МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ: ТҮСІНІГІ МЕН БАҒАЛАУ ӘДІСТЕРІ

Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің мәселесі қазіргі кездегі ғылым пен тәжірибенің басты назарындағы мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселеге шетел және ресей ғалымдары да өздерінің ғылыми еңбектерін арнағаны белгілі.

«Қызмет тиімділігі» түсінігі кез келген қызмет түріне, оның ішінде басқарушылық қызметте де қолданылады. Экономикалық ғылымда экономикалық тиімділік категориясы және оны бағалаудың тиісті өлшемдері енгізілген. Нарықтық бәсекелестік жағдайында фирманы басқару процесінде қатысты қазіргі заманғы менеджментте де осы категория пайдаланылады. Оларды бірқатар өзгертулер енгізе отырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі түсінігін анықтау барысында қолдануға болады.

«Қызмет тиімділігі» түсінігі мемлекеттік басқару теориясында жеткілікті деңгейде қаралмаған және іс жүзінде толыққанды қолданылмаған ұғымдардың біріне жатады. Ал жалпы қоғамның, әрбір басқарушының, басқарылатындардың басқаруға және оның шешімдерін жүзеге асыруға жұмсалған шығындардың қандай нәтиже бергенін білуі қажет. Сондықтан басқару тиімділігі жайлы толық ақпаратқа ие болмай және оны өлшеуге ұмтылыс жасамай басқаруды бақылау және оны жетілдіру жолдарын анықтау мүмкін емес. Көптеген деректер осындай жағдайдың жетілмеген, жүзеге аспаған мемлекеттік басқарудың басты себебі болып табылатындығын дәлелдейді. Саясаткерлер барлық игіліктерге қол жеткіземіз десе де, көбіне мақсаттар мен жоспарлар орындалмай қалады, күш-жігер орынсыз жұмсалып, маңызды қоғамдық және жеке құндылықтарға қол жетпей жатады. Сондықтан басқару тиімділігінің мәселесі аса маңызды, мемлекеттік басқарудың объективтілігімен тікелей байланысты.

Жалпы тиімділік екі жағдайда: біріншіден, қол жеткен нәтиже мен шыққан шығындар арасындағы айырмашылық «оң» сальдоны, яғни адам еңбегінің әкелген пайдасын көрсеткенде, екіншіден, осы айырмашылық қоғамның, адамдардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті болған кезде көрініс табады. Кез келген қызметтің нәтижесінде рухани және материалдық өнімнің өсуі болмаса, әлеуметтік жағдай жақсармаса, онда ол қызмет түрі тиімді деп саналмайды. Сонымен бірге өнімнің өсуіне қол жеткізілген, бірақ ол адамдардың мұқтаждықтарына, олардың мәселелерін шешуге қолданылмаған жағдайда да тиімділік жоқ есептеледі.

Әртүрлі мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары көптеген объект түрлерін басқарады және олардың әрқайсысының басқару тиімділігі де әрқилы болады. Мысалы, қандай да бір басқарылатын объект белгілі бір өнім өндірген немесе әлеуметтік қызмет көрсеткен кезде туындайтын өндірістік тиімділік. Басқарылатын объектілердің қызметінің нәтижесінде көрініс табатын басқарудың мұндай тиіміділігі өндірілген өнім мен оны өндіруге кеткен шығындар арасындағы арақатынасты білідіреді.Ол басқарылатын объект шеңберінде еңбекті ұйымдастырумен байланысты, технологиялық сипатқа ие және нормативтік-құндық-шығын көрсеткіштері бойынша өлшенеді.

Орталықтандырылған жоспарлы экономикада өндірістік тиімділікке қатты көңіл аударылды. Кәсіпорындар (ұйымдар) берілген номенклатуралық-натуралдық көрсеткіштерге міндетті түрде қол жеткізуі керек еді. Өндірілген өнімнің қоғам мүшелерінің талаптарын қанағаттандыруы өндірушілер мен оларды басқаратын мемлекеттік органға да аса қажет болмады. Өндірістік тиімділікке бағытталу нәтижесінде қоғамда – инфляция, сапалы тауар тапшылығы, жартылай бос нарық орын алып, ал өндіріс саласында – ешкімге керегі жоқ өнім өндіретін кәсіпорындардың өзінде жоғары көрсеткіштер мен жақсы табысқа қол жеткізілді.

Нарықтық қатынастарға өту аталған жағдайды өзгерттді, бірақ басқарылатын объектілердің барлығы үшін емес. Олардың бірқатары – өндіріс кезеңінде де, әлеуметтік қызмет көрсету саласында да өндірістік тиімділікке бағыт-бағдар жасайды. Сондықтан оған салыстырмалы экономикалық және әлеуметтік сипат беретін белгілер мен көрсеткіштерді үнемі жетілдіріп отырған жөн.

Нарықтық экономикасы дамыған елдерде өнімді өндіру жеткіліксіз, оны айналым кезеңіне (бөлу және айырбастау) өткізіп, сатып алушыларға сату қажет. Көптеген өндірушілер үшін ұдайы өндірістік кезең сауда – саттық әрекетін жасаумен аяқталады. Осы кезде өнім тұтынушыға жетіп, басқару тиімділігінің екінші түрі – экономикалық тиімділдік туындайды. Экономикалық тиімділіктің өндірістік тиімділікке қарағанда көпқырлы және терең мағынасы бар. Ең бастысы ол қоғамдағы қандай да бір өнімге деген қажеттілікті білдіреді, сұраныс пен ұсыныс арақатынасын сипаттайды, өндірушіге ұдайы өндірістік процестің барлық кезеңдерін анықтап, белгілейді. Өндіруші өндірілген өнім үшін нақты ақысын алады, ал бұл жаңа және ұлғаймалы өндірісті бастауға мүмкіндік беретін шығындалған ресурстарды қайтаруға және табыс табуға жағдай жасайды. Осындай тура және кері байланыс салдарынан экономика өзіне қажетті серпінділікке және өзін-өзі басқаруға ие болады. Нарықтық экономикадағы барлық өндірушілердің негізгі мақсаты экономикалық тиімділікке қол жеткізу және басқару субъектілерінің, оның ішінде мемлекеттік басқару субъектілерінің де күш-қайраты осыған бағытталған. Экономикалық тиімділіктің басқарылатын объектілердегі және басқарушы кіші жүйелердегі басқару тиімділігін талдау мен бағалау үшін маңызы зор. Оның шындыққа жанасуы (достоверность) өндіруші-монополистер, бағаны жасанды түрде көтеру, нақты экономикалық процестерге тән тағы басқа құбылыстар орын алатын нарықтық экономиканың оңтайлылығымен байланысты. Сондықтан мемлекет экономикалық іс-әрекеттің ұтымды ережелерін жасап қоймай, басқарудың экономикалық тиімділігін анықтау арқылы олардың орындалуын бақылап отыруы қажет.

Қоғам үшін өндіріс, бөлу және айырбас кезеңдерімен қатар экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштері бар тұтыну кезеңінің де маңызы зор. Өнімді алу жеткіліксіз, оны тиісті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолдану керек. Өнім кейде сапасыз болуы, істен тез шығуы, үлкен шығындарды қажет етуі мүмкін. Кейде қымбат өнімнің өзі өзіне барабар қажеттілікті қанағаттандыра алмайды. Нәтижелі тұтыну ұғымы өндіріс құралдарын пайдалану деңгейін сипаттайды. Өсім беретін, еңбек өнімділігін арттыратын, ұлттық табысты құрайтын осы нәтижелі тұтыну. Сондықтан тұтыну кезеңінде өнімнің қоғамға, адамдарға қандай пайда әкелетінін білген жөн. Оны біз басқару тиімділігінің үшінші түрі - әлеуметтік тиімділікті қарастыру барысында анықтай аламыз.

Әлеуметтік тиімділік – бұл қоғамның қандай да бір өнімді қолдану немесе нақты жұмыс түрін атқару барысында, сонымен қатар тиісті материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтарды пайдалануда жалпы оң нәтижелерге қол жеткізуі. Егер оны “өндіріс-бөлу-айырбас-тұтыну” жүйесіне қолданатын болсақ, ол тек өндіріс кезеңінде ғана емес, басқа да кезеңдерде орын алып, жүйе үшін ортақ болып, жалпы оның жағдайын сипаттайды.

Әлеуметтік тиімділік кез келген еңбектің маңыздылығын, ұтымдылығын және тиімділігін көрсетеді. Егер өнімге кеткен шикізаттық, энергетикалық және басқа да материалдық шығындарды “шегеріп тастасақ”, онда адамдардың еңбегі және таланты, білімі мен тәжірибесі, біліктілігі мен ар-ұяты толығымен әлеуметтік тиімділікте көрініс табады. Әлеуметтік тиімділіктің көлемі қоғамдық құрылымдар мен реттеуіштердің ұтымдылығын сипаттайды. Егер экономикалық немесе өндірістік тиімділікке табиғатқа және қоғамдық өмірдің басқа жағдайлары мен факторларына (әлеуметтік инфрақұрылымға, адамдардың денсаулығына және т.б) зиян келтіру есебінен қол жеткізілсе, онда мұндай жағдайларды әлеуметтік тиімділік деп айта алмаймыз. Сонымен қатар тапқан табыстарға сай келмейтін қорларды қолдану арқылы уақытша, қысқамерзімді қол жеткізген жетістіктер әлеуметтік тиімділікті білдірмейді.

Әлеуметтік тиімділік жоғары сапа мен қазіргі заманғы технико-технологиялық көрсеткіштерге негізделген. Онда ғылыми-техникалық революцияның жетіктіктері толық көрініс табады. Ол тек басқару субъектілерін, ең алдымен мемлекеттік билік пен жергілікті басқару органдарын ұтымды ұйымдастыру, басқарылатын объектілердің оптималды қызмет жасауы, олардың белсенділігінің қоғам заңдылықтарымен және мүдделерімен сәйкес үйлесуінің нәтижесінде пайда болады. Әлеуметтік тиімділіктің мәні оның тұрақты, өндіруші, прогрессивті болуында, жүзеге асқан қызметтің қолданған нәтижесі ғана емес, сонымен қатар болашақта дамудың қайнар көзі мен құралына айналып, қоғамдық өмірдің ұдайы өндірісінде берік және тұрақты буыны ретінде көрініс табуында.

Мемлекеттік басқару жайлы жоғарыда айтылғандар онымен атқарылатын іс-әрекеттің барлығы басқарудың әлеуметтік тиімділігімен өлшеніп, бағалануы керек деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мемлекетке қоғамның нысаны ретінде барлық қоғам үшін, онда болып жатқан құбылыстар, қарым-қатынастар мен процестер жүйесі үшін жауапкершілік жүктеледі. Ол адамдардың құқықтары мен бостандықтарын заң жүзінде анықтап және қорғай отырып, сонымен бірге олардың ұтымдылық пен тиімділік тұрғысынан пайдалануын қадағалайды. Адамдардың тек ұятына, адал ниетіне, адамгершілік қылықтарына ғана сенім білдіру жеткіліксіз. Тек қана заңға, мінез-құлық пен іс-әрекет нормаларының орындалу міндеттілігіне ғана сенім артуға болады. Ал олардың нақты орындалу деңгейі қоғамға, адамдарға белгілі пайда әкелетін, оларды материалдық және рухани аспектіде дамытатын әлеуметтік тиімділікпен анықталуы қажет.

Мемлекеттік басқару қызмет түрі ретінде басқа басқару түрлерінен ең алдымен, мемлекеттік билік және мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылатындығымен, әлеуметтік топтар мен азаматтардың қоғамдық мүддесін білдіретін саяси басшылықтың, саясаттың басым рөлге ие болатындығымен ерекшеленеді. Сондықтан “мемлекеттік басқарудың тиімділігі” түсінігінің және оның өлшемдерінің (критерий) мазмұнды анықтамасы “шығындар-өнім шығару” (затраты - выпуск) моделі бойынша технологиялық операцияларды емес, бірқатар саяси аспектіден тұратын саяси субъектінің басқару қызметінің элементі болып табылады.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі қабылданған шешімдердің іске асырылуының “шығындар-өнім шығару” немесе “шығындар-нәтиже” іспетті объективті көрсеткіштерімен емес, саяси жүйенің стратегиялық мақсаттарына жету және жалпы мемлекеттік мүдделерді жүзеге асырудың нәтижелері мен қолданылған әртүрлі ресурстардың арақатынасы арқылы анықталады. Шығындар мен нәтижелердің арақатынасының өлшемі жеке, нақты шешімдердің тиімділігінің шартты көрсеткіші ретінде қолданылады, бірақ экономикалық талдауларға қарағанда аталған терминдердің мағынасы кең ауқымда қолданылады. Қызмет (минималды шығындар тұрғысынан алғанда) тиімді-үнемді болуы мүмкін, бірақ алға қойылған әлеуметтік – саяси мақсаттарға жету жағынан тіпті тиімді болмауы мүмкін. Тиімді қызмет әлеуметтік-саяси аспектіде нәтижелі болғанымен де үнемі үнемді, әсіресе ұтымды бола бермейді.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, мемлекеттік басқару тиімділігінің түсінігіне оның мақсатты бағытталған және мақсатқа сай қызмет ретінде өзіндік мәні көрініс табатын анықтамасы тән. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі нәтижелер мен қол жеткізген қоғамдық мақсаттардың және пайдаланылған мемлекеттік ресурстардың арақатынасын білідретін ұғым. Тиімді басқару – қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандыру барысында оң нәтижелерге қол жеткізетін қызмет түрі. Тиімділік – басқарушы субъектінің және қоғамның алдыға қойылған мәселелерді шешу үшін жұмсаған күш-жігерінің (ресурстар) қаншалықты әлеуметтік маңызы зор нәтижелерде іске асқанын (көрініс тапқанын) білдіретін көрсеткіш.

Сонымен “мемлекеттік басқарудың тиімділігінің” категориясы келесідей түсініктер арқылы анықталады: “қоғамдық мақсаттар”, “нәтижелер”, “қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделер”. Олардың әрқайсысы мемлекеттік басқарудың саяси астарымен бірге өзіндік белгілерін анықтайды. “Қоғамдық мақсаттар” – түптеп келгенде – бұл саяси мәнді мақсаттар; “нәтижелер”- (саясатта көрініс тапқан) қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандырумен байланысты болатын объектілер, қызметтер, үрдістер; “мемлекеттік ресурстар” – қоғамдық мақсаттарға сай болу тұрғысынан да, құқықтық негізделуі жағынан да мемлекетпен белгіленетін экономикалық, әлеуметтік, саяси, идеологиялық, ақпараттық капиталдар.

“Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің” түсінігін анықтағаннан кейін тиімділік өлшемдерін қарастырған жөн. Тиімділік өлшемдері басқарудың көрініс табуының белгілерін, қырларын, әртүрлі жақтарын білдіреді. Оларды талдау арқылы басқару деңгейі және сапасы, оның қоғамның қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес келуі анықталады.

Жүйенің, яғни мемлекеттік басқарудың субъектілері мен басқарушы объектілерінің жиынтығының, атқарған қызметінің нәтижесін көрсететін мемлекеттік басқарудың жалпы әлеуметтік тиімділігінің өлшемдері (критерилері) құрайды. Мұндай өлшемдер бір жағынан, қоғамдық дамудың (жалпыұлттық, аймақтық) қажеттіліктерімен, мүдделерімен және мақсаттарымен объективті түрде байланысты, ал екінші жағынан, толғағы жеткен қажеттіліктердің, мүдделер және мақсаттардың мемлекеттік басқару арқылы қанағаттандырылатын шамасын көруге және бағалауға мүмкіндік береді. Осылардың негізінде мемлекеттік басқарудың қоғамның серпінділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге қаншылықты дайын екендігін анықтауға болады.

Мемлекеттік басқару қоғамдық, ұжымдық және жеке қажеттіліктердің, мүдделер мен мақсаттардың дамуын үнемі және объективті түрде зерттеуі, бағалауы және талдауы, сонымен бірге оларды жүзеге асырудың ұтымды формаларын, ресурстары мен құралдарын табуы қажет. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ұтымдылығы тұрғысынан алғанда қажеттіліктер мен олардың негізінде туындайтын мәселелердің қоғамдық ресурстарды ұтымды қолдану арқылы, тұрақты да сенімді түрде дер кезінде және толығымен қанағаттандырылуы және шешілуі өте маңызды.

Басқарудың жалпы әлеуметтік тиімділігінің өлшемдеріне (критерилеріне) келесілерді жатқызуға болады:

а) өзінің сәйкес түрлері бойынша әлемдік параметрлермен салыстырылатын еңбек өнімділігінің деңгейі;

б) БҰҰ-ң әдістемесі бойынша есептелетін ұлттық байлықтың қарқыны мен

ауқымы;

в) жан басына шаққандағы және әртүрлі категориялардың табыстарына

бөлгендегі, сонымен бірге дамыған елдердің стандарттарымен салыстырғандағы адамдардың өмір сүру деңгейі;

г) қоғамдық қатынастардың тәртіптілігі, қауіпсіздігі және сенімділігі, олардың

оң нәтижелерге қол жеткізе отырып одан әрі дамуы.

Аталған мемлекеттік басқарудың жалпы әлеуметтік тиімділігінің өлшемдері қоғамдық өмірдің салалары бойынша бөлінеді. Егер қарқынды дамушы елдердің экономикасындағы процестерге көңіл аударатын болсақ, мұнда ең бастысы – еңбек өнімділігінің өсуіне, шығарылатын өнімнің сапасының, түрлерінің артуына алып келетін жаңа ғылыми-техникалық жетістіктерге негізделген қоғамдық өндірісті ұлғайту екендігін аңғаруға болады. Әлеуметтік салада әр елде әртүрлі болып келетін қоғамдық қатынастардың заңдылықтары мен нысандарын ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік қағидасын жүзеге асыруға ұмтылыс жасалуда. Рухани сферада, зиялы қауым арасында әрбір адам адамгершілік деңгейі, ішкі-сыртқы мәдениеті жоғары болып, еркін, демократиялық қоғамның тұлғасы ретінде қалыптасуы керек деген түсінік орын алуда. Мемлекеттік басқару үшін саяси сферадан туындайтын жалпы әлеуметтік тиімділік өлшемдерінің маңызы зор. Ол басқару нәтижелерін талдау үшін қажет өлшемдер емес, керісінше, қоғамның әлеуметтік, рухани, экономикалық сфераларының тиімді даму көрсеткіштеріне басқарудың қандай нысандарын, әдістерін, тәсілдерін қолдану арқылы қол жеткізуге болатынын көрсететін өлшем-құралдары. Себебі саяси құралдар да басқарудың нәтижелері үшін аса маңызды. Саясат саясат үшін емес, қоғам үшін қажет.