Педагог әрекетіндегі сөздің орнын белгілеу

Адам қарым-қатынасындағы сөз мәдениетінің ролі.Сөз мәдениеті дегеніміз - тілдік норманың жіктелу,ширау, даму дәрежесі. Яғни оның негізгі арқауы - тілдік норма. Ол тілдің ішкі жүйелері негізінде дамып қалыптасады. Тіл мәдениетінің негізгі зерттейтін объектісі – сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, айтайын деген ойдың анық, әсерлі болуы – сөз синонимінің коп болуы. Сондықтан тіл мәдениеті, яғни сөз мәдениеті екі салаға бөліп қарастырылады: ауызша сөйлеу мәдениеті және жазу мәдениеті.

Ауызша сөйлеу мәдениеті. «Сөз байлығы – елде, кен байлығы – жерде» дегендей, қазақ тілі – өте бай, әуезді тіл. Бір ұғымды білдіру үшін бірнеше мәндес сөздерді пайдалануға болады.Сөйлей білу – үлкен өнер. Дұрыс сөйлей білу мәдениеті дыбысталу тілімен тікелей байланысты.Ал сөйлей алмаудың сыры тіл заңдылықтарын, әсіресе, фонетика мен фонеманы, үндестік (сингормонизм) заңдарын нашар меңгеруден, орфоэпия жүйесін білмегендіктен, тиянақты меңгермегендіктен болады.Ауызша сөйлеу мәдениетіне көптеген талаптар қойылады:

а) сөздің, сөйлеудің этикасын сақтай білу;

ә) интонацияны, дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін меңгеру, дикция жасау техникасын білу;

б) ойды нақышты, әсерлі жеткізе алу;

в) ым- ишара. Адам жан дүниесіндегі кейбір сөзбен жеткізе алмайтын немесе айтуға болмайтын нәрсені көңілмен, қимыл- қозғалыспен жеткізе білу;

г) ойдың айқындығын, маңына дәлдігін, тіл тазалығын сақтай білу.

Ауызша сөйлеу тілі, әдеби тілде сөйлеу және ауызекі сөйлеу тілі болып екі түрге бөлінеді.Сөйлеген кезде, ойды әдейі түрлендірмей, қажетсіз сөздерді қайталай бермей, қысқа, нақты және анық айту, дұрыс сөйлей білу мен грамматикалық екпінді дәл түсіру, арнайы сөздерді қолданбау, саналы түрде түсіну, ұжым алдындағы борышты сезіну, адамзаттық жоғары мұраттарға ұмтылу тілдің қоғамдық қызметін, тіл мәдениетін айқындайды.Ал сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Таза сөйлеу – ой айқындығының белгісі. «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім»,- деп, Мағжан ақын жырлаған ана тілімізд сөйлеп, оны дұрыс қолданып, қадірлеу – перзенттік парыз.Сөйлеу мәдениетін меңгеріп, оны жан-жақты дамытуда сөздіктерді, нормативтік бағыттағы анықтағыштарды, орфоэпиялық сөз тудыру, синонимдік, антонимдік, фразеологиялық, омонимдік сөздіктерді, тілдің грамматикалық жағынан дұрыстығын көрсететін түсіндірме сөздіктерді пайдаланудың маңызы зор.Коммуникативтік қарым-қатынас ауызша дамыған кезеңде сөз басындағы дауысты немесе дауыссыз дыбыстардың бір ырғақпен үндесіп келуі, яғни аллитерациялар мен ассонанстар әсерлі, шешен сөйлеуде тыңдаушы эмоциясын туғызудың ең басты тәсілдерінің бірі болады.Айтайын деген ойыңды бейнелі де әсерлі жеткізудің бір жолы – эпитет пен теңеуді пайдалану, сөзді образды қолдану, сөйлеу тілінің стиліне көңіл бөлу, олар айрықша бір эмоционалды рең береді.Тақырыптың мазмұнына қарай шешен өзінің ішкі тебіренісі мен толғанысын, көзқарасын көбінесе дауыстың ырғағы, күші, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы да жеткізіп отырады. Сонымен қатар ол – ауызекі тілдегі жеке сөздің айтылып тұрғанын байқаудың ерекше бір шарты. Шешенге тым тез сөйлеуге де, тым баяу айтуға да болмайды.Ауызша сөйлеу дәстүрін жандандырып, шешендікке үйрету – сөз мәдениетінің басты мәселелерінің бірі.

Жазу мәдениеті – жазбаша тіл мәдениеті. Адамдар ойын жазбаша түрде де білдіре алады.Дұрыс жазу талабы – ресми түрде қолданған жалпыға ортақ емле ережесін сақтау. Орфографиялық нормалардан ауытқуға, оны өзгертіп жазуға болмайды, өйткені емле ережелері заңды түрде бекітіледі. Сондықтан жалпыға ортақ емле ережесі сақталуы тиіс. Жазу мәдениеті тілдің бөтен, бөгде элементтермен шұбарланбауын, диалектілік ерекшеліктердің етек алмауын талап етеді.Сөз қолдану мәдениеті сөзді мағынасына сай дұрыс қолданумен, әсем де әсерлі, бейнелі етіп жұмсаумен қалыптасады. Әдеби тіл стилін меңгертуге жоғарыда айтқан заңдылықтар негіз бола алады.Адам қарым-қатынасындағы сөз мәдениетінің ролі зор, сондықтан ауызша сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін меңгеру керек. Қорыта айтқанда, сөз мәдениетінің басты шарты – дұрыс сөйлей білу. Түсіне білген адамға сөйлей білу де өнер. Тілін білмеген – түбін білмейді. Біздің қазақ «Аталы сөз – баталы сөз», - дегенде, осы дұрыс сөйлей білудің маңызын айтқан.

Сөз мәдениетінің қосалқы құралдары.Бет – жүз құбылыстары мен дене қимылдары. Сөйлеу барысында шешен немесе насихатшы аса талантты болса да, тіл заңдылығы мен оған қосымша тілден тыс көмекші құралдарды қолдануына болады. Бұл оның ойын толық, түсініктірек жеткізуіне көмектеседі. Адам ойын жеткізудің тілден тыс көмекші құралдарын паралингвистикалық ғылымы зерттейді. Паралингвистика ғылымы екі саладан тұрады:

1. Кинесика – грекше «қозғалыс»;

2. Фонация - грекше «үн ырғағы».

Кинесика ғылымының негізгі зерттейтін объектісі сөйлеу кезіндегі ым- ишара, қимыл-қозғалыс болса, фонация саласы сөйлеу кезіндегі интонациялық ерекшеліктерді, дауыс ырғағын, паузаны, т.б. қарастырады. Бұл екеуі бір- бірімен тығыз байланысты. Мәселен, ым-ишара, қимыл-қозғалыс интонациямен сай келуі керек.Ойды мәнерлі жеткізудің тағы бір құралы – ым-ишара.

Мимика– адамның бет-құбылыстарының өзгеруі – ішкі жан дүниесінің қандай күйде екендігінің айғағы. Кейбір жағдайларда сөзбен айтпайтын нәрсені қимыл-қозғалыспен беруге болады.

Фонация – мәнерлі сөйлеу мәдениеті – шешеннің, насихатшының, диктордың дауыс ырғағына, интонациясына да байланысты. Өйткені сөйлеу кезіндегі дауыстың құбылуы – адамның сол өзі баяндап тұрған мәселесіне қатысып, эмоциясын, сезімін білдіретіні сөзсіз. Мысалы, орыстың ұлы жазушысы А.П.Чехов: «Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар», - деген екен.Ауызекі сөйлеу тілінде дене мүшелерінің қимылдары мен бет- жүз құбылыстары жиі кездеседі. Оны ойдың, сөздің әсерлілігін арттыруда көмекші құрал ретінде пайдаланады. Ертеде ата- бабаларымыз, көсемдер мен шешендер қарсыласының жан дүниесіне үңілумен бірге оның әрбір қимыл-қозғалысын, үн бояуын қалт жібермей қадағалап отырған. Соған өзі де үн бояуын құбылтып, дауыс ырғағын бірде баяулатып, бірде төкпелетіп, енді бірде ақ жауындай себелетіп сөйлеумен бірге әр сөзінің мән-мағынасын, бет-пішінін, қас-қабағын «құбылта» білген тамаша әртістік қабілет иелері болған. Олар пікір алысқан кезде атақты халық әртістерінің сөйлеу шеберліктерінен ешбір кем түспеген.Жалпы қас қағу, көз қысу, иықты,иекті қозғалту, басты шайқату т.б. осы секілді атрибуттар қарым-қатынастық қызмет атқарады. Халқымыз «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» деп өте тауып айтқан. Тіпті күлу мен күлімсіреудің де, жылау мен жыламсыраудың да қарым-қатынастық қызмет атқаратыны белгілі. Бірақ сөйлеген кезде қолды шамадан тыс сілтей беру, сұқ саусақты безеу, ерінді шүйіру т.б. құбылыс-қозғалыстар сөз әсерлілігін арттыратын көмекші құрал бола алмайды, керісінше, сөйлеу мәдениетінің төмендігін байқатады.Мұндай дене қимылдары тыңдаушыны негізгі мәселеден ауытқытып, олардың ойын басқа нәрселерге аударып жібереді.Жалпы сөйлеуші дене қимылдарын қалай, қай кезде қолданып, сөйлеу керектігін үйреніп дағдылануы керек.

Дауыс мәнері. Мәдениетті адамның сөйлеу мәнері құлаққа жағымды болады. Ол ойын анық, дәл айтуға керекті сөздерден қайтсем дұрыс сөйлем құраймын деумен қатар, оны қалай айтсам өзгеге түсінікті, нанымды, әсерлі болады дегенді де ойлайды. Сөйтеді де әрбір ойын лайықты әуенмен, әрбір сөйлемді өзінің сазына келтіріп сөйлейді.Фонация – мәнерлі сөйлеу мәдениеті – шешеннің, насихатшының, диктордың дауыс ырғағына, интонациясына да байланысты сала. Кейде «әңгіме не айтылғанында емес, қалай айтылғанында» деген де рас. Ән сияқты дұрыс айтылған сөз де «құлақтан кіріп бойды алады». Қазақ халқы келістіріп сөйлей алатын кісіні «сөзі мірдің оғындай екен», «сөздің майын тамызып, кісінің айызын қандырып сөйлейді екен»,- деп дәріптейді. Ондай қабілеті жоқ адамды «ынжық, аузынан сөзі,қойнынан бөзі түсіп тұр», - деп сынайды. Сөйтіп, сөзді қалай болса, солай айта салмай, сөйлем мазмұнына үйлесімді ырғақ, екпін, әуен тауып, дауысты түрлендіріп сөйлеудің үлкен мәні бар. Сөйлеуде дауыс ырғағының құбылмалы қасиетін ескеріп, жазуда ол құбылыстарды тиісті тыныс белгілерімен таңбалаймыз. Мысалы, хабарлы сойлемнен кейін нүкте, сұраулы сөйлемнен кейін сұрақ белгісі(?),бұйрықты, лепті сөйлемдерден кейін леп белгісі(!) қойылады, сөйлемдегі қаратпа, қыстырма,одағай сөздер, сөйлемнің бірыңғай мүшелері үтірмен бөлінеді. Неге олай істейміз?Жазғанды басқалар дұрыс оқысын, дұрыс түсінсін деген мақсатпен тыныс белгілерін қойып жазамыз.Солай жазғанды оқығанда да, солай жазылуға тиісті сөйлемдерді ойдан шығарып айтқанда да,тыныс белгілерінің орнында түрлі-түрлі леп, әр алуан ырғақ болуға тиіс. Бірқатар дыбысталу, интонациялық ерекшелігі бар құбылыстарды тыныс белгілерімен таңбалауға болмайды. Мысалы,сөйлем ішіндегі бір сөзге ой екпінін түсіру үшін, оны басқа сөздерден гөрі басым әуенмен айтамыз. Мысалы, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»деген сөйлемдегі қай сөзге ой екпінін түсіргіміз келсе,сол сөзді көтеріңкі дауыспен айту керек : Менкөрдім ..., мен көрдім..., мен көрдім ұзын қайың....Мен көрдім ұзын қайың құлағанын. Біреулер маңғазданып, қытымырланып сөйлеуді сән көреді, оны артықшылық, мәдениеттілік деп санайды. Шын мәдениеттілік жайдарылықта,айтатын ойына сәйкес келетін үн,әуен,ырғақ,екпін тауып сөйлей білуде. Сөйлеушінің сөйлеу дағдысы, даусы тыңдаушыға жағымда болса, онда әрдайым құлақ түрулі,яғни тыңдаушы сүйсіне тыңдайды. Оның үстіне сөзің мазмұнды болса, ондай сөз бір құлақтан кіріп,екінші құлақтан шығып кетпейді, тыңдаушының көкейіне қонып,жүрегіне ұялайды. Үйде болсын, түзде болсын,әсіресе ,көпшілік арасында дабырлап, үйді басына көтере сөйлеу – барып тұрған мәдениетсіздік. Озге түгілі,өз туыстарыңа айтқан сөзіңде жылы леп,жағымды әуен,сыпайы сарын болуы тиіс. Сөйлеушінің үні құлаққа жағымды, қоңыр дауысты болғаны жақсы. Ол өз үні арқылы сенімділікті, әділдікті, энтузиастықты, мәселеге қызығушылықты сездіре алуы керек. Сөйлеуші өз үнін дұрыс қолдану үшін төмендегілерді еске алғаны дұрыс: Сөйлеу жылдамдығын бір идеяны нақты түсіндіру үшін қолдануы қажет. Сөйлеуші әсерлі сөйлеген кезде бірде жай, бірде тез ырғақты сөйлеуі керек, ол сөйлеушінің ойына, айтып тұрған мәселесіне де байланысты. Ол жылдам сөйлеген кезде бір мәселені жылдамдатып шолып өтеді де, ол жай сөйлеген де бір қиын мәселелерді анықтап, нақтылап түсіндіреді. Сонымен қатар аса маңызды сөздерді ерекшелендіріп, ырғақпен айтады.Бірақ әндетіп кетуден, ысылдау, тоқтап қосылу, тамсану сияқты әдеттерден аулақ болған жөн.Пауза (тыныс,үзіліс) жасаудың да зор мәні бар. Дұрыс жасалынған созылыңқы пауза – айтылып жатқан идеяны дұрыс түсінуге көмектесетін құрал. Бұл бұрынғы мәселелерді тағы бір еске түсіріп,келесі мәселеге көшуге мүмкіндік беретіндей аралықта болуы қажет. Артық пауза жасауға абай болғаны абзал.Адам өзінің дауысымен жұмыс жасауы керек. Американдық зерттеуші Лилиан Браун күн сайын дауыстап 10 минут оқу қажет деп кеңес береді.Егер мүмкіндік болса,шешендер курсына барған дұрыс. Әншілер мен белгілі өнер қайраткерлерінің дауыстарын, жазбаларын тыңдаған да теріс емес. Жақсы дауыс – көп жағдайда ұзақ жаттығудың нәтижесінің жемісі. Егер магнитті таспамен жаттықсаңыз, ол да жақсы. Онда нұр үстіне нұр.Сөз мәнерін, техникасын меңгеріп, тыңдаушысының жай-күйін аулай білу,ақиқатты таныту сияқты қабілетті қалыптастыру көп ізденуді қажет етеді.Сондықтан мына жайларды:

1.Сөз мәнеріне баулу және дағдыландыру – жүйелі сөйлеуге тәрбиелеу үрдісінің үйлесімділігі нәтижесінде ғана жүзеге асатындықтан, сөз өнерінің тарихын терең білуді;

2.Сөйлеудің логикалық құрылымын тану және өз сөзін белгілі бір жүйемен баяндай алуды;

3.Тілдің көркемдік құралдарын игеру және оларды өз сөзінде орынды пайдалануды;

4.Сөйлеу техникасын терең меңгеру және оны өз бойында қалыптастыруды есте ұстаған дұрыс.

Демек, дауыс мәнерінің мәні зор.

Педагог әрекетіндегі сөздің орнын белгілеу.1. Тіл – тұлғаны қалыптастырудың, әлеуметтік тұрақтануының маңызды құралы. Оқу-тәрбие үрдісінде тіл ерекше орынға ие.Егер сөзді педагог белгілі бір мақсатта тәрбиелеу құралы ретінде пайдаланса, оның ықпалы, сөзсіз, артады. Кез-келген мамандық бойынша мұғалімнің, тәрбиешінің сөйлеу материалы дұрыс, мотивті түрде таңдалып, тәрбие мақсатына, ситуацияға, белгілі бір жағдайлардың ерекшеліктері мен сипатына сәйкес жүзеге асырылуы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Тіл және сөз объективті ақиқатта әрдайым біртұтас, ажырамас бөлік ретінде танылғанмен, олар бірдей емес. Тіл – бұл берілген ұжымның барлық мүшелері түгел қабылдайтын жалпыға бірдей мазмұнға ие, сөйлеу практикасында бекітілген тілдік белгілердің (морфема, сөз, сөйлем) жүйесі. Сөз (сөйлеу) – бұл ұжымның тілі өзінің нақты практикалық қолданысын табатын жеке индивидтердің тілдік әрекеті.

1.Тіл мен сөздің айырмашылықтары бірін-бірі толықтырады. Егер кез-келген нақты қолданыстан абстракцияланған тіл қарым-қатынас жсаудың әмбебап құралы болып танылса, нақты тілдік ситуацияда белгілі бір мазмұнға ие аталған қарым-қатынас құралды сөз болып табылады. Яғни, сөз және тіл – бұл өзара байланысқан тілдік әрекеттің екі түрлі формасы.

2. Қарым-қатынас құрылымын таңдауда адамның, әсіресе, педагогтың жалпы мәдениет деңгейі айқындалады.Егер педагог алдын-ала міндеттерді белгілеп, оларды көз алдына елестетсе, оқушылармен қарым-қатынас орнату тиімді болар еді: ол қандай мақсатпен сөйлеуі керек, ол нені айтуы керек, қалай сөйлеген дұрыс. Яғни, сөздің психологиялық құрылымын осы мақсатқа бағындыруы тиіс.Осылайша, мұғалімнің педагогикалық шеберлігі оның ауызша сөйлеудің тәрбиелеу қасиеттерін меңгеру іскерлігіне тәуелділігі анықталды. Осыған байланысты педагогикалық кадрларды даярлаудың маңызды шарты – студенттердің бойында тілге мұқият қарауды және олардың сөйлеу мәдениетін дамытуға нақты бағытталуды белгілеу қажет. Себебі, тіл және сөз – болашақ кәсіптік әрекеттің басты құралы бюолып табылады.

3. Педагогтың оқушылармен қалай сөйлесетіні, оларды қалай түсінетіні, олардың ойлау әрекетін бағыттауы, бағалауы үлгірім мен тәрбиелік ықпалға ерекше әсер етеді. Педагогтың қызметі – сыныпта қолайлы психологиялық ахуал тудыру, материалды оқушылардың мүмкіндігінше меңгеруіне қол жеткізу, тәрбиелік мақсатты жүзеге асыру. Мынадай ситуацияны көз алдымызға елестетейік. Мұғалім сыныпқа кірді. Балалар 5-ші сабақтан кейін шаршап отыр. Үй тапсырмасын тексеруге ұзақ дайындалып жатыр, біреудің тіпті дәптері де жоқ. Педагог бұнда тұтас сыныпқа, немесе тапсырманы орындамаған оқушыларға ескерту жасауына болады. Сөгіс, ашулы дауыс, үзілді-кесілді сөздер балаларға жағымсыз әсер етіп, олардың белсенділігін, әңгімеге қатысу тілегін, жауапты толықтыру, мысал келтіру және т.б. ұмтылыстарын төмендетуі мүмкін. Бұл жағдайда мұғалім жұмыс жасау ахуалын тудыра алмайды. Сыныппен дұрыс қарым-қатынас орната алмас еді.Ал бұл ситуацияда тәжірибелі шебер мұғалім шыдамдылықпен оқушылардың кітап, дәптерлерін алып шығуларын күтіп, егер бір-екі оқушы тапсырманы орындамаған болса, тұтас сыныпқа «нотация» оқымай (олармен соңынан бөлек әңгімелеседі), оқушыларға қызықты тапсырма беруді ойлар еді. Әрбір сұрақты жан-жақты ойластыра отырып, мұғалім олардың белсенділігін құптайды. Сабақ оқушылар үшін де, педагог үшін де жеңіл әрі тиімді өтер еді. Оқытудың әдіс-тәсілдерін дұрыс қолдану, теориялық дайындықтан басқа мұғалімнің оқушылармен тіл табыса білуі де маңызды. Сондықтан, оқушыларға бағытталған сөз салмақты, байсалды болғаны жөн. Мұғалім сөзі дөрекі, тіл тигізуші болмауы дұрыс. В.А.Сухомлинский былай жазған: «Байқаңыз! Сөзіңіз өмір бойы тыртығы қалатын нәзік тәнге тиген қамшыдай болмасын...Егер сөз шын жүректен шығып, шынайы болса ғана, сөзде өтірік, теріс түсінік, «ұрсу», «сөгіс беру» тілгеі болмаса ғана, сөз жасөспірімнің жүрегін қорғайды және сақтайды...Педагог сөзі ең алдымен жұбатуы керек»Мұғалім сөзі оқу-тәрбие жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Ауызша сөйлеу шеберлігі, балалардың назарын өзіне аудару және ұстау іскерлігі, сендіру, қызығушылығын ояту іскерлігі, көңіл-күйіне әсер ету – бұл қасиеттерсіз мұғалімді елестету мүмкін емес.

4. Сөйлеу мәдениеті адамның жалпы мәдениетінің маңызды құрамдас компоненттерінің бірі.Сөйлеу мәдениеті – бұл әдеби тіл нормаларына сәйкес сөздерді қолдану, айту, өзгерту, басқа лексемалармен біріктіріу, сөйлемді дұрыс құрастыру. Тіл нормалары (орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық) дегеніміз қарым-қатынаста қажет болатын құралдардың жиынтығы. Олар әдеби тілге тән, оларсыз сөйлеу мәдениеті болмайды.Сөйлеу мәдениеті екі компоненттерден құралған: тілдік элементтер мәдениеті және қарым-қатынасты орнату мәдениеті.Сөйлеу мәдениеті жайындағы ғылым тілтану саласына жатады, ол, ең алдымен, лексика, орфография, орфоэпия, морфология, синтаксис, стилистикамен байланысты. Бірақ тілдік құралдардың мәнерлілігі жайындағы ғылым басқа ғылымдардың элементтерін жинақтайды, олар: әдебиет теориясы, психология, педагогика, анатомия және физиология, физика (акустика) және т.б. Жоғары оқу орны оқытушысының, мұғалімнің сөзі нақты, дұрыс, түсінікті, әдемі, қысқа да нұсқа және т.б. қасиеттерге ие болуы тиіс.Сөйлеу мәдениеті ұғымына сөздік қордың байлығымен анықталатын лексикалық мәдениет енеді. Бай сөздік қоры – бұл сөйлеу мәдениетінің ажырамас бөлігі. Тілдің байлығы сөздердің санымен емес, оларды түрлі мағынасында қолдану қасиетімен де анықталады. Бұл құбылыс полисемия деген атауға ие. Сөздерді қолдануда өте абай болған жөн. Сөйлеу барысында ең қажетті және келісті сөздерді қолдану дәлдікке – сөйлеу мәдениетінің маңызды сапаларына әкеледі.Сөздің мәнерлілігіне және дәлдігіне тілдік құралдардың алуан түрін қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Олар: синонимдер (әйгілі, атақты, даңқты, танымал), паронимдер (абонемент – абонент, адресат – адресант) және т.б.Педагогикалық қарым-қатынас үрдісіндегі сөзге қойылатын маңызды талаптардың бірі – қарапайымдылық және ықшамдық. Егер материал артық сөзсіз, үнемді ұсынылса, осы арқылы нақтылыққа, дәлдікке, тиімділікке, сенімділікке жол ашылады. Керісінше, көп сөз, бос сөз педагогикалық ықпалдың әсерін төмендетеді.Сөздің сапасын тавтология да, яғни бір нәрсені бірнеше рет қайталама сөздермен жеткізу, төмендетеді. Мысалы, әрбір оқушымен жеке жұмыс, бос вакансия, өз өмірбаянын жазу және т.б.Ауызша сөйлеуде қыстырма сөздерді (жаңағы, осылайша, яғни, әрине, сосын, ия және т.б.) қолдану да тыңдаушыларға кері әсерін тигізеді.Педагог сөзі бейнелі де мәнерлі болуы керек. Бұл талаппен шаблонды сөз тіркестері мен сөздерін қолдану сәйкес келемейді. Олардың нақты мағынасы көбінесе болмайды, сөзге бюрократтық, кеңселік сипат береді. Дайын трафарет, штамптарды қолдану адамның шығармашылық ойын тежейді.Сөйлеу мәдениетінің ажырамас бөлігі – сөздің грамматикалық сауаттылығы, яғни сөздің, сөз тіркестерінің, сөйлемдердің формаларын қолданудағы норматив. Әрбір сөз таптарына (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік) белгілі бір бекітілген өзгертулер тән. Синтаксистік ережелерге сүйене отырып, мұғалім өз сөзінде оқушылардың қабылдауына жеңіл болатын жай сөйлемдерді қолданғаны жөн. Әрдайым тек жай сөйлемдерді қолданып қоймай, сөздің бірізділігін, мәнін, ырғақтығын жоймау үшін күрделі құрмалас сөйлемдерді қолданған дұрыс. Хабарлы сөйлемдермен қатар материалдағы негізгі мәселені көрсетуде, оқушылардың назарын аударарда, олардың ақыл-ойын белсендендіруде, проблемалық ситуацияны тудыруда сұраулы, риторикалық сөйлемдер қолдану орынды.Педагог сөзі сауаттылығымен қатар мәнерлілігімен, бейнелілігімен, эмоционалдығымен ерекшеленеді. Оған фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, афоризмдер, анафора, градация, инверсия сынды стилистикалық фигуралар жатады.Интонация – ауызша сөйлеудің жүрегі. Оның екі түрі бар: логикалық және эмоционалдық-экспрессивті. Логикалық интонацияның мақсаты – сөйлемде маңызды мәнге ие сөздерді айқындау. Эмоционалдық-экспрессивті интонация мұғалімге өзі әңгімелеп отырған адамдарға, құбылыстарға, оқиғаларға деген қарым-қатынасын, көзқарасын, сезімін, бағасын көрсетуге мүмкіндік береді.Осылайша, тіл – бұл маңызды ақпарат құралы, педагогикалық қарым-қатынас құралы, тәрбиешінің тәрбиеленушілерге ықпал ету құралы. В.А.Сухомлинский сөздің маңызын былайша көрсетеді: «...Сөз – адамның мінез-құлқының өте нәзік салаларына өз әсерін тигізуге қабілеті бар өте жіңішке пышақ. Оны дұрыс қолдана білу іскерлігі – ұлы өнер. Сөз арқылы жан сұлулығын тудыруға болады, керісінше, сөзбен оны бүлдіруге де болады. Ендеше, тек сұлулықты тудыратын іскерліктерді меңгерейік».

5. Мұғалімнің сөзін қабылдау және түсіну процесі тыңдау процесімен бірге жүреді. Оған, ғалымдардың айтуынша, оқу уақытының шамамен ¼ - ½ бөлігі келеді. Сондықтан, оқушының оқу материалын дұрыс қабылдау процесі мұғалім сөйлеуінің сапасы мен жетілу деңгейіне байланысты.Балалар педагогтың сөйлеу қабілеттерін өте жақсы сезеді. Кейбір дыбыстардың дұрыс айтылмауы олардың күлкісін келтіруі мүмкін, бір сарынды үн олардың іштерін пыстырса, дұрыс қойылмаған интонация, ашық әңгімедегі қатты дауыстап сөйлеу, өтірік, жасанды нәрсе ретінде қабылданып, оқушыларды мұғалімнен алыстатады.Кейбіреулердің айтуынша, дауыс пен ырғақ – бұл адамға берілетін табиғи дарындылық. Бірақ қазіргі эксперименталдық физиологияның зерттеулері бойынша, дауыстың сапасын түпкілікті өзгерту әбден мүмкін. Тарих мәліметтеріне сүйенсек, осы бағыттағы адамның өзін-өзі жетілдіруінің таң қаларлық нәтижелерін көруге болады. Әйгілі Демосфен өзінің денелік кемшіліктерін жеңе отырып, Ежелгі Грецияның әйгілі саяси шешені атанған. Осылайша, Владимир Маяковский да 20 жасында аузына кішкентай тастарды толтырып алып, шулы Рион жағасында сөз сөйлеп, өзін халық алдында сөйлеуге дайындаған.Бұлардың бәрі бізге үлгі болғанмен, олардың әдістемесін біз қолданбаймыз. Бұл тек техниканы меңгеруде адамға үлкен ұмтылыс, күшті ерік және жүйелі дайындық қажеттігінің дәлелі бола алады. Қазір театр педагогикасына негізделген сөйлеу техникасын дамытуға арналған жаттығулар жүйесі жинақталған.

Сөйлеу техникасы– бұл мұғалімге сөз мазмұнының барлық байлығы мен мәнін оқушыға жеткізуге мүмкіндік беретін сөйлеу дем алысының, дауыс шығару және дикцияны орнату дағдыларының кешені.Дем алу физиологиялық қызметке ие. Ол ағзаның жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол сөздің энергетикалық базасы. Сөз дем алысы – фонациялық (грек сөзі phono –дыбыс) болып табылады.Күнделікті өмірде біздің сөзіміз негізінен диалогтық сипатта болғандықтан, ешқандай қиынға соқпайды. Бірақ сабақта, мұғалім, әсіресе, көп сөйлеген шақта, жаттықтырылмаған дем өзінің кемшілігін байқатады. Жаттықпаған, яғни дұрыс дем алу ұйымдастырылмаған, мұғалімнің жүрек соғысы жиілеп, беті қызарып, демікпе пайда болуы мүмкін.Дем алу техникасының негізгі қағидалары: дем алу процесіне қатысатын бұлшықеттерге сәйкес оның төрт түрін ажыратады.

Жоғарғы дем– иықтың және кеуде қуысының жоғарғы жақ бұлшықеттері қатысатын әлсіз, үстіртін дем, бұнда өкпенің тек ұшы ғана белсенділікке ие.

Кеуде демі– қабырғааралық бұлшықеттер арқылы жасалады. Кеуде қуысының көлденең көлемі өзгереді. Диафрагма аз қозғалады, сондықтан дем шығарудың энергиясы жеткіліксіз.

Диафрагмалық дем– диафрагманың қысқаруы нәтижесінде (әдетте, бұл жағдайда қабырғааралық дем алу бұлшықеттерінің сәл қысқаруы байқалады) кеуде қуысының ұзына бойы көлемі өзгеріп, дем алу процесі жүреді.

Диафрагмалық-қабырға демі- диафрагманың қысқаруынан, қабырғааралық дем алу бұлшықеттерінің, қарынның бұлшықеттерінің жиырылуынан пайда болатын кеуде қуысының көлденең және ұзына бойы көлемі өзгеруі арқылы жүретін дем алу және дем шығару процесі. Бұл дем – дұрыс дем болып саналады және оны сөйлеудің негізі ретінде таниды.

Диафрагмалық-қабырға дем алу механизмі. Диафрагма қозғалысы:диафрагма қысқара отырып, төменге түседі, қарында жатқан ішкі органдарды жаншиды. Нәтижесінде қарынның жоғарғы бөлігі көтеріліп, төменге түскен диафрагма есебінен кеуде қуысы көлденең бағытта кеңиді. өкпенің төменгі бөлігі ауамен толтырылады.

Кеуде қуысының кеңеюі:кеуде қуысын ашатын және кеуденің ұзына бойы көлемін арттыратын қабырғааралық бұлшықеттердің белсенді жұмыс жасауы нәтижесінде пайда болады. өкпенің ортаңғы бөлігі ауаға толады.

Қарынның төменгі жағын тартудиафрагмаға тірек болып табылады, өкпенің төменгі және ортаңғы бөліктеріндегі ауаның жоғары жаққа өтуіне, нәтижесінде өкпенің тұтас ауамен толығуына жол ашады.

Дем шығару қалай жүреді? Диафрагма жайлап әлсіреп, кеуде қуысына қарай көтеріледі, кеуде қуысының ұзына бойы көлемі қысқарып, қабырға төменге түседі, нәтижесінде кеуде қуысының көлденең көлемі азаяды. Кеуденің жалпы көлемі кішірейіп, ондағы қысым артады да, ауа сыртқа шығарылады.Фонациялық демнің кәдімгі демнен айырмашылығы неде? Әдеттегі дем дем алу және дем шығару мұрын арқылы жүреді. Олар қысқа болып келеді. Әдеттегі, физиологиялық дем алудың бірізділігі – дем алу, дем шығару, үзіліс.Сөйлеу үшін әдеттегі физиологиялық дем жеткіліксіз. Сөйлеу және оқу көп ауаны, оның тиімді жұмсалуын және дер кезінде қайта толтырылуын талап етеді.Сөйлеу дыбыстары дем шығаруда жасалады. Сондықтан оны ұйымдастыру сөйлеу дем алысы мен дауысты орнатуда, оларды дамытуда, жетілдіруде ерекше мәнге ие.Диафрагмалық-қабырға демін дамыту үшін дем шығарудың ұзақтығын жаттықтыратын, диафрагманы, қарын және қабырғаарлалық бұлшықеттерді дамытатын жаттығулар қажет.Диафрагмалық-қабырға демін дамытуды қарапайым жаттығулар жасаудан бастаған жөн.

Шалқалай жатып, мұрын арқылы терең демаламыз. Сіз ауаның өкпенің төменгі жақ бөлігіне қалай толтырылғанын, қарындағы бұлшықеттердің қозғалысын, қабырғаның майысуын сезіне аласыз. Осыны түрып жасап көру керек. Бұнда ауаның өкпенің тек төменгі жақта жинақталуын қадағалап, оның кеуде қуысыныңжоғарғы бөлігіне өтуіне жол берілмеуі тиіс. Ауаны әрдайым төменге қарай жіберу керек.

Дем шығаруды жаттықтыру үшін жаттығулар жасаған жөн.Мұғалімдердің арасында табиғатынан берілген орнатылған дауысты адамдар болады, бірақ олар көп кездесе бермейді. Жақсы қойылған дауыстың өзі де арнайы жаттығуларсыз уақыт өткен сайын бұзылады, ескіреді, сапасы кемиді.Дегенмен, әрбір адам қуатты, ырғақты, өзгермелі дауысқа ие деп айтуға болады.Дауыс аппараты үш бөлімнен тұрады: генераторлық, энергетикалық, резонаторлық.Генераторлық бөлік дыбыстардың шулы және тональды ажыратылуын қамтамасыз етсе, энергшетикалық жүйе (кеірдек, мұрын қуысы, ауыз қуысы) сөздің қуаттылығы мен ұзақтығын белгілейді. Ал резонаторлық жүйе (сыртқы дем алу механизмі) дыбыстың жасалуына қажетті ауаның жылдамдығын және көлемін қамтамасыз етеді. Педагог дауысының ерекшелігі қандай? Бұл, ең алдымен, дауыстың қуаттылығы. Дауыстың естілуінің маңызды шарты – оның ұшқырлығы. Бұл терминмен ғалымдар дауысты белгілі бір қашықтыққа жіберу және оның қаттылығын реттеуді белгілейді.Дауыстың қозғалғыштығы, өзгермелілігіде ерекше мәнге ие, яғни оны жеңіл өзгертуге, оны мазмұнға, тыңдаушыларға бағындыру іскерлігі. Дауыстың қозғалғыштығы оның биіктік бойынша өзгшертілуімен анықталады.

Биіктік– дауыстың тональдық деңгейі.

Диапазон– адамның дауысы жете алатын түрлі биіктіктегі дыбыстардың жиынтығы. Оның шегі ең жоғарғы және ең төменгі тондармен анықталады. Дауыс диапазонының тарылуы бір сарындылыққа әкеледі. Ал бір сарынды дауыс қабылдауды тежейді, ұйқы келтіреді.

Тембр– дыбыстың реңі, айқындығы, жұмсақтығы, жылылығы, даралығы. Дауыс шығаруда әрдайым бір негізгі тон және бірқатар обертондар қатысады, обертон – бұл негізгі тонға қарағанда биіктеу қосымша дыбыстар. Осы қосымша дыбыстар неғұрлым көбірек болса, соғұрлым адамның даусы ашық, қанық, әдемі болады.Аталған дауыстың қасиеттері арнайы жаттығулармен жасалады. Дауысты тәрбиелеу – жеке және көп еңбектенуді қажет ететін үрдіс. Ол қатаң жеке-дара әдістемені және арнайы тәжірибелі мамандардың бақылауын талап етеді. Эксперимент жүзінде дәлелденгені, төмен деңгейлі дауыстарды балалар жақсы қабылдайды, ұнайды. Мұғалім үшін анық айту – кәсіби қажеттілікі. Себебеі ол педагог сөзін оқушылардың дұрыс қабылдауын қамтамасыз етеді.

Дикция –бұл сөзді, буынды, дыбысты айтудағы анықтық және айқындық.Дикция тұтас сөйлеу аппаратының энергетикалық және біріккен жұмысына бағынышты. Сөйлеу аппаратына ерін, тіл, тіс, азу, таңдай, кішкентай тілше, кеңірдек, дауыс желбезектері енеді. Кемшіліктер – ыслдап сөйлеу, сақауланып сөйлеу, сөздің солғындығы, түсініксіздігі, тез сөйлеу, «тістеніп» сөйлеу, сөздің соңғы буынын немесе әріптерді (дауысты, дауыссыз) жеп қойып сөйлеу.Дикцияны түзету үшін, ең алдымен, артикуляцияны, яғни сөйлеу органдарының қозғалысын өңдеу қажет.

Ырғақ –сөздің, буынның, үзілістің ұзақтығы мен жылдамдығы. Сөздің жылдамдығы мұғалімнің жеке қасиеттеріне, оның сөзінің мазмұнына, ситуацияға байланысты.Сөздің жылдамдығы минутына 110-115 сөз (ағылшындарда – 120-150 сөз, орыстарда – 120 сөз). Бірақ, эксперимент көрсеткендей, 5-6 сыныптарда мұғалім минутына 60-тан, ал 10- сыныпта 75 сөзден артық сөйлемеуі керек.Кейбір сөздерді дыбыстау ұзақтығы олардың ұзындығына ғана емес, сөздің сол контекстегі мәніне байланысты. Сөз неғұрлым маңызды, мәнді болса, сөйлеу де соғұрлым жай, ұзаққа созылады.Материалдың қиын бөлігін мұғалім жаймен айтса, әрі қарай сөзін тездетуге болады. Белгілі бір қорытынды (анықтама, ереже, принцип, заң) жасалатын шақта сөз міндетті түрде жайлап айтылады.Сонымен қатар оқушының қозу деңгейі де есепке алынады. Оқушы неғұрлым қозулы болса, соғұрлым сөйлеу жай айтылғаны жөн.Сөйлеуді мәнерлеуде логикалық және психологиялық үзілістерді пайдаланған дұрыс. Логикалық үзіліссіз айтылған сөз – сауатсыз, психологиялық үзіліссіз - өлі тіл. Үзіліс, жылдамдық және мелодиканың жиынтығы сөздің интонациясын құрайды.Мұғалімнің дауысы ашық, қанық, айқын, назар аудартатындай, ойға, іске шақыратындай болуы тиіс.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Сөздің педагог әрекетінде алатын орны.
  2. Ауызша сөйлеуге қандай талаптар қойылады?
  3. Сөйлеу әрекетінің психологиялық құрылымы қандай?
  4. В.А.Сухомлинскийдің мұғалім сөзіне деген қандай талаптар қояды?
  5. Сөйлеу мәдениеті мен жалпы мәдениеттің өзара байланысын неден көруге болады?
  6. Мұғалім сөзінің логикасы қандай?
  7. Педагогтың сөйлеуін жетілдірудің қандай жолдарын білесіз?

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Желдербаева С. Мәнерлеп оқу. А., 1992.

2. Кан-Калик В.А., Никандрова Н.Д. Педагогическое творчество. М., 1990.

3. Коджаспирова Т.М. Культура профессионального самообразования педагога. М., 1994.

4. Введенская Л.А., Павлова Л.Г. Культура и искусство речи. Ростов-н/Д., 1996.

5. Козаржевский А.Ч. Мастерство устной речи лектора. М., 1983.

6. Кан-Калик В.А. Учителю о педагогическом общении. М., 1987.

7. Журавлев В.И. Основы педагогической конфликтологии. М., 1989.

8.Ильин Е.Н. Искусство общения/Пед. поиск.М., 1987.