МАЗМҰНЫ, ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ЖЕТІЛДІРЕ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Басқару қызметкерлерінің мәдениеті әр түрлі қасиеттері бойынша көрініс тапса да, олардың мәдениетінің толық және нақты бағасын жұмыс істеу стиліне қарап беруге болады. Басқарушылық қызмет стилі дегеніміз билік органдарының, қызметкерлерінің күнделікті қызметінде қолданатын әдіс -тәсілдер, құралдар жүйесі; бағынышты қызметкерлерге қатысты жүріс - тұрыс үлгісі. Оның қоғамның басқа салаларындағы қызмет стилінен ерекшеліктері мемлекеттік – биліктік өкілеттіктерге сүйеніп, оны қолданумен байланысты болатын, нақтылай және толықтай нормативтік реттеліп отыратын, басқару әсерін қалыптастыруды және іске асыруды мақсат тұтатын басқару қызметкерлерінің әлеуметтік белсенділігімен айқындалады.

Мемлекеттік басқару стилі келесі элементтерден тұрады: 1. мемлекеттік билік органдарының мақсаттық, функционалдық және ұйымдық сипаттамалары; 2.басқару органдары қызметтерінің заңды түрде бекітілген және жүзеге асырылатын әдістері, процедуралары, нысандары; 3.қызметкерлердің жалпы мәдени, кәсіби және жеке қабілет деңгейі.

Басқарушылық қызмет стилі саяси режимдерге байланысты және соған сәйкес қалыптасады. Осыған орай ғылыми әдебиеттерде бірнеше басқару стилдері қарастырылған, атап айтқанда, директивті (әкімшілік, автократиялық, авторитарлық), демократиялық (ұжымдық, кооперативтік) және либералдық.

Директивті стилге биліктің шектен тыс орталықтандырылуы, көпшілікпен және бағыныштылармен санаспаушылық тән, мұнда нені қалай істеу керектігін басшы өзі шешеді.

Демократиялық стилде бағыныштыларға еркіндік беру арқылы, олардың белсенді түрде араласуы нәтижесінде шешімдер әзірленіп, қабылданады. Жұмысты орындауға қажетті алғышарттар жасалып, оның нәтижесі әділ бағаланады. Адамдармен сыйласымды қатынастар орнатылады.

Либералдық стиль басшының бағыныштылардың іс-әрекеттеріне араласпауымен сипатталады. Ол жауапкершіліктен қашқақтап, тіпті ұжым қызметінің ең күрделі мәселелерін шешуге де қатыспайды.

Аталып өткен стильдерден басқа әркім нені және қалай істегісі келсе өз бетінше орындайтын анархиялық стиль; белгілі бір шараны орындау, атқару кезінде ғана аса белсенділік танытатын, келесі жағдайларға дейін салғыртсу, әрекетсіздік білдірілетін кампаниялық стиль (кампанейский), көбінесе бұйрыққа, қызметтік тәуелділікке негізделіп, дөрекі психологиялық қысым жасалатын еріктілік стиль түрлері белгілі. Сонымен қатар нормативтік, яғни көпшілік мойындаған, қоғам қолдайтын жалпы ортақ стильді, нақтылы басқару қызметінің жағдайларына, түрлеріне және қызметкерлердің қабілетіне байланысты қалыптасатын жеке стильдерді де атауға болады.

Американдық психолог Курт Левин (1890-1947 ж.ж.) директивті басқарудағы қызметті ең өнімді деп санаған. Демократиялық басқару ең көп тараған және өнімділік пен сапа көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Басқарудың либералды стилі барлық жағынан нашар болып шықты. Левин мінез-құлықтық бағыттың өкілі болып табылады, себебі оған дейін басқару тиімділігін басқарушының жеке қасиеттерімен емес, бағынышты қызметкерлерге қатысты жүріс-тұрыс үлгісімен анықтайтын тұлғалық және жағдайлық теориялар орын алған болатын. Осыған байланысты стилдер автократиялық және демократиялық болып жіктеледі. Авторлар сәйкесінше оларды «барлық күш-жігерін жұмысқа жұмылдырған» және «барлық күш-жігерін адамдарға бағыттаған» деп бөледі.

Барлық күш-жігерін жұмысқа жұмылдырған басшы үнемі мәселенің дұрыс қойылуы мен еңбек өнімділігін арттыру жайлы ойлайды. Ал «барлық күш-жігерін адамдарға бағыттаған» басшы еңбек өнімділігінің өсуін тек адами қатынастарды жетілдіру жолдары арқылы ғана өз мақсаты етіп қояды.

Бірақ басшы тек жұмысқа ғана өз назарын аударып, қызметкерлеріне мүлдем көңіл бөлмеуге болмайтындығы кейіннен белгілі болды. Ол қандай да бір дәрежеде адами қатынастарды ынталандыруға, қарамағындағылардың қажеттілігін қанағаттандыруға мәжбүрлі. Авторитарлық бағыттың да, адами қатынастар позициясын ұстанушылардың да жақтаушылары бар. Екі бағыт та тәжірибе жүзінде оң қолдауға ие болды және олар жұмыспен қанағаттанушылық, жоғары еңбек өнімділігінің болуымен бағаланады. Алайда, тәжірибе жүзінде бұл көрсеткіштердің өсуін қандай да бір стилмен байланыстыруға болмайды. Жұмыспен қанағаттанушылық пен еңбек өнімділігінің жоғары болуы авторитарлық басқарудың нәтижесінде және керісінше, қарама-қарсы нәтижелер демократиялық басқару стилінде де болуы мүмкін.

Нақты өмірде аталмыш басқару стильдерінің ешбірі де таза күйінде көрініс таппайды. Әрбір басшының мінез-құлқынан (жүріс-тұрысынан) аталған үш стильдің барлығына тән жалпы ерекшеліктерді кездестіруге болады. Әр түрлі адамдар мен ұжымдарды басқаруға сәйкес келе беретін әмбебап басқару стилі жоқ. Көбіне олар ұштасып, сабақтасып, қандай да бір стильдің басымдыққа ие болуымен сипатталады. Дегенмен мемлекеттік басқарудың демократиялық стилінің мақсатқа сай, нәтижелі және перспективалы екендігін тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл стиль басқарушылық процестерді тұрақтандыруға және сол арқылы ұтымды әрі тиімді қоғамдық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.