БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік пен толық мемлекеттік егемендікке қол жеткізген соң азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бағыт алды.

Өткен жылдар ішінде мемлекеттіліктің негізгі институттарының саяси-құқықтық мазмұны өзгерді. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына сай парламенттік-президенттік басқару нысаны таза президенттік басқару нысанына айналды. Президенттілік институты мемлекеттік жүйеде негізгі орын алады, ол ел ішіндегі жағдайға, мемлекеттік биліктің барлық үш тармағының келісіп жұмыс істеуіне, ішкі және сыртқы саясаттың қалыптасуына ықпал етеді.

Заң шығарушы билік институты да өзгерді. Бір палаталы Жоғары Кеңестен екі палаталы Парламентке ауысу жүзеге асырылды. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.

Атқарушы билік Үкіметтің тікелей басшылық етуімен қызмет етеді, оларға күнделікті мемлекеттік басқару, заңдардың орындалуын ұйымдастыру, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу, экономикалық реформаларды жүзеге асыру жүктелген.

Мемлекеттік биліктің жеке тармағы ретінде сот жүйесі де өзгеріске ұшырады. Жалпы және төрелік соттар бүгінде Жоғарғы сот басқаратын бір жүйеге біріктірілді. Үш жыл (1992-1995) қызмет атқарған бұрынғы Конституциялық соттың орнына Конституциялық Кеңес құрылды. Заң қорғау органдарының жүйесі де қайта ұйымдастырылуда. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттарын қалыптастыру аяқталуда, республикалық гвардия құрылған, мемлекеттік рәміздер бекітіліп, қолданылуда. Республика өзінің ұлттық валютасын енгізді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастыру және құқықтық мемлекет құру процестері жүзеге асырылуда. Құқықтық мемлекет құру дамудың бірнеше кезеңдерін қамтиды және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, қоғамнан, халықтан байсалдылық пен күш-жігерді талап етеді. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтің дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз етуді, қоғамның заңдық және моральдық-адамгершілік негізін дамытуды қажет етеді. Құқықтардың жаңаруын жылдамдатуды, оны қолдану механизмін жетілдіруді ойластыру, азаматтардың оған құрметпен қарауын қалыптастыру, қоғамдағы нақты құқықтық қатынастар мен басқа да заңдық байланыстарды іске асыру бойынша шараларды белгілеуді көздейді. Қалыптасқан құқықтық нигилизмді, яғни құқықтың әлеуметтік құндылығын жоққа шығаруды, заңның талаптарын саналы түрде орындамауды жою, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, азаматтар тарапынан заңдарға жеңіл-желпі қарап, немқұрайлық танытуын жою, адамдардың құқықтық санасын позитивті түрде қалыптастыру мемлекеттің негізгі міндеттеріне жатады. Мәселені осындай кешенді түрде шешу құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құрудың принциптерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің Негізгі заңы болып табылады. Онда қоғам мен мемлекет өмірінің мәселелері заңды түрде рәсімделген және бекітілген: азаматтың және адамның міндеттері мен бостандығы, құқығы, сонымен қатар мемлекеттің құрылу қағидалары мен қоғамның экономикалық негізі. Конституция заңдар мен басқа да нормативтік актілердің негізгі қайнар көзі болып табылады, кез келген органдар қабылдаған заң, Президент жарлықтары, Үкімет қаулысы, министрліктер бұйрықтары, жергілікті мемлекеттік органдар шешімі Конституция принципіне, идеяларына, нормаларына толық түрде сай болуы және солардың негізінде қабылдануы тиіс және оған қайшы келмеуге тиіс. Кез келген құқықтық актінің Конституцияға сай келмеуі немесе оған қайшы келуі бұл құқықтық актіні заңдық күшінен айырады, оны жарамсыз етеді.Конституция ережелерін, нормаларын сақтау талаптары тек мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар ғана емес, сонымен бірге азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер үшін де міндетті.

Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің тәуелсіздігі және егемендігі бекітілген. Қазақстан мемлекетінің егемендігі келесі белгілер арқылы сипатталады: Қазақстан мемлекетінің өзінің Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстанмен шектесетін тарихи қалыптасқан аумағы бар. Мемлекеттің аумағына қол сұғылмайды және бөлінбейді. Мемлекет аумағына баса – көктеп кіру агрессия болып саналады, ал ол халықаралық құқықпен жауапқа тартылады.

Конституцияда қазақстан мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді делінген. Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Президент республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялайды. “Қазақстан республикасының мемлекеттік шекарасы туралы” заң бойынша біздің мемлекет өз аумағының шекарасын құрлықта да, теңізде де, әуе кеңістігінде де Қарулы күштерімен күзетеді. Шекаралық әскер аумақтың тұтастығына төнген кез-келген қауіптерге, қаруланған баса-көктеп кіруге қарсы тұрып, халықты қылмыстық қауіптерден қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттік биліктің жоғары органдарының болуы егемендіктің негізгі белгісі болып табылады. Мемлекет басшысын – Президентті халық сайлайды. Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының Парламенті екі Палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұратын, заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып саналады. Мәжіліс депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі республиканың бүкіл аумағында атқарушы билікті жүзеге асырады. Ол орталық органдардан – министрліктерден, мемлекеттік комитеттерден, комиссиялардан, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан – облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, селолық әкімшіліктерден тұратын атқарушы органдардың жүйесін басқарады. Атқарушы органдардың өкілеттіктері заңда, сонымен бірге арнайы ережелерде анықталады.

Сот билігін арнайы құқық қорғау органдары: соттар, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура жүзеге асырады. Олардың құрылымы, өкілеттіктері арнайы заңдарда анықталады.

Республика азаматтығы да егемендіктің белгісі. Азаматтық мәселелері Конституцияда, “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңда, заң күші бар Президент жарлықтарында анықталған. Азаматтық – мемлекеттің адамдармен тұрақты саяси байланысының көрінісі. Осындай байланыстардан мемлекет пен азаматтардың өзара құқықтары мен міндеттері туындайды. Мемлекет, оның органдары өзінің азаматтары өз бостандықтары мен құқықтарын қолдана алуына жағдай жасауға міндетті. Азаматтар, кез-келген адам Конституция мен заңдарды сақтауға, мемлекеттік тілді, қазақстанда тұратын барлық ұлт азаматтарының тілдерін құрметтеуге, олардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын қадірлеуге, ел экономикасының нығаюына ат салысуға міндетті.

Қазақстан Республикасының басқа елдермен өзара қатынасқа түсе алу қабілеттілігі – бұл да егемендіктің маңызды белгісі. Қазақстан БҰҰ-ның, таға да басқа халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Республика көптеген шетелдік мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасын бекітті. Ол саяси, экономикалық, мәдени мәселелер бойынша халықаралық келісім шарттарға отырады. Ел Конституциясына сай келісім-шарттар жасау өкілеттігі республика Президентіне, Парламентке және Үкіметке жүктелген.

Егеменді мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Қазақстан Республикасы тарихи қазақ жерінде құрылды. Яғни, қазақтар осы аумақта бұрыннан өмір сүріп келе жатқан этнос ретінде табиғи және заңды түрде мемлекетке өздерінің тарихи атауын берген. Сонымен бірге қазақ тілінің мемлекеттік болуы да түсінікті. Ал орыс тілі ресми түрде мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті басқару органдарында қолданылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сай жұрттың барлығына тең құқықтар берілген, түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі үшін құқықтық негіз қаланған. Сондықтан Қазақстан Республикасы – осы елде тұратын барша халықтың мемлекеті. Бұл ереже Конституцияда жазылған мемлекет және оның органдарының қызмет ету қағидаларымен бекітілген. Біріншіден, мемлекет, оның органдары өз қызметтерінде үнемі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Қоғамдық келісім-Қазақстанда тұратын түрлі ұлттық топтар, халықтың түрлі жіктері арасындағы қарама-қайшылықты, қарсы тұруларды болдырмау. Мұндай келісімді қамтамасыз ету қоғам тұрақтылығының, әркімнің тыныш білім алуға, еңбек етуге және өмір сүруге сенімді болуының кепілі. Екіншіден, мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатын қоғамның экономикалық дамуын қамтамасыз ететіндей жүргізуі тиіс. Мұндай даму қандай да бір топтың ғана емес, Қазақстанда тұратын бүкіл халықтың материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы тиіс.

Үшіншіден, мемлекеттік органдар мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешуі тиіс. Бұл жеке жағдайларда, мысалы, Конституция өзгерсе халық оны референдумда шеше алады дегенді білдіреді. Референдумды өткізу тәртібі арнайы заңмен қарастырылған.

Қазақстан Республикасының алдына қойған мақсаты-демократиялық мемлекет құру. Барлық азаматтардың ұлтына қарамастан тең құқықты негізде бірігуі оны құрудың басты шарты болып табылады. Конституцияда қолданылған “халық” деген түсінік осы интернационалдық идеядан туындаған. Саяси-құқықтық мағынада халық деп ел ішіндегі барлық саяси шараларға қатысуға құқығы бар кәмелетке толған азаматтарды айтады. Мысалы, Конституция мен Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Президент жарлығына сай азаматтар, саяси партиялар, басқа да қоғамдық бірлестіктер Республика Парламентінің Мәжіліс депутатына өздерінің кандидаттарын еркін түрде ұсына алады. Оларға қарсы немесе қолдайтын үгіт-насихаттарын жүргізе алады. Барлық саяси партиялар тең құқықты, олардың ешқайсысына жеңілдік болмаса артықшылық көрсетілмейді. Азаматтар өз еріктері бойынша осы не басқа саяси партияға, депутаттыққа ұсынылған кандидаттарға қолдау көрсетуі немесе көрсетпеуі мүмкін. Бұл бүкіл халықтың ойын білдіруге мүмкіндік береді. Азаматтар еш мәжбүрлеусіз Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде өз дауыстарын кімге беретіндіктерін ерікті түрде өздері шешеді.

Азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің ісіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына жол берілмеуі демократияның көрініс алуы болып табылады. Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың мәдени, діни, тіл және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құрылады. Әрине, қоғамдық бірлестіктер Конституцияны, заңдарды сақтауға міндетті. Олар әлеуметтік, ұлттық, діни араздықты тудырмауы керек. Олардың жұмысы мемлекет қауіпсіздігіне нұсқан келтіруге, конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталмауы тиіс.

Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болып табылады. Елде азаматтар өздерінің діни сенімдерін қанағаттандыратын түрлі діни қоғамдар қызмет етеді. Азаматтар қандай да бір дінді мойындауға немесе мойындамауға ерікті. Дін мемлекеттен бөлек, бұл біріншіден, мемлекеттің қандай да болмасын діни идеологияны мойындамайтындығын, екіншіден, мемлекеттік оқу орындарында (мектеп, институт) діни ілімдерді насихаттауға тыйым салынатындығын, үшіншіден, Республикада саяси діни негізде партиялардың құрылуына және қызмет етуіне жол берілмейтіндігін білдіреді.

Қазақстан халқының алдына қойған мақсаты – құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекетте заңдар бүкіл халықтың нақты еркін білдіреді. Барлық адамдар, жоғары лауазымды тұлғадан бастап қатардағы азаматқа дейін заңдардың бүкіл халық мүддесі үшін қабылданып қызмет ететінін, заңдар кез-келген адамның құқығы мен бостандығын қорғайтындығын, заңдардың адамдардың оқуы, семья құруы, жұмыс істеуі, таңдаған іспен айналысуы, қалыпты өмір сүруі үшін табыс табуы, өзін еркін сезінуі, қоғамдық өмірге қатысуы үшін керек қоғамдық тәртіпті бекітетіндігін түсүнуі қажет. Сондықтан азаматтар, лауазымды тұлғалар заң талаптарын қатаң түрде ұстануға міндетті. Азаматтар бұзылған құқықтарын өздері қорғай білуге үйренуі қажет. Ол үшін соттар объективті болуы және азаматтар өздерінің құқықтарын кім бұзса да: қатардағы азамат болсын немесе кез-келген деңгейдегі лауазымды тұлға болсын құқықтарын қорғау үшін сотқа шағымдануы қажет.

Қазақстан Республикасында Конституцияда белгіленгендей әлеуметтік мемлекет құрылуда. Бұл Конституция мен заңдарға сай халықтың ешқандай таптарға бөлінбейтінін білдіреді. Мемлекет халықтың барлық тобын өз қамқорлығына алады: шаруаларды, жұмысшыларды, кәсіпкерлерді, зейнеткерлерді, оқытушыларды және т.б. Қоғамның ең әлсіз қорғалған мүшелеріне – балалар мен аналарға, мүгедектер және қарт адамдарға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіледі. Мемлекеттің әлеуметтік сипаты жастар, зейнеткерлер туралы ерекше заңдарды қабылдауда, сонымен қатар, Президент, Үкімет, арнайы органдар қызметінде де көрініс табады.

Еліміздің Ата заңында көрсетілгендей “Қазақстан Республикасы Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет”. Мемлекеттің біртұтастығы оның әкімшілік – аумақтық бірліктерден тұратындығын және автономияға бөлінбейтіндігін білдіреді.

Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы және оның ең жоғары лауазымды тұлғасы. Конституция бойынша Президент қазақстан халқының бірлігін кепілдендіретін лауазымды тұлға болып табылады, яғни ол халықтың түрлі ұлттық топтарымен әр түрлі жіктері арасында қайшылықтың туындамауын қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Президент азаматтар мен адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде қызметін атқарады. Парламент ұсынған заңдарға қол қояды немесе ол заңдар Конституцияға қарама-қайшы келсе, қайта қарастыруға қайтарады. Президент Конституцияда қарастырылған жағдайлар бойынша заң күші бар жарлықтарды қабылдайды. Егер Парламент өз міндеттерін орындай алмаса, онда Президент оны тарата алады. Президент Үкімет құрамын бекітеді, сонымен бірге оны отставкаға жібере алады. Барлық айтылғандар басқарудың Президенттік жүйесін сипаттайды.

Сонымен қатар Ата заңымызда биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот билігіне бөліну принциптері бекітілген. Заң шығарушы билікті Парламент, ел аумағында атқарушы билікті - Үкімет, сот билігін – Жоғары сот, облыстық, аудандық соттар жүзеге асырады. Аталған органдар біртұтас мемлекеттік биліктің тармақтар болып табылады. Мемлекеттік биліктің әр тармағы өз функциясын өзі атқарады және олар бір-бірінің қызметтеріне араласпауы тиіс. Егер ондай жағдай орын алып жатса, онда тежемелік әрі тепе-теңдік механизмдерін пайдалану қарастырылған. Парламент Үкіметті отставкаға жіберу туралы, Президентті қызметінен кетіру туралы мәселелер қарайды, ал Президент Парламентті тарата алады.

Мемлекеттің атқарушы органдарына Үкімет, министрліктер, мемлекеттік комитеттер, агенттіктер, жергілікті әкімшілік (облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық (селолық) және құқық қорғау органдары кіреді. Мемлекеттік органдардың әр буыны туралы ерекше заңдар бар. Мысалы, прокуратура туралы Конституциямызда оның мемлекет атынан еліміздің аумағында заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің және тағы басқа әрекеттердің заңдылығын жіті қадағалауды жүзеге асыратындығы айтылған. Құқықтық тәртіпті қорғауда ішкі істер органдары да үлкен рөль атқарады. Олардың міндеттері заңда анықталған. Адам құқығын, қоғамды, мемлекетті ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауда ұлттық қауіпсіздік органдарының алатын орны ерекше.