І.Есенберлин романдарындағы тарихи шындық және көркемдік шешім

Оның қаламынан шыққан тарихи туындылар — партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма бола тұра жарыққа шығуының өзі дарынды жазушының саяси жеңісі екенін дәлелдеу. «Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп бергендігін ұғындыру.

Ғылыми болжам. Ілияс Есенберлиннің қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі екенін ұғындыру.

Зерттеу жұмысымның міндеттері. Таңдаған тақырыбымның өзекті екенін дәлелдеу. Оқу-тәрбие жүйесінде І. Есенберлиннің тарихи шығармаларын оқытудың, жеке тұлғаны Отанының патриоты етіп тәрбиелеудің тиімді жолдарын іздестіру. Тарихи шығармалардың тәрбиелік сипатын аша отырып, жеке тұлғаның бойында салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпты қадірлеу, адамгершілік, патриоттық сезімін ояту.

Зерттеу нысаны. І. Есенберлиннің тарихи шығармаларын талдау және фольклор туындыларында қалыптасқан эпикалық бейнелерді төмендетіп алмай, оларға реалистік нақтылық, даралық келбет дарыта білу.

Зерттеу жұмысымның практикалық маңыздылығы. Қазіргі таңда оқу-тәрбие жүйесі заман талабына сай өсіп, дамып, бой алуда. Демек, біздің іс-әрекетімізді еліміздің болашақ азаматтары барлық жақсы қасиеттерді бойларына сіңдіріп, ғылыми зерттеу жұмысымның әдісін пайдалансақ, үлкен жетістіктерге қол созамыз.

I. Есенберлин шығармалары және оның тарихпен байланысы

1.1. І.Есеберлиннің прозалық шығармаларының жалпы сипаты.

Жеке тұлғаны туған халқының ауыз әдебиеті үлгілері, тарихи шығармалар арқылы патриоттық рухта тәрбиелесек, олардың жан дүниесін жадыратып, келешекте елін жерін қорғайтын, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар азамат тәрбиелеп шығарамыз. Халқымыздың тарихы, ауыз әдебиеті мен тарихи шығармалардың тәрбиелік маңызы зор. «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деп біз балаларды өз халқының алтын қорынан нәр алып, сусындауға дағдыландыруымыз керек.

Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман соның ішінде тарихи романдар (17) жазған жазушы І. Есенберлиннің қаламынан туған “Айқас”, “Ғашықтар”, “Қатерлі өткел”, “Алтын құс”, “Маңғыстау майданы”, “Алтын аттар оянады”, “Көлеңкеңмен қорғай жүр”, “Алыстағы арпалыс”, “Аққу құстар қуанышы”, “Махаббат мейрамы”, т.б. романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, соны серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар еді.

Ол — қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде қазақ әдебиетінің тарихында оқшау орны бар тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды.

Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. І. Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу – көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады.

1.2. І. Есенберлин шығармаларынның тарихпен байланысы.

Қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңшде байқалатын ұнамды үрдістерінің бірі — көне дәуір оқиғалары мен тарихи адамдар өмірінің көркемдік ақиқатын айтуға ұмтылу. Сан жағынан алғанда тарихи тақырыпты туындылар жүздің бірі дерліктей санаулы ғана. Бірақ біз бұл арада санды емес, көркемдік тәжірибедегі белгілі бір бетбұрысты айтып отырмыз, Мұның өзі кездейсоқ қүбылыс емес, қоғамдық өмірдің даму қажеттерімен, өскелең мәдени, рухани талаптармен тығыз байланысты нәрсе.