткізетін Ленкоса, Мальцев, Жанбай-Дементьев каналдары да қазылды. Мысылы «Белужий» арнасы атына сай Белуга (қортпа балығы) балығының ішкі суға кіретін, уылдырық шашатын бұрынғы терең арна болатын. Бұл каналдар бойындағы жайылымдық жерлерге, малшыларға Еділдің тұшы суын жеткізіп қана қоймай, бұрынғы теңіз суы жайылатын көлдерге құйып, теңіз балықтарының көктемде уылдырық шашып, көбеюіне мыңдаған суды мекендейтін құстардың көбеюіне мыңдаған жол ашты.