Адам өмірінің мән-мағнасы

Адам дүние жөнінде неше-түрлі ұғымдар мен бейнелерді тудырып, солар арқылы кеңістік пен уақыттың шектеуінен ой арқылы шығып кету дәрежесіне көтеріледі. Ол заттар мен құбылыстардың ішкі сырын аша алатын пенде. Ол неше-түрлі рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді, сонымен қатар, оларды жойып, тіпті өзін жойып жіберетін кездер де болады. Ең соңында, адам өз-өзін бақылап, баға беріп, өзімен өмір мен өлім жөнінде сұхбаттаса алатын пенде. Егер жануарлар өз табиғатына сай өмір сүрсе, адам алдында “мен неге дүниеге келдім?”, “не үшін өмір сүруім керек?”, “қалай өмір сүруім керек?”,- деген т.с.с. сұрақтар пайда болады. Оның себебі жоғарыда көрсетілген адамның ішкі рухани өмірінде жатыр. Міне, бұл қойылған сұрақтар адам өмірінің мән-мағнасын анықтауға итереді.

Адам өз өмірінде, басқа тіршіліктер сияқты, әр-түрлі қажеттіктерін өтейді. Жаңғыз ғана дәулетке жету адамды қанағаттандырып, оның өмірінің мән-мағнасын құрай алмайды. Оның сыртында талай рухқа негізделген адамның қажеттіктері тұр. Уақытында американ ғалымы А.Маслоу адам қажеттіктерінің төменнен жоғары көтерілетін тізбесін жасаған болатын. Ең төменгі - іргетасты физиологиялық (тамақтану, тыныс алу, қозғалу, киім, баспана т.с.с.) жыныстық (дүниеге ұрпақ әкелу) қажеттіктер. Екінші – экзистенциалдық қажеттіктер (қауыпсіздік, ертеңгі күнге деген сенімдік, өмір сүру жағдайларының және қарым-қатынасқа түсетін қоршаған адамдардың тұрақтығы т.с.с.). Үшінші - әлеуметтік қажеттіктер ( басқа адамдармен бірігіп, қарым-қатынасқа түсіп, солардың сый-сияпатына ие болу). Төртінші - престиждік, яғни, беделді басқалардың назарына ілігу, еңбек сатыларымен жоғарылау, жоғары тұлғалық бағаға ие болу т.с.с. Бесінші – рухани қажеттіктер - шығармашылық арқылы өз мүмкіндігіңді өмірге еңгізу, іске асыру.

А.Маслоудың ойынша, төменгі қажеттіктер өтелмейінше жоғарғылар әлі де болса адамға қызықты емес. Өтелген қажеттіктер өз күшін жойып, адамды жоғарғы қажеттіктерді игеруге итермелейді. Егер де төменгі қажеттіктерді өтеу - қоғамның даму деңгейіне байланысты - қиын мәселеге айналса, ол адам өмірінің негізгі мән-мағнасына айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда қаншама адам “нан табу” мәселесінің шеңберінен шыға алмай жүр?! Оны тарихи қалыптасқан қоғам өмірінің кемшілігі ретінде қарау жөн болар.

Сонымен, өмірдің ең биік мән-мағнасы – шығармашылық сатыға көтеріліп, өз қабілеттеріңді іске асыру, соның арқасында өз тұлғаңның ерекше орнын анықтап, қанағаттану болмақ. Ондай адамға тән нәрселер:

өмірдің әрбір күнін теңдесі жоқ сый ретінде қуанышты сезіммен қабылдау;

басқаларды өзіңді сияқты бағалап қабылдау;

басқаларға тәуелді болмау, әр мәселе бойынша өз пікіріңді көрсете білу, өзгелердің пікірін де қабылдап сыйлау;

өз таңдаған ісіңді сүю, шығармашылық деңгейінде игеру;

үне бойы өз қабілеттеріңді әрі қарай дамытуға тырысу;

мақсат-мұратқа жететін құралдарды таңдау, жақсылық пен жамандықты, сұлулық пен айыра білу;

қай жерде болмасын өзіңді қарапайым күндегідей ұстай білу; т.с.с.

Адам өмірінің мән-мағнасы жөнінде арнайы еңбек жазып құнды пікірлер айтқан ХХ ғ. өмір сүрген австрияның ұлы ойшылы В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ақуалына тоқтала келе оның қиындығы жөнінде сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты инстинкттің, кешегі қоғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан, ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), я болмаса, басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағнасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам “экзистенциалдық вакуумға” (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік аномияға (ауытқуға) ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдай іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру (суицид) т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдай жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан-дүниесі қандай, ол кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. – оған көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарының бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? – бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ақуал кездейсоқ біреудің нашаны ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап - өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге шомылады…

Осы араға келгенде біз үлкен экзистенциалдық мәселеге - өлім мен өлместікке келіп тірелдік.