Тарихыңды таны. Мәтінге жоспар құрыңыз. Жоспар бойынша баяндаңыз

АТИЛЛА (ЕДІЛ)

 

Атилла - түркіше Еділ, туған жылы беймәлім, қайтыс болғаны ІУ-У ғ. ғ. 453 жыл.

Айбыны асқан Атилланың қалың нөпір әскері болды. Қаһарлы Атилла атанған тұс та 438-443 ж.ж. Ғұн тайпаларының одағы алып күшке еніп, көркейе түсті. Ғүндар Рим империясының шығыс бөлігіне бірнеше дүркін (443, 447, 448 ж. ж.) ірі шабуылды жорықтар жасады. Шығыс Рим империясын жыл сайын салық төлеп тұруға мәжбүрледі. Осылай соғыс олжасына кенелген Атилла әскерлерін енді Батысқа бұрды. Жорық жолы үздік-үздік табысты олжаға ие болды.

Бірақ, Айбынды Атилланың атышулы жорықтары мен қыпшақтар жөнінде мәліметтер өте сирек. Ең толық деректер сол кездегі оқиғаларды өз көзімен көрген византиялық елші өкіл Прискінің жазбаларында келтірілген.

Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы М. Аджидің "Қыпшақ даласының жусаны" атты кітабында былай делінген:

"...Ешбір халықта, ешбір елде Атилла туралы, Дешті Қыпшақтың негізін қалаушы оның тайпаластары жайлы жазылған емес. Бар жаһанға белгілі "жабайы тағылар, көшпенділер, ойран салушы, басқыншылар" деп барлық күнә мен кінәні соларға жапқан".

Қыпшақтар империясы 545 жылы Алтайда құрылған Түркі қағанатынан бұрын қаланған. Бұл империя Байкалдан Дунайға дейінгі алып аймақты алып жатты. Шығыстан Батысқа қарай жүретін жолсапар сегіз айдан асатын. Бұл аты әйгілі көшпенділер елі —Дешті Қыпшақ жері еді. Қыпшақ әскерлері жақсы жасақталған, арғымақ мінген аттылы жауынгерлері сақадай сай, жорықта ержүректілігімен қызықтыратын.

Дешті Қыпшақтың оңтүстік шекаралары Босфор, Булғария жерлерін орап, солтүстік Кавказдың таулы аймақтары да империяның иелігіне кірді.

Бұл алып империяны, айбынды Атилла басқарып тұрды. Атилла келгенше Еуропа аспанында ойнаған отты найзағай Рим империясы еді. Атилла келісімен мұнда жағдай өзгерді. Далалықтардың дауылдай екпін күші мен көзсіз ерліктерінен сескенген римдіктер ашық соғысқа шыққан жоқ. Олар бір атақты әулеттің тұқымы Аэций дегенді қыпшақтар арасында тәрбиеленуге жіберді. Қыпшақтар дәстүрінде өзін жақсы көргенді жатсыну жоқ. Бөтенсінбей бауырына басады. Аэций Атилланы жағалап, соның жанынан табыла білді. Кейін Римге оралған соң Аэций Рим императорының кеңесшісі болды. Қыпшақ әскерлерінің жорық әдістерін алып үлгерген Аэций әскер басы атанды. Әскер құрамының көпшілігі қыпшақтың аттылы жауынгерлері еді. Атилла Римнен сатқындарды қайтаруды талап етті. Олар жауап қайтармады. Ол кеш те болса айналасын опасыздар қоршап алғанын сезді. Рим ол опасыздарды қайтару уәдесін соза берді. Көп ойланып, толғанған Атилла ақырында Римге шабуылға шығуға бел байлады. Осылай өмірінде түңғыш рет Атилла сатқындарға алданып, санын соғып, қатты мазасызданды.

Біздің уақытқа дейін жеткен дерекнамалардан қыпшақтардың тұрмыстық құрал-жабдықтарын, киім-кешектерінің сипатын табуға болады. Еуропалықтарға көшпелілер тұратын киіз үйлер ғажайып болып көрінді. Олар көшпенділердің сыртқы келбетін көріп, былғары бөрік, тері шалбар, саптама етік кигендеріне таңғалып қараған.

Көшпенділердің көсемі Атилла туралы тарихшылар "оның өр мінезі болса да патшалар сияқты жұртқа өктемдігі жоқ, ел қатарлы киінген. Думан-тойларда алтын, күміс ыдыстарды емес, ағаштан жасалған бұйымдармен ғана ішіп-жеуді үнатқан" деп сипаттайды. Осындай қасиеттері үшін ел оны құрметтеп, қатты сыйлаған. Ұлы қолбасшыны 453 жылы опасыздар у беріп, өлтіреді.

 

 

31.Туристік саяхатпен келген саяхатшыларға өз өлкеңіздің қандай көрікті жерлерін көрсетер едіңіз? Неліктен? Баяндаңыз.

 

 

Біздің елімізде кейінгі жылдары туризм қалың бұқараны қамтитын демалыстың бір түріне айналып келеді. Нарықтық қатынасқа көшкен кезде туризм бизнестің тамаша көзіне айналып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрінде туризм жақсы дамыған. Туған өлкеге саяхат жасау адамдардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырады.

Соның ішінде "Интурист" қоғамының орны ерекше. Ол халықтардың бір-бірімен етене араласуына және мемлекетаралық байланыстардың нығаюына елеулі үлес қосып келеді. Сондай-ақ, шетелдерде туризм табыс табудың көзі, шаш-етектен пайда түсірудің ең тиімді жолдарының бірі, яғни ел экономикасының бір ықпалды бөлшегі болып табылатындығы белгілі болды. Қазір бірқатар мемлекеттерде туризмнен түсетін табыс ел экономикасының 20 пайызын құрайды екен. Ал бізде бұл көрсеткіш бір пайызға да жетпейтін көрінеді.

Алайда біздің республикамызда бір-бірімен бәсекелес туристік фирмалар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Солардың ішінде 50 жылдай тарихы бар, өз ісіне қалыптасып қалған еліміздің қазынасына қажетті үлесін құйып жүрген "Яссауи" компаниясы. "Яссауидің" тарихына, өткеніне үңілер болсақ, ол әріден одақ кезіндегі "Интуристпен" байланысты бастады. Ол 1955 жылдың аяғына қарай ашылған болатын. Осы уақыттан бері шетелдіктер Қазақстанның тарихи мекендерімен, ескерткіштерімен, табиғаты тамаша жерлерімен жақын таныса бастады. Жыл сайын мыңдаған турист Қожа Ахмет Яссауи, Айша-Бибі, Қарахан кесенелерін, Павлодар-Сабындыкөл, Жасыбай көлдерін, Қарқаралының сұлу табиғатын, Шығыс Қазақстандағы Марқакөлді аралап үлгереді. Алматы қаласы өзінің ең алғашқы шетелдік туристерін 1956 жылы қабылдаса, 1974 жылы бұл сан 8 мыңнан асып үлгерді. 1974 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанынан шетелдік туризм жөніндегі басқарма құрылды. Қазақстанның табиғи байлығының молдығы, әсем табиғаты шетелдік туристерді қызықтырып, оларға үлкен әсер етті.

1981 жылы Интуристке - "Отырар" қонақ үйі пайдалануға берілді. Бұл оқиға туристік қарым-қатынастардың одан әрі ұлғая беруіне себепші болды. Шетелдіктердің Қазақстанға көп келген кезі 1985-86 жылдар аралығы болатын. Онда Польша, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания елдерінен 42 мыңдай турист келген еді. 1992 жылы Республикамызда "Туризм туралы" Заң қабылданды. Осы заң бойынша туризм экономикамыздың жоғары табысты саласына айналуы тиіс болатын. Міне, сол кездері республикамызда жүздеген туристік фирма мен компаниялар құрыла бастады. Олардың ішінде ең алдыңғы қатарда "Интурист-Қазақстан" болды, ол Қазақстандағы тұңғыш рет чартерлік әуе рейстерін ұйымдастырды. Қытайға баратын туристік пойыздың жүруіне ықпал етті, бұл жылы компанияның көмегімен шетелдерге шыққан туристердің саны 15,4 мың адамға жетті.

1994 жылы 12 мамырда "Интурист Қазақстан негізінде туризм жөніндегі "Яссауи" мемлекеттік акционерлік компаниясы дүниеге келіп, туризм әлеміне еркін есік ашты. "Яссауи" компаниясы туризм жөнінен Түркия, БАО, Қытай, Пәкістан, АҚШ, Германия, Жапония секілді ірі мемлекеттердің туристік фирмаларымен іскерлік байланыстар орнатып үлгерді. Компанияның тағы бір жетістігі, ол халықаралық "Еуразия" туристік ассосациясына мүше болып енді. Жалпы алғанда – табиғаты бай, дәстүрі берік, сән-салтанаты мол қазақтың жері, Қазақстан топырағы әлі талай туристердің жаңа дүние ашуына көмектесері даусыз. Адал ниетпен, таза пейілмен келген адамға қашанда есік айқара ашық, татар дәм де дайын. Бұл – Қазақстан туризмінің басты ұстанар қағидасы, басты мұраты деуге болады.