Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы, ауысу тәсілдері

Сөз мағынасының дамуы нәтижесінде мағына не кеңейіп, не тарылып отыру заңдылықтары туады. Сөз мағынасының кеңеюі деп сөздің тұлғасын өзгертпей-ақ бұрыннан белгілі мағынасының үстіне жаңа қосымша мағыналарға ие болуын айтамыз. Ол негізінде метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсілдер арқылы іске асады. Осы күні жиі айтылатын талқылау, қарау, табыс, жарыс, мүше, құру, құрылыс, қатынас, байланыс, құн, айналым т.б. сөздер жаңа мағынаға ие болған сөздер. Мысалы талқылау бұрын (теріні талқыға салып жұмсарту) мәнінде қолданылса, кейін мәселені жан жақты тексеріп, пікір алысу мәнінде айтылатын болды. Байланыс бұрын «қарыс-қатынас, аралас» мәнінің үстіне қазір «хат-хабар, телефон, телеграф арқылы байланыс жасау орны, мекеме» мәніне ие болды.

Сөз мағынасының тарылуы тарихи, қоғамдық, әлеуметтік т.б. жағдайларға байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын білдіреді. Мысалы, көне түркі тілінде тон, тары деген атаулар кең мағынада қолданылған. Тон- тек қой терісінен тігілген киімнің емес «жалпы киім атаулыны», тары- егін астық атаулының бәрін білдірген. Қол- «адамның дене мүшесі» ұғымымен бірге, тарихи «әскер, жасақ» ұғымында да қолданылған. Қарындас – көне түркі тілінде «туысқан, бір тектен шыққан адамдар» мәнін білдірсе, қазіргі кезде «бірге туған кіші қыздың ағасына туыстық қатынасын білдіреді.

Метафора - сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы. Ол мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздерде жиі кездеседі. Метафораның кейбір түрлері теңеуге жақындайды. Мысалы, тас жүрек. Бірақ онда теңеудегідей екі нәрсені салыстырудан гөрі сезім, әсер жақындығын көрсету басым. Көбіне ондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісі емеурінмен білдіріледі.

“Ақын – жел, есер, гулер жүйрік желдей, Ақын – от, лаулап жанар аспанға өрлей” (Мағжан).

Мұнда ақынды желмен, отпен жәй ғана салыстырып қоймай, соған балап айту бар. Метафора тілді байытуға қызмет етеді, синонимдерді, көпмағыналықты, терминдік жүйені және эмоциональды-экспрессивті лексиканы дамытады. Мысалы: билік тізгіні, ғасыр перзенті, көңіл көкжиегі, жан айғайы, жер кіндігі, үміт жібі, т.б. Тілдегі қолданыс аясына қарай жеке қолданыстағы метафора және тұрақты метафора болып бөлінеді. Әдебиеттегі ізденістер нәтижесінде “метафоралық роман” деген соны термин қалыптасып келеді.Метафора әрдайым ауыспалы мағынада жұмсалады. Соның өзінде кемінде екі мағына болуы мүмкін. Сонысына байланысты метафора екі түрлі қызмет атқарады: белгілі бір затқа, құбылысқа немесе адамға сипаттама беру және сол заттың, құбылыстың немесе адамның атын атау (номинация). Бірінші жағдайда метафора сөйлем ішінде баяндауыш болады да (Сен қасқыр екенсің), екінші жағдайда бастауыш немесе толықтауыш болады (Қасқыр қайда кеткен? Ол қасқырмен көп байланыса берме). Сөйлеу практикасында қалыптасып қалған аң атаулары ғана (аю, түлкі, қоян, доңыз, қой, ит т. б.) ғана емес, метафора қызметінде адам болмысындағы, қызметіндегі әр алуан жайлар алына береді (бастық, чиновник, ғұлама, әкім т. б.). Мундай жайлар, сөйлеу жағдайында анық байқалып отырады; (Мынауың дайын тұрған ғұлама ғой! - әзір ғұламалық ертерек шығар, бірақ түбінде болып қалатын да сыңайы бар). Метонимия (гр. 'metonymіa' – ауыстыру, қайтадан атау) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Өзара байланысты балама ұғымдарды қолдану, құбылыс орнына оның ерекше қасиетін көрсету. Метафорада ауыспалы, астарлы мағына екі нәрсенің ұқсастығы негізінде туындаса, метонимияда олардың жалғастығы, айрықша белгісі арқылы пайда болады. Мысалы, әйелді – “ақ жаулық”, әскерді – “қол”, бүркітті – “ақиық, мұзбалақ”, қылышты – “наркескен” деп айту метонимияға жатады.

Метонимия сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады. Мысалы, Абай “Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге шапқанға” дегенде сүйінші сұраған жандардың баспанасын емес, адамдарын айтады. Тілімізде мифологиялық метонимиялар да кездеседі: Парнас – поэзия мен музыка мекендейтін тау аты, Пегас – Зевстің қанатты тұлпары, ақындарды рухтандырушы. Метонимия тілге жаңа сөз қоспайды, бұрынғы бар сөзге жаңа мағына үстейді немесе оның қолдану аясын кеңейтеді. Метонимияда әдет-ғұрыпқа, діни ұғымға байланысты сөздер алғашқы атауымен айтылмай, басқа сөздермен ауыстырылады (табу, эвфемизм): Тетелес, Шырайлым, ит-құс, жан тапсырды, қолды болды, т.б. Метонимия заттар мен құбылыстар атауын нақты мағынадағы байланысына қарай алмастырады. Метонимия мен оның бір түрі меңзеудің арақатынасын білу аса маңызды, жалпының орнына жалқыны немесе бөлшегі арқылы бүтінді тану меңзеуге жатса, басқа ауыстырулар метонимия бола алады.

Метонимия қызметіндегі атаулар мынадай реттерде ауысып отырады:

1) бір табақ ет жеді (тамақ), сұйықтың орнына ыдыс атауының: табақ (бір табақ жеді);

2) заттың жасалатын материалының атауы: шыны (шыныға құйды - стаканға құйды, шөлмекке құйды);

3) тұрғындардың орнына қоныс атауы: ауыл (бүкіл ауыл жиналды - бүкіл ауыл тұрғындары жиналды);

4) қимылдың орнына қимыл нәтижесінің атауы: аялдама (автобус аялдамаға келді - автобус аялдайтын жерге келді);

5) қатынасушылардың орнына сол әлеуметтік оқиғалар мен шаралардың атауы: конференция (конференция шешім қабылдады - конференцияға қатынасышулар шешім қабылдады);

6) ғылым, білім салаларының орнына сол ғылым, білім нысандарының немесе керісінше, ғылым мен білім нысандарының орнына сол ғылым, білім салалары атауларының қолданылуы: синтаксис (біріншіден, бұл грамматиканың бір саласы ретінде жұмсалады; екіншіден, грамматиканың осы саласы зерттейтін нысандардың атауы ретінде де жұмсалады);

7) әлеуметтік ұйым, мекемелердің мүшелердің орнына сол мекеме, ұйымдардың атаулары пайдаланылады: кеңшар - кеңес шаруашылығы (кеңшар) көктемгі егіске әзір - кеңшар (кеңес шаруашылығы) жұмысшылары көктемгі егіске әзір;

8) сезімге әсер ететін оқиғаның орнына эмоционалдық сөздің қолданылуы: тамаша (тамаша болды - тамаша концерт болды);

9) оқиға, шығарманың орнына сол оқиға, шығарманың авторының аталуы: Әуезов, Төлебаев (Әуезовті оқыдым — Әуезов әңгімелерін оқыдым; Төлебаевты тыңдадым — Төлебаевтың операсын тыңдадым), бірақ Әуезов қызық екен немесе Төлебеав мұңды екен сияқты сөйлемдерде метонимияның қызметі жоқ және сөйлем мүлдем басқа мазмұнды баяндап кетеді.

Меңзеу(синекдоха) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, көптің орнына жекені немесе керісінше ауыстырып қолдану тәсілі. Жалпыхалықтық сөйлеу тілінде мұндай құбылыстар ұшан теңіз. Мәселен, “мал-жаның аман ба?”, “үй-ішің қалай?” дегенде малға немесе үй ішіне қатысты ғана емес, отбасындағы жандардың амандығы түгелдей сұралады. Сондай-ақ елдің бәрі жиылды – “тайлы-тұяғы қалмай келді”, қанша балаң бар? – “қарғаң нешеу?”, “мал басы түгел”, “бағар көбейсін” деген секілді сөз қолданыстарында меңзеу көрініс тапқан. Көркем шығармада меңзеудің алуан түрі кездеседі. “Абайлардай ақын қазақта туа бермейді ғой” деп айту меңзеуге мысал бола алатынын А. Байтұрсынов көрсетеді. Меңзеудің тағы бір түрі “Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек” (Абай) немесе “Толғауы тоқсан қызыл тіл” деген секілді көптік ұғымды “қырық”, “тоқсан” ретінде нақтылы сандармен көрсетуімен ерекшеленеді.