Сезімталдықтың бұзылыстары

 

Қоршаған ортаның немесе өзінің ағзалары мен тіндерінің тітіркендіргіш ықпалдарын организмнің сезіну қабілеті өзгеруін сезімталдықтың бұзылуы дейді. Ол жүйке жүйесінің сезінуді қалыптастыратын және оны өткізетін орталық немесе шеткері бөліктерінің құрылымдық және функциялық бүліністерінен дамиды. Қоршаған ортадан ауырусынулық, температуралық және жанасулық сезімдер тері мен шырышты қабықта орналасқан экстерорецепторлар және ішкі ағза тіндерінен, буын сіңірлерінен тербелістік, қысымдық сезімдер проприорецепторлар арқылы үшнейрондық жолмен ОЖЖ-не тарайды. Бірінші нейрон жұлын түйінінде, екіншісі – жұлынның артқы мүйізінде (ауыру және температуралық сезімталдықтың) немесе сопақша мыйдың ядроларында (терең және жанасулық сезімталдықтың), үшінші нейрон - таламуста орналасқан.

Таламустан сезімдік серпіндер мый қыртысының артқы орталық қатпарына (сезімталдықтың жалпы талдағышына) тарайды. Онда сезімнің талдануы болып, тітіркендіргіштің әсерін түйсіну болады.

Сезімталдық бұзылыстарына әкелетін себепкер ықпалдарға:

● гендік ауытқулар;

● жарақат;

● ішімдікпен, ауыр металдармен уыттанулар;

● витаминдердің тапшылығы;

● қантты диабет;

● мыйда қанайналым бұзылыстары;

● мый мен жұлында өспе өсуі;

● мый қабынуы;

● аутоиммундық бүліністер т.с.с. жатады.

Сезімталдықтың бұзылыстарын оның бұзылу түріне, тітіркендіргіштің қарқынын түйсінудің бұзылуына және тітіркендіргішке сезімнің сәйкестігінің бұзылуына қарай ажыратады (-кесте).

Сезімталдықтың бұзылыстары
-кесте

 

 
 

 

 


Сезімталдықтың бұзылу түріне және сезімтал жүйке аяқшаларының орналасқан жеріне байланысты:

● жанасулық;

● алыстан сезілетін;

● интерорецепторлық;

● экстерорецепторлық сезімталдықтың бұзылыстары ажыратылады.

√ жанасулық түріне тактилдік, ауырусынулық, температуралық сезімталдықтың бұзылыстарын жатқызуға болады;

√ алыстан сезілетін түріне көру, есту, иіс сезу талдағыш-тарының шеткері бөліктерінің бұзылыстарын келтіруге болады;

√ интерорецепторлық сезімталдықтың бұзылыстарына ішкі ағза рецепторлары мен проприорецепторлардың бүліністері жатады;

√ экстерорецепторлық түрі тері мен шырышты қабықтардың сезімтал жүйке аяқшалары бүліністерінде байқалады.

Тітіркендіргіштің қарқынын түйсінудің бұзылуы:

● анестезия (сезімталдықтың болмауы);

● гипестезия (сезімталдықтың төмендеуі);

● гиперестезия (сезімталдықтың көтерілуі);

● парестезия (сезімталдықтың бұрмалануы) – түрлерінде байқалады. Анестезия мен гипестезия:

сезімдік жүйенің бүліну деңгейіне қарай:

√ рецепторлық;

√ өткізгіштік;

√ орталықтық - болып үш түрге ажыратылады.

 

Гипестезияның рецепторлық түрінде бүлінген сезімтал жүйке аяқшаларына сәйкес бөліктер (мәселен, температуралық, жанасулық, естулік, көрулік) сезімталдығын төмендетеді немесе жоғалтады.

 

Гипестезияның өткізгіштік түрі:

√ шеткері жүйке талшығы бүлінгенде;

√ жұлынның солжақ немесе оңжақ жартылары бүлінгенде (Броун-Секар синдромы);

√ жұлын мен мыйдың өткізгіш жолдары бүлінгенде - байқалады. Жұлынның артқы бағаналары бүліністерінен қимыл-қозғалыстық және жанасулық сезімдер әлсірейді немесе жоғалады; ішкері ілгек талшықтардың бүлінуі аяқ-қолдардың қимылдау бағыты мен жылдамдығын, тербелісті және көтерілетін жүкті сезіну, дененің әр жерлеріне жанасуды жеке-жеке сезіну жоғалуына әкеледі. Соңғы жағдайды дикриминациялық сезімталдық дейді.

 

Орталықтық анестезия немесе гипестезия:

√ мый қыртысының артқы қатпарларының нейрондары бүлінгенде дененің қарама-қарсы жағында дикриминациялық сезімталдық байқалады, аяқ-қолдардың кеңістікте орналасуын, заттардың пішіні мен массасын сезіну жоғалады;

√ мыйдың төбе бөлігі бүлінгенде дене пішінін, оның кеңістіктегі жағдайын түйсіну бұзылады, бұл кезде науқас өз бетінше киіне, шашын тарай және қырына алмайды, денесінің салданған жағына назар аудармайды немесе ондағы дерттік жағдайға мән бермейді.

 

Сезімталдықтың бұзылыстары толық және үлестік болып бөлінеді.

Сезімталдықтың толық бұзылысы жұлын түйіні нейрондары мен түбіршектері, ішкері ілгектің, ішкі қапшықтың, артқы орталық қатпардың бүліністерінде байқалады. Осыдан сезімталдықтың барлық түрлері жоғалады.

Сезімталдықтың үлестік бұзылысы жұлынның артқы немесе бүйірлік бағаналарының, артқы мүйіздерінің, сопақша мыйдың ішкері бөлігінің бүліністерінде байқалады. Бұл кезде сезімталдықтың жекелеген түрлері бұзылады.

Тактилдік гипо-,анестезия дененің белгілі затқа немесе заттың денеге жанасуы кезінде сезімталдықтың азаюы немесе жоғалуы.

Ауырусынулық сезімталдықтың бұзылуы гипоестезия немесе аналгезия түрлерінде көрінеді.

Тітіркендіргіштің әсер еткен жерін анықтау сезімінің азаюын немесе жоғалуын топогипо- немесе анестезия дейді.

Заттарды қолмен ұстағанда оларды сезіну сезімі жоғалуын астереогнозия деп атайды. Бұл кезде заттың жекелеген қасиеттерін түйсіну қабілеті сақталады.

Термогипоанестезия температуралық сезімталдықтың азаюы мен жоғалуы.

Құлақпен есту сезімінің азаюын немесе жоғалуын естулік гипо- немесе анестезия дейді.

Иіс сезулік гипо-, анестезия кезінде иіс сезілуі жоғалады немесе азаяды.

Сезімталдықтың азаюы немесе жоғалуына әкелетін себепкер ықпалдарға:

√ жүйке аяқшаларының сезімталдығы азаюы немесе жоғалуы;

√ жасуша мембраналарында рецепторлардың түзілуін қадағалайтын гендердің әсерленуі бұзылуынан олардың азаюы;

√ диабеттік нейропатиялар, ішімдікпен, сынаппен, қорғасынмен уыттанулар, невриттер кездерінде афференттік жүйкелердің өткізгіштігі бұзылуы;

√ жұлынның артқы және бүйірлік бағаналары, таламустың, мыйдың төбе бөлігінің, артқы орталық қатпардың сезімдік жүйе нейрондарының бүліністері – жатады.

Бұл өзгерістер жүйке жүйесінің жарақаты нәтижесінде немесе сирингомиелия, мый мен жұлынның өспесі, мый қанайналымының бұзылыстары, туа біткен сезімтал афференттік жүйе нейрондарының өткізгіштігі бұзылыстары, энцефалиттер кездерінде байқалады.

 

Гиперестезия- тітіркендіргіштің әсеріне сезімталдықтың көтерілуі. Жүйке жүйесінде бүліністік өзгерістердің тарауына қарай гиперестезияның толық және үлестік түрлерін ажыратады.

Пайда болу себептері:

√ жүйке аяқшаларының сезімталдығы көтерілуі гиперсенситизация немесе рецепторлық гиперестезия делінеді. Бұндай жағдай тері мен шырышты қабықтардың (мәселен, жарақат, күйік, орамалы ұшық (герпес) кездерінде) бүліністерінде байқалады;

√ сезімдік жүйе (негізінен мый қыртысының сезімдік алаңдарының, гиппокамптың т.б.) нейрондарының қозымдылығы көтерілуін орталықтық гиперестезия дейді. Бұндай жағдай невроздар, психика бұзылыстарының кейбір түрлерінде, энцефалиттер кездерінде байқалады.

Дизестезия - әсер еткен тітіркендіргішке сәйкес емес сезімнің болуы. Ол термалгия, полиестезия, аллодиния, гиперпатия, синестезия түрлерінде көрінеді.

Термалгия ыстық немесе суық температуралардың әсерін ауырусыну сезімі түрінде сезіну.

Полиестезия бір тітіркендіргіштің әсерін көптеген факторлардың әсері ретінде сезіну. Мәселен, теріні инемен піскенде қыздыру, қысу және шанышқылау сезімдері пайда болады.

Аллодиния – әдетте ауыру туындатпайтын ықпалға ауырусыну сезімі пайда болуы.

Гиперпатия - әртүрлі тітіркендіргіштерге, солардың ішінде ауыру туындатпайтын ықпалдарға, олардың нақты орналасқан жерін сезінудің жоғалуымен көрінетін, қатты ауыру сезімі.

Парестезтя – дене мүшелерінің ұйып қалуымен, жәндік жыбырлатуы, шанышқылау сияқты ауырмайтын әдеттен тыс жанасулық сезімдердің пайда болуы. Ол тітіркендіргіштің әсері болмай-ақ пайда болады. Парестезия дамуына тіндердің ишемиясы, мұздап қалуы, жұлынның артқы түбіршіктерінің бүліністеріне әкелетін дерттік үрдістер әкеледі.

Синестезия – бір сезімдік ағзаның тітіркенуі кезінде бірнеше сезімдердің пайда болуы. Бір сезімдік ағза тітіркенде сол ағзаға тән сезіммен қатар басқа сезімдік ағзаларға тән сезімдер байқалады. Мәселен, жарықты көргенде дыбыстық сезімнің немесе қара түске қарап түрлі түстерді сезіну пайда болуы. Стенокардия ұстамасы немесе миокард инфаркты кезінде ауыру сезімінің сол жақ жауырынға тарауы сегменттік синестезияға жатады. Синестезияның даму жолдарында бір сезімдік ағза нейрондарынан қозудың басқа жүйкелік құрылымдарға тарауы маңызды орын алады.