Ішкі суда жүзу кемелерінің үй-жайларын жобалауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

280. Ішкі суда жүзу кемелерінің (бұдан әрі – кеме) үй-жайлары экипажға және жолаушыларға арналған тұрғын және қоғамдық, қызметтік (кезекшілік), санитариялық-тұрмыстық, жүк және медициналық мақсаттағы үй-жайларға бөлінеді.
281. Экипаж үшін жеке жатын орындары бар каюталар, асхана – кают-компания, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар көзделеді. Экипаж мүшелері бес адамнан аспайтын кемелерде экипаждың тамақтануы үшін камбузды пайдалануға жол беріледі.
282. Экипажға арналған тұрғын үй-жайлар жолаушылар үй-жайларынан бөлек орналасады. Жолаушыларға қызмет көрсететін (жолсеріктер, даяшылар) экипаж мүшелерін жолаушылар бөліктерінде орналасқан каюталарға орналастыруға жол беріледі.
283. Экипажға арналған каютаның ең аз ауданы осы Санитариялық қағидаларға 20-қосымшаның 1-кестесінде келтірілген.
284. Экипаж мүшелерінің демалуына арналған кезекшілік үй-жайы вахтадағы бір адамға кемінде 3 м2 ауданды көздейді.
285. Жолаушылар каютасының ең кіші ауданы осы Санитариялық қағидаларға 20-қосымшаның 2-кестесінде келтірілген нормативтерге сәйкес болады.
286. Жолаушылар салонының ауданы бір жолаушыға кемінде 0,5 м2 есебімен қабылданады.
287. Жолаушылар кемелерін отыратын орындары бар буфетпен, асханамен, мейрамханамен жабдықтауға жол беріледі.
288. Қоғамдық тамақтану үй-жайына кіруді санитариялық тораптармен және медициналық үй-жайлармен қатар орналастыруға жол берілмейді.
289. Мейрамханалар (асханалар) бір мезгілде жолаушылардың жобаланған санының кемінде 25 %-ын, асхана немесе буфеттер кемінде 10 %-ын тамақтандыруға есептеледі.
290. Мейрамханалардың, асханалар мен буфеттердің ауданы бір отыратын орынға: мейрамханаларда – кемінде 1,2 м2, асханаларда – кемінде 1,0 м2, буфеттерде – кемінде 0,5 м2 аудан есебімен айқындалады.
291. Азық-түлік өнімдері мен азық-түлік шикізат қоймалары мен камбуздарды санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және дәретханалармен қатар орналастыруға жол берілмейді.
292. Камбуздағы су қайнатқышқа, жуу орнына және раковинаға су ауыз су жабдықтау жүйесінен, жуу орны мен раковинаға ыстық және суық су тартылады.
293. Өндірістік және жуу ванналары кәріз жүйесіне қосылады, жуу орнынан шығатын сарқынды су құбыры майды ұстап қалатын құрылғымен жабдықталады.
294. Мейрамханасы және (немесе) асханасы бар кемелерде ас блогы камбузды, дайындау бөлмесін, тарату бөлмесін, ыдыс-аяқ жуу бөлмесін және салқындатылатын және салқындатылмайтын қоймаларды қамтиды. Кремді кондитерлік бұйымдарды және балмұздақты дайындаған жағдайда жеке үй-жай көзделеді.
295. Экипаж мүшелерінің және жолаушылардың саны екі жүз адамға дейін болғанда бір дайындау бөлмесі, екі жүзден үш жүз елу адамға дейін - екі дайындау (етке, балыққа және көкөніске арналған), үш жүз елу адамнан жоғары - үш (салқын тағамдарға, етке, балыққа және көкөністерге) дайындау бөлмесі көзделеді.
296. Мейрамханасы немесе асханасы бар жолаушылар кемелерінде және жағадағы мейрамханалардан немесе асханалардан жабдықталатын буфеті бар жолаушылар кемелерінде буфеттің аумағы тоңазытқышы, шкафы (витринасы) және ыстық пен салқын су келтірілген раковинасы бар сауда бөлімінен тұруы мүмкін.
297. Асханасы көзделмеген жолаушылар кемелерінде және жолаушылардың сыйымдылығы екі жүз адамнан асатын серуендеу сапарларына арналған жолаушылар кемесінде буфет сауда үй-жайын, азық-түліктерді, сусындарды және ыдыстарды сақтауға арналған қоймаларды, тамақты ысытатын және жеңіл тамақтарды дайындайтын үй-жайды қамтиды.
298. Қоймалардың сыйымдылығы осы Санитариялық қағидаларға 21-қосымшаға сәйкес айқындалады.
299. Экипажға арналған санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар мыналарды: кір жуатын орынды, кептіру үй-жайларын, таза және лас киім-кешек қоймаларын, үтіктеу үй-жайын немесе орнын, арнайы киімді сақтауға арналған үй-жайды қамтиды.
300. Экипаждың жеке киімдерін жууға арналған кір жуатын орын кір жуғыш машиналармен, ыстық және суық су шүмектерімен жабдықталады. Еденде су ағатын саңылау көзделеді.
301. Кемелерде санитариялық-тұрмыстық бөлмелер (дәретханалар, жуынатын бөлме және себезгі) жабдықталады.
302. Экипаж мүшелері он адамнан аз кемелерде ортақ пайдаланылатын себезгіге және дәретханаға жол беріледі, экипаж мүшелері он адам және одан астам кемелерде қолжуғыштар каюталарда орналастырылады, дәретханалар мен себезгі ортақ пайдаланылады.
303. Ортақ пайдаланатын үй-жайлардағы санитариялық-техникалық қондырғылардың саны алты адамға бір унитаз, алты адамға бір қолжуғыш, он адамға бір себезгі торы есебімен қабылданады.
Экипажға арналған ортақ пайдаланылатын қолжуғыш санының есебіне ас блогының үй-жайларына және басқа да өндірістік және қызметтік үй-жайларға орнатылатын қолжуғыш раковиналар кірмейді.
304. Ортақ пайдаланылатын санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға кіру дәлізден көзделеді. Каютаның санитариялық тораптарына және санитариялық блоктарына кіру каютадан тікелей, медициналық мақсаттағы үй-жайлардың санитариялық блогына кіру сол үй-жайлардан көзделеді.
305. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды тұрғын, қоғамдық, медициналық үй-жайлардың үстіне, ортақ пайдаланатын дәретханаларды және ас блогының және медициналық мақсаттағы үй-жайлармен қатар орналастыруға жол берілмейді.
306. Ортақ пайдаланылатын дәретханаларда және қол жуу үй-жайларында үй-жайларды жинауға арналған шлангіні қосу мүмкіндігі көзделеді.
Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың қабырғалары жуу және дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді, су өткізбейтін материалдардан жасалады.
307. Тазартуға арналған құрылғылар тұрғын үй-жайлардан, ас блогының және медициналық мақсаттағы үй-жайларынан тыс орналастырылады.
308. Ортақ пайдаланылатын ерлер дәретханасының тамбурында унитаздар санының 60%-ы көлемінде писсуарлар орнатылады.
309. Ортақ пайдаланылатын қолжуғыштарға, сондай-ақ каюталардағы раковиналарға ауыз су сапасындағы ыстық және суық су тартылады.
310. Жолаушылар кемелерінде экипаждың және жолаушылардың қоғамдық тамақтану үй-жайларына кіреберісінде қолжуғыш раковиналар орнатылады.
311. Екі және одан көп себезгі торларымен жабдықталған себезгілерде киім ауыстыратын бөлме және себезгі секциялары немесе себезгі кабиналары көзделеді. Киім ауыстыратын бөлменің ауданы бір себезгі торына кемінде 0,8 м2 есебімен қабылданады.
312. Жолаушылар кемелерінің мейрамханаларында және асханаларында ас блогы қызметкерлері үшін киім ауыстыруға арналған үй-жайлары бар санитариялық блок, жүк кемелерінде санитариялық торап көзделеді
313. Транзиттік желілердің жүк кемелерінде және жолаушылардың сыйымдылығы екі жүз елу адамға дейін болатын жолаушылар кемелерінде медициналық каюта, екі жүз елуден астам адам болғанда - амбулатория және изолятор көзделеді. Барлық қалған кемелерде команда құрамы мүшелерінің біреуінің каютасында алғашқы көмек дәрі қобдишасы көзделеді.
314. Медициналық мақсаттағы үй-жайлар тұрғын үй-жайлардың және ас блогы үй-жайларының ауданынан тыс, тербелісі аз жерлерде, шу, діріл, жоғары температура және газдану көздерінен барынша алыс орналасады.
315. Медициналық үй-жайларға өту ашық палубаға шықпай, кеменің кез-келген жерінен науқастарды (зардап шеккендерді) зембілдермен әкелуге мүмкін болып көзделеді. Изолятордан екі шығу жолы: дәлізге және ашық палубаға шығу қамтамасыз етіледі.
316. Барынша аз рұқсат етілген аудан: амбулаторияға – 8,0 м2, лазарет және изолятор бір төсекке 6 м2, екі төсекке – 10 м2, медициналық каютаға – 5 м2.
317. Медициналық каютада және амбулаторияда ыстық және суық су тартылған шынтақ ысырмасы бар қолжуғыш раковиналар, изоляторда - жеке унитазды, қолжуғыш раковинаны және себезгі торын қамтитын жеке санитариялық блок орнатылады. Санитариялық блок дезинфекциялау құралына арналған ыдыспен қамтамасыз етіледі.