Имыл атаулары, жасалу жолдары

Қимыл есім - етістікке тән шақтық қасиеттен де, жіктелу, райлық қасиеттерден де тысқары тұратын, есімдерше түрленетін етістіктің ерекше бір түрі. Етістіктің райлары шаққа қарай түрленіп, жіктеліп сол арқылы қимылдың иесімен жақ жағынан байланысқа түсетін болса, Қимыл есімде ондай қасиет жоқ. Ол есімдерше септеледі, тәуелденеді, бірақ етістіктерше жіктелмейді, шақ пен жаққа қатысы болмайды, мағыналық жағынан қимылдың, іс-әрекеттің атын білдіреді. Сондықтан да бұл қимыл есім деп аталады. Қимыл есім етістіктің негізгі, туынды түбірлеріне, болымсыз түрлеріне және етістерге - у жұрнағының жалғануы арқылы жасалады.

Мысалы, бару, келу, жүру, санау, бұрғылау, алмау, қалмау, жуыну, тарану, алғызу, сөйлесу т.б. Қимыл есім қимыл, іс-әрекеттің атын білдіріп, солардың атауы болатындықтан, заттық мағынада, зат есім мәнінде жиі қолданылады, тіпті кейбір Қимыл есімдер белгілі бір заттың атын білдіріп, зат есімге айналып кеткен. Мысалы: егеу, қашау, көсеу. Мұндай сөздердің бір қатары әрі етістік, әрі есім ұғымын білдіретін омонимдік сипат алған. Бұлар мағынасына қарай былайша топталады: 1. Үй бұйымдары атаулары: жабу, жасау, бояу, сабау, тіреу. 2. Құрал атаулары: егеу, қашау, көсеу. 3. Мекен-жай атаулары: қыстау, жайлау, асу. 4. Деріксіз ұғымдық қасиеті бар зат атаулары: оқу, тергеу, жоқтау, нұсқау т. б. Қимыл-есім тұлғалы омонимдердің зат есімге айналған түрі контексте айқындалады: ағашты қашау, қашау — таптырмайтын құрал, қаңылтырды бояу, дүкенде бояу сатылып жатыр, кітап оқу, оқу инемен құдық қазғандай т. с. с. Қимыл есімдер түрленуі жағынан болсын, мағынасы жағынан болсын зат есімге жақын жатқанымен, ол өзінің бастапқы етістікке тән мағынасынан қол үзбейді, яғни Қимыл есім етістік мағынасын сақтай отырып, әр түрлі қимылдық қатынастарды білдіреді. Мұндай қимылдық қатынастарды білдіруі Қимыл есімнің тұлғалық жағынан түрленуіне байланысты. Қимыл есімдер септелуге байланысты толықтауыш, бастауыш, пысықтауыш қызметін, кейде өзінің бастапқы қалпында тұрып, баяндауыш қызметін де атқара алады. Мысалы: сөйлеуді ұнатады, бояу өң береді, айтуға келді, мақсат-өнімді арттыру, тұрмысты жақсарту. Қимыл-есімдер керек, қажет тәрізді модальдық сөздермен тіркескенде, предикаттанып, баяндауыш қызметін өтей алады. Предикаттану, көбінесе қимыл-есімнің тәуелденіп, оның белгілі бір жаққа тән екендігінен байқалады. Мұндай синтаксистік құрылымда қимыл иесі ілік септігінде тұрады. Мысалы: Менің баруым керек. Сенің баруың керек. Оның баруы керек. Қымыл есімнің модальдық сөздермен тіркесуінен туындаған предикаттану оның сөйлемдегі синтаксистік қызметіне тікелей байланысты. Қимыл-есімнің керек, қажет, тиіс сөздерімен тіркескен түрі міндеттілік мәнді білдіріп, жақсыз сөйлемдер құрауға түрткі болады. Мысалы, Біздің жиналысқа баруымыз керек. Сіздің осында келуіңіз қажет. Қимыл есімдер тиіс модальдық сөзімен тіркескенде предикаттанып, баяндауыш қызметін атқара алады. Мұндай жағдайда қимыл иесі атау септігінде тұрады да, қимыл-есім көбіне барыс септік жалғауын қабылдайды. Мысалы: Біз келуге тиіспіз (тиістіміз). Сіз келуге тиіссіз (тиістісіз). Ол келуге тиіс (тиісті). Қимыл есімдерге - лық, - лік әсіресе - шы, - ші жұрнақтары жалғану арқылы туынды зат есімдер жасалады. Мұндай жағдайда қимыл-есім туынды түбірге негіз болады. Мысалы: жазушы, сатушы, оқушы, оқулық, жалғаулық т.б. Сонымен, Қимыл есімдер тиісті тұлғада түрленуіне қарай, белгілі сөздермен тіркесуіне орай сөйлемде дербес мүше де бола алады, күрделі мүшенің құрамына да ене алады.

 

Ықпал заңдары.

Қазақ тілінде дыбыс үндестігінің үш түрі бар:

Ілгерінді ықпал заңдылықтары
1. Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң болады. Мысалы: зат (+тар; +қа; +пен), шөп (+тің; +ке; +пен), қаш (+са; +тың; +па).
2. Түбір сөздің соңғы дыбысы ұяң дыбыс болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы да, көбінесе ұяң болады. Мысалы: жаз (+да; +дың; +ға), қаз (+дар; +дың; +ға), этаж (+да; +бен; +ға).
3. Түбірдің соңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы көбінесе ұяң не үнді болып келеді. Мысалы: бала (+ға; +да; +лық), шам (+дар; +мен; +ға), қала (+лар; +ға; +да).
4. Түбірдің соңғы дыбысы ш болып, қосымшаның басқы дыбысы с болса, айтуда қосымшаның бұл дыбысы ш дыбысына айналса да, бірақ жазуда с дыбысын сақтап жазамыз. Мысалы: шаш-са (шашша), іш-сін (ішшін).
5. Алғашқы сөздің соңғы дыбысы дауысты, үнді, ұяң дыбыстардың бірі болып, одан кейінгі сөздің басқы дыбысы қатаң к, қ болса, айтуда (жедел сөйлеуде) бұл қатаң дыбыстар ұяңдап г, ғ дыбыстарына айналады. Жазуда мұны елемейміз. Мысалы: қара қой (қара ғой), боз құнан (боз ғұнан), ала кел (алагел), атың кім? (атың гім?), Меңдіқұл (Меңдіғұл), Талдықорған (Талдығорған), көзқарас (көзғарас).
6. Алғашқы сыңарлары қатаң дауыссыздарға аяқталып, екіншісі ұяң дыбыстардан басталса, айтуда ұяң дыбыс қатаң естіледі. Жазуда алғашқы формасын сақтап жазамыз. Мысалы: Қамыс-бай (Қамыспай), Қоныс-бай (Қоныспай), Жүніс-бек (Жүніспек).

Кейінді ықпал (регрессивті ықпал)
Кейінді ықпал деп – бір сөз көлемінде немесе екі сөз аралығында кейінгі дыбыстың өзінен бұрынғы дыбысқа әсер етіп, ықпал жасауын айтады.
Кейінді ықпал заңдылықтары
1. К, қ, п дыбыстарының біріне аяқталған сөздерге жалғанатын қосымшалардың басқы дыбысы дауысты дыбыстан басталса, бұл үшеуі ұяңдай (г, ғ, б) түседі. Жазуда естілуінше жазамыз. Мысалы: тарақ-тарағы, жүрек-жүрегі, доп-добымыз, қақ-қағу, төк-төгу, шап-шабады.
2. Түбірдің соңғы н дыбысы н, б, п дыбыстарының алдынан келсе н дыбысы айтуда өзгеріп, м дыбысына айналады. Жазуда мұны ескермейміз. Мысалы: сен-бе (сембе), Жан-пейіс (Жампейіс), Құрманбек (Құрмамбек).
3. Түбірдің соңғы н дыбысы к, қ, г, ғ дыбыстарының алдынан келсе, айтуда н дыбысы өзгеріп, ң дыбысына айналады. Жазуда оны елемейміз. Мысалы: бір күнгі (бір күңгі), Аманкүл (Амаңкүл), сән қой (сәңқой), Дүйсен-қали (Дүйсеңқали).
4. Түбірдің соңғы с, з дыбыстарының бірі ш дыбысының алдынан келсе, ол екеуі айтылуда ш дыбысына айналып кетеді, жазуда бұл еленбейді. Мысалы, колхоз-шы (колхошшы), жұмыс-шы (жұмышшы), сөз-шең (сөшшең), жұмыс шамасы (жұмыш шамасы).
5. Түбір сөздің соңғы з дыбысы с дыбысының алдынан келсе, з дыбысы с дыбысына айналады, жазуда бұл еленбейді. Мысалы: көзсал (көссал), тұз-сыз (тұссыз), жаз-са (жасса).
6. Алғашқы сөздің соңғы дыбысы з болып, одан кейінгі сөз ж дыбысынан басталса, з дыбысы ж дыбысына айналады, бірақ жазуда еленбейді. Мысалы: Бозжігіт (Божжігіт), Боз-жан (Божжан), Ораз-жан (Оражжан).
Тоғыспалы ықпал
Тоғыспалы ықпал деп - әркелкі дыбыстар қатар келіп тоғысып, екеуі де бірін-бірі еркін билей алмай, басқа дыбыстарға ауысып кетуін айтады.
Тоғыспалы ықпал заңдылықтары
Сөз ішінде немесе сөз аралығында н дыбысы мен қ дыбысы қатар келсе, не с дыбысы мен ж дыбысы қатар келсе (көршілес келсе), айтуда н дыбысы ң-ға, қ дыбысы ғ дыбысына, сондай-ақ с дыбысы өзгеріп ш-ға, ж дыбысы өзгеріп ш дыбыстарына айналады. Мысалы: Қазан-қап (Қазанғап), Жылан-қарағы (Жылаңқарағы), Есен-келді (Есеңгелді), Дос-жан (Дошшан), Бесжан (Бешшан).