Тақырып: Адамзат дамуының тарихындағы этнопедагогикалық идеялардың генезисі (тегі)

Мақсаты: Педагогика классиктерінің мұраларындағы халықтық тәрбие жөнінде білімдерін қалыптастыру.

Дәріс мазмұны:

1. Педагогика классиктерінің мұраларындағы халықтық тәрбие, оқу мен тәрбиелердің ұлттық жүйесін дамытудағы Я.А.Коменскийдің қосқан үлесі.

2. К.Д. Ушинскийдің халықтық тәрбие принциптері.

Педагогика классиктерінің еңбектері халықтық тәрбиені қалыптастырудың негізін қалады. ХҮІ ғасыр мен ХҮІІ ғасырдың аралығында өмір сүрген жаңа педагогика негізін қалаушы ұлы славян педагогы Ян Амос Коменский халықтық тәрбие мен ұлттық тәрбие жүйесін дамытуға зор үлес қосты.

Ол 1631 жылы «Тілдер мен барлық ғылымдардың ашық есігі» деген оқулығын жазып шығарды. Білім беру тарихындағы тұңғыш оқулық он бес елдің тіліне аударылып, мектептерге кеңінен таралды. Келесі жылы Коменскийдің есімін дүние жүзіне танытқан «Ұлы дидактика» еңбегі жазылып бітті.

1648 жылдары оның «Әлемді суреттеп бейнелеу» оқулығы, «Жақсы ұйымдастырылған мектептің заңдары» және «Жастарға арналған мінез-құлық ережелері» деген педагогикалық шығармалары аяқталды. «Әлемді суреттеп бейнелеу» өмірдің әр саласынан мәлімет беретін энциклопедиялық кітап ХІХ ғасырға дейін балаларға арналған негізгі мектеп оқулығы болып келеді.

Я.Н. Коменский өз заманындағы білім беру жүйесіне, мектеп құрылысына мектептің жаңа түрі жөніндегі идеяны қарсы қойды. Ол өмірге пайдалы, іске қажетті білімдерді оқытуды талап етті. Сондықтан, мектептің мақсаты – ақылды адамды тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы, - деді Коменский, - жас жеткіншектерге тәрбие және білім беру. Ол тәрбиенің ықпал ету күшін осылай көре білді. «Адам болу үшін ол білім алуы тиіс», «Білімділер нағыз адам...» - деді.

Бүкіл тәрбие ісі Коменскийше табиғатқа тән, жалпы заңдылықтарға сәйкес болуға тиіс. Ол адамды табиғаттың бір бөлігі ретінде алып қарап, тәрбие ісін адамның табиғатына сәйкес, оның табиғи қабілеті мен қасиеттерін дамытуға бағыттап жүргізу керек деп кеңес берді. Кейінен бұл идея педагогикада «табиғатқа сәйкестік принципі» деп аталды.

Коменский адамның өсіп-жетілуіндегі жас ерекшеліктерін негізге ала отырып, бір-бірімен байланысты құрылған оқудың төрт сатылы кезеңін, осыларға сай төрт түрлі мектеп оқуының жүйесін ұсынды:

1. Баланың туғанынан 6 жасқа дейінгі кезеңінде әр үйде – «Ана мектебі»;

2. 6-дан 12 жасқа дейін әр қауымда «Ана тілі» мектебі;

3. 12-18 жастар үшін – әр қалада латын мктебі;

4. 18-24 жастарға мемлекетте академия болу керек.

Бұл мәселеде ол өмірге қажетті бастапқы білім тек ана тілі арқылы ғана беріледі, тек осылай ғана балалардың ақыл-ойын одан әрі дамыту міндетін жемісті шешуге болады деген негізгі қорытындыға сүйенеді. Коменский мектепке ана тілін кеңінен ендіру және оны дамыту жолында қажымас күрес жүргізді. Басқа тілді меңгеру сол ана тілінің көмегімен жүруге тиіс деген пікір ұсынды: «Алдымен, әрине, ана тілі, содан кейінгі ана тілінің орнына жүретін, атап айтқанда көрші халықтың тілі» («Ұлы дидактика», ХХІХ тарау), деді. Коменский өзінің тамаша шығармасы «Ұлы дидактиканы» барлық халық жастарын бүкіл білім салаларына жаңа жолмен, оңай әрі ұтымды етіп оқыту үшін жазды. (1; 21)

Халық тәрбиесіне үлкен мән берген педагогтардың бірі – Константин Дмитриевич Ушинскийдің (1824-1870) мәнінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыстың оқу-ағарту қайраткерлерінің ең алдыңғы тобында саналады. Ол – Россиядағы педагогика ғылымының және орыс халық мектебінің негізін қалаушы. Оның «Балалар әлемі», «Ана тілі», «Педагогикалық антропология» атты тамаша еңбектері, балалар мен мұғалімдерге арналған басқа да кітаптары орыс педагогикалық әдебиетінің баға жетпес классикалық шығармалары болып есептеледі, бұл еңбектер педагогика ғылымына алтын қор ретінде қосылды және дүние жүзіне әйгілі болды.

К.Д. Ушинскийдің педагогикалық пікірінің ең негізгі мәні – әрбір елде халықтың мақсат-мүддесіне, мұқтажына сәйкес өзіндік ағарту жүйесі болуы керек деген халықтық идеясында еді.

Тәрбие халықтық сипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді, халықтың өмірін жөндеуге, оның саласын дамытуға көмектеседі деп есептеді Ушинский. Ол: «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс», - деді.

Тәрбиедегі халықтық идея жемісті түрде жүзеге асуы үшін, мынадай негізгі жолдарды белгіледі:

1. Ағарту ісі мен тәрбиенің кең демократизм негізінде құрылуын көздеді. Тәрбие ісіне халықтың өзі қожа болып, мектептер бүкіл халықтың жастарын қамтуы тиіс деді.

2. Халықтық идеяның басты бір сипаты – қоғамшылдық, соған байланыста тәрбие мен білім беру салалары, олардың төңірегі қоғамдық атмосферада болуы тиіс, себебі халықтық идея мейлінше кең қоғамдық жолдар арқылы іске асады.

Ушинский халық мектебі мен оның міндеттері жөніндегі мәселені де халықтық идея негізінде қарастырды.

Халық мектебі білімінің міндеті «балалардың ақыл-ой қабілетін дамыту, айналысатын қоршаған табиғат пен қоғамдық қатынастарға олардың табиғи түрде дұрыс көзқарастарын қалыптастыру, олардың өздігінше құратын өмір мен әрекетке қабілетін дұрыс өсіру», - дейді Ушинский. Ұлы педагогтың бұл пікірлері қазіргі заманда да құндылығын жойған жоқ.

Дәріс

Тақырып: Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтың еңбектеріндегі этнопедагогика мәселелері.

Мақсаты: Ы. Алтынсарин , А. Құнанбаевтың еңбектеріндегі этнопедагогика мәселелері жөінде білім беру.

Дәріс мазмұны:

1. Ы. Алтынсаринның мұраларының халықтық педагогика және психология ғылыми ұстанымдарында баяндалуы.

2. А. Құнанбаевтың қазақ педагогикасы мен психологиясының тереңірек дамытуға қосқан үлесі.

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин(1841-1889ж.ж.) Қостанай өңіріне белгілі атақты Балкожа бидің отбасында тәрбиеленді, 9 жасында Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектепке оқуға түсіп, сондағы шекара комиссиясында қызмет істеген белгілі шығыс зерттеушісі В.Григорьевтен сабақ алады. Оның үйінде жиі болып, кітапханасынан дүние жүзі әдебиеті классиктері В.Шекспир, И.Гете, Д.Байрон, А.Пушкин, Н.Гоголь, М.Лермонтов, Ә.Фирдауси, Г.Низами, Ә.Науаи т.б. шығармаларынан білім алады.

Мектепті үздік бітірген ол 1857-59 жылдары өз атасының песірі болады да, 1860 жылы Орынбор облыстык баскармасына кіші тілмаштыққа ауысады. Кейін өз қалауы бойынша Торғай қаласында бастауыш мектепте мүғалім болып жұмыс жасайды. 1864 жылы мектеп ашады.

Ы.Алтынсарин қазақ тілінде кітаптар жазып, оларды халык арасына таратуды көздеді. Оның оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін қолға алуында еді. Сонымен қатар, қазақ қыздарының оқытып-тәрбиеленуіне жол ашып, Ырғызды қазақ қыздарына арнап интернаты бар мектеп аштырды.

Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогика классиктері: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой т.б. гуманисттік идеяларын басшылыққа алды, оларды қазақ даласында мектеп өміріне енгізген түңғыш педагог болды.

Оның педагогикалық көзқарастарынан да бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманисттік көзкарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымактастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз.

Ы. Алтынсарин өз халқының жарқын келешегі үшін саналы өмірін сарп еткен, халқына қызмет етуден артық ісі жоқ деп түйген, туған халқын, ел-жұртын шексіз сүйген, нағыз отаншыл азамат еді. Сондықтан да оның көптеген шығармаларында қазақ халқының өзіндік психологиялық қасиеттері, салт-санасы, әдет-ғұрпы жайлы айтқандары ерекше назар аудартады.

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалык әрі психологиялық еңбектерінде халықтық педагогиканың алатын орны зор. Алтынсарин мектепте татарша діни жаттамалы оқудың орнына балаларды ана тілінде оқытуға ерекше мән берді, оларды халықтық дәстүр, аңыз-әңгіме, мақал-мәтел негізінде оқытып, тәрбиелеуге ерекше назар аударып, өз хрестоматиясына халық ауыз әдебиетінің материалдарын атап айтқанда жастарды ерлікке, өнерге, жақсы адамгершілік қасиеттерге баулитын асыл үлгілерін көптеп енгізді.

Ол да Шоқан секілді арнайы психологиялық еңбектер қалдырған жоқ, әйтсе де оның сан алуан ойға толы шығармаларынан (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары т.б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Ол қазақ балаларының өзіндік кейбір ұлттық ерекшеліктерін көрсете келе, осы жәйтті де оқу-тәрбие ісінде мүғалімдердің үнемі ескеріп отыруын қажет деп санады. Мәселен, оның өзі қазақ балалары үшін «Хрестоматия» құрастырғанда осы жағдайды қатты ескергені байқалады.

Профессор Т.Тәжібаев Алтынсаринді «Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері» деп бағалаған.

Кезіндегі Ы.Алтынсариннің көптеген ұлттық тәлім-тәрбиелік, психологиялык-педагогикалық мәселелерін кейіннен Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов т.б. жалғастырғаны белгілі.

Абай Құнанбаев(1845-1904 ж.ж.) - қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшылы.

Оның поэтикалық шығармалары мен «Ғақлия» сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалык ой-пікірлерге толы.

Абай Құнанбаев тәрбие мэселесіне үлкен көңіл бөлді. Ол адамның өсіп-жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келіп, өзінің 19-қара сөзінде «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарына қосылады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» - деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.

Абай сана-сезімді тәрбиелеп жетілдірудегі қоғамдық ортаның рөлін материалисттік көзқараспен түсіндіреді. Адамның жақсы, жаман болуы, ақылды, ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақсүйек тұкымнан шыкқандар ақылды, алғыр болады дейтін буржуазиялық нәсілдік, идеалисттік көзқарасқа қарама-қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдейді.

¥лы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана «Атаның баласы болма, адамның баласы бол... жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», - деген гуманисттік ой-пікірді қуаттау болды. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүние жүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б. орыстың ұлы ойшыл педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен қабысып жатыр.

Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік әдеп, мораль мәселелері қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.

Абай психологиядан арнайы еңбек жазбаса да оның көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен осы ғылымның сан алуан мәселелеріне байланысты ғылыми мәні зор, ерекше көңіл аударарлық түрлі ой-пікірлер көптеп кездеседі. Ақын творчествосында психологияның негізгі мәселесі - жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімінің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық психологияның жекелеген мәселелері де көрініс тапқан. Ол бұларды талдап, талқылағанда адамның психологиялық өмірінің бір қыры мен сырына табиғи-ғылыми түрғыда түсініктеме бере қоймайды. Алайда Абай тұжырымдарының ауқымы мен тереңдігі - оның әлем психологтарының еңбектерімен таныс болғандығын айқын дәлелдейді. Нақтырақ айтсақ, оның психологиялық көзқарастары П.К.Аристотель, Әл-Фараби көзқарастарымен астарласып жатады.

Абайдың психологиялық мәселелерге көзқарасы, ең алдымен, поэзия мен өнердің міндеті адам өмірін, олардың көңіл-күйін, іс-әрекеттерін шыншылдықпен көрсете білу деген түсінігіне орай қалыптасқан. Оның пікірінше ән мен музыка қазақ халқының өмірі мен тұрмысынан ерте заманнан-ақ берік орын алып, олардың сенімді де айнымас серігіне айналған дүниелер. Сондықтан өз тақырыптарында оларды талдауға баса мән берді.

Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуы тарихында алғаш рет ақындық шабытты шақтың психологиялық астарына терең үңіліп, оны адам рухының ерекше күйі деп сипаттады, әрі халықтық тәрбиенің бір құралы деп таныды.

Абайдың психологиялық мәселелеріне байланысты бізге жеткен пікірлері, оның қазақ тарихында түңғыш рет психологиялық терминдер жасауға талаптанып, бұл ғылымға қазақ тілінің аса бай сөздік қорынан бірқатар түсініктер енгізіп, осы жолда қазақ фольклорындағы төл тіліміздегі психологиялық ұғымдарды өңдеп, әрлеп, нақтылап, орнықтырып қана қоймай, сонымен қатар, көшпелілердің психологиялық әлемі туралы өзіндік көзқарас жүйесін қалыптастырғанына тіреледі.

Дәріс

Тақырып: Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық