АРТТЫРУДА ЕСЕПКЕ АЛЫНАТЫН ФАКТОРЛАР

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселесі бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптардың біріне жатады. Ғалымдар арасында бұл мәселені зерттеу барысында әртүрлі көзқарастар қалыптасқан және оны шешу жолдары туралы да ортақ пікір жоқ. Аталған мәселені тиімділіктің жалпы жүйелік факторларын талдау негізінде қарастыру мемлекеттік саяси-идеялық және стратегиялық факторларды ескеруді ұйғарады. Басқару тиімділігін талдауда экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқықтық және республика субъектілерінің кіші жүйелері деңгейінде жалпымемлекеттік факторлар негізгі фактор ретінде қарастырылады. Кіші жүйелер мен деңгейлерде билік пен басқаруды ұйымдастырудың мақсаттарының және стратегияларының, құрылымдық нысандарының өзіндік ерекшеліктерімен байланысты факторлар тікелей талдау объектісі болып табылады. Ұйымдарды басқарудың тиімділігін талдау барысында басқарушылық қызметтің нақты тәсілдерінің, әдістері мен құралдарының тиімділікке тигізетін әсері түсіндіріледі. Жалпыжүйелік және аймақтық факторлардың рөлі корпоративтік масштабтағы басқару жағдайлары мен механизмдерін талдау арқылы айқындалады.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің жалпыжүйелік факторлары келесі факторлар тобын анықтайды:

· мемлекеттің стратегиялық мақсаттары, негізгі құндылықтары, қоғамдық жүйенің даму моделдері мен легитимдік концепциялары; саяси бағыт;

· мемлекеттік билік пен басқару жүйесін ұйымдастыру және оның біртұтас организм ретінде қызмет етуі; біртұтас саяси және құқықтық кеңістік;

· мемлекеттік аппараттың жағдайы, оның басымды нысандары, басқарушылық қызмет әдістері мен стилі; кәсіби біліктілік; халықтың билікке сенім арту және мемлекетті басқаруға қатысу деңгейі;

· қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылығы (немесе тұрақсыздық).

Әрбір саяси жүйеге өзінің құндылықтар жүйесі тән екені белгілі. Құндылықтар – бұл мемлекеттің жинақталған мақсаттары: олар жалпымемлекеттік мүдделер мен саяси стратегияның рухани негізін құрайды, мемлекеттік басқару жүйесінің идеологиясы мен тұжырымдамасында көрініс табады. Бұл – мақсатты құндылықтар. Негізгі құндылықтарға қоғамның қолдауына ие болған, мақсаттарға жету құралдарын білідіретін қолданбалы құндылықтар да жатады. Негізгі құндылықтардың белгілі болуы және оларды нормативтік-құқықтық механизмдермен қатар қызмет пен тәртіптің негізгі реттеушілері ретінде қоғамның мойындауы – билік пен басқару институттарының тиімді қызмет атқаруының негізгі шарты болып табылады. Кеңестік мемлекет пен қоғамға белгілі бір кезеңге дейін халықтың мүддесін білдіретін саяси-идеялық және адамгершілік құныдылықтар тән болды. Олар тарихтың қиын (елді индустриализациялау,Ұлы Отан соғысы, және т.б) кезеңдерінде қоғамның өз өміршеңдігі үшін күресі жағдайында қоғамдық-саяси құрылыстың салыстырмалы тиімділігін қамтамасыз етті. Басқарушы партиямен ресми белгіленетін социалистік құндылықтардың дискредитациялануына қарай кеңестік режимнің рухани негізі әлсірей бастады. Бұл оның құлдырауын алдын-ала анықтаған еді.

Кеңестік құндылықтарды артқа тастап, жаңа саяси режим батыс европалық үлгідегі либералдық-демократиялық құндылықтарды мойындайтынын жария етті. Қазақстан Республикасының Конституциясында қоғамның түпкі нормаларын (демократиялық құқықтар мен бостандықтар және т.б.) білдіретін негізгі мемлекеттік құндылықтар заңдастырылған.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің келесі негізгі факторы билік пен басқару жүйесін ұйымдастыру және оның біртұтас организм ретінде қызмет етуі. Бұл фактор кез келген дамыған мемлекетте анықтаушы рөл атқарады. Мемлекеттік құрылым мен саяси режимнің ұлттық нысандарына қарамастан басқару тиімділігі, біріншіден, мемлекеттік басқару жүйесінің нақты біртұтастығымен және оған қатысушы басқарушы субъектілердің қызмет ету ережелерінің біріңғайлығымен; екіншіден, құқықтық тұрақтылықпен және жоғары құқықтық мәдениетпен; үшіншіден, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс-әрекеттік қабілеттілігімен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік аппараттың жағдайы, оның қызмет сапасы, халықтың билік органдарына сенім білдіру деңгейі – мемлекеттік басқарудың тиімділігі мәселесінің шешілуіне тікелей әсер ететін факторлардың маңызды кешенін құрайды. Мемлекеттік аппарат – атқарушы және басқарушы органдардың жиынтығы, ол басқа мемлекеттік органдармен басқару функциясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік механизмнің бір бөлігі. Мемлекеттік аппарат- өз өкілеттіктерінің шеңберінде белгілі функциялар мен міндеттер атқару үшін билік құзыретімен және қажетті құралдармен (материалдық) қамтамасыз етілген, мемлекеттік қызметкерлерден тұратын ұтымды ұйым.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі жоғары кәсіби біліктілігі, инновациялық ойлау қабілеті бар, басқарушылық қызметтің демократиялық стилін мойындайтын және мемлекеттік мүддені басшылыққа алатын қазіргі кездегі бюрократияның болуымен байланысты.

Қазіргі заманғы радикалды бюрократия мемлекеттік басқарудың тиімділігінің факторы ретінде мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық институттардың төменгі буындарының бақылауында болғаны жөн. Әйтпесе басшылық лауазымдарды өз мүдделерінің құралына айналдырып, тиімділікке қол жеткізуге теріс әсерін тигізеді.

Мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін демократиялық (тиімділік) сипатта ұйымдастыру барысында қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін. Бұл аппараттың ашықтығы, мемлекеттік қызмет үшін кәсіби дайындалған әрбір адамның сол аппарат құрамына кіруі мен халықтың басқа топтарына қатысты заңдастырылған мәртебелік басымдылығын жүзеге асыру шарты ретінде корпоративтік жабықтылыққа беталыс арасындағы қарама-қайшылық. Мемлекеттік қызметкерлердің мәртебелік артықшылығы соңғы жылдардағы ғылыми әдебиеттерде “әкімшілік-саяси элита” деген түсінікпен анықталады. Әлеуметтік және мемлекеттік басқару бойынша шетелдік әдебиеттерде “элита” түсінігі өте сирек кездеседі. Мысалы, қызметкерлердің басқарушылармен арақатынасын сипаттай отырып, авторлар “лидер”, “ұстаз”, “педагог” іспетті оң қабылданатын терминдерді қолданады. Осындай терминологияның астарында менеджмент теоретиктері мен практиктерінің гуманистік және демократиялық ұстанымдары байқалады.

Атқарушы билік органдарының қызметіне қоғам тарапынан демократиялық бақылау орнатуға мемлекеттік қызметкерлердің көзқарасын анықтау мақсатында зерттеушілер сауалдама жүргізген. Алынған мәліметтер бойынша сұралған адамдар екі шартты топқа бөлінеді: “демократиялық бағытталған” және “әкімшілік бағытталған”. Сұрау жүргізілген адамдардың жалпы санының 14 пайызын құрайтын топ бірінші тұрпатқа жатқызылды, қалғандары (сұрау жүргізілген адамдардың 86 пайызы ) – мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік бағытталған топты құрады. Олар аппарат ішіндегі дәстүрлі әкімшілік механизмдерді: есеп беру, жоспарлау және т.б. өз жұмыстарын жақсатру факторлары деп есептейтін қызметкерлер.

Жүргізілген зерттеулер қоғамға кеңінен танымал фактіні дәлелдеп берді: сұралған адамдардың көбі (80%) атқарушы билік органдарында орын алған саяси атмосфераның толықтай қанағаттандыратынын білдірді. Сонымен бірге бұл қызметкерлердің 3¤4 бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы билікте қызмет атқарған. Жалпы авторлар бұл фактінің тигізетін қандай да бір теріс әсерін байқамайды. Және олар зерттеу нәтижесінде келесідей қорытындыға келеді: ”…іс-әрекеттің негізгі себебі ретінде мемлекеттік қызметкерлер тобының құрамына кіруі, біріншіден, шенеуніктердің негізгі бөлігінде “қандай билікке қызмет етемін” деген мәселенің туындамауын, екіншіден, атқарушы билік органдарында кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді ұйғарады.

Осы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде көптеген мемлекеттік қызметкерлердің моральдық нормалар мен тыйымдарға жете көңіл бөлмейтіндіктері анықталды. Ал мұны атқарушы биліктің қазіргі құрамының жақсы қасиеттеріне жатқызу мүмкін емес. Ресейлік зерттеушілердің мәліметтері бойынша қызметкерлердің тек жартысы шынайылыққа, әрбір он адамның төртеуі – принципиалдыққа, төрттен бір бөлігі адалдыққа аса зор мән беретіндігін, тек жеті адамның біреуі ғана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлау қажет екендігін айтып өткен. Осы адамгершілік қасиеттердің шенеуніктердің бойынан табыла бермеуі билік пен басқару органдарының тиімді қызмет атқаруына кедергі келтіретіні сөзсіз.

Мемлекеттік билік пен басқару аппаратының қызметін ұйымдастыру және олардың кадрларын қалыптастыру үшін 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған және 2001 жылы 4 маусымда толықтырылған Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” заңының маңызы зор. Ол елдің мемлекеттік қызметін ұйымдастырудың құқықтық негіздері мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерінің құқықтық жағдайын белгілейді.

Заңда мемлекеттік қызметкерлердің санаты көрсетілген, мемлекеттік қызметті атқару мен оған кіру тәртібі, конкурстарды өткізу қажеттілігі, мемлекеттік қызметкерлерлі аттестациялау тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтің конституциялық нормаларға сай келетін төмендегі принциптері қамтылған: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мойындау, сақтау және қорғау, мемлекеттік билік жүйесінің тұтастығы, қабілеті мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке азаматтардың бәрі бірдей тең құқылығы, мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігі мен өкілеттігі.

Дегенмен де мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен кадр мәселесі әлі де болса өз шешімін толықтай таппай отыр және қайта қарауды талап етеді. Бүгінгі таңда орын алып отырған жағдайлар мемлекеттік қызметкерлерді тиімді қызмет атқаруға ынталандырмайды, сапасыз атқарған жұмыстар үшін, шешімдердің орындалмағаны үшін жауапқа тарту шараларын қолдану мәселелерін шешпейді. Осының бәрі билік пен басқару органдарының қызметін қиындатады, көбінесе заңға қарама-қайшы әрекет етуге алып келеді, олардың қызметіне қоғам тарапынан бақылау орнатуды қамтамасыз етпейді.

Сондықтан мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыру үшін бірқатар міндеттерді шешу қажет: бюджеттік шығыстарды көбейтпей-ақ жанама шығындардың үлесін азайту арқылы ақшалай төлемдерді ұлғайту бағытында мемлекеттік аппаратты қаржыландыру жүйесін қайта қарау; мемлекеттік аппарат санының өсуін шектеу;

республикалық және аймақтық деңгейлер үшін мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық өсуінің біріңғай ережесін, оның ішінде біріңғай мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр резервін тиімді қолдану механизмін әзірлеу;

мемлекеттік қызметкерлерді әзірлеу, білімін жетілдіру және еңбегін бағалаудың қазіргі инфраструктурасы мен нормативтік негізін жасау;

мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тарту тәртібі мен себептерін белгілеу.

Қоғамның экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылығы мемлекеттік басқарудың тиімділігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі жүйенің қызметінің барлық деңгейінде көрініс табады: жеке ұйымнан бастап жергілікті қоғамға дейін, жергілікті деңгейден аймақтық, аймақтық қауымдастықтан әлеуметтік жүйе мен оның саяси ұйымы – мемлекетке дейін. Тиімділік әрбір деңгейде мақсаттар мен нәтижелердің ара салмағын, мақсаттарда көрініс табатын басқарушылар мен басқарылатындардың мүдделеріне нәтижелердің сәйкес келуін сипаттайтын өзіндік критерийлермен өлшенеді. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігінің жоғары критерийіне оның функцияларының толыққанды жүзеге асуы жатады. Бұл жалпы түрде қоғам мен саяси жүйенің тұрақтылығын, тұтастығын, бірлігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сонымен қатар халықтың барлық топтарының мүдделерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды білдіреді.

Мемлекеттің біртұтастығы мен қоғамның бірлігі – мемлекеттік басқару тиімділігінің нәтижесі, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізі және халықтың әл-ауқатын арттыру шарты. Ал бұдан билік пен басқаруды ұйымдастырудың жалпыжүйелік нысанының түпкі маңызы туындайды.