ЕЛІМІЗДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ

ЖЕТІЛДІРУ БАҒЫТТАРЫ

Мемлекеттік басқару жүйесі қоғам дамуының “іргетасы” – экономика мен әлеуметтік өмірімізде ұдайы болып жататын өзгерістерге “құлақ түріп” отыруы керек. Өйткені жаңағы тынымсыз өзгерістер уақытында еленбейтін, сондықтан да есепке алынбайтын болса, онда олар бұрынырақ қалыптасқан басқару жүйесіне қайшы келіп, оны әрі қарай жетілдіре өзгертуге мәжбүр етеді. Мұны қоғам дамуының ғасырлар ғана емес, өткен мыңжылдықтар тәжірибесі айқын дәлелдеп отыр. Ол дәлелдер марксизм ілімдерінің маңызды тармақтарының бірі – қоғамның өндіргіш күш – қуатында болатын жан-жақты өзгерістер өндірістік-экономикалық қатынастардың да сәйкесті өзгеруіне алып келетіндігі жөніндегі ғылыми тұжырымды толығымен растап отыр. Осындай қатынастар жүйесіне мемлекеттік басқарудан туындайтын қарым-қатынастарды да жатқызуға болар еді. Өйткені мемлекеттің даму негізі экономика болса, онда аталмыш қарым-қатынастар да ең алдымен әлеуметтік-шаруашылық сипатта болып, осы бағыттағы заңнамалық шешімдерге сүйенеді.

Осы тұрғыдан келгенде еліміз тәуелсіздік алған кезден (1991 жылдың желтоқсаны) бастап мемлекеттілігімізді жаңадан құру барысында оны басқару жүйесі өзгермелілік жағдайға жиірек ұшырағаны өзінен-өзі түсінікті. Оның басты себебі-экономикалық тоқырау жағдайынан тезірек шығып, щаруашылық жүргізудің жаңа, нарықтық үлгісін орнықтыру, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық өсу қарқынының тұрақтылығына қол жеткізу проблемаларын шешу барысында мемлекеттік басқару органдары жүйесі мен міндеттерін ұдайы жетілдіріп отыру керек болды. Сондықтан да Ел Басшысының жарлықтары мен Парламент қабылдаған заңдар арқылы мемлекеттік басқару органдарының құрылымын әлденеше рет қайта қарастырып, олардың міндеттері мен құқықтарын барған сайын “таразыға салып” отыруға тура келді. Осы үрдіс әлі күнге жалғасып келеді.

Бұл жерде тарихи шолу жасап жатудың қажеті шамалы, өйткені ол біріншіден, бөлек және арнайы зерттеуді талап ететін мәселе, ал екіншіден - өткенді сөз еткеннен гөрі алда тұрған міндеттер жөнінде көбірек айтылғаны оқырманға пайдалырақ болар еді. Сондықтан да мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдірудің негізгі бағыттарына кеңірек тоқталған жөн болар еді.

Ең алдымен мемлекеттік басқаруды жаңарту мақсатында іске асырылып жатырған кең ауқымды шаралар жөнінде айтуымыз қажет. Олардың алдыңғы қатарында бюджет жүйесі мен ұлттық қордың жаңа ереже негізінде жұмыс істеуін атап көрсету ләзім. Ол ереже бойынша бюджеттік қаржыларды бюджетаралық қатынастарды жетілдіре отырып тиімді пайдалану қарастырылса, Ұлттық қордың инвестициялық рөлін көтеру көзделген. Бұл орайда корпоративтік басқарудың ұйымдастырушылық және әдіснамалық негіздерін қалыптастырудың маңызы зор. Ұйымдастырушылық жағынан келгенде бірінші кезекте шешетін мәселенің қатарына мемлекеттік активтер көлемі мен құрылымын анықтап, оларды корпоративтік басқару жүйесіне көшіру жатады. Бұл жолда жасалған маңызды іс-шараның алғашқысы ретінде ““Самұрық” қазақстандық холдингі” мен “Қазына” тұрақты даму қорын” құруды атап өтуіміз керек. Жақын арада “ҚазАгро” холдингісі мен 7-8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылуға тиісті.

Енді әдіснамалық жағынан келетін болсақ, онда ең алдымен корпоративтік басқарудың концепциясы мен іргелі қағидаларын анықтап, оларға ғылыми сипаттама беруіміз керек. Концепцияға ең ықшамдалған тұжырымдама түрінде анықтама берсек, ол мына төмендегідей болар еді: корпоративтік басқару концепциясын ұстану – ол жалпы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре және жаңарта беру үрдісінде шешуші рөл атқара отырып шаруашылықтың тиімділігі мен жоғары әлеуметтік стандартты әрдайым ұштастырып отыру болып табылады. Басқаша сөзбен айтқанда, корпоративтік басқарудың мәні мен маңызы – пайдалы еңбек нәтижелерінің тиімділігіне қол жеткізу болса, оның мақсаты - әлеуметтік стандарттың жоғары деңгейіне қол жеткізу екенін баса көрсету ләзім. Сондықтан да әлгіндей басқарудың мәнін түсінбей маңызын айқындай алмас едік, ал оның маңызына терең бойламай тұрып мақсатын айқындай алмас едік. Енді осы үшеуін логикалық жағынан тығыз байланыста қарастырмасақ, онда корпоративтік басқарудың жалпы мемлекеттік басқару (жергілікті басқару) жүйесіндегі орны мен рөлін де дұрыс анықтай алмас едік.

Осындай концепциядан туындайтын қағидаттарға да тоқталу керек. Олардың негізгілерін сөз ететін болсақ, мына төмендегілерді атап өткен дұрыс болар еді. Ең алдымен, корпоративті басқарудың маңызды қағидаты ретінде оның сапасын жоғарылату жағдайында басқару объектісін тиімді пайдалануға әрдайым қол жеткізіп отыруды келтіргеніміз жөн. Өйткені бұл жерде басқару сапасы жоғары болмайынша оның нәтижесінің тиімділігі жөнінде сөз қозғауға болмас еді, ал оның тиімсіздігі әлгіндей басқару жүесінің сапасыздығын дәлелдер еді.

Екіншіден, корпоративті түрде басқарудың маңызды қағидаты оның күнделікті болып тұратын өзгермелі жағдайларға бейімделгіштігімен түсіндіріледі. Яғни, басқару мақсаты ішкі мүмкіндіктер мен сыртқы жағдайларды (конъюнктураны) ескеретін болса, онда сол басқару жүйесі әлгі жағдайларға сәйкестендірілуі керек. Керісінше болса, аталмыш жүйе сапасыз деңгейде қызмет етеді деген сөз.

Келесі үлкен мәселе – ол корпоративті басқару үрдісінің қарапайым халық үшін ашықтығы мен жалпы мемлекеттік басқару жүйесімен үндестігі болып табылады. Бұл қағидатты ұстанудың маңызы мынада: корпоративті басқару түптеп келгенде халық пен мемлекет мүддесін өнебойы алдыңғы кезекке қойып, сол арқылы мемлекеттік басқарудың біраз “жүгін” өз мойнына алып отыруға тиіс. Бұл жағынан келгенде корпоративті басқару жергілікті мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мен тетіктерін жетілдіре беруде де үлкен рөл атқарады. Бұған қазіргі өмірге келіп жатырған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметі жеткілікті дәлел бола алады.

Корпоративті басқару жүйесінде және оның қызметін үйлестіруде қолданылатын әдістер мен әкімшілік-экономикалық тетіктер де өз алдына зерттеуді талап ететін күрделі мәселе болып табылады. Бұл жерде айтарымыз - әдістер жүйесін қолдану жаңағыдай басқару үрдісінде қабылданатын шешімдерді дайындауға “жақынырақ тұратын” болса, тетіктер жүйесі әлгі шешімдерді іске асыру барысында кеңінен қолданылады. Орындалмайтын (іске асырылмайтын) шешімдерді қабылдау басқару жүйесі мен қызметінің сапасыздығын сипаттайтынын ескерсек, онда олардың сапасын жақсарту мәселесі жаңағы әдістер мен тетіктерді логикалық тығыз байланыста қарастырып, оларды қолдануды біртұтас үрдіс ретінде түсінуіміз қажет.

Мемлекеттік басқаруды жетілдірудің келесі, екінші маңызды бағыты ретінде орталықтандырылған, аймақтық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функцияларды сәйкесінше анықтап, олардың аталған басқару деңгейлерінде қайталанбауын қадағалау негізінде мемлекеттік басқару органдарының құрылымын өмір талабына сай өзгертіп отыруды атап көрсетуіміз керек. Бұл өзгерістер ғылыми-ұйымдастырушылық және жаңаша ақпараттық технологияға сүйене отырып жүргізілетін болғандықтан функциялық маңызы жағынан керексіз буындарды жоюға және сол арқылы салалық (аймақтық) биліктегі лауазымдық сатыларды қысқартуға алып келуі керек. Бұл үрдіс бара-бара “Электронды үкімет” концепциясын іске асыруға себепкер болады. Бұл орайда керексіз буындар мен лауазымдық сатыларды айқындау және қысқарту үрдісі науқаншылдықпен емес, тұрақты жалдау негізінде жүргізіліп, орталықтандырылған және аймақтық (жергілікті) басқару органдарының “…басқарушылық шешімдер қабылдаудағы өкілеттіктері мен дербестігі күшейтілуге тиіс”.

Үшіншіден, мемлекеттік басқаруды жетілдіру үшін іске асырылуға тиісті маңызды шара - мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Ол үшін, еліміз Басшысы атап көрсеткендей, әлгіндей қызмет көрсетуді енгізілетін салалық стандарттарға сай жүргізу талап етіледі. Ал, бұл талаптың орындалу деңгейін қадағалап отыру мақсатында әлеуметтік сауалдама мен рейтингілік бағалау жүйесін күнделікті тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Аталмыш стандарттарды дайындау мен енгізу жөнінде сөз болғанда алдымен іске асырылатын шараның бірі мен бірегейі – ол әрбір мемлекеттік басқару органының стратегиялық жоспарын жасақтау болып табылады. Сол жоспарда тиісті негіздемеге сүйенген мақсаттар мен міндеттердің орындалу деңгейі орталықтандырылған және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін рейтінгілік бағалау көрсеткішіне тікелей әсер етуі керек.Осыдан барып әлгіде аталған органдардың бірінші басшыларының басыңқылықты міндеттері туындайды. Ол – салалық және аумақтық шаруашылықты дамыту саясаты мен стратегиясын айқындап отыру және оларды іске асыру мүмкіндіктерін алдын-ала ыңғайлап, қойылған мақсаттарға сөзсіз қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі кезде еліміздің интеллектуалдық ресурстары мен адами даму индексінің күрт өсуі мемлекеттік басқару қызметінің технологиялық әдістерін кеңінен пайдалануға жағдай жасап отыр. Басқару үрдісінде орындалатын көптеген қарапайым жұмыстың ауыр жүгі барған сайын техника “иығына” көшірілетін болғандықтан мемлекеттік басқарудың ұйымдастырушылық астары өнебойы назарда болып, объективті өзгерістерге сәйкестендіру мақсатында қайта қарастырылып отыруы керек. Бұны мемлекеттік басқаруды жетілдірудің тағы да бір маңызды бағыты ретінде қабылдаған жөн.

Жалпы алғанда еліміздегі саяси ахуал мен әлеуметтік-экономикалық өсудің тұрақтылығы, қоғамдық өмір сүрудің демократиялық негіздерін нығайту шаралары, жаһандану жағдайына беделді бейімделу мәселелерін ұтымды шешіп отыру және т.б. жағдайлар мемлекеттік басқарудың толғағыжеткен проблемаларын уақытында айқындап, соның арқасында оны одан әрі жетілдіре беруге толыққанды негіз бола алады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. –Алматы: Қазақстан, 2000,96 б.

2. “Қазақстан – 2030” Даму стратегиясы.

3. Қазақстан Республикасының Заңы: Мемлекеттік қызмет туралы. –Алматы: Жеті жарғы, 1999.-44б.

4. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулыр енгізу туралы. 2006ж., 19 шілде // Егемен Қазақстан. Астана, Ақорда 2006ж. 7 шілде №178-///ҚРЗ.

5. Қазақстан Республикасының Заңы: Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы. –Алматы: Юрист, 2006.28б.

6. Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы туралы: 2006ж.14 қараша №216 // Егемен Қазақстан. –2006.-17 қараша.

7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі ретке келтіру және оның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы: 2006 жылғы наурыздың 27-сі. №74 Жарлығы // Егемен Қазақстан. –Алматы, 2006.-28 наурыз.

8. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы // Егемен Қазақстан. –2006.-13 қыркүйек.

9. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі. //Егемен Қазақстан. -2006ж. 19 қаңтар.

10. Корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидат-

тарының негізінде мемлекеттік басқаруды жаңарту. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті 3-ші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі. // Егемен Қазақстан.-2006ж. 2 қыркүйек.

11. Кадровая политика в системе государственных органов: Назначение на должность

и тестирование государственных служащих: Сб. нормативных

правовых актов РК. -Алматы, 2005.-283 с.

12.Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі:

Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасы ережелері.–Алматы:Жеті жарғы, 2005.-24б.

13. Атаманчук Г.В.Теория государственного управления. М.: Омега-Л, 2004г.

–584 с.

14. Зеркин Д.П., Игнатов В.Г. Основы теории государственного управления. Курс

лекции : Учебное пособие. –Ростов на Дону. МарТ, 2000.-448 с.

15. Пикулькин А.В. Система государственного управления: Учебник. – М.: ЮНИТИ-ДАНА,

2004.-543 с.

16.Уваров В.Н. Государственная служба и управление: Учебник. - Петропавловск: Сев.Каз.

юрид. Академия, 2004.-416 с.

17.Эффективность государственного управления /Под ред. С.А. Батчикова и

С.Ю. Глазьева. –Пер. с англ. –М.: Консалтбанкир, 1998.848 с.

18. Чиркин В.Е. Государственное управление: Элементарный курс. –М.:Юрист, 2003.- 320 с.

19. Реформирование системы государственного управления:Зарубежный опыт и Казахстан

/КИСИ при Президенте РК. –Алматы, 2005. –276 с.

* «Егемен Қазақстан» газеті, 02.09.2006, 1-бет.

PAGE 1