Дәріс № 9. Ілияс Жансүгіров аудармалары

Жоспар:

Ілиястың А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударуы.

Лермонтов шығармаларын аударуы.

Ілияс және аударма.

 

Ілияс Жансүгіров қалың қазақ оқырманын дүние жүзі классиктерінің шығармаларымен таныстырып, халқымыздың рухани байлығын байытуды мақсат етіп, аударма ісімен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары шұғылданып, орыс, басқа да ұлттардың атақты ақындарының туындыларын қазақ тіліне аударған. Ілиястың көп томдық шығармаларының 6-томына жетпіске жуық аудармалары енген. Атап айтсақ: Пушкиннің отыз бір өлеңін, «Жебірейілнама», «Евгений Онегин» поэмасын, Лермонтовтан төрт өлең мен «Черкестер» поэмасын, Некрасовтан бес өлең, Крыловтың екі мысалын тәржімалаған. Есімдері дүние жүзіне танымал Генрих Гейнені, Виктор Гюгоны, Э. Потьені, Ғ. Тоқайды, тәжік ақыны Ғ. Лахутиді, В. Маяковскийді, ақын Д. Бедныйды, өзімен замандас ақындардан И. Уткинді, А. Жаровты, Н. Тихоновты, А. Крайскийді, А. Безыменскийді, В. Рожденственскийді тағы басқа ақын- жазушыларды Ілияс қазақ тілінде сөйлетті.

Ілиястың аудармаларының ішіндегі ең бағалысы - әлемнің алтын қазынасының төрінен орын алған «орыс өмірінің энциклопедиясы» Пушкиннің «Евгений Онегині».

А.С. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай «Евгений Онегин» романын Ілияс, уақыттың аздығына қарамастан, 1936 жылы 6 айдың ішінде қазақ тіліне аударады. Ильфа Ілиясқызының сөзімен айтқанда, бұл «Ілиястың аударма саласындағы істеген ерлігі». Пушкиннің образын, рухын, сөз атауларын, сонымен қатар өлең шумағын, ұйқастарын автордың өз үлгісімен беру әр ақын- жазушының қолынан келе бермейтін іс.

І.Жансүгіровтің «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» атты мақаласындағы ( «Қазақ әдебиеті», 1937,10 февраль) «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» - деген сұраққа: Қазақ әдебиетінің өткен жылғы көрнекті жұмысы - Пушкин кітаптарының аудармасы. Пушкиннің тарихи юбилейіне дайындалу қазақ әдебиетіне үлкен серпін берді. Ақынның негізгі шығармаларын жүз жылдыққа арнап қазақ тілінде шығардық. Пушкиннің юбилейіне, ұлы ақынның жиынына үлкен шашу- үш томдық Пушкинмен барғалы отырмыз. Мұның ішінде ақынның атақты романы «Евгений Онегиннен» бастап поэмаларынан «Руслан-Людмила», «Жебірайыл- наме», «Полтава», «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар», «Ағайынды қарақшылар», «Мыс салт атты», Граф Нулин» тағы басқалар; әңгімелері - «Дубровский», «Капитан қызы», «Белкин әңгімелері», «Боран» тағы басқалар; пьесаларынан - «Сараң сері», «Тас қонақ»; ертегілерінің бәрі; өлеңдерінен - «Сібірге хат», «Чадаевқа», «Анчар», «Арион», «Сезік», «Пайғамбар», «Дауыл», «Әзәзіл», «Элегия», «Ақын», «Ақынға», «Өшеді үнім», «Ескерткіш қойдым өзіме», «Өмір арбасы», «Кавказ», «Жаңғырық» тағы басқа, сатираларынан елу шамалы ұсақ өлеңдері бар. Пушкин шығармаларын аударғандағы қазақ әдебиетінің олжасын айтатын болсақ, алдымен біз әдебиетімізді Пушкинмен байыттық. Әлемге әйгілі, асқан шебер, данышпан ақынның ең таңдамалы шығармаларын қазақ оқушысына бердік. Бұрын бізде үзіп-жұлқып қана аударылған Пушкинді енді том-томдап кіргіздік. Пушкиннің басылып шыққан үш томы тек жай ғана кітап емес, бұлар бүтін дүние әдебиетінің алтын қазынасына жататын шығармалар. Бұл Пушкин қазақ ақыны болды деген сөз»,- деп өз бағасын береді. І.Жансүгіров осы аударма тәжірибесінде (әсіресе «Евгений Онегинде») Пушкиннің өз үлгісі кіргендігін, ақынның атақты романындағы өлең түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрлері де сақталғандығын, бұл қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде болмаған жаңа үлгі екендігі, Пушкинге артық сөз қоспай, кем қалдырмай, мүмкіндігінше өз нұсқасын беруге тырысқанның тарихи, әдіс жағынан дұрыс болуымен бірге Пушкин үлгісінің қазақ әдебиетіне үлкен әсері көзге көрінгендігін, аз сөзбен көп мағына беретін ұмытылмас образ, өткір өлеңдерімен бар халықтың жазушыларынан жоғары жатқан асқан шебердің үлгісі-жазушыларға үлкен ұстаздық екенін, Пушкин тәжірибесі мен шеберлігінде қазақ жазушыларына алатын сабақтың көптігіне тоқталады. Сонымен қатар автор Пушкин сияқты «қазақ емес жазушылар өз үлгісімен алғанда қазаққа жат болады»-деген пікірдің өскелең қазақ әдебиетіне пайдалы пікір еместігін, бұл пікірді біреу жетпей айтса, біреудің жаулықпен айтатындығын, Абайдың өзінің ар жағындағы, өз тұсындағы, қазақ әдебиетінен жаңа, соны болып, Пушкиндердің үлгісіне ұштасып жатқандығының даусыздығына баса назар аударады. Пушкинді таныту ісін Абай бастағанын сөз етеді: «Қазақ халқының бел баласы ақын Абайдың сол өз тұсында істеген мәдени қызметін бүгінгі Пушкин жүз жылдығында ерекше еске алмауымызға жөн жоқ. Біз бұл жағынан Пушкинді қазақ халқына ерте таныстырып, оны халықтық түрге айналдырған Абай қызметімен көршіміздегі туысқан елдердің көбінен бұрын мақтанамыз. Сол заманда Абай шет-пұшпақтап аударған Пушкинді біз бүгін түгел аудармасақ та, оның ең тәтті, ең таңдамалы шығармаларын қазақ тіліне аударып отырмыз. Бұл біздің, жоғары айтқандай, бүгінгі советтік қазақ әдебиетінің өркендеу өрісінен туып отыр». Ілияс осы мақалада аударма мәселесін де көтерген: «Қазақ әдебиетіндегі аударманың осы күнгі беталысы аса маңызды, ете көлемді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде біз көркем әдебиет аудармасы жөнінен аса маңызды жұмыс істедік». Өзінің аудармасы туралы әдебиетші кәсіби пікір білдірген: «Екінші, бұл аударма тәжірибесінде (әсіресе «Евгений Онегинде» Пушкиннің өз үлгісі кірді. Ақынның атақты романындағы өлең түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрі де сақталады. Бұл – бұрын қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде болмаған жаңа үлгі. Пушкинге артық сөз қоспай, кем қалдырмай, мүмкін қадарынша өз нұсқасын беруге тырысқанымыз - тарихи, әдіс жағынан дұрыс болумен бірге Пушкин үлгіснің біздің әдебиетке үлкен әсері тиетіндігі көзге көрінді. Аз сөзбен көп мағына беретін ұмытылмас образ, өткір өлеңдерімен бар халықтың жазушыларынан жоғары жатқан асқар шебердің үлгңсі - бізге үлкен ұстаз. Пушкиннің мастерлігінде қазақ жазушыларына сабақ көп».

Сонымен қатар аудармашы А.С. Пушкиннің «Чаадаевқа», «Гүл», «Лилаға», «Тұтқын», «Қара бұлт», «Тұтқын», «Қара бұлт», «Ақынға», «элегия», «Пайғамбар», «Әзәзіл» және т.б. өлеңдерін, «Жебірейілнама» (1936) поэмасын қазақ тілінде сөйлетті. М.Ю.Лермонтовтың «Ақынның өлімі», «Тұрмыс тостағаны», «Қанжар», «Тілек» өлеңі мен «Черкестер» поэмасын, Некрасовтың «Темір жол», «Қызыл тұмсық», «Орина солдат анасы», «Жасыл шу», «Жыр» өлеңдерін, Крыловтың «Жапырақтар мен тамырлар», «Сыншы-ақ» мысалдарын, Державиннің «Сыпайылық», А.М. Горькийдің «Дауылпаз» өлеңдерін аударды.

Есімдері дүние жүзіне танымал Генрих Гейне («Тоқушылар», «Салауат», «Егіншіге»), Виктор Гюго («Қырғында»), Эжен Потье («Интернационал»), Бальмонт («Түнге»), Ш.Петефи («Иттердің сөзі», «Қасқырдың сөзі») В.Маяковский («Лениншілдер»), Д.Бедный («Соқа мен зеңбірек», «Жан қайла»), татар ақыны Ғ.Тоқай («Тасталған татар қызына», «Күзгі жел»), тәжік ақыны Ғ. Лахути («Иран қызына»), құмық ақыны Манай («Алпыстағы шалдың жиырма бестегі жесір сұлу әйелге жазған хаты»), өзімен замандас ақындар В. Рождественский («Түрксіб»), И.Уткин («Күнбатар»), А.Жаров («Либкнехт», «Қылыштың қиялы жыры»), Н.Тихонов («Гаудан қақпасы»), А.И.Безыменский («Партбилет №224332») А.Крайскийді («Еркін еңбек жасасын») Ілиястың аударымен қазақтарға таныс болды.

Ілияс аудармалары жайлы М. Әуезов «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» («Социалды Қазақстан» газеті, 1936) С. Жамагетов «Ақынға алғыс» («Социалистік Қазақстан» газеті, 6 январь 1937ж.), Телжан Шонанов «Евгениий Онегиннің» аудармалары туралы» («Социалистік Қазақстан» газеті, 8 февраль 1937ж.), Р. Жаманқұлов «Пушкин шығармасы қазақ тілінде» («Қарағанды пролетариаты» газеті, 15 февраль1937ж.) мақалалар жариялады.

Тапсырма: «Евгений Онегин» романы қазақ тілінде тақырыбында салыстырмалы талдау жасау. (Абай, Әсет, Ілияс аудармалары негізінде)