Дәріс 6. Қоғам және әлеуметтік өзара әрекеттесу

1. Қоғам ұғымы. Қоғамның түрлері. Қоғамдык даму теориялары. Ертеректегі қоғамдардың ерекшелігі. Аграрлық қоғамдардың әлеуметтік сипаттамасы. Дәстүрлі коғамдардың әлеуметтік өзара әрекеттесу ерекшеліктері.

2. Қоғамның индустриалдык даму теориясы. Индустриалдық және постиндустриалдық коғамдардың сипаттамасы. Әлеуметтік өзара әрекеттестіктің ерекшеліктері.

3. Жаһандық даму. Акпараттық коғамның және әлеуметтік желілердің дамуы. Жаһанданудың қоғамдық дамуға және аймактык жергілікті мәдениеттерге әсері.

Қоғам деген ұғым әлеуметтану ғылымының басты категориясы болып табылады. Қоғам дегеніміз не, оның адам өміріндегі орны мен ролі қандай деген сұрақ әлеуметтану ғылымы үшін ең маңызды мәселе болып табылады. Ең жалпылама мағынасында алғанда қоғам дегеніміз – адамдардың бірлестігі, жиынтығы. Қоғам – санасы, ақыл-ойы бар адамдардың жиынтығы. Қоғам адамдардың қалай болса солай жинала салуы емес, ол адамдардың арасында айтарлықтай тұрақты және жеткілікті дәрежеде қарым-қатынас орнаған бірлестік. Яғни, қоғам – бұл белгілі бір аумақпен және мәдениетпен біріккен адамдардың тобы. Әлеуметтануда қоғам деп мынандай сипаттамалары бар жиынтықты атайды:

1. өмір сүретін террриториялық бірлігінің болуы;

2. өзара байланысы тұрақты және біртұтас адамдар жиынтығының болуы;

3. өзін-өзі қамтамасыз етуі, өзін-өзі басқарып отыруы, өзін-өзі өсіріп отыруы және т.б.

4. әлеуметтік байланыстардың негізін құрайтын мінез-құлық нормалары мен әдет-ғұрыптар жүйесін құрайтын дамыған мәдени дәрежесінің болуы.

Ғылыми әдебиеттерде «қоғамның» мәнін түсіндіруге бағытталған анықтамалардың саны 150-ден астам. Әрине, олардың бәрі бірдей «қоғам» деген ұғымның мәні мен мазмұнын толық аша алмағанмен, бұл анықтамаларда ортақ сипатты белгілер бар. Мәселен, әлеуметтанудың негізін қалаушы француз ғалымы Огюст Конт қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдай келе қоғамның негізін отбасы, таптар және мемлекет құрайды деген анықтама береді.

Француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм қоғамды коллективтік санаға негізделген, жеке индивидке қарағанда жоғары, бастапқылық сипаты бар рухани нақтылық деп түсіндіреді. Яғни, қоғамның тұтастығының негізі – коллективтік, жалпыға тән сана деген тұжырымды айтады.

Көрнекті неміс ғалымы М.Вебер: «Қоғам – адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы» дейді.

Американдық әлеуметтанушысы Парсонстың пікірінше, қоғам – адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал. Ол қарым-қөатынастардың негізі – ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады деген.

Ал, К.Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.Бұл анықтамалардың бәріне тән ортақ сипатты белгі – қоғамды өзара тығыз байланыста болатын элементтердің тұтас жүйесі ретінде қараастыру тән. Бұл – қоғам өміріне жүйелік тұрғыдан қарау деп аталады.

Жалпы әлеуметтану ғылымы тұрғысынан алғанда қоғамға мынандай анықтама беруге болады. Қоғам дегеніміз кең мағынасында алғанда – адамдардың өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатындағы өзара байланыстары мен өзара әрекеттерінің қалыптасқан формаларының тарихи бірлестігі. Яғни, ол өзін-өзі реттеумен, өзін-өзі дамытумен, өзін-өзі толықтырумен және өндірумен сипатталатын, мәдени деңгейі жоғары бірлестік. Ал, тар мағынасында алғанда қоғам деп тарихи, әлеуметтік-мәдени және басқа да ерекшеліктерімен көрінетін нақты қоғам түсіндіріледі. Әлеуметтану ғылымында қоғам әлеуметтік құрылым, адамдардың өзара әрекет ететін кеңістігі болып табылады.

Қоғамның даму формалары мен қозғаушы күштері жайлы көптеген теориялар бар. Бірақ олардың бәрін қарастыруға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Атап айтар болсақ, күштеу теориясы, қажеттілік өсу теориясы, географиялық материализм теориясы, демографиялық теория және т.б. Бұл теориялардың бәріне ортақ бір нәрсе – олар қоғамның қозғаушы идеядан, адамның санасынан іздейді. Ал, марксизм ілімі болса басқаша қарастырады. Марксизм ілімі бойынша қоғамның жалпы даму заңына сәйкес, қоғам дамуы өндіріс дамуының нәтижесі, ал өндіріс негізгі әлеуметтік процесс болып табылады.