АМТАМАСЫЗ ЕТУ МЕН ТӘРТІП МӘСЕЛЕЛЕРІ

Заңдылық дегеніміз қолданылып жүрген құқық нормаларын оның барлық субъектілерінің (мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен барлық жеке және заңды тұлғалардың) қатаң және бұлжытпай сақтауы. Ғылыми әдебиеттерде мемлекеттік басқарудағы заңдылық қызмет принципі ретінде, билікті жүзеге асыру әдісі ретінде, қоғамдық – саяси өмірдің режимі ретінде, түрлі құқық қатынастарына қатысушыларға қойылатын талаптар жүйесі ретінде қарастырылады. Заңдылықтың өзіне тән маңызды белгілері бар, атап айтқанда, тұтас мемлекетті, барлық мемлекеттік және жергілікті басқару құрылымдарын толық қамтитын біріңғайлығы, әр түрлі жағдайларда түрлі адамдар мен ұйымдық құрылымдардың оны бірдей түсініп, орындайтындығы, жаппай қамтитындығы, яғни мемлекеттік басқарудағы заңдардың тек мемлекеттік, жергілікті органдарына, ондағы қызметкерлерге ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамға, азаматтарға таралуы, оның кепілдік беру мүмкіншілігі әрі тұрақты болуы.

Мемлекеттік басқарудағы заңдылықты қамтамасыз ету ең алдымен, мемлекеттік билікті қалыптастыруға байланысты. Заңдылық биліктің бірден бір құрылымы заңнан жоғары тұра алмайтындай жағдайда қалыптасады. Бұл билік бөлінісі арқылы қамтамасыз етілуі тиіс, яғни заң шығарушы органдар атқарушы биліктің қызметін, ал атқарушы билік өзара бірін-бірі бақылауы қажет.

Құқықтық мемлекетте басқару ісіндегі заңдылықты қамтамасыз етуде біріншіден, сот билігі (Қазақстан Республикасының жоғары соты, жергілікті соттар, конституциялық кеңес, прокуратура), екіншіден, атқарушы билік,үшіншіден, халықтың саяси белсенділігі маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік басқаруда заңдылықты қамтамасыз ету құралы ретінде бақылау механизмдерін атауға болады. Олар арқылы басқару шешімдерінің заңға сәйкестігі анықталады. Бақылау механизмдерінің түрлері: 1.сыртқы бақылау – бұл атқарушы биліктің бір органының екіншісін бақылауы; 2. жалпы бақылау жоғары органның сәйкесінше төменгісін қадағалауы; 3.мамандандырылған сыртқы бақылау, мысалы, кедендік бақылау,халық тұтынатын тағамдар мен тауарлардың сапасын бақылау, монополияға қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, радияциялық-экологиялық, жол қозғалысын бақылау; 4. ішкі бақылау – мемлекеттік органдарда жетекшілерінің, арнайы топ бөлімдерінің бақылау функциясын атқаруы.

Заңдылықты қамтамасыз етуде халықтың саяси белсенділігі дегеніміз өзінің заңды мүдделерін, Конституция бойынша кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған әрекеті. Сондай-ақ басқарушы органдардың заңға қайшы келетін шешімдеріне наразылық білдіруі. Бұл тұрғыда халықтың белсенділік танытуы демократиялық-құқықтық мемлекет құрудың кепілі болып табылады.

Мемлекеттік басқаруда заңдылық бір жағынан, болашақтағы қоғамдық қатынастардың логикалық моделін жасау мен оны заң нормаларында бекіту ретінде қалыптасса, екінші жағынан, заң нормаларын іске асыру нәтижесінде пайда болатын қоғамдық қатынастардың нақты жағдайы ретінде көрініс табады. Заңдылықтың осы екінші жағдайда қалыптасуы құқықтық реттілік түсінігін білдіреді және ол мемлекетте, қоғамда, адамдар арасында болатын, олардың қажеттіліктерін, мүдделері мен мақсаттарын қамтамасыз ететін тұрақты құқықтық қатынастар жүйесі ретінде қарастырылады. “Заңдылық” және “құқықтық реттілік” түсініктері бір бірімен тығыз байланысты. Алайда олардың арасында белгілі шек бар. Құқықтық реттілік заңдылық талаптарының орындалу деңгейін сипаттайтын заңдылықтың нәтижесі болып табылады. Егер заңдылық белгілі талаптар қоятын, қоғамдық-саяси өмірдің тәртібін білдірсе, құқықтық реттілік – сол талаптарды орындау нәтижесінде қалыптасатын қоғамдық қатынастардың тәртіпке келтірілген нақты “құқықтық жағдайы”, бір қалыпты құқықтық өмірді білдіреді. Мемлекеттік басқаруда құқықтық реттіліктің сақталмауы қоғамдағы жағымсыз құбылыстардың орын алып, кеңінен таралуына себепкер болады.

Мемлекеттік басқаруды тиімді ету үшін заңдылық пен құқықтық реттіліктің сақталуын қамтамасыз ету қажет. Оған мәжбүр етуден гөрі әркімнің өзі түсініп, саналы түрде орындау арқылы қол жеткізген абзал. Ал бұл мемлекеттік басқарудағы тәртіпке байланысты.

Тәртіп - әр адамның келісілген ережелерді, нормаларды орындау, пікір алмасу, нақтылы бір тапсырмаларды атқару процедураларын мойындап, қатаң сақтауында тұратын қоғамдық байланыстар нысаны. Ол заңдылықпен тығыз байланысты, әрі оны қамтамасыз ету құралы болып табылады. Мемлекеттік басқарудағы тәртіп басқару шешімдері мен іс-әрекеттен және пікір алмасулардан байқалады. Ол көптеген құрылымдардың өзара іс-әрекетін ұйымдастыратындықтан мемлекеттік басқарудың жүйелілік көрсеткішін, басқарушылық күш-жігер мен ресурстардың өнімділігін арттыратындықтан ұтымдылық көрсеткішін, басқарушылық ықпалдарды үйлестіретіндіктен, олардың адамдарға әсерін арттыратындықтан тиімділік көрсеткішін қалыптастырады.

Тәртіптің жеке іс-әрекеттерде көрініс алуынан (жұмысқа уақытында келу, құжатты уақытында дайындау мен жіберу және т.б) әрбір мемлекеттік орган белсенділігінің тұтас нәтижесі қалыптасады, ал одан – қоғамдық процестерді мемлекеттік басқару деңгейі туындайды.

Тәртіп мемлекеттік орган қызметкерлерінің тиісті басқарушыға бағынатындығын, басқарушылық шешімдерді орындайтындығын, өздерінің лауазымдық функциялары мен өкілетіктеріне жауапкершілікпен қарайтындығын білдіретін орындаушылық мазмұнға ие болады. Орындау тұлғаның өзіне, оның ұятына, сонымен бірге сыртқы жағдайларға: басқарушылық қызмет шамасы мен нұсқауларының сапасына, басқарушылық ақпараттың толықтығына, қызмет орнының техникалық қамтамасыз етілуіне, ұйымдық құрылымның тиімділігіне, кадрларды дайындаудың жалпы және кәсіби деңгейіне, мемлекеттік қызметті моральдық және материалдық ынталандыруды ойластыруға, ұжымдағы моральдық-психологиялық климатқа байланысты.

Мемлекеттік басқарудағы тәртіп түрлері бағытталуы мен мазмұнына қарай: 1) жалпы жоспарлы; 2) келісімді; 3) қаржылық ( бюджеттік, ақша айналымы, банк қызметі, салық, несие, инвестициямен байланысты); 4) қызмет тәртібі; 5) есептік-статистикалық; 6) еңбек тәртібі; 7) штаттық тәртіп; 8) оқу тәртібі болып бөлінеді.

Мемлекеттік басқару қанда да бір формациялық қоғамда жүзеге асса да ол жоспарлылықтан және оны қамтамасыз ететін жоспарлы тәртіптен тыс бола алмайды. Бұл жерде сөз алға негізделген мақсаттарды қоюдың қалыпты процесі мен оларға қол жеткізу үшін келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру туралы болып отыр. Мемлекет қоғаммен тарихи уақыт шеңберінде өзара іс-әрекет жасайды және оның сенімді болжаусыз, бағдарламасыз және жоспарсыз, қандай да бір шешім қабылдауға құқығы жоқ. Ал бұл жоспарлар мен жеке жоспарлы тапсырмаларды құру мен оларды орындаушыларға жеткізуде белгіленген тәртіпті сақтау қажеттігін, жоспарлы көрсеткіштердің, тапсырмалар мен нормативтердің орындалуын ресурстық қамтамасыз етілуін, әр түрлі басқарушы субъектілер мен басқарылатын объектілердің арасындағы қызметтің мерзімі мен тәртібін келісуді білдіреді.

Қызмет тәртібі - мемлекеттік қызмет бойынша міндеттер мен құқықтарды, атқаратын мемлекеттік лауазым бойынша функциялар мен өкілеттіктерді жауапкершілікпен әрі адал орындау.

Штат тәртібі – тиісті органдарды ұйымдастыруда белгілі типтік модельдерді ұстануды білдіреді. Басқарушы өзінің аппаратының құрылымын қалыптастыруда кейбір бостандықтарға ие болғанымен де, іс жүзінде тексерілген ұсыныстар, тәжірибелерді елемеу, ескермеу мақсатқа сай емес.

Еңбек тәртібі – еңбек келісімі мен еңбек заңдарының шарттарына сәйкес мінез-құлықты, жүріс-тұрысты анықтайды.

Оқу тәртібі – мемлекеттік басқару қызметкерлерін оқытуда ұйымдастырушылық және әдістемелік ережелерді сақтауды көздейді.

Сонымен мемлекеттік басқарудағы заңдылық әлеуметтік – құқықтық құбылыс ретінде құқықтық реттеу, ұйымдық жағынан қамтамасыз ету, басқару мамандарын даярлау, олардың біліктілігін арттыру, халықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі арқылы арқылы қамтамасыз етіледі.