Ілияс-қоғам қайраткері

Тірек сөздер: Кіндікқорған, Матай, ақын, журналист.

«XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі ақын, классик, аз өмірі мен шығармашылық жолының қысқа кезеңінде-ақ қазақ халқының рухани алтын қорына қосылған төл шедеврлерін дүниеге әкелген» (М. Әуезов) Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 1 мамырда Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Көне көздердің айтуына қарағанда, Ілияс туғанда атасы Берсүгір нәрестенің кіндігін биік төбенің басына көмдірген. Момын даланың меңіндей болып топырағы қонырқайлана дараланып тұратын төбешікке «Кіндікқоңыр» деп ат қойып, айдар таққан Жансүгірдің өзі. Айналасынан биік тұрған Кіндікқорған шоқысының төбесінде ертеде Ілиястың әкесі Жансүгір ақсақалдармен мәжіліс құрған.

Ілияс жастайынан әке тәрбиесінде болады. Әке өнері Ілиясқа көп әсер етеді. Ол сауатын әкесі арқылы ашады. Жансүгірдің бірінші әйелі ерте дүние салған. Одан Бимағзұм туады. Екінші әйелі Көкіштен Рахия, Рахима, Ілияс туады. Көкіш - әжептәуір әнші болған адам. Ол кісі Ілиястың төрт жасында дүние салып, ол кейінгі өгей шешесі Бибінің қолында өседі. Бұдан Қызырбек туады. Ілиястың бала кезінен ұғымтал, зерек болып өсіп келе жатқанына қуанған атасы Берсүгір оны ерекше жақсы көріп, «қоңырым» дейді екен.

Жансүгір Мекке барып, қажы атанбаса да қадіммен қара суды теріс ағызар білігі бар, сол кездің дәрежесімен салыстырғанда сауатты, бармағынан бал тамған өнерлі жан екен. Темірден тебен соғып, ағаштан өрнек шапқан, етік тігіп, тон пішкен зергер болыпты. Бұған саятшы, салдығын қосып алғанда Жансүгірдің қалың елдің қадірлісі болғанын көреміз. Ілияқа көп үміт артқан. Дін кітаптары мен басқа ел ақындарының жырлары, айтыстары мен көне ауыз әдебиет үлгілері құйма құлақ ұғымтал Ілиястың қанбай жұтар кәусарына айналады. Ілияс аузынан уыз сүті кетпеген балаң кезінен-ақ қазақ ауыз әдебиетінің ұлы рухымен нәрленіп, өмірді танып-білуге, оның тылсым терең сырларын ашып, астарлы мағыналарын ұғынуға құштар болып өсті. Бұл тұрғыда шығыс аңыздары, поэмалары, халық әңгімелері, сондай-ақ, өзі жастайынан көріп, өз құлағымен ұйып отырып тыңдаған Молықбай, Шөже, Әсет, Бақтыбай, Сүйінбай, Майра, Сара, тағы басқа әйгілі ақындардың өміршең дәстүрі мен әсер-ықпалы да оның жанын жадырата түсіп, ақындыққа қарай үйіріп, баурай береді. Ілияс күллі «Еңлік - Кебек» дастанын, «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын жатқа айтып беретін болған, ол жырлардың бірнеше нұсқасын білген. Бұл ақынның «құлағын қырға түріп жүрген кезі» («Құлагер» дастанынан).

Ілиястың әкесі аштық жылдарында Оңтүстік Қазақстан жақтағы канал қазу жұмыстарына қатысып (Мақтарал ауданында), сол жерде 1932 жылы дүние салады. Жерленген жерін Ілияс іздеп таба алмайды.

Ыбырайым Маманов «Мейірімді жан еді» деген естелігінде Ілиястың ақындыққа бейімділігі ерте білінгендігі жайлы былай дейді: «Қарағаш мешітінің имамы Қасен молда «Мамания» медресесінде оқушыларға дін және құран үйрететін. Ол араб сөзіне тілі келмеген оқушылардың тілін орамалмен ұстап, созатын әдеті бар еді. Бір күні Тұтқышбай деген баланың тілін созып, баланың тілі ісіп кетіп, біраз азап шегеді. Сол кезде Ілияс төмендегі өлең жолдарын жазады:

Молдекем Тұтқышбайды мазалап тұр,

Тілін созып, жылатып, жазалап тұр.

Дін үйретіп балаға зорлықпенен,

Баратын жұмақ жолын тазалап тұр.

Iлияс Жансүгiровтің көзін көріп, қызметтес болған Б. Кенжебаевтың естелiгiнен Ілиястың қандай жан болғандығын білуге болады: «Iлияс ұзын бойлы, iрi, алып денелi, палуан мүсiндi десе де болар едi. Дене мүсiнiне бет әлпетi сай едi: кең маңдайлы, қою қара қасты, жар қабақ, шүңiрек қара көздi, үлкен қыр мұрынды, жазық беттi, сүйiр иектi, қара торы едi. Сондай-ақ, қою қара мұртымен ол кавказдықтарға бiраз ұқсар едi. Жүргенде Iлияс бiрдеңеге құлақ салып келе жатқан тәрiздi, басын сол жағына әнтек қисайтып, жайбарақат, сәл салқам жүретiн. Жүрiсi дене мүсiнi мен бет әлпетiне жарасып тұратын. Iлияс аз сөйлейтiн. Бiрақ қу тiлдi болатын, сөйлегенде сөздi тауып, ақылды, дәлелдi, жүйелi, жатық, өткiр, көп ретте күлкiлi етiп сөйлейтiн. Күлдiргi, мысқыл, әжуа әңгiмелердi әрi көп бiлетiн, әрi келiстi етiп айтатын. Ол қандай қызық, күлдiргi әңгiме айтып, жұрт қарқылдап күлiп жатса да, өзi күлмейтiн. Тек үстiңгi ернiнiң бiр бұрышын ерекше бiр бүлк еткiзiп қойып, отыра беретiн. Iлияс тегi ауыр мiнездi, сабыр иесi адам едi. Жүрiс-тұрысы байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтiн. Iлиястың дене құрылысы мен бет әлпетiне сай келмейтiн бiр жерi – үнi, даусы болатын. Өзi ұзын бойлы, алып денелi, жазық беттi, үлкен қыр мұрынды бола тұрып, даусы жiңiшке болатын. Қатты қызуланып сөйлегенде оның үнi кейде шiңкiлдеңкiреп шығатын едi. Бiрақ Iлияс әншi едi. Ән салғанда оның даусында ерекше бiр қасиет пайда болатын: ол әрi сылдырлы, әрi созылымды, өте таза, сонымен құлаққа жағымды болып шығатын, жазғы қоңыр желдей есетiн, қоңыраудай, таудан аққан тас бұлақтың суындай сылдырайтын. Iлияс жолдас-жоралары бас қосып отырған жерде, қонақта ән салуды жақсы көретiн, жұрт өтiнсе, iркiлмей ән сала беретiн, қазақтың көптеген тамаша iнжу-маржан әндерiн әдемi айтатын» («Ағыл-тегiл ақын». Кiтапта: «Азамат ақын», 1994 ж., 104-б.).

1915-1917 жылдарда жазған өлеңдерін «Балдырған» деген жинағына топтайды. 1919-1920 жылдарда жазғандарынан «Қызыл жалау» деген жинақ құрастырады.

1920 жылға дейін ауылда болады, жас ақын жастық шаққа лайық, балғын лепті, сырлы, лирикалық өлеңдер жазып, бір уақ егін егіп, мал бағып, әкесінің шаруасына көмектеседі. Өзінің туып-өскен мекені Ойтоған мектебінде (осы күнгі «Қызылтаң» совхозы) күн сайын бір-екі сағат ересектерге сабақ беріп, елді сауаттандыру жұмысына ат салысады.

Ілияс жиырма бес жасында алғашқы жұбайы Жәмиламен отау кұрады. Ол Жәмиланы әкесі Жансүгірдің айтуымен жеңгелей алған. 1919 жылдан 1921 жылға дейін екі жыл тұрады. Жаратылысынан дос-жаранға үйір, әзілқой, көпшіл, сыршыл да жыршыл Ілиястың табиғатынан тұйық, өз сыры өз ішінде Жәмиламен тіккен отауының шамы көп ұзамай сөнуінің себебі айтпаса да белгілі жайт сияқты. Ол кісіден бала болмаған. 1921 жылы жазда Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылында ұстаздық қызметіне кіріседі.

1922 жылы 13 қарашада ол «Абай» атындағы Балалар үйіне қызметке тұрғанын, Жетісу губерниялық инспекторы кезіндегі сауатсыздықты жою мен білімнің жай-күйі үшін келелі мәселелер көтергендігін мұрағаттағы деректер айғақтайды. Сол уақытта партияға, қоғамға тапсырыспен жазған ұраншыл өлеңдерін дүниеге әкеледі. «Жарлылар ұйымының жетісі», «Жалпы жасқа», «Жастар ұраны», «Тілек», «Егінші», «Жас жалшыға», «Баспаханада қыр қазағы», «Кедей тойы», «Қойшы ойы», «Ұлы күн», «Май тойында», «Қырман», «Октябрь күні», «Орақ науқаны» т.б. Осы жылдары көркемдікпен астасқан, сырлы сезімдерге құрылған, табиғаттың әсем суретін бейнелеген туындылар да дүниеге келді. «Ағынды менің Ақсуым», «Ақшам», «Бұлт», «Тапанша», «Жазғы таң», «Жазғасалым», «Жазғы шілде», «Қыс», «Күз», «Жазғытұрым», «Жас бұлбұлдарға» сияқты өлеңдерінен ақын тілінің айшықты тұстарын көруге болады.

Ілияс 1922 жылдың күзінде «Тілші» газетінде әуелі хатшы, әдеби қызметкер, кейін редактор міндеттерін атқарады. «Тілші» газетіндегі қызметімен бірге Қазақ-қырғыз ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жетiсу жұрты үшiн шығып тұратын «Тiлшi» газетi-оның алғашқы тығыз қарым-қатынаста болған басылымы. I. Жансүгiров бұл газеттің жұмысына 1922-1925 жылдары белсендi қатысып тұрған. Ақын бұл газетке мақалаларын, сықақ әңгiмелерiн, очерктерiн бастырып отырған. Таңқыбай атымен басылған «Екпiндi бүлдiргiш», «Мынау не дейдi?» деген фельетондары да бар. «Шоқпардың шоқтығында», «Жол аузында», «Төменнен толқын» сияқты очерктерi ел iшiндегi қым-қуыт кезеңді суреттеуге арналған.

1923 жылдың басында Жетісу облыстық қосшылар комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.

1923 жылдың қаңтарында Жетісу облыстық партия комитеті қазақ әйелдерінің тұңғыш баспасөзі - «Жетісу әйелі» журналын шығаруды қолға алады. Журналда Ілиястың «Кім екен?» деген өлеңі, «Ақын Сара кім еді?» атты мақаласы, «Күң өлімі» әңгімесі басылады.

1924 жылдың 23 ақпанынан бастап осы институттың директоры қызметін атқарады. Осы кезде Аманшаны жанына алады.

Ілияс «Еңбекшi қазақ», «Жас алаш», «Ана тiлi», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Қазақ әдебиетi» газеттерiне, «Жетiсу әйелi», «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар», «Әдебиет майданы», «Жаршы» журналдарына жиі-жиі мақалаларын беріп тұрған. Әлі арылып болмаған қараңғылық, парақорлық, мансапқорлық, пәлеқорлық, екіжүзділік сияқты жағымсыз, жексұрын мінез - құлықтар ақынды жирендіріп, талай уытты, сыншыл, сықақшыл өлеңдері мен фельетондарын туғызды. Атап айтсақ, 1920 жылы жазған «Бейсембек болыс» пен «Елге шыққанда ...ов не айтады», 1921 жылғы «Некешілдер» мен «Молданың мінжаты», 1922 жылғы «Ала бие», 1923 жылғы «Ит-ай», «Жолсыз салық» және «Ықшылбай», 1924 жылғы «Бұлақ бойында», кейінгі жылдардағы «Бай, бәйбіше», «Өлген молданың өсиеті» т.б. өлеңдері. «Қойшы мен аэроплан» (1923), «Барақ» (1924), «Жедел жәрдем» (1925) әңгімелері мен «Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабы» очерктерін жазып, Ташкентте шығатын «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» журналдарына да жiбередi.

Ақынның Жетісу губерниялық атқару комитетінің төралқасына мүше болғандығына 1925 жылы 25-ші маусымда берілген құжат куәлік етсе, Жетісу ағарту институтында дәріс оқығандығына 1925 жылы 13 тамызда институттың директоры берген анықтама дәлел.1925 жылдың август айына дейін ақын Алматы губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болды.

Білімге сусап жүрген Ілияс 1925 жылы 31 жасында жоғары білімді маман болу мақсатымен Мәскеуге Мемлекеттік журналистер институтында оқуға жолдама алады. Ол - қазақтың ең алғашқы арнаулы білім алған маман журналисі. Үлкен қалада жалғыз қалып бара жатқан Аманшаны денсаулығының дімкәстігіне байланысты елге әкелуге мәжбүр болған Ілияс туысқандарының арасындағы бауырмал да кішіпейіл, тұрмысы жақсы Балдыбалаға тапсырып кетеді. Кетерінде «Айырылу аттанысында» деген өлең жазады. «...Қабырғам қаусап сөгілді-ау, Айырылған деген құрысын!-деп, аяулы жарын жұбатып, әрі жалындаған ыстық махаббатын білдіріп, қайрат береді. «Жүрегім - жара, у – ішім» деп, аттанып кете барады.

Аманша 1927 жылы Ілияс оқуда жүргенде баласын босана алмай қайтыс болады. Мәскеуден жерлеуге кешігіп келген Ілияс Аманшаға деген жүрек тебіренісін «Моласында» деген жоқтау өлең арқылы жеткізеді. Ақынның бұл өлеңдері «Сағанақ» (1928 ж.) және «Өлеңдер» (1933 ж.) жинақтарына енген екен.

Оқиғаны нақтылы жырлау, адамдардың нақтылы образдарын жасау, қазақ кедейінің өзгерген психологиясын беру талабы арқылы өлеңнің жаңа формасы - диалогты қолданып бірнеше өлең жазды. «Некешілдер» (1921), «Қазақы қорытынды» (1921), «Ала бие» (1922), «Тапанша»(1922), «Бай, бәйбіше» (1927), «Қонақтар мен қожайын» (1927), «Шал мен келін» (1928), «Шошқа»(1931) деген өлеңдері осы әдіске құрылған. Бұлардың қатарындағы «Тапанша» деген өлең классикалық үлгіге жатады. «Саптыаяқ» (1925)деген өлеңін де ерекше атауға болады. Табиғат, жан-рух сезімін, философиялық түйіндерді жырлағанда да қапысыз ұсталықпен, зергерлікпен, мүсіншілдікпен суреттейді.

Ілияс Жансүгіров Коммунистік партия қатарына 1927 жылдың екінші ақпанында Москва партия ұйымында қабылданған. Ақын осы жылдың желтоқсанынан бастап партиялық тапсырмаларды орындаумен айналысқан. 1927 жылдан 1928 жылдың сәуіріне дейін Москваның «Каучук» заводында партиялық тапсырма ретінде қабырға газетін шығарып, жұмысшы тілшілері үйірмесін басқарған.

Табанды оқумен, талмай ізденумен Москвада өткен үш жыл Ілияс шығармашылығына жаңа мазмұн беріп, жаңа арна салады. А.С.Пушкин, А.П.Чехов есімдерімен ақын Ақсудағы Барлыбек Сырттанов атындағы кітапханадан таныс. Ілияс олардың шығармаларымен толыққанды танысуды Мәскеуде оқып жүрген кезеңінде одан әрі дамытады. Маяковский, Бедный, Уткин, Багрицкий, Светлов, Исаковский тәрізді атақты ақындармен кездесіп, ұшқыр қиялына қанат байлайды, ой өрісі кеңейіп, өмірді тереңірек түсінеді. Сөйтіп, Ілияс қазақ әдебиетіне жаңа тақырып – жұмысшы тақырыбын «Заводта» (1926), жаңа бейнелер әкеледі, орыс халқымен достықты «Ресей жері» (1927) өлеңінде өзгеге ұқсатпай өзінше, жаңаша жырлайды. 1928 жылы КазАПП-қа мүше болып кiредi.

Ілияс Жансүгіров 1928 жылдыңқаңтарынан мамыр айына дейін Москвада, ВКП(б) Орталық Комитетінде қазақ баспасөзінде маңызды мәселелердің жазылу жайын зерттейді. 1929 жылы ақын Сыр бойына келген. Осы жылдың 15 шілдесінен бастап Қызылордада шығатын «Еңбекші қазақ» газеті редакторының көмекшісі қызметінде болады. «Еңбекші қазақ» газетінде істеген 3 жыл (1929-1931) Ілияс шығармашылығының тағы бір басқыш жоғарылаған маңызды кезеңі болғаны даусыз. Бұл кезде ақын есімі бүкіл Одаққа таныла бастайды.

Ілияс шығармашылығын зерттеушілердің кейбіреуі Ілиястың тұңғыш жинағы «Беташар», 1927 жылы басылып шықты деп жаңсақтыққа ұрынып жүр. Ф.Ғабитова «Ақынның өмірбаяны» атты мақаласында: «Ілиястың бірінші туындысы 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының бесінші санына қосымша болып басылған «Беташар» дейтін 18 беттік кітапша болатын»,- дейді. Ілиястың 1928 жылы жазған өмірбаянындағы: «Беташар –кішкентай үгіт өлең, әйелдер бөлімі басты. Бұл - менің алғашқы шыққан кітабым»,-деген сөзін негізге алып, ілиястанушылар кітап деп есептеп жүр. Ілияс енді бірде: «Беташар» поэмасы 1926 жылы Қызылорда қаласында «Әйел теңдігі» журналының қосымшасы ретінде жарық көрген. Поэма қазақ қыздарының күңдіктен құтылуы жайлы жазылған»,-дейді. Ақынның «Беташар» поэмасы бар деген дерек жоқ, бірақ «Қазақ қызы» деген өлеңінің мазмұны осыған сәйкес келеді.

Ілияс Жансүгіровтің тұңғыш өлендер жинағы «Сағанақ» деген атпен 1928 жылы Қызылордада басылып шықты. «Мен осы елдің жайған керегесінің сағанағымын» деген Ілияс сөзі бар, бұл жинақ атауының осындай символикалық мәні болғандығын көрсетеді. Ақынның 1920-жылдардан бастап газет журналдарда басылған өлеңдерінің таңдамалары және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері мен аудармалары «Сағанақ» жинағына енген. Жинақ өзінің тақырыптарының жан-жақтылығымен де, мазмұн, түр жаңалығымен де Ілияс шығармашылығынан елеулі орын алады.

Ілияс шығармашылығын зерттеу мәселесіне әдеби сынның көңіл аударуы Сәбит Мұқановтың осы «Беташар» мақаласынан басталды.

1929 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға көшеді. Ілияс Жансүгіровтің Алматыда өткен (1929-1937) кезеңі - ақынның өз басы үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де аса жемісті, ұлы өрлеу кезеңіне айналды. Кіндік қалада қызмет ететін азаматтардың дені оқыған, білімді, зиялы азаматтар еді. Осында Ілиястың көптеген кітаптары, оның ішінде балаларға арналған әдебиеттері, жарық көре бастады. Осы кезеңде қызмет етуші азаматтардың бірі Сәдуақас Оспановпен араласады. Ілиястың болашақ үшінші жары Бәтима осы кісінің немере қарындасы екен. Бәтима өнерге, білімге біртабан жақын жан болады. Әдеби шығарманы көп оқығанды, әдемі даусымен ән салғанды ұнатады екен. Сол жылдары жасы он сегізге енді толған бойжеткенмен Ілияс қыздың ағасы Сәдуақастың үйінде танысып, кейінірек бас қосып, отау тігеді. Бұл кезенде Ілиястың жасы отыз беске толған. 1930 жылы Ілияс Жансүгіровтің тұңғышы Саят дүниеге келеді. Саяттан басқа Сайра деген қыздары болады. Бірақ Сайра дүниеге келісімен көп ұзамай 1932 жылы шетінеп кетеді. Саяттың жасы бірге толғаңда, Бәтима кішкентайын әпкесі Айшаның қолына тастап, Мәскеудегі педагогикалық институтқа оқуға кетеді. Бір жылдан соң оқуын тастап, қайтып келуге мәжбүр болады. Оған себеп, Ілиястың басқа адаммен (Фатима Ғабитова) жақын болуы еді. Бәтима Саятпен Түркістанға көшеді.

Фатима Ғабитова - кезінде Иван Грозный Қазан хандығын басып алғанда орыстардың билігін мойындағысы келмей, қазақ арасына қашып келіп, Қапал қалашығында мекендеп қалған Зайнулла деген татардың қызы. Ол 1903 жылы Қапал ауылында (сол кездегі қала) дүниеге келеді.

«Менің саналы өмірімнің барлығы қазақ жастарын оқытуға арналғандай жайы бар. Мен - оқытушы, әдебиетші болумен бірге, жеті баланың анасымын. Балаларым – қазақ халқының аяулы, ардагер үш ұлының ұрпақтары. Жәнібек, Азат дейтін ұлдарымның, Фәрида дейтін қызымның әкесі – Жетісуда тұңғыш қазақ мектептерін ашқан, өз дәуірінің белді, беделді халық ағартушысы Біләл Сүлеев. Үміт, Ильфа дейтін екі қызымның және Болат дейтін ұлымның әкесі – осы күнге дейін қазақ поэзиясында алдына жан салмаған ақын Ілияс Жансүгіров. Кенже ұлым Мұраттың әкесі – Мұхтар Әуезов»,- деп өз өмірі жайлы сыр шертеді. (Кім көнбейді тағдырдың салғанына...)

І.Жансүгіров шығармашылығының нағыз кемеліне келіп, кең өріске шыққан ең жемісті кезеңі 1928-1937 жылдар. Әдебиетке араласқан аз уақыт ішінде Ілияс Жансүгіров күрделі шығармашылық жолдан өтті, әдебиеттің әр саласында, әр жанрында қалам сілтеп, мол мұра қалдырды. Ол поэзияда қысқа өлеңдерден кең ауқымды поэмалар жазу дәрежесіне; прозада очерк, әңгіме, публицистикалық мақалалардан романға; драматургияда бір актілі мектеп сахнасына арналған қысқа пьесадан күрделі конфликтіге құрылған драма жазуға жетті. Сонымен қатар, қоғамдық қызмет, журналистика, әдеби сын, көркем аударма саласындағы еңбегі де ұшан-теңіз. Бұл кезең Ілиястың азаматтық тұлғасын, шығармашылық портретін айқын танытты. Оның дәлелі - Ілияс Жансүгіров шығармашылығына қаламдас жолдастары тарапынан сол 1930-жылдардың өзінде жоғары баға берілуі.

Ілияс музыкаға өте жақын адам болған. Ахмет Жұбанов: «Бір күні Ілияс маған телефон соқты да, «Бүгін кешке үйіңе барамын. Бір поэма жазып ем, соны саған оқимын» деді. Мен бұған қайран қалдым. Өйткені біздің ағай (Жұбанов Құдайберген – атақты тілші ғалым) оны поэзиядағы ең үлкен адам дейтін. Ал сондай адамның музыка саласында білім алған маған келіп, поэмасын оқуы қалай? -деп ойладым. Кешінде Ілияс уағында келіп: «Сен музыкалық білімің бар адамсың ғой. Мен мына поэмада оқушыға күй мағынасын жеткізіп бере алдым ба, соны байқашы», - деді. Бұл «Күй» поэмасы еді.

Ілияс Жансүгіров кино өнеріне өте ынталана, қызыға қызмет еткен. Ол қазақ халқының тарихынан түсірілген алғашқы фильмдердің авторларына әрдайым шығармашылық көмек көрсеткен. Мәселен, Қазақ ССР-нің өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, белгілі кинорежиссер - Ефим Ефимович Арон қазақ елінің өміріне арнап «Дала әні» атты киносценарийін жазғанда, Ілияс оған туған халқының тұрмысы, әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары жайында ақыл - кеңестер берген. Сол жылдың жазында «Дала әні» сценарийі бойынша фильм түсіруге кіріскенде, Ілияс Жансүгіров Москвадан келген кино экспедициясын өзі бастап жүрген. Ол фильмнің даладағы эпизодтарын Қазақстанның әсем жері-Керекудегі Баянауылда түсірткен. Сол кезеңде Ілияс Жансүгіров ат үстінде отырып, суретке түскен. Бұл - ақынның осы «Дала әні» фильмінің көпшілік көрінісіне қатынасқандығының куәсі. Суреттің сыртында: «Атқамінер», «Кереку округінде», «1930 жыл» деген жазулар бар. Жазу қызыл сиямен, ақынның өз қолымен жазылған. Бұл сурет неге «атқамінер» деп аталған деген сұраққа Ефим Ефимович Арон былайша жауап береді: «Дала әнінде» көкпарды көрсететін бір үлкен эпизод бар еді. Бұл көкпардың бір ерекшелігі: мұнда бір ауылдағы беделді байдың атқамінер, «шабарман-жандайшаптары» көкпарға тартатын тоқты- торымның орнына тұтқынға түскен қазақтың большевигін көкпарға тартып, азаптап өлтірмекші болады. Міне, сол көрініске қатысқан Ілиясты фотогроф жеке түсіріп алған.

1930-1932 жылдары Қазақ драма театрында әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезеңде Ілиясқа «Қазақстанға – 10 жыл» атты деректі фильм түсіру міндеті жүктеледі. 1930 жылы қазақ кино өнерінде алғаш түсірілген «Қазақстанға – 10 жыл» атты деректі фильмнің алғашқы консультанты болып бекітілгендігін айқындайтын архивтен алынған Халық Ағарту Комиссариаты берген куәлік қағаз да мұражай қорында. «Еңбекші қазақта» жарияланған «Мың мылқауға тіл бітті» (4.11.1930) мақаласында кино өнерінің соңғы табыстарын, шешілмеген мәселелерін әңгімеледі.

1931 жылы Ілияс Жансүгіров Мақтарал атырабына келген. Аштықта сол жаққа ауып кеткен әкесін іздеп барған. Сол сапарында «Мақташылар үні» деген аудандық газеттің бір санын шығарысып, жолға салып беріп кеткен. Сонымен қабат, елдің тұрмыс халін, еңбегін суреттеген «Жаңа тұрмыс» деген оқиғалы өлең жазған.

1932 жылғы 9 мамырда Өлкелiк комитет «Көркем өнер ұйымдарын қайта құру туралы» қабылдаған қаулының талабына сәйкес ҚазАПП таратылып, ұйымдастыру бюросы құрылады. Бюро төрағасы Iлияс болады, ол қызметті 1934 жылы 1-съезге дейін атқарды.

Өлкелiк ұйымдастыру бюросының бiрiншi пленумында баяндама жасау Iлияс Жансүгiровке жүктеледі. Ақын баяндамасын «Көркем әдебиет туралы партия қаулысын орындау - қазақ кеңес әдебиетiнiң мiндетi» деп алады.

1934 жылы 15 желтоқсанда «Өлкелiк әдеби газет шығару туралы» қаулы қабылданады. Газет «Қазақ әдебиетi» деп аталып, 1934 жылдың қаңтарынан шыға бастайды. «Қазақ әдебиетi» газетiн шығару-республикаға бiрiншi бастық болып Л. Мирзоян келген тұспен байланысты. Оның шығарылуына С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгiров, Ғ. Мүсiрепов ұйытқы болады. Газеттің шығарылуы қалам ұстағандарды қатты қуантты. Ғабит Мүсірепов редактор, Мұхамеджан Қаратаев хатшы болып тағайындалады.

Қазақ өлкелік комитеті I. Жансүгiровтi 1934 жылдың 20 қаңтарында «Әдебиет майданы» журналының редакторы етiп бекiтедi. Осы жылдары КСРО Жазушылар одағы басқармасының мүшелігіне өткен.

І.Жансүгiров 1932 - 1935 жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болады. Оның Жазушылар одағы басқармасына басшылық еткен кезіндегі қызметі қоғам қайраткерлігінің шыңы десе де болады.

1934 жылы Москвада СССР жазушыларының І съезі өтеді. М.Горькийдің шақыруымен съезге келген қонақтар қатарында Ромен Роллан, Андерсен Нексе, Сен Катаяма, Бруно Ясенский тағы басқа да атақты жазушылар болады. Ілияс съезд күндері Горькиймен бірнеше рет кездесіп, әңгімелеседі, қазақ әдебиетін өркендету мәселелеріне орай ақыл - кеңес сұрайды. Бірде Ілияс Горькийге өзі аударған «Дауылпаз» бен «Қыран туралы жырды» оқып береді. Сонда Алексей Максимович аса бір риза сезім, зор ілтифатпен:

- Мен қазақтың тілін білмесем де, сіздің мені түсінгеніңізді сезіп отырмын,- дейді.

Съезден қанаттанып оралған Ілияс Қазақстанды аралайды, туған республикасының тіршілігімен етене тыныстап, қай жерде болмасын жаңаның жемісін, ертеңнің өркендерін көреді. Жаңа шығармалар жазады. 1934 жылы Ілияс Жансүгіров Пятигорск, Тбилиси, Минск қалаларында болады. Ол осы жолы әйгілі беларусь ақындары Янка Купала, Якуб Колас шығармашылығымен танысып, олардың біраз өлеңдерін аударады. 1936 жылы Ілияс бір топ жазушылармен бірге тағы да Минскіге барады. Бұл Қазақстан жазушыларының бірінші делегациясы еді. Минскіде Ілияс «Беларус халқына» деген өлеңін жазады. Оны сол жерде Андрей Безымянский орыс тіліне аударып, Ілиястың суретімен бірге Минск газеттерінің біріне бастырған.

1935 жылы Ілияс Жансүгіров Ленинградқа сапар шегіп, Қазақстанға тұңғыш келетін орыс жазушыларының делегациясын ұйымдастырып қайтады. Делегаттардың ішінде Леонид Соболев, Всеволод Рождественский, Александр Гитович, Николай Чуковский, Всеволод Иванов және т.б. бар еді. Ілияс оларды Қазақстан жазушыларымен бірге Түркістанда күтіп алып, Ахмет Яссауидің және Әулиеатадағы Айша бибі мавзолейлерін, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанның көрнекті жерлерін аралатып көрсетеді.

1935 жылғы 1 қарашадағы Қазақстан Орталық атқару комитетiнiң қаулысы негізінде Ілияс Қазақстанда социалды құрылысқа белсене қатысқандығы үшiн, әсiресе кеңес әдебиетiн өркендеткенi үшiн «Қазақстанның ХV жылдығы» значогiмен марапатталады.

1935 жылы 20 шiлдеде Жазушылар одағының төралқасы I. Жансүгiровтiң жазған арызын қарап, оны шығармашылық жұмысқа босатуға қаулы алады.

1935-1936 жылдары орыс жазушылары I.Жансүгiровтiң шығармашылығына қызығушылық көрсетiп, туындыларын аударуға пейiл бiлдiре бастайды. А.Алтайский аударған «Дархан» очерктiк әңгiмесi «Қазақстан» атты жинаққа енгiзiлген. «Күйшi» поэмасын В. Рождественский, ал Г. Корабельников «Отан» әңгiмесiн аударған.

I. Жансүгіровтің аударма саласындағы еңбегі де орасан зор. Ол еңбегі оның өз шығармашылығының кең құлаштап, шарықтап өсуіне де игі әсер етті. Дүние жүзі классиктері А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасов, М.Горький, В.Маяковский, И. Уткин, Д.Бедный, М.Голодный, А.Жаров, Гете, Гейне, Виктор Гюго шығармаларын қазақ тіліне шебер аударып, қазақ поэзиясының асыл қазынасын байытты. Ақын А.С.Пушкин поэзиясының тереңіне еркін сүңгиді. Бір ғана Пушкиннен бір-екі жыл ішінде отыздан артық өлең аударады. Қысқа өлеңдермен қатар, ақын үлкен қабырғалы шығармалар да аударды. 1935 жылы шыққан «Күй» жинағына ол - Пушкиннің «Гаврилиада» поэмасын еркін аударып енгізген. Ілияс бұдан кейін «Бақшасарай субұрқасынын» аударады. А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуы алдында қысқа мерзім ішінде «Евгений Онегин» романын түгел аударып шығады. Бұл аудармада пушкиндік нәрлі нақыш пен нәзік ырғақтар толық сақталған. Н.А.Некрасовтың «Темір жолын», М. Лермонтовтың «Ақынның өлiмi» атты өлеңiн аударып, «Социалды Қазақстан» газетiне жариялайды. Ілияс Матэ Залканың «Мәңгі өмір жайлы» повесін аудармақшы болып, келісім-шартқа да отырған екен. Оған Қазақ баспа бөлімінің меңгерушісі Ғ.Мүсірепов қол қойыпты. Мұрағатта бұл құжат сақтаулы.