Морфонологияның морфологиядан өзгешелігі

Қазақ тіл білімінде морфология ережесімен түсіндіруге көне бермейтін өзгеше, ерекше құбылыстар бар. Бұл құбылыстар морфонологияда қарастырылуы тиіс. Оларды морфологиядан ажырату үшін мыналарды ескеру қажет:

Сөздердің тұлғалық ерекшелігіне назар аударылуы, морфологиялық талдау жасағанда түбір мен қосымшаның қосынды мағынасы байқалмайды. Мысалы: қобдиша, кітапша деген сөздердегі қобди және – ша, кітап және –ша сөздерінің мағынасы анық байқалып тұр.

Морфологиялық талдау жасағанда сөз бен қосымшаның арасында басы артық дыбыстар қойылатыны байқалған. Мыс: Мынадай-мынандай, соққыла-соққышта. Бұндағы «н», «ш» дыбыстары қыстырма дыбыс болып есептелмейді.

Кей сөздің соңында артық дыбыстар кездеседі. Мыс: пияла-пиялай, тақта-тақтай майса- майсаң т.б

Морфонология өз алдына дербес тіл білімінің бір саласы. Оның фонетикадан да, морфологиядан өзгешеліктері көп.

Әдебиеттер тізімі:

1.Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. Астана, 2001.

2.8. Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері. –А., 2005.

3.9. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. –А., 2005.

4.Ильясова Н.Ә. Қатысымдық бірліктердің функционалдық сипаты.

5.Мырзабектен С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. –А., 2001.

6.Оразалиева Э.Н. Когнитивті лингвистика. Астана, 2011.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Морфонологиялық заңдылықтар қандай?

2. Морфонологиялық дыбыс алмасуларға мысалдар келтіріңіз

3. Морфонологияның фонетикадан өзгешелігі қандай?

 

Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт және лексикалық заңдылықтар

Дәріс жоспары:

Сөздің лексикалық мағынасының негізгі типтері.

Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары.

Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары

Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары.

Сөздің лексикалық мағынасының негізгі типтері. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының негізгі зерттеу объектісі – сөз. Лексикология пәні өзінің басты қарастыратын объектісіне тікелей қатысты, яғни сөз және ұғым, сөздің ұғымды білдірудегі ерекшелігі, сөздің негізінен атауыштық қызмет атқаратыны, сөз бен зат, сөздің затқа атау болып қалыптасу ерекшелігі, сөздің семантикалық ерекшеліктері туралы нақты ғылыми түсінік, қазақ тілінің сөздік құрамы мен фразеологиясы туралы лексико-семантикалық, функционалды-стилистикалық тұрғыдағы теориялық білім береді.

Бір тілде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика (гр.lexikos-сөздік) немесе сөздік құрам деп атайды. Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипатын тексеретін ғылымды лексикология (гректің lexikos-cөздік+logos-ілім сөздерінен) дейді. Қазақ тілінің лексикологиясы – қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым.

Ұғым – логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, ал сөз – тілдік категория. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Ұғым дегеніміз – шындық өмірдегі зат, құбылыс, іс-әрекетке тән басты белгілердің адам санасында жинақталып, қорытылып берілген бейнесі. Адам санасында ең алдымен сезім мүшелері (есту, көру, дәм, иіс сезу) арқылы қабылдауға болатын нақты, деректі заттар заттар мен құбылыстардың бейнесі қалыптасқан. Кейін адамның ойлау қабілетінің дамуына байланысты дерексіз заттар мен құбылыстар жайындағы түсініктерді қабылдауға мүмкіндік туған. Осылайша адамның санасында сезім мүшелерімен білуге болмайтын, тек түйсік, тек түйсік сезімі арқылы қабылданатын, нақты заттық дерегі жоқ құбылыстар да (қуаныш, қайғы, ренжу,адамшылық т.б) бейнелеп берілетін болған.

Сөз және мағына. Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымының ара қатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Егер белгілі бір зат туралы ұғымымыз болмаса, оның мағынасын да білмейміз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы сөз мағынасының ең маңызды шарты болып табылады. Бірақ сөз мағынасының қалыптасуына ұғымнан басқа да себеп болатын жайттар бар. Сөз мағынасы заттық – логикалық ұғымнан басқа айтушының ақиқат дүниеге көзқарасын, әр түрлі көңіл – күйін, сезімін және сөздің грамматикалық сипатын да білдіре алады. Бұдан сөз мағынасының ұғымнан кең екенін көреміз.Сөз мағынасының екі түрі бар: лексикалық мағына және грамматикалық мағына. Сөздің лексикалық мағынасы лексикологияда зерттеледі.Сөз мағынасынан әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі, өзіндік бояуы айқын көрінеді. Мысалы, сарай қазақ тілінде әсем де салтанатты ғимарат, зәулім құрылыс, үй мағынасын білдірсе, ал түркі тілдерінен ауысқан сарай сөзі орыс тілінде бұған керісінше әр түрлі шаруашылық заттарын сақтайтын қора немесе жайсыз үлкен үй мағынасында айтылады. Ал сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасы негізінде туады, бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Лексикалық мағынамен қатар жарыса қолданылып, оны айқындап, саралап отырады. әдетте, сөздің бірнеше грамматикалық мағынасы болады. Мысалы, балам деген сөз зат есім, оның ішінде жалпы есім, жекеше, оңаша тәуелденудің 1 жағы сияқты бірнеше грамматикалық мағынаға ие болып тұр. Бірақ бұл грамматикалық мағыналардың бәрі де бала сөзінің лексикалық мағынасы негізінде туып тұр. Сөздің грамматикалық мағынасының пайда болу жолдары, түрлері грамматикада қарастырылады.

Сөздің лексикалық мағынасының негізгі типтері:

Сөздің атауыш (номинатив) мағынасы, ол тура мағына деп те аталады. Лексикалық мағынаның бұл түрі сөздердің шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға, олардың белгілеріне қатыстылығымен байланысты пайда болған. Мысалы, тау, тас, өзен, көл, боран, жел деген заттық ұғымдар жеке-жеке аталып, бірден атауыштық мағыналарға ие болып тұр. Тіліміздегі сөздердің бәрі бірдей бір атауыш лексикалық мағынаны білдіріп қоймайды. Олардың ішінде бірнеше атауыш мағынаға ие болатындары аз емес. Мысалы, көз деген сөздің адамның немесе жан-жануардың көру мүшесін білдіретін бастапқы мағынасы да, күннің көзін, терезенің көзін, бұлақтың көзін білдіретін ауыс мағыналары да лексикалық мағыналарға жатады. Бірақ көз сөзінің аталған лексикалық мағыналарының ара-қатынасы бірдей емес. Алғашқы көру мүшесін білдіретін мағынасы негізгі, бастапқы атауыш мағына да соңғылары соның негізінде жасалған кейінгі атауыш мағыналары болып табылды.

2. Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздің түпкі мағынасы (непроизводное значение) және туынды мағынасы (производное занчение), омонимдік, синонимдік, антонимдік мағыналары жатады.

Түпті мағына деп тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарағанда ары қарай бөлшектенбей түбір ретінде танылатын, дербес сөздердің мағынасын айтамыз. Мысалы, от, су, күн, түн, таң, жылқы, жаңбыр, өзен, бар, кел, теңіз, көк, қара сияқты сөздердің осы күнгі белгілі мағыналары тарихи қалай қалыптасқанын қазір дәл басып айту қиын.

Туынды мағына түпкі мағынадай емес, басқа бір мағынаның қатысымен туған, пайда болу себебін (мотивін) түіндіруге болатын, сөздің кейінгі (екінші) мағынасы болып табылады. Туынды мағына әдетте сөзжасам тәсілдерімен байланысты қарастырылады. Туынды мағына өзін тудырған сөздің мағынасымен байланысын үзбейді. Мысалы, түбір қон сөзінің лексикалық түпкі мағынасы қонақ, қоныс, қонақтау қонағуар, қонаға, қоналқа, қондырғы сөздерінің туынды мағыналарында қашанда сезіліп тұрады. Сөйтіп, тудырушы мағына мен одан шыққан туынды мағыналарды бір-бірінен өрбіген сөздердің екі жақты байланысы деп қарауға болады.

3. Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздердің еркін және байлаулы (еркін емес) мағыналары жатады.

Сөздің еркін мағынасы оның атауыш (тура) мағынасының негізінде пайда болады. Сөз тек атауыш (тура) мағынада қолданыла бермейді. Атауыш (тура) мағынадағы сөздердің басқа сөздермен тіркесімділігі кең болған жағдайда туатын мағынасы еркін мағына деп аталады. Мысалы, жас сын есімі жас адам, жас мал, жас ағаш, жас бала, жас иіс, жас ет т.б; үлкен сөзі үлкен үй, үлкен адам, үлкен бала, үлкен кітап, үлкен сөз, үлкен қылмыс, үлкен кінә т.б. тіркестерде еркін мағынада қолданылып тұр.

Фразеологиялық байлаулы мағына – сөздің белгілі ғана сөздермен тіркесуі арқылы, яғни фразеологиялық тіркестерде берілетін лексикалық мағынасы. Сөз өзінің тура атауыштық мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып, қыруар сөздермен тіркесіп айтылуға өте-мөте бейім келсе, фразеолоиялық байлаулы мғынада кез келген сөзбен емес, санамалы арнаулы сөздермен ғана тіркесіп қолданады. Қасқа жол, қасқа бұлақ деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы қасқа деген сөз түс мағынасына емес, анық, айқын, сонадан көрінетін деген фразеологиялық байлаулы мағынада жұмсалады. Бұл мағына өзге сөздерден тіркескенде емес, тек жол, бұлақ сөздерімен тіркескенде ғана көрінеді.

Синтаксистік шартты мағына. Сөздер сөйлеу үстінде, сөйлем ішінде, контексте қолданылу жүйесіне қарай әдеттегідей тыс басқадай ерекше үстеме мағына жамап алуы ықтимал. Сөздің сөйлемде өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туатын ауыс мағынасы синтаксистік шартты мағына деп аталады. Синтаксистік шартты мағына сөздің ауыс мағынасының бір түрі, бірақ ол лексикалық ауыс мағынадай бір заттың тура мағынасын басқа бір затқа атау етіп ауыстырудан туған мағына емес, сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік құрылымда қолданылуынан туған мағынасы. Мысалы, Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп, Бұл күнде тоқталып тұр сол базарым (Ақан сері). Осындағы жәрмеңке, базар деген сөздер өзінің тура мағынасында емес, белгілі контексте қолданылып, қызық, думан мағынасында айтылып тұр.

4. Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздердің бейтарап және бейнелі мағыналары, терминдік (кәсіби) мағыналары жатады. Бұл топқа кіретін лексикалық мағыналар сөздердің әр түрлі стилистикалық қызметіне байланысты болғандықтан, олардың бұдан бұрын талданған лексикалық мағыналардан сипаты мүлде бөлек.

Бейтарап мағыназат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән. Мысалы, дала, орман, адам, мемлекет, қазына, қанат, жақсы, жаман, үлкен, кіші, жату, тұру, оқу, жүзу, намыс, науқас, жеті, тоғыз, бүгін, ертең т.б. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезімнен туған бейнені түсініктер бейтарап мағынаға жатпайды. Бірақ сөздің кейінгі қолданылу барысында ондай қасиеттер пайда болуы мүмкін. Мысалы, құс қанатымен ұшады, ұшақтың сол қанаты дегенде қанат сөзі өзінің атауыштық битарап мағынасында қолданылып тұр. Ал ұшарға қанатым жоқ неғылайын, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар.

Бейнелі мағына. Бұған адамның сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезім, көңіл күйінің әсері онда айқын байқалып тұрады. Ср. тамаша, шіркін, ғажап, сорлы, сүмелек, зұлмат, ойбай, қалш-қалш, зірк-зірк, бажылдау, жағымсыз мәнде айтылатын етістіктер шікірею, едірею, қылтию, тәлтию, жалпию, шілтию, т.б. Мысалы, Неткен мойын, неткен көз. Осыдан артық дейсің бе? Ертегі қылып айтқан сөз (Абай) дегендегі неткен сөзінде кекесін, әжуа, мазақ қылу мағыналары бар.

Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Мысалы, обьект, предикат, диалект, екпін, үстеу, қаратпа сөз, конституция, дирежер, спонсор, инвеститция, меридиан, холестерин, вольт, ампер сияқты сөздердің терминдік мағыналыр.

Сөйтіп, жоғарыдағы талдаудан қазақ тіліндегі сөздердің лексикалық мағыналарының типтік топтары төрт негізгі белгіге байланысты қалаптасқанынын көреміз. Олар: 1) сөздердің шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы, 2) сөздердің тарихи шығу тегі, 3) сөздердің өзара тіркесімділігі, 4) сөздердің стилистикалық қызметі. Сөз мағыналарының әрбір типтік тобы өз ішінен бірнеше түрге бөлінеді.

Метафора. Сыртқы не ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, қимылындағы не атқаратын қызметіндегі т.б) ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы метафора (гр. metaphora - ауысу) деп аталады. Мағына ауысуының бұл тәсілінің негізінде ұқсату заңы жатыр.

Метаномия.Өзара іргелестігі, шектестігі нәтижесінде бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты туатын ауыс мағына метаномия (гр.metonumia -өзгеріп атау) деп аталады. Мысалы: Қазан піскенше бәрі машина көруге кетті (Ғ.Мұстафин)дегендегі қазан тамақ (ет) орнына жұмсалып тұр. Жалқы есімдердің оларға қатысты қимыл-әрекет атауларымен байланыстылығы. Қазақ тілінде кейбір кісі аттары мен жер-су атаулары жалпы есімге айналып, белгілі сөздердің контекстік синонимі ретінде жұмсалады. Мәселен, Қарабай, Шығайбай, Қарынбайлар сарандықтың бейнесінде айтылады. Асан қайғы сары уайымға салынушылықты білдіреді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, қыз Жібек пен Төлегендер шынайы сүйіспеншіліктің бейнесінде қолданылады.

Синекдоха.Сөздердің ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі – синекдоха (гр.synekdoche –бірге жобалып түсіну). Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метаномияға бір табан жақын тұрады. Мұндағы басты белгі бүтіннің бөлшек, көпшенің орнына жекеше, жалпының орнына жалқы немесе керісінше алмасып айтылады. Ауыспалы мағынада қолданылған сөздерде астарлы мән, тартымды образ жатады. Синекдоха тәсілі сөздердің мағыналық жағынан түрленіп өзгеруіне үлкен ықпал етеді. Мысалы: Сырдың бойынан, қырдың қойнынан өре түргелген өңшең жалбағай тымақтар тұс-тұстан қалың қолға қосылып кетті (І.Жансүгіров). Топта отырғандардың көбі қатқан тондар, жалба жеңдер, арық пішіндер (Б.Майлин). Әуелгі байлық-денсаулық, екінші байлық-ақ жаулық (мақал) . Орамал тартқандар ғана қимылдап, бөрік кигендер үй күшік боп отырса, құдай да сүймес оны («Жұлдыз»).

Омонимдер.Омонимдер біркелкі дыбысталып айтылатын, бірақ ұғымы басқа-басқа сөздер тобын білдіреді. Бұлардың білдіретін ұғымы бір сөз табына да, әр сөз табына да қатысты болып дараланып, бөлініп-жарылып тұрады. Мағына жағынан әр ұғымның өзара жақындығы, ұқсастығы мүлдем сезілмейді. Қайта бір-біріне соншалықты алшақ, кереғар екендігі аңғарылады. Мысалы: Ара 1. Ағаш кесетін жұқа темірден жасалған құрал. Ара. 2. Гүл шырынынан бал жинайтын қанатты жәндік. Ара. 3. Екі орта, аралық (екі ауылдың ортасы).

Лексикалық омонимдерге ұқсас басқа тілдік құбылыстар. Солардың бірі – омофондар(гр.homos-бірдей, phone-дыбыс, дауыс). Омофон дегеніміз айтылуы бірдей, бірақ жазылуы әр түрлі сөздер. Егер омонимдер айтылуы да, жазылуы да бірдей, бірақ мағыналары басқа сөздер болып келсе, ал омофондар тек айтылуы бірдей болғанмен, шын мәнінде омоним емес сөздер, сондықтан олар жазуда әр түрлі таңбаланды. Тіл білімінде омофондардың шын мәнінде омоним еместігі ескеріліп, олар кейде жалған омонимдер, кейде сөздердің айтылуындағы ұқсастығына қарап фонетикалық омонимдер деп аталады. Мысалы: көнбе және көмбе сөздерінің омофондық сипатына тоқталық. «Біреудің ыңғайына көшпеу» мәніндегі болымсыз етістік көнбе сөзінің түбіріндегі н дыбысы өзінен кейінгі б дыбысының ықпалымен м болып өзгеруі нәтижесінде көнбе сөзі көмбе болып айтылады. Сөйтіп, ол «меже, мәре» мәніндегі көмбе сөзіне айтылуы жағынан ұқсап, омофон болып тұр. Сол сияқты болады сөзі ауыз екі тілде болат болып, тұзшы, асшы сөздер ащы, тұщы болып айтылып, болат (қатты асыл металл), дәмді білдіретін ащы, тұщы сөздірімен омофон жасап тұр.

Омонимге ұқсас құбылыстардың енді бір түрі - омографтар (гр.homos–бірдей, grapho -жазу) Омограф дегеніміз жазылуы бірдей болғанымен, айтылуы бірдей емес сөздер. Олардың айтылуындағы айырмашылық негізінде екпінге байланысты. Мысалы: зат есім алма мен болымсыз етістік алма-ның жазылуы бірдей болғанмен, лғашқысын айтқанда екпн екінші буынға түсіп, олардың айтылуы ірдей болмай тұр. Ср. зат есімдер салма, көрме, көрші сөздері мен етістіктер салма, көрме, көрші сөздерінің арақанынасы да осындай.

Синонимдер. Синонимдер мыныдай белгілеріне қарай топтастырылады. 1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет. 3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуға тиіс. Бұл үш белгі – сөздерді синоним деп танудағы басты шарт.

Мысалы: абырой-бедел-қадір, азайту-алу-кеміту-шегеру, батыл-өжет-өткір, ат-есім-ныпсы, бәсеке-бақас, жазғыру-күстәналау, жылау-еңіреу, өкпелеу-бұртию, бірсыпыра-бірғауым, жуас-бұйығы, таңертең-азанда, үлкен-дөкей т.б.

Антонимдер.Антонимдер дүниедегі заттрадың, құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер, сөлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады.

Қазақ тілінде антонимдер көбіне-көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы, жоқтың қасында.

Сын есімге тән антонимдердің мынадай түрлері бар: а) түбір күйінде кездесетіндер:ауыр-жеңіл, кең-тар, ыстық-суық, үлкен-кіші, жас-кәрі, ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: ашық-жасырын, өзімшіл-көпшіл, ашық-жабық, тілазар-елгеек,

Табу және эвфемизмдер мен дисфемизмдер.

Мифтік ескінаным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табудеп аталынады. Өткен замандарда адамдар арасында өмірді жете танып білмеу салдарынан, зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар деп қате түсінушілік болған. Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста өз атымен атамай, басқаша атауға мәжбүр болған. Мұндай тиым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде кездеседі. Бұл әдет әсіресе түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының өмірінде де кең тараған.

Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен-кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр болған. Мәселен, қызға – қара көз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға-кекілдім, айдарлым, тұлымдым, шырақ, тетелес, мырза жігіт, төре жігіт, мырза аға, би аға делінген.

Қазақ тіліндегі табудың ендігі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш, аң-жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ ауылында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша, оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ, «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты оның атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Қасқырды қасқыр деп атасақ естіп қойып, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, қара құлақ, серек құлақ, ұлыма деп атайтын еді.

Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталынады. Эвфемизм сыпайы, адамгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгін таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан.

Қазақ тілінде эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар : 1. Ауру аттары алмастырылады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, туберкулез немесе құрт ауру, деудің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру деп мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады. 2. Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, сараң естиді, құлағы тосаң деген сөздермен, аяғы ақсақ дегенді аяғының ақауы бар деп алмастырып айта беруге болады. 3. Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, үлкен дәрет, кіші дәрет, дәрет сындыру, ұлы жарақ дегендердің бәрі де белгілі контексте сыпайылық мән тудырады. 4. Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрымсқа шығу, баласын құтты орнына қондыру, баласын аяқтандыру, қолына құс қондыру, үйлі-барынды болу, семья құру, отау тігу, бөпелі болу, аяғы ауыр тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады. 5. Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауыз жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, ауыз бастырық, сөзге келу, бет жыртыспау, жасы ұлғаю, қалтасы тесік, көзіне шөп салды, жаяу почта, ұзын құлақ, аузының желі бар, ішінде бүкпесі бар, сымсыз телефон дегендер сыпайылық мәнде айтылады.

Тілде әдепті сөзді дөрекі сөздермен де ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл біліміне дисфемизм деп атайды. Дисфемизм – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс. Дисфемизм кеміту, қорлау, іске жаратпау ұғымын тудырады. Мысалы: боқ мұрын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнады. Дисфемизмдер әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Бұлар көбінесе көркем шығармада ауызекі тілдің сөйлеу үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде ұшырасады.

Қазақ сөздері сан жағынан мол және көп салалы, бұлардың жасалуы мен шығу тегі, мағыналығы мен қолданылуы, даму қарқыны белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Қазақ лексикологиясы қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің осы замандағы даму қалпын, мағыналық және құрамдық түрлерін, тарихи арналары мен қат-қабаттарын, баю жолдарын, сөздердің экспрессивті -стилистикалық мәнін, қолданылу аясын тексереді.

 

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның айырмашылығы қандай?

2. Метафора дегеніміз не? Неше түрі бар?

3. Метонимия қандай іргелестік, шектестіктер негізінде туады?

4. Синекдоха дегеніміз не?

5. Омонимдердің жасалу жолдары қандай?

6. Омофон мен омографтың айырмашалығы қандай?

7. Синонимдер қандай белгілеріне қарай топтастырылады?

8. Синонимдердің пайда болу жолдары қандай?

9. Сөз варианттары дегеніміз не?

10. Антонимдер, олардың жасалу жолдары қандай?

11. Табу, эвфемизм, дисфемизм дегеніміз не?

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері // Терминдер және олардың аудармасы. –А., 1988.

2. Қасым Б. Қазіргі қазақ тілінің теориялық және қолданбалы аспектісі. -А., 2010.

3. Момынова Б. Тілдегі жаңа бағыттар мен типтік қатынастар. –А.,2009.

 

 

Дәріс. Қазақ тіл білімі салаларының құрылымдық жүйесіндегі кәсіби бағыт және грамматикалық заңдылықтар

Дәріс жоспары: