Ережелері, тілдік заңдылықтар

Оқу орыс тілінде жүретін мектептің оқушылары сөйлеу шеберліктерін материалдарды есте сақтау арқылы меңгерумен қатар, қазақ тіліндегі шығармаларды түсініп, тану үшін процесс барысында қалыптасатын тілдік құбылыстарға назар аударуы қажет. Оқушылар тілдік жағынан білім алуды сөйлесім әрекетінің түрлерімен тығыз байланыстыра отырып, тілдесім арқылы жүзеге асырады.

Тілдесім – тілдік қатынастың ең маңызды тірегі бола отырып; оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік береді. Тілдесім арқылы оқу, жазу, қалыптастыруды тілдік жағынан білім берудегі ерекшеліктермен сабақтастыра игерудің маңызы зор.

Тілдесімнің дұрыс айтылу жағы:

  • Қазақ тіліндегі бардық дыбыстарды дұрыс айту және естіген кезде бір-бірінен ажырата білу;
  • Дауысты дыбыстарды соның ішінде, қазақ тіліне тән төл дыбыстарды дұрыс айта білу;
  • Дауысты дыбыстар тілдің қызметіне қарай жуан, жіңішке; жақтың ашылуына қарай ашық, қысаң; еріннің қызметіне қарай еріндік, езулік болып бөлінетіндіктен, олардың дұрыс айтылуына мән беру керек;
  • Дауыссыз дыбыстардың үнді, ұяң, қатаң болып жіктелетіндігін ескеріп, дұрыс айтылуын бақылаған жөн. Сонымен бірге, һ,в,ф,х,ц,ч дыбыстары қазақ тілінің байырғы сөздерінде қолданбайтынына назар аударту қажет;
  • Қазақ тіліндегі үндестік заңына; буын үндестігіне және дыбыс үндестігіне тоқталып, оқушылардың жоғарғы деңгейде меңгеруіне мән беру керек;
  • Қазақ тіліндегі ашық, бітеу, тұйық буындарға тоқталып, оларға мысал келтіру арқылы дұрыс айтып, игеруіне жол ашу;
  • Сабақтас, құрмалас, салалас құрмалас сөйлемдерге интонация, ой екпінін түсіріп айта білуді қалыптастыру;
  • Лепті, сұраулы, бұйрықты, хабарлы сөйлемдерге екпін түсіріп, дұрыс айта білуге дағдыландыру.

Тілдесімнің графикалық жағы:

  • Қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесіне мән беру;
  • Орфоэпия, орфография заңдылықтарын басты назарға алу;
  • Оқудың техникалық жақтарын және дұрыс оқылуын ескеру;
  • Түбір сөздің жазылу емлесін, бөлек жазылатын сөздер, біріккен сөздер, қос сөздердің емлесін, қосымшалардың емлесін, орыс тілінен кірген сөздер мен қосымшаның жазылуын, шылау сөздердің емлесін, бас әріптің емлесін меңгеру, т.б.

Тілдесімнің лексикалық жағы:

  • Қазақ тілін игеру барысында оқушылар әр сынып материалдарына байланысты лексикалық-граматикалық минимумды меңгеру қажет;
  • Оқушының сөздік қорын жетілдіріп дамытуда омонимдерге, синонимдерге, антонимдерге, сөздің көп мағыналығына назар аудартып игерту;
  • Қазақ тілінде кездесетін халықаралық сөздердің (экология, экономика, бизнес, т.б.) қолданылу аясына мән беру;
  • Оқушыларға зат есімнің жұрнақтары, сын есімнің жұрнақтары арқылы, т.б. жасалған туынды сөздерді меңгерту, т.б.

Тілдесімнің грамматикалық жағы:

· Қазақ тіліндегі сөз таптарына, зат есімнің грамматикалық категорияларына (жекелік және көптік, тәуелдік, септік) тоқталу;

· Зат есімнің жіктелуін меңгерту;

· Етістіктің шақ категориясын игерту;

· Сөйлемнің тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелеріне, бастауыш пен баяндауыштың қиысуына тоқталу;

· Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен қандай айырмашылығы бар екендігіне назар аударту;

· Салалас пен сабақтас сөйлемдердің арасындағы ерекшеліктерді меңгерту, т.б.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі лекция (конспект-лекция; лекция-пікірталас; лекция-консультация, кері байланысты лекция), практикалық сабақтар, лабораториялық сабақтар, студенттердің жеке жұмысы, арнаулы курстар мен арнаулы семинарлар барысында меңгертіледі. Сонымен бірге, студенттердің өз бетімен жұмыс орындауы, бақылау жұмысы, реферат, курстық жұмыс, дипломдық жұмыс жазу арқылы әдістемелік білімін жетілдіруі көзделеді. Мектептермен тығыз байланыс жасай отырып, студенттердің мектеп мұғалімдерінің сабақтарына қатысуы белгіленеді, соның негізінде әдістемеден алатын теориялық білімінің өмірмен байланысы танылады. Студенттерге қазақ тілін оқыту және басқа тілдерді оқыту бойынша оқу құралдар мен әдістемелік әдебиеттер кітапханасын жасау тапсырылады және оқытушы тарапынан қатаң қадағаланады. Лекцияда қазақ тілін оқытудың теориялық мәселелері қарастырылып, практикалық сабақтарда қазақ тілін оқытудың нақты әдістемелері талданады, оқу-әдістемелік әдебиеттер талданады, қазақ тілі сабақтарының болмысы танылады.

Лабораториялық сабақтардың ерекшеліктері – тәжірибелі мектеп мұғалімдерінің әдістемелерін терң талдаудан өткізе отырып, студенттің оған сыни көзқараспен қарау дағдысының қалыптастырылуы. Себебі, лаборатоиялық сабақтарда студенттердің рефлексиялық қабілетін дамыту мүмкіндігі мол және ол аса қажет. Студенттер қазақ тілін оқыту әдістемесін оқу барысында өзге ұлт өкілдеріне тілді үйретудің басты дағдылары мен ерекшеліктерін қалыптастыруы қажет. Қазақ тілі мұғаліміне тән негізгі іскерліктерге мыналар жатады:

  • Қазақ тілін оқыту арқылы оқушының жеке тұлғасын дамытуды басты мақсат етіп, өз бетімен білім алуға дағдыландыру қажет;
  • Оқушы мұғалімнен білім қабылдаушы обьект емес, өз бетімен ізденуші, өзін-өзі дамытушы субьект ретінде тәрбиеленуі тиіс;
  • Оқушыларға оқытудың мақсаты мен міндеттерін белгілеп, нақтылауға көмектесу;
  • Оқушылардың тілді үйренуге деген ішкі қызығушылығына мән беру;
  • Мұғалімнің оқушы қиындыққа кездескенде, әрқашан кеңес алуға болатын тұлға ретінде тұруы;
  • Мұғалімнің өзін-өзі жақсы білуі;
  • Оқушының тақырып бойынша өз бетімен жұмыс жасауына көмектесу, тілдік қарым-қатынаста болу;
  • Тақырыпты нашар меңгерген оқушылардың білімін стандарт талаптарымен ұштастыру жұмыстарын жүргізу;
  • Жаңашыл әдістерді сабақтарда қолдана білу іскерлігі;

Бұған қоса, студенттер сұрақты дұрыс қоя білу; оқушы білімін дұрыс та шынайы тұрғыдан бағалай білу; бір сабақта түрлі әдістерді үйлесімді де тиімді қолдана білу; оқушының дәптерлерін жүйелі тексеру; оқыту технологиясын сабақта бірізді және орынды қолдана білу, әр сабақты ғылыми тұрғыдан талдап, сараптай білу, т.б. іскерлік дағдыларды меңгрулері тиіс.