Объектілерді жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

44. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың бойына, жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Жабдықтың жиыны, саны және көлемі объектінің бейінін, үй-жайлардың ерекшелігін есепке ала отырып көзделеді.
Сәбилер үйінің және МДҰ-ның жиhазының негiзгi өлшемдерi осы Санитариялық қағидаларларға 3-қосымшаның 1, 2-кестелерінде көрсетілген.
45. Объектілерде жиhазды өлшеміне сәйкес таңбалайды.
46. Қабылдау бөлмесі мен киім ауыстыратын бөлмелер балалардың және персоналдың сыртқы киіміне арналған шкафтармен және орындықтармен жабдықталады. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйінде, МДҰ-да балалардың киіміне арналған шкафтарды жеке таңбалайды және олар бас киімге арналған сөрелермен және сыртқы киімге арналған ілмектермен жабдықталады.
47. Жабдық, жиһаз, жұмсақ және қатты мүкәммал, санитариялық-техникалық аспаптар жұмыс жағдайында болады және мақсатына сай пайдаланылады. Үй-жайларды әрлеудегі ақаулар және жабдықтың, жиһаздың бұзылуы уақытында жөнделуге немесе ауыстырылуға жатады.
48. МДҰ санитариялық аспаптардың саны мен өлшемі осы Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес көзделеді.
49. Объектілердің персоналға арналған санитариялық тораптарында жуынатын қолжуғыштар, электр сүлгілер немесе бір рет қолданылатын гигиеналық сүлгілер, сұйық сабын мөлшерлегіші, қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштар орнатылады.
50. Сәбилер үйлері топтарының дәретхана үй-жайларын сүлгілерге арналған ілгіштермен, жуынуға арналған раковиналармен, жуатын ванналармен, балалар унитаздарымен, түбектерге арналған шкафтармен, шаруашылық мақсатта қолданылатын шкафпен және ағызу жүйесімен жабдықталады. 2 жасқа дейінгі балалар топтарында ілгіштерді ересек адам бойының дейгейінде - еденнен 1 – 1,3 м етіп, 2 жастан асқан балалар топтарында 60 – 80 см биіктікте бекітеді.
51. 1,5 жасқа дейінгі балалар топтарындағы дәретхана бөлмелерінде ересектерге арналған бір қолжуғышты, ағызу жүйесін, ваннаны орналастырады.
52. 1,5 жастан жоғары топтардағы дәретхана бөлмелерінде балаларға арналған екі қолжуғыш, балаларға арналған бір унитаз, ағызу жүйесі, себезгі тұғырығы, түбектерге арналған таңбаланған ұяшықтары бар шкаф-стеллаждар орнатылады.
53. 6 айлыққа дейінгі сәбилер үшін топтарда манеждер мен құндақтау үстелдерін орналастырады. 1 жастан асқан сәбилерді тамақтандыру аймағын тамақтандыруға арналған үстелдермен жабдықтайды.
54. МДҰ-ның дәретхана бөлмелерінде балалардың сүлгілеріне және жеке гигиена заттарына арналған жеке ұяшықтары бар қабырғалық немесе аспалы ілгіштер оратылады. Бөбек топтарындағы дәретхана бөлмелерінде қосымша жеке таңбасы бар түбектерге арналған бөлек ұяшықтары бар шкафтар орнатылады.
55. МДҰ-да балаларға арналған санитариялық құралдарды орнату еденнен мынадай биіктікте көзделеді:
бөбек және мектепке дейінгі кіші жастағы (1 жастан 4 жасқа дейінгі) балалар үшін қолжуғыштар - 0,4 м;
мектепке дейінгі орта және жоғары жастағы (4 жастан 6 (7) жасқа дейінгі) балалар үшін қолжуғыштар - 0,5 м.
56. Жатын бөлмелерді жұмсақ және қатты мүкәммалмен жабдықтау, балалар күндіз болатын МДҰ-дағы киім-кешектерді жуу және оны таңбалау тәулік бойы болатын МДҰ-дағы балалардың тұру жағдайларына қойылатын талаптарға сәйкес келеді.
57. МДҰ-дағы жатын бөлмелерді жеке стационарлық төсектермен жабдықтайды. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған төсектердің ұзындығы - 120 см, еденнен жататын жердің 30 см және 50 см деңгейде өзгермелі биіктігімен және қоршаудың еденнен 95 см биіктігімен бірге ені - 60 см; 3 – 6 (7) жастағы балалар үшін – ұзындығы 140 см, ені – 60 см, биіктігі – 30 см. Бүйір жақ қоршау биіктігін азайту мүмкіндігі кемінде 15 см.-ге көзделеді.
58. Балалар толық күндіз болатын МДҰ топтарында екі қабатты және жазылатын қатты төсектерді пайдаланған кезде ауданы 1 балаға кемінде 2 м2 болатын норма және екі қабатты төсектердің жататын жерінен кемінде 0,3 м биіктікте қоршау болуы сақталады.
59. Сәбилер үйлеріндегі және бөбек жасындағы топтардағы жатын бөлмелер төрт жағынан қоршалған, ұзындығы 1,2 м, ені 0,6 м стационарлық төсектермен немесе манеждермен жабдықталады.
60. Балалар толық және тәулік бойы болатын сәбилер үйлерінде және МДҰ-да сауықтыру (шынықтырушы) рәсімдері өткізіледі. Сауықтыру (шынықтырушы) рәсімдерін жүргізу үшін әдістемеге байланысты тиісті жабдықты қолданады.
61. Объектілерде сабақ өткізу үшін жиһазды орналастыру кезінде мына талаптар орындалады:
1) үстелдерді сол жақтан жарықтандырылатын жарық түсіретін қабырғаға қарай орналастырады;
2) 4 орынды үстелдерді кемінде 2 қатарға, 2 орынды үстелдерді кемінде 3 қатарға орналастырады. Үстелдердің қатары арасында қашықтық кемінде 0,5 м болып көзделеді; 1-қатардағы үстелдердің жарық түсіретін қабырғадан қашықтығы 1 м, бірінші үстелдерден тақтаға дейінгі қашықтық 2,4 – 2,7 м болады;
3) қабырғалық тақтаның төменгі шетінің ілмесінің биіктігі 0,7 м болады.
62. Спорттық төсеніштердің жабыны тазалауға және дезинфекциялауға болатын материалдардан болуы көзделеді.
63. Спорт залдарының жанындағы киім ауыстыратын орындар киімге арналған шкафтармен немесе ілгіштермен жабдықталады.

Объектілерді сумен жабдықтауға, кәріздеуге, жылытуға, жарықтандыруға, желдетуге, микроклиматына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

64. Объектілерде жұмыс жағдайында болатын орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау жүйесі, кәріздеу және суағарлар көзделеді.
65. Объектілер Кодекстің 144-бабының 6-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының (бұдан әрі - нормалау құжаттары) талаптарына сәйкес қауіпсіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.
66. Елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда жергілікті сумен жабдықтау жүйесі жабдықталады.
67. Қысқа уақытқа балалар болатын МДҰ-да тасымалданатын сумен жабдықтау және қолмен су құятын қолжуғыштар орнату халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосындағы аумақтық бөлімшенің келісімі бойынша жүзеге асырылады.
68. Тасымалданатын суды пайдаланатын объектілерде ауыз су қорын сақтауға арналған ыдыстар орналастырылған жеке үй-жай көзделеді. Ыдыстардың таңбасы («ауыз су») болады, олар апта сайын (және қажет болғанда) жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тазалауға және дезинфекциялауға жатады. Ауыз суға арналған ыдысты басқа мақсатта пайдаланбайды.
69. Су әкелуді санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар болған кезде арнайы көлікпен немесе ауыз сумен жанасуға рұқсат етілген материалдардан жасалған арнайы таңбаланған ыдыстарда жүргізеді.
70. Объектілердегі дәретханаларда, буфеттерде, кір жуатын, жуынатын орындарда, себезгі бөлмелерде, тұратын орындарда, сондай-ақ медициналық мақсаттағы үй-жайларда және ас блогында орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар орнату арқылы ыстық сумен жабдықтау көзделеді.
71. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен келіскен кезде өзінің от жағу орнының ыстық суымен жабдықтау көзделеді.
72. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су, оның ішінде ыдыстарға (графиндерге, шәйнектерге) құйылған және шөлмектердегі су сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келеді.
73. Су ішу үшін таза ыдысты (шыны ыдысты, фаянс ыдысты, бір рет қолданатын стақандарды) пайдаланады, таза және пайдаланылған ыдыс үшін таңбаланған жеке поднос немесе бір рет қолданылған ыдысты жинау үшін контейнерлер бөлінеді. Ыдысқа құйылған суға оның қайдан әкелінгендігін, сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары қоса беріледі.
74. Кәріз жүргізілмеген аудандарда жергілікті кәріз жүйесін жабдықтайды. Қазылған шұңқырларды, септиктерді тазалау көлемдерінің үштен екі бөлігінің толуы бойынша жүргізіледі.
75. Кәріз қадалары мен құбырлар тамақ өнімдері сақталатын және өңделетін және тамақ дайындалатын үй-жайларда, медициналық мақсаттағы үй-жайларда орнатылмайды.
76. Объектілердің дәретханаларында балаларға арналған унитаздар орнатылады.
77. Персоналға арналған САҚ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша орнатылады.
78. САҚ-та жердің үстінде орналасқан үй-жайлары мен қазылған шұңқыр болады және оларды ғимараттан 25 м қашықтықта орналастырады.
79. Объектілердің барлық үй-жайларында табиғи жарықтандыру көзделеді. Мыналарды: коммуникациялық жүйелер үй-жайларына (су құбырлары мен кәріздеу сорғылары, желдету және ауаны салқындату камералары, бойлер тұратын бөлмелер және басқалары), рекреациялық үй-жайлар болып табылмайтын дәліздерге, фойеге, қоймаларға (тез жанатын сұйықтықтарды сақтайтын бөлмелерден басқа), мүкаммалға арналған бөлмелер, дезинфекциялау құралдарын дайындайтын бөлмелерге, киім ауыстыратын бөлмелерге, киім ілетін орындарға, себезгі бөлмелеріне, персоналға арналған дәретханаларға, әйелдерге арналған жеке гигиена бөлмелеріне, ғимараттың инженерлік және технологиялық жабдығын орнату және басқару үй-жайларына және ас блогының өндірістік үй-жайларына табиғи жарықтандырусыз жол беріледі.
80. Объектілерде рекреациялық болып табылмайтын дәліздердің, дәретханалардың, қабылдау және киім ауыстыратын бөлмелердің, сондай-ақ табиғи жарықтандырусыз жобалауға рұқсат етілген барлық бөлмелердің қабырғаларында екінші жарықты түсірген кезде әйнекті арақабырғаларды немесе фрамугаларды салу көзделеді.
81. Жалпы жасанды жарықтандыру барлық үй-жайларда көзделеді. Жекелеген функционалды аймақтар мен жұмыс орындарын жарықтандыру үшін жергілікті жарықтандыру орнатылады.
82. Жасанды жарықтандыру үшін люминесценттік және электр қуатын сақтайтын шамдарды пайдаланады. Бір үй-жайда бір үлгідегі шамдар қолданылады.
Жасанды жарықтандыру деңгейлері осы Санитариялық қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес қабылданады.
83. Істен шыққан шамдар уақытында ауыстырылады. Жұмыс істемейтін, істен шыққан құрамында сынап бар (люминесценттік, электр қуатын сақтайтын) шамдарды балалар кірмейтін жеке үй-жайда сақтайды және қоқыс жинайтын контейнерлерге тасталынбайды. Пайдаланылған құрамында сынап бар шамдарды сақтау және шығару объекті басшысының бұйрығымен жауапты адамға жүктеледі. Пайдаланылған шамдарды жою және кәдеге жаратуды осындай қызмет түріне арналған лицензиясы бар ұйымдар жүргізеді.
84. Объектілердің ғимараттары бұзылмаған жағдайда ұсталынатын орталықтандырылған жылыту, желдету және ауа баптау жүйелерімен жабдықталады.
85. Орталықтандырылған жылыту көзі болмаған жағдайда автономды қазандық көзделеді.
86. 1-ші қабаттарда орналасқан ойын объектілерінде жылы едендер көзделеді.
87. Сәбилер үйлерінде және МДҰ-да балалардың күйікке шалдығуын және жарақат алуын болдырмау үшін жылыту құралдарын алмалы-салмалы ағаш торлармен қоршайды.
88. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету жүйесі көзделеді. Жылу және ылғал бөлу көзі болып табылатын жабдықтың үстінде сорып-шығаратын шатырлар көзделеді.
89 Сәбилер үйлерінде және МДҰ-да ыстық сумен жабдықтау жүйесіне киім ауыстыратын орындардағы сыртқы киімді кептіруге арналған шкафтарда орналасқан жылыту құралдарын жалғайды.
90. Терезелердің конструкциясында балалар болатын үй-жайларды жылдың кез келген уақытында желдетуді ұйымдастыру мүмкіндігі көзделеді. Терезелердің әйнектелуі бүтін шыныдан жасалады. Терезе блоктарын ауыстыру кезінде әйнектеу ауданы сақталады немесе үлкейтіледі. Сынған әйнектерді ауыстыру тез арада жүргізіледі.
91. Өтпелі немесе бұрыштық желдетуді балалар болмаған кезде жүргізеді. Өтпелі желдетуді дәретхана үй-жайлары арқылы жүргізбейді.
92. Топтық ұяшық үй-жайларындағы, сондай-ақ себезгі бөлмелері мен спорт залдың жанындағы киім ауыстыратын орындардағы, спорт залындағы, медициналық пункттің үй-жайларындағы ауа температурасын бақылау үшін ішкі қабырғаға 0,8 – 1,2 м биіктікте бекітілген термометрлер орнатылады.
93. Объектілерде үй-жайлардың оңтайлы микроклиматтық жағдайлары қамтамасыз етіледі.
94. Жылыту кезеңінде ауаның мынадай температурасы көзделеді:
1) ұйықтайтын үй-жайларында, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізетін және демалыс үй-жайларында, компьютер сыныптарында, қызметтік-тұрмыстық, кір жуатын орындарда + 18 + 22 градус Цельсий (бұдан әрі – 0C);
2) буфеттерде, киім үтіктейтін, кептіретін бөлмелерде, қоймаларда және киім-кешек бөлмелерінде +160C;
3) физиотерапевт кабинеттерінде, уқалау кабинеттерінде +280C;
4) медициналық үй-жайларда, ойын бөлмелерінде, киім ауыстыратын бөлмелерде, дәретханаларда +20 + 220C;
5) спорт залында, рекреацияларда, вестибюль мен киім ілетін орындарда, +15 + 170C;
6) спорт залының орнында +19 + 230C;
7) ваннасы, бассейні бар үй-жайларда +300C;
8) себезгі бөлмелерінде +250C;
Үй-жайлардағы ауаның оңтайлы салыстырмалы ылғалдылығы 40 – 60 %-ды, асүйде және кір жуатын бөлмелерде 60–70 %-ға дейін құрайды.
95. Апатты ғимараттарда және үй-жайларда орналасқан объектілерді пайдаланбайды.
96. Объектілердің ғимараты объектінің апаттылығы туралы құзыретті органдардың актісі болған кезде апатты жағдайда деп танылады.

Объектілердің аумақтарын және үй-жайларын күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

97. Объектілердің аумағы таза ұсталады.
98. Жыл сайын, көктемгі уақытта, ойын алаңдарында құмды толық ауыстырады. Жаңадан әкелінген құм паразитологиялық, микробиологиялық, санитариялық-химиялық, радиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді. Құмның ластануын болдырмау үшін балалар болмағанда құмды алаңдарды қақпақтармен, полимерлік пленкалармен немесе басқа да қорғаныш құрылғылармен жабу керек. Паразиттік аурулардың қоздырғыштарын тапқан кезде құмға кезектен тыс ауыстыру жүргізеді.
99. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) олардың көлемінің үштен екі бөлігі толған кезде тазартылады.
100. Барлық үй-жайлар, жиһаз және жабдық таза күтіп-ұсталады.
101. Медициналық үй-жайларды, ас блогын және дәретханаларды күн сайын жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалайды.
102. Объектілерде қызмет көрсететін персоналдың (тәрбиешілердің көмекшілері, техникалық персонал) саны кемінде 3 жиын болатын арнайы киімі (костюм немесе халат, орамал, қалпақ, алжапқыш), бөлек шкафта сақталатын ауыстыратын аяқ киімі болады.
Дәретханаға кірер алдында халатты шешеді және шыққан соң қолды сабынмен мұқият жуады.
103. Белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген қолданылатын дезинфекциялау ерітінділері дайындалған күнін көрсете отырып, таңбаланған ыдыстардағы нұсқаулыққа сәйкес дайындайды. Дезинфекциялау және жуу құралдары және олардың жұмыс ерітінділері балалардың қолы жетпейтін орындарда сақталады.
104. Жинау мүкәммалы (легендер, шелектер, жөкелер, шүберектер) таңбаланады, бөлек үй-жайға (әрбір топтық ұяшықтағы үй-жайлар, медициналық блок, оқшаулағыш, ас блогындағы өндірістік үй-жайлар, рекреациялар және т.б.) бекітіледі және арнайы бөлінген үй-жайларда (орындарда) сақталады.
105. Объектілердің дәретхана бөлмелері мен санитариялық тораптары үшін жинау мүкәммалының сигналды таңбасы болады.
106. Балалар үшін жаңадан сатып алынған өнімдердің (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп және жазу құралдары, төсек-орын жабдықтары, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз және басқ.) сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылады.
107. Пайдаланылған ойыншықтарды күн сайын жұмыс күнінің соңында 2% сабынды-содалы ерітіндіні пайдалана отырып жуады, ағып тұрған судың астында шаяды және кептіреді. Қуыршақтың киімдерін ластануына қарай жуады және үтіктейді. Ойыншықтарды жууға арналған ыдыс пен щетка таңбаланады.
108. Жұмсақ ойыншықтарды пайдаланғаннан кейін күннің соңында ойыншықтан 25 см қашықтықта бактерицидті сәулелегіштермен 30 минут бойы дезинфекциялайды.
109. Сәби жастағы топтарда және изоляторда жұмсақ ойыншықтар мен пенолатексті түкті ойыншықтарды пайдаланбайды.
110. Спорттық маттардың ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға болатын жабындысы болады.
111. Инфекциялық және паразиттік аурулар жағдайлары тіркелген кезде эпидемияға қарсы және дезинфекциялау іс-шаралары жүргізіледі.
112. Терезе әйнектері, электр шамдарының плафондары және сорып-шығаратын желдету жүйелерінің жалюзді торлары таза ұсталынады.
113. Дәретханаларда және санитариялық тораптарда едендер, есік тұтқалары, кран барашкалары, қолжуғыштар және унитаздар күн сайын дезинфекциялануға тиісті.
114. Пайдаланылған жинау мүкәммалы дезинфекциялануға тиісті. Таза жинау мүкәммалын шаруашылық шкафта немесе жинау мүкәммалын өңдеуге және сақтауға арналған бөлмеде сақтайды.
115. САҚ-ты жинауды күн сайын дезинфекциялық құралдарын қолдана отырып жүргізеді, олардың үштен екі бөлігінің толуына байланысты, бірақ жылына кемінде 1 реттен сиретпей тазартады.
116. Ас блогы үй-жайларына (қажет жағдайда ұйықтайтын және басқа да бөлмелерге) желдету үшін ашылған терезелерге, форточкаларға, фрамугаларға шыбындардың және масалардың ұшып кірмеуін болдырмау үшін шыбын-шіркейге қарсы торларды орнатады.
117. Құндақтау үстелдерін, балалардың жаялық астына салатын клеенкаларын, манеждердің, төбешіктердің жапқыштарын күн сайын жуу құралдарын қолдана отырып өңдейді, нәжіспен ластанған жағдайда арнайы бөлінген шүберекпен қосымша дезинфекциялау жүргізеді.
118. Түбектер пайдаланылғаннан кейін тазартылады, жуылады және дезинфекцияланады. Таза түбектер дәретханаларда, жеке таңбаланған ұяшықтарда сақталады
119. Объектілер жұмыс істеп тұрған кезде апаттық жағдайларды жою бойынша жұмыстарды қоспағанда, күрделі және басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізбейді.
120. Объектілерде жәндіктердің, егеуқұйрықтардың және тышқан тәріздес кеміргіштердің болуына жол берілмейді.