леуметтік-мәдени құзыреттілік

Қазақ тілін кәсіби оқытуды құзіреттілік ((компетенция) competentis латын тілінде – қабілетті) жолымен қарастыру қажет. Құзіреттілік терминін ғылымға алғаш рет Н. Хомский енгізген. Оны адамның белгілі бір іс-әрекетті орындауға қабілеттілігін көрсету үшін қолданды. Тіл меңгеруде құзіреттіліктің негізгі үш түрі айқындалған.
Коммуникативтік құзыреттілік – бұл тілді қарым-қатынас кеңістігі ретінде түсініп, іс-әрекеттің белгілі бір саласында қарым-қатынастың мақсаты мен жағдаятына сай үйреніп жатқан тіл құралдары арқылы сөйлеу әрекетін жасау қабілеті.
Тілдік құзыреттілік – тіл арнайы заңдылықпен қызмет жасайтын жүйе деп түсініп, осы жүйенің көмегімен басқа адамның ойын ұғу және ауызша, жазбаша түрде өзіндік пайымдауларын жеткізе білу қабілеті.
Әлеуметтік-мәдени құзыреттілік – тіл халық мәдениетінің құрамдас бөлігі, мәдениетті тасымалдаушы құрал деп түсініп, үйреніп жатқан тілде сөйлейтін халықтың әдет-ғұрпын, этикетін, әлеуметтік стереотиптерін, тарихын, мәдениетін қоса меңгеріп, қарым-қатынас барысында оларды қолдана білу қабілеті.
Қазіргі кезеңде еуропалық стандарт бойынша тілді меңгерудің алты деңгейі қарастырылған. Осыған орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ тілін меңгеру жүйесі де осы деңгейлерге сәйкес ұйымдастырылған. Тілді меңгерудің коммуникативтік құзіреттіліктері де осы деңгейлерге сәйкес таңдап алынады.
Осы қағиданы негізгі ұстаным етіп ала отырып, сабақ ұйымдастырылуы тиіс.
Сабақтың құрылымын негізгі үш бөлімге бөлеміз: сабақтың басы – тілдік қарым-қатынасқа дайындау; сабақтың ортаңғы бөлігі – жаңа сабақты түсіндіру және бекіту; сабақтың аяғы – қорытындылау, бақылау;
Сабақтың негізгі бөлімі.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев “Еліміздің бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның ибілімдік деңгейімен айқындалады” деп және “Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі” деп педагогтар қауымына үлкен міндет жүктеп отыр.Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында жалпы орта білім берудің ұлттық деңгейдегі басты мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анық көрсетілген. Әлемдік тәжірибе мен ұлттық практикаға сүйеніп жасалған бұл ресми құжатта әрбір оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып, білімнің мазмұнын меңгеруге бағытталған үш түрлі құзыреттіліктер жиынтығын игеруі мақсат етілген, олар: өзіндік менеджментке жататын өмірде кездесетін проблеманың шешімін табу құзыреттілігі; ақпараттық құзыреттілік; білімді игерумен бірге жүретін қарым-қатынастық, коммуникативтік құзыреттілік.
Дамыған елдердің оқу жүйесінде кеңінен қолданыла бастаған «құзыреттілік», «құзырет» терминдері жаңа білім стандарты ұстанған басты бағыт ретінде біздің еліміздің білім беру жүйесіне ене бастады Құзыреттілік теориясы Г.В.Вайлер, Ю.В.Койнов, Я.И.Лефстед, Н.В.Матяш, В.В. Сериков, Дж.Равен, Р.Уайт, В.Чинапах және т.б. еңбектерінде негізделген. Білім беруді ұйымдастыруға құзыреттілік тұрғыдан келуді жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін меңгеру туралы мәселелер М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, В.В.Давыдов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Білім алушылардың түйінді құзыреттіліктерді игеруі олардың нәтижелі түрде әлеуметтендірілуінің, яғни әлеуметтік рөлдерді, нормаларды және құндылықтарды игерулерінің алғы шарттарын жасайды. Білім беру мазмұны әрбір білім алушының стандартпен айқындалған мынадай түйінді құзыреттіліктер түріндегі білім беру нәтижелеріне қол жеткізуіне бағытталған:
- проблемалардың шешімін табу құзыреттілігі;
- ақпараттық құзыреттілік;
- коммуникативтік құзыреттілік.
Проблемалардың шешімін табу құзыреттілігі:

- түрлі жағдайларда проблемаларды анықтауға, жауапты шешім қабылдауға, өз шешімінің нәтижесін бағалауға;
- өз іс-әрекетіне мақсат қоя алуға, оны іске асыруға қажетті жағдайларды анықтауға, оған жету үдерістерін жоспарлы түрде ұйымдастыруға (яғни, атқарылатын міндетке барабар технологияларды әзірлеуге);
- өзін-өзі бағалауға және өзінің іс- әрекеті мен оның нәтижелеріне баға беруге;
- түрлі жағдайларда өзі үшін қызмет және мінез-құлық нормаларын таңдауына;
- қойылған міндетке сәйкес технологияларды таңдауына мүмкіндік береді.
Ақпараттық құзыреттілік:
- сыни тұрғыдан ұғынылған ақпараттар негізінде саналы шешім қабылдауға;
- өз бетінше мақсат қоюға және оны негіздеуге, мақсатқа жету үшін танымдық қызметті жоспарлауға және жүзеге асыруға;
- ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, іріктеу жасауға, қайта құруға, сақтауға, түрлендіруге және тасымалдауға, оның ішінде қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асыруға;
- логикалық операцияларды (талдау, жинақтау, жалпылау, құрылымдау, тікелей және жанама дәлелдеу, аналогия бойынша дәлелдеу, моделдеу, ойша эксперименттеу, материалдарды жүйелеу) қолдана отырып, ақпараттарды өңдеуге;
- өзінің оқу қызметін жоспарлау және жүзеге асыру үшін ақпараттарды қолдануға мүмкіндік береді.
Коммуникативтік құзыреттілік:
- нақты өмір жағдайында өзінің міндеттерін шешу үшін қазақ және басқа тілдерде ауызша және жазбаша коммуникациялардың түрлі құралдарын қолдануға;
- коммуникативтік міндеттерді шешуге сәйкес келетін стильдер мен жанрларды таңдауға және қолдануға;
- әдептілік нормаларына сәйкес өзіндік пікірін білдіруге;
- нәтижелі өзара іс-әрекетті, оның ішінде басқа мәдениет өкілдерімен, түрлі көзқарас және әртүрлі бағыттағы адамдармен сұхбат жүргізе отырып, шиеленіскен ахуалдарды шешуді жүзеге асыруға;
- жалпы нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі көзқарастағы адамдар тобында қатынас (коммуникация) құруға мүмкіндік береді.
Білім беру деңгейінің регламенттелген осы МЖБС-на сәйкес келетін түйінді құзыреттіліктерді меңгерудің үш деңгейі көрсетіледі.
Білім алушы білім берудің әрбір деңгейін аяқтау кезеңінде негізгі құзыреттіліктерді құрайтын берілген қызмет түрлерінің көрсетілген ең аз көлемін игергенін көрсете білуі тиіс. Білім мазмұнын өзгертудің тұжырымдамалық негіздері біртіндеп білім ,білік және дағдылары игеруге негізделген оқу-пәндік парадигмадан ,әр оқушының құзіреттіліктер жиынтығын білім нәтижелері ретінде игеруіне бағдарланған. Оқушы әр білім беру деңгейін аяқтағаннан кейін енгізілген құзіреттерді құрайтын, көрсетілген әрекеттер түрінің минималды жиынтығын игергенін көрсетуі тиіс. Қазақстан мектептерінің оқушылары өзгермелі өмірдің жаңа тұжырымдамалары мен үрдістерін қабылдауға дайын болуы, саналы таңдау жасауға, сондай –ақ барлық өмір бойына өмірдегі өзгермелі жағдайларға икемді болуға жәнеөз білімін көтеруге дайындығы негізгі алғышарт болып табылады. Қазіргі кездегі білім беру сапасы оқушылардың түрлі қызметтер саласындағы проблемаларды өз бетінше шешуі мүмкіндігін қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзіреттілік түріндегі білім беру нәтижелерінің жетістіктерімен түсіндіріледі.Өскелең ұрпақтың сапалы білімі еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының ең маңызды факторларының бірі болып табылады және оны әлемдегі бәсекеге қабілеттілікпен қамтамасыз етеді.
Білім беру процесі мақсатты ұйымдастырылған, өзара байланысты мұғалім мен оқушы іс-әрекетін қамтиды: тұлғаға бағдарланған, құзіреттілік; іс – әркеттілік; денсаулық сақтау. Білім беру процесінде негізгі құзіреттіліктерді қалыптастыру ретінде оқушылардың жобалау, зерттеу іс-әрекеттерді ұйымдастырылады. Оқу жылының бойында оқушылар жеке немесе топ құрамында пәнаралық және пәнүстілік мазмұн базасында тұлғалық маңызды жобаны әзірлеп, іске асырады. Жобалау, зерттеу іс- әрекетінде бағалау нысаны- арнайы әзірленген талаптар мен көрсеткіштер негізінде негізгі құзіреттіліктердің қалыптасу негізі болып табылады. Ал, осы айтып жатқан құзіреттілік дегеніміз не?
Құзыр -әмір, билік дегенді білдірсе,( қазақ түсіндірме сөздігі) Құзырет – қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық; жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты іс-әрекетке дайындық , (қазақ түсіндірме сөздігі) , яғни біздің пайымдауымызша , білім беру жүйесіне әлеуметтік тапсырысты құрайды. Ал, құзыреттілік дегеніміз- оқушылардың іс-әрекеттің әмбебап тәсілдерін меңгеруінен көрінетін білім нәтижесі.Оқушылардың тұлғалық сапаларының кешенін дамытуға , білім беруден күтілетін нәтижелер.
Білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп түлегінің негізгі құзырлығы төмендегідей анықталады:
1. Құндылықты- бағдарлы құзыреттілік.
2. Мәдениет-танымдылық құзыреттілік.
3. Оқу-танымдылық құзыреттілік.
4. Коммуникативті құзыреттілік.
5. Ақпараттық- технологиялық құзыреттілік.
6. Әлеуметтік- еңбек құзыреттілік.
7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілік.
Осылардың ішінен комуникативті құзыреттілік қазақ тілін кәсіби оқытуда меңгеріледі. Коммуникативтік құзыреттілік қазақ тіліне етене жақын. Өйткені тілдің басты қызметі – коммуникативтік қызмет.Коммуникативтік құзыреттілік адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы әлеуметтік рөлдерді орындауда , өмірдегі нақты жағдғайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады.Коммуникативтік құзыреттілік төрт түрлі аспектіден тұрады.
Олар:
1.Жазбаша байланысу .
2. Көпшілік алдында сөз сөйлеу.
3.Диалог .
4. Өнімді топтық байланысу.
Коммуникативті құзыреттіліктің әр аспектіге байланысты 3 деңгейі бар. Оларға:
1. Жазбаша қатынас аспектісінде :
1-деңгейде :
- қарапайым құрылымдағы жазбаша айланысудың стандартты өнімдегі формасында өз ойын рәсімдейді, үлгіле берілген мәтінді рәсімдеунормаларын сақтай отырып, қосымша графикада сұрағын баяндайды.
2-деңгейде :
- Күрделі құрылымдағы жазбаша байланысудың стандартты өнімдері формасында өз ойын рәсімдейді , күрделі құрлымды тақырыпты баяндайды, қосымша құралдарды сауатты пайлаланады , байланысу мен мекен-жай қойған мақсатқа сәйкес жазбаша құжаттардың жанры мен құрылымын анықтайды.
3-деңгейде :
- ақпаратты өңдеу нәтижелерін шектелмеген нысандағы жазбаша өнімде ұсынады, талқылауға ұсынылған айқындамаға қарсы немесе дәйектемесі бар мазмұндағы жазбаша құжаттарды құрады, өз іс-әрекетінің мақсатына сәйкес жазбаша байланысудың мақсаты мен мекен –жайын анықтайды.
Жаңа сабақты түсіндірудің негізгі ұстанымы – коммуникативтік тәртіптегі тілдік материал.Тілдік материалды ұйымдастыру коммуникативтік мақсатқа сай болу керек. Ең алдымен оқушыға тілдік қарым-қатынасқа қажет нәрсені үйрету жөн. Бұл оқытудың пәндік мазмұнымен анықталады. Оған түрлі салалар, тақырыптар, қарым-қатынас жағдаяттары, мәтіндер енеді. Оның ішінде тіл меңгерушілердің қарым-қатынастарының ниеттері (интенциялары) де анықталады. В.Л. Скалкин қарым-қатынас саласына әлеуметтік-тұрмыстық, отбасылық, кәсіби-еңбек, әлеуметтік-мәдени, қоғамдық әрекет, әкімшілік-құқықтық, көпшілік ойындар мен көңіл көтерулерді жатқызады, ал тіл меңгеруде әдетте оқу-кәсіби, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық, қоғамдық-саяси, ресми-іскери салаларды таңдап алады.
Әлеуметтік-тұрмыстық салада қарастырылатын қарым-қатынас тақырыптары: отбасылық мәселелер, әке-шешемен, достармен қарым-қатынас, ақша мәселесі; Оқу мен еңбек саласында: мамандық таңдау, бос уақыт мәселелері, жұмыс іздеу мәселелері; әлеуметтік-тұрмыстық салада: үйреніп жатқан тіл елі, қалалары, бұқаралық ақпарат құралдары, жастар сән-салтанаты, саяхат, мерекелер, табиғат пен экология, мәдениет пен әдебиеттің ұлы қайраткерлері. Осы тақырыптар төңірегінде арнайы жағдаяттар құрылуы тиіс.
Грамматикалық материал функционалдық және ситуациялық негізде
Грамматика коммуникативтік ниеттерді, арнайы ойларды жеткізу құралы ретінде үйретіледі. Грамматика тілді оқытудың маңызды аспектілерінің бірі, себебі қарым-қатынас тек негізін грамматикалық дағдылар мен біліктілік құрайтын тілдік құзіреттілік арқасында жүзеге асады. Бүгінгі таңда грамматикалық дағдылар мен біліктілікті қалыптастыру үшін сөйлем құрылымын модельдеу (құрылымдық) және сөйлеу үлгілері әдістерін қолдану тиімді болып отыр. Біздің тәжірибемізде әрбір жаңа сөз тек атау ғана емес, белгілі бір мағыналы синтаксема ретінде беріліп, сөйлем құрылымы атаулы сөйлем құраудан басталып, тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелері толық қатысқан жайылма жай сөйлем жасауға дейін күрделене алатын синтаксистік модельдер грамматикалық формаларды оқытуда негізге алынады.
Тілдік мәліметтерді ұсынудың негізгі ұстанымдары.
• Тілдік бағыттылық – сабақ тіл туралы емес, сол тілде болу керек, яғни қарым-қатынас арқылы үйрену;
• Функционалдық – грамматиканы мағынадан формаға ұстанымымен оқыту;
• Ситуативтілік – тілді емес, қоршаған әлемді тіл көмегімен оқыту, яғни әлем шынайы жағдаяттарда;
• Бірлесе істеу – интерактивтік әдістерді пайдалану.
Шет тілін үйрету тіл үйренушілердің мәдениетаралық қарым-қатынасқа жеке және тең дәрежеде қатыса алатындай би/полимәдениеттік тілдік тұлға мінезін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Үйреніп отырған тілді мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде меңгеру тек мазмұны шынайы қарым-қатынасқа негізделген жағдайда ғана үйрене алады. Бұл ұстаным бір-бірімен тығыз байланысқан ауызша сөйлеу мен оқу және жазу әрекеттеріне тікелей қатысты.
Сөйлеу әрекеттері түрлерін (сөйлесім – (диалогтық, монологтық), жазылым, оқылым, тыңдалым) қатар меңгеру барысында танымның барлық түрі (көру, есту, сөйлеу, сезіну, түйсік т.б) әрекетке түсіп, әрбір сөйлеу әрекеті оқытудың мақсаты ғана емес, құралының да рөлін атқара алады [4].
Сөйлесім: диалог. Үйреніп отырған тілдің елінде күнделікті қарым-қатынас жағдайларында сөйлеу нормаларын сақтай отырып, арнайы сәйкес клишелерді қолданып тілдесетін этикеттік диалог.
Бұйрық мәндегі сөйлемдердің барлық түрлері мен синонимдік құрылымдарды қолдана отырып өтіну, кеңес беру, ұсыныс жасау; баға бере алатындай пайымдау, пікір алысу; қызығатын тақырып төңірегінде пікірсайысқа түсе алу; т.б.
Монолог. Мәліметтер, оқиғалар жөнінде қысқа мәлімдеулер; эмоционалдық, баға беретін пайымдауларды пайдалана отырып әңгімелеу; заттарды, құбылыстарды, әрекеттерді сипаттау; мәселелер төңірегінде ойтолғау; оқиғалар мен адамдарға мінездеме беру; аргументтеу; оқылған мәтінге сүйене отырып мазмұнын баяндау; т.б.
Тыңдалым: түсініп тыңдау. Күнделікті қарым-қатынаста екінші тілдесушінің сөзін толық түсіну; қайта сұрау, қайталап айтуын сұрау стратегияларын қолдана білу; онша үлкен емес түрлі жанр мәтіндерінің негізгі мәліметін түсіне алу; жарнама және т.б. хабарламалардағы қажетті мәліметтерді тілдік болжамға, контекстке байланысты түсіне білу; т.б.
Оқылым. Оқудың негізгі түрлері мен стратегияларын меңгеру:
• әртүрлі жанрда жазылған публицистикалық, функционалдық, әдеби, ғылыми-көпшілік мәтіндерді оқи отырып негізгі ой, идея, мәлеметтерді іріктей алу;
• құрылымдық және мағыналық талдауларды, таңдап аударма жасауды пайдаланып мәтін мазмұнын толық түсіну;
Мәтінді ішінара іріктеп түсіну. Түрлі жанрдағы мәтіндерді жүгірте қарап шығып, қажетті, қызықтыратын мәліметті іздеп табу және бөліп алу [5, 399-400б].
2. Сабақты бекітудің мақсаты:
• Сөйлеу дағдыларын қалыптастыру;
• Сөйлеу дағдыларын жетілдіру;
• Сөйлеу біліктілігін дамыту.
Осыған орай жаттығу түрлері де үш топқа жіктеледі:
• Сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған жаттығулар;
• Сөйлеу дағдыларын жетілдіруге арналған жаттығулар;
• Сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар;
Жаттығу барысында осы тақырыпқа сай құрылған шынайы жағдаяттарға сай және оқытудың бастапқы кезеңінде жиі қолданылатын тіркесімділік қабілеті жоғары сөздер таңдап алынуы тиіс.
Сөйлеу дағдыларын жетілдіру жаттығулары екі түрге бөлінеді.
1. Шартты сөйлеу – оқу материалы негізінде;
2.Сөйлеу – шынайы қарым-қатынас үлгісі;
• респонсивті – сұрақ жауап, репликалық және шартты сөйлесу жаттығулары;
• ситуативтік – бір жағдаятты сипаттау;
• рөлдік ойындар – әлеуметтік-тұрмыстық, кәсіби;
Жаттығуларда жағдаяттық ұстаным болуы қажет. Шартты сөйлеу (оқуда) және сөйлеу жағдаяттары деп екіге бөлінеді. Алғашқы түрі тіл үйренудің алғашқы кезеңінде көбірек, ал екінші түрі жалғастырушы кезеңдерде көбірек беріледі. Сөйлеу жағдаяттары тілдік қарым-қатынастың мазмұнын ғана емес, оның құрылымын, тілдік және сөйлеу құралдарын анықтап, қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады [1, 144 б]. Жағдаят сөйлеуге қажетті тілдік құралдарды таңдай білуге үйретіп, қарым-қатынасқа ынталандырып, оған қажеттілік туғызады. Жағдаятқа құрылған сөйлеу тіл үйренушілерді арнайы сөйлеу әрекеттерін (сұрау, көндіру, хабарлау, бас тарту, т.б.) жасауға итермелейді. Атап айтқанда, тіл үйренудің алғашқы қарапайым деңгейде дүкенде, кассада, поштада, ақша айырбастау пунктінде, мейрамханада, дәмханада, кафеде, асханада, кітапханада, сабақта, қала көшелерінде, көлікте, емханада, дәрігерде, дәріханада сияқты қарапайым жағдаяттарда өзінің коммуникативтік ниеттерін жүзеге асыра алуы тиіс. Ал тіл меңгерудің базалық деңгейінде жоғарыда аталған қарым-қатынас жағдаяттары анағұрлым күрделеніп, оған қоса әкімшілік қызмет: деканатта, әкімшілікте, кеңседе т.б., саяхатта, телефонмен сөйлесу сияқты күрделі тілдік құрылымдар таңдап алынады.
3. Сөйлеу біліктілігін дамыту жаттығулары:
Репродуктивтік жаттығулар
• Мазмұнын айту;
• Сипаттау – көрген фильм, сурет т.б. бойынша әңгімелеу;
• Драмалау – мәтінді рөлге бөліп айту;
• Дискутивтік – бір мәселені талқылау;
• Ауызша әңгімелеу - берілген тақырып бойынша;
• Инициативтік – сұхбат алу;
Жоғарыда көрсетілген сабақты бекітуге арналған жаттығулардың әрқайсысының өз қызметі бар. Сондықтан тіл меңгеруде сөйлеуге алып келетін бұл жүйе үлкен иждаһаттылықты тілейді.
Сабақтың тиімділігі, сонымен қатар, көбінесе оқытушының кәсіби шеберлігіне, оның оқытуда қолданып отырған заманауи технологияларына да байланысты.
Оқытушы мына нәрсені білуге тиіс:
• Сабақ уақытын дұрыс жоспарлау;
• Материалды мақсатты бағытталған түрде түсіндіру;
• Қызықты және түсінікті материалды таңдап алып қолдану;
• Оқушылардың жұмысын дұрыс бағыттай білу;
• Көрнекіліктер, техникалық құрал жабдықтарды пайдалану;
• Түрлі жеке, жұптық, топтық жұмыс әдістерін пайдалану;
• Оқушылардың белсенділігін арттырып отыру;
• Сабақтың уәжділігін қамтамасыз ету;
• Оқытушы мен оқушы сөз көлемін дұрыс сақтай білу;
Қазақ тілін екінші тіл немесе шет тілі ретінде меңгеру теориясы мен практикасының жаңа дамып келе жатуына байланысты бұл салада зерттелінетін, жасалатын қыруар мәселелер тұр. Олардың ең маңыздысы қазақ тілін меңгерудің еуропалық стандартқа сай деңгейлік жүйесін нақтылау. Соған орай, коммуникативтік құзіреттіліктің әр деңгейге сай тақырыптық салалары, жағдаяттары мен ниеттері олардың лексикалық, грамматикалық минимумдары, сөйлеу әрекеттерінің мақсаттары мен міндеттері нақты саралануы тиіс деп ойлаймыз. Бұл мақалада оқытушы өз сабағын ұйымдастыруда басшылыққа ала алатын кейбір сәттер ғана сөз болды.
Болашақ мамандардың кәсіби-коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру технологиялары.Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында «Қазіргі кезеңдегі білім беру сапасы оқушылардың түрлі қызметтер саласындағы мәселелерді өз бетінше шешу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзыреттілік түріндегі білім беру нәтижелерінің жетістіктерімен түсіндіріледі». Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», - делінген [1, 16].

Болашақ кәсіби мамандардың кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шартының бірі – оқу үдерісін оқытудың интерактивті әдістері мен технологиялары негізінде ұйымдастыру. Қазіргі коммуникативтік кеңістік күрделі жүйеден тұрады, онда негізгі орындардың бірі коммуникацияның әр түрлеріне тиесілі. Себебі адам өзін әр түрлі жағдайларда түрліше ұстайды, сөйтіп әрбір жеке жағдайда басқа адамдармен ерекше қатынас орнатады. Сонымен қатар коммуникацияның сипаты мен ерекшеліктері ақпарат беру құралдарымен, тәсілдерімен, коммуникация субъектілерімен, мақсаттарымен және басқа көптеген себептермен анықталады. Коммуникацияның төмендегі түрлерін атап көрсетуге болады: этникааралық, іскерлік, әлеуметтік, халықаралық, тұлғааралық, бұқаралық, мәдениетаралық және басқалары.

А.А. Вербицкийдің пайымдауынша, кәсіби білім берудің негізгі мақсаттарының бірі – студенттердің жоғары оқу орнында оқуы кезеңінде болашақ кәсіби қызметінің толықтай құрылымын қалыптастыру [2]. Бұл маманның тұлғасын қалыптастыруда мақсатқа жету үшін әрекеттің бір түрінен (танымнан) талаптары мен мотивтері, мақсаты, құралы, пәні және нәтижесі де өзгерген кәсібилікке көшуді қамтамасыз ететін оқытуды ұйымдастыру. Сондықтан болашақ кәсіби мамандардың кәсіби-коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда оқытудың белсенді әдістері мен технологияларын қолданудың маңызы ерекше.

Қазіргі кезде үздіксіз білім беру үдерісінде білім беру технологияларын қолдану ең өзекті мәселеге айналды. Сөйтіп, коммуникация, тіл, қоғам, мәдениет сияқты ұғымдар түрлі мәдениет иелерінің арасындағы қатынаста тілдік сәйкессіздік туу тұрғысынан мәдениетаралық коммуникациясын маңызын ашу үшін теориялық негіз жасауға ықпал етті. Тілдің қоғам коммуникациясының негізгі құралы болып табылатынын нақтыладық. Тілдің байлығы мен маңызы жеке халықтың мәдени факторлары арқылы ашылады. Мәдениетаралық коммуникациясының мәнін қолданбалы сипаттағы жеке ғылым ретінде анықтадық. Коммуникацияда қатынас стилінің маңыздылығы оның көмегімен түрлі жағдайда түсіністік орнауында, коммуникация бойынша серіктестік қатынастың қалыптасуы. Білімнен құзыреттілік қағидасына негізделген жаңаша оқыту технологиясы оқыту технологиясы білімалушылардың танымдық қызметінің заңдылықтарына оқудағы құндылық бағдарға, яғни, болашақ маманның зерттеушілік, шығармашылық және рухани адамгершілік қызметтеріне негізделген технологияға айналуы тиіс. Коммуникативтік құзіреттіліктіңміндеті:

Ø ауызша және жазбаша қарым-қатынасын қалыптастыру;

Ø сөйлеу дағдыларын дұрыс меңгерту;

Ø жеке тұлғаның құзіреттілік қатысымдылыған жүзеге асыру.

Құзыреттіліктер – адамның белгілі бір салада беделге, танымға, тәжірибеге ие сұрақтар мен құбылыстар шеңбері. Коммуникативтік құзыреттілік төмендегідей компоненттерден тұрады:

• коммуникативтік тәртіп аймағындағы білімі (қажетті тілдерді білуі, педогогика және психология, конфликтология, логика, риторика, мәдениет және сөйлеу аймағындағы білімі).

• коммуникативтілік және ұйымдастырушылық қабілеті (іскерлік қатынастарды нақты және жедел орнату, белсенділік таныту, тұлғаны дұрыс қабылдау және түсіну негізінде психологиялық әсер ету, қоршаған ортамен және оқшауланған адамдармен біріккен іс-әрекет кезінде белсенді әрекет жасау);

• эмпатияға қабілетті болу (түсіне білу іскерлігі, өзгені сезіне білу, т.б.).

• өзіндік бақылауға қабілеттілігі (көршісінің және өзінің мінез-құлқын реттеу алу іскерлігі, әңгімелесушіні моделдей алу, жағымды психологиялық климатты тудыру, субъектаралық қарым-қатынасты болжай алу);

• вербальды және вербальды емес қарым-қатынас мәдениеті (сөйлеу техникасы, риторикалық амалдар, аргументация техникасын және келісім-шарттарды жүргізу, кәсіби педагогикалық әдеп ережелерін сақтау, ұғымдық категориялық ақпаратты мақсатты түрде қолдану, сөйлеу мәдениетін меңгеру, вербальды емес құралдарды қолдану).

Коммуникативтік құзыреттілік бойынша сөйлесудің барлық компоненттеріне тән дағдыларды меңгеру: ауызша және жазбаша тілде, сөзді таңдау тәсілдерін ұстану, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгеру және де тақырыпқа сай сөздерді қолдана білу талаптарын кешенді меңгеру.

Ғалымдар оқу үдерісінің технологияландырудың негізгі ұстанымдарын:

заңдылығы (осы технологияның негізі болып табылатын белгілі бір ғылыми тұжырымдамаға сүйенуі);

тұтастығы (технологияның сапасын анықтайтын педагогикалық құрылымдық бөліктерінің өзара байланыстылығы);

басқарылымдығы (диагностикалық мақсат қою, оқу үдерісіне мониторинг жүргізу, қажетті түзету енгізу);

тиімділігі (білім беру стандарттарымен сәйкестігі, мақсатқа жетудің мүмкіндігі, уақыттың және экономикалық шығындардың үнемделуі);

өзгелердің де қолдануға мүмкіндігінің болуы [3] көрсетеді.

Оқытудың қызметі (функциясы) адами, технологиялық және ізгіліктілік. Оқытудың технологиялық қызметі – бұл «өмір сүру үшін база жасау»; еңбекте, кәсіби қызметте, қоғамдық өмірде, дағды қалыптастыру; адамдармен қарым-қатынас мәдениетін дамыту т.б. Кәсіби педагогикалық мәдениет аксиологиялық, технологиялық, эвристикалық және тұлғалық компоненттердің жиынтығы ретінде қарастырылады. Кәсіби педагогикалық шеберлік педагогикалық қызметтің жоғары дәрежеде дамуы, педагогикалық технологияларды қолдана білуі, педагогтың адами тұлғасы, тәжірибесі, азаматтық және кәсіби көзқарасы арқылы анықталады. Педагогикалық шеберлік арнайы білім, дағды, әдет, өз қызметінде әртүрлі негізгі әдіс-тәсілдер, амалдарды меңгеруі арқылы қалыптасады.

Интерактивтік технологиялароқытудың әдістері мен түрлерінің, бағдарламаларының интерактивті мүмкіндіктері кері байланысты іске асыра отырып, студенттің белсенділігін арттыруға, дәстүрлі оқыту жүйелерінің көбінде орындалмайтын диалог пен тұрақты көмекті де іске асыруға мүмкіндік береді. Демек, бір-бірімен бетпе-бет кездесусіз-ақ студент пен оқытушы арасында интерактивті қарым-қатынас орнату және пән бойынша білім мен дағдының белгілі бір мөлшерін өз бетінше игеру.

«Интерактивтік» термині ағылшынның өзара белсенділік мағынасындағы «interaction» сөзінен шыққан. Интерактивті дәріс педагог жетекшілігімен ұйымдастырылатын дәстүрлі оқыту тәсілі мен жекелей компьютерлік оқытудың ұтымды жақтарының үйлесімінен тұрады. Компьютер мұғалімнің белсенді көмекшісіне айналды. Ақпараттық–танымдық мазмұнмен қатар, интерактивті дәріс мазмұндау барысында компьютерлік слайдтарды қолдану арқасында эмоционалдық сипатқа ие.

Ойындық оқыту технологиясы белсенді оқыту технологияларының бірі. Ойындық оқыту әдісі имитациялық және имитациялық емес болып бөлінеді.

Имитациялық емес әдіске проблемалық лекция, дөңгелек үстел, лекция – конференция, алдын – ала жасалған конспект бойынша лекция, шолу лекциясы, коллоквиум, бағдарламалап оқыту, семинар, тақырыптық дискуссияға арналған көшпелі сабақ, топтық консультация, олимпиада жатады. Имитациялық әдіс ойындық және ойындық емес болып екіге бөлінеді.

Ойындық имитациялық әдіске тиімді шешім таңдаудың көп нұсқалылығы, «миға шабуыл», іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, жеке технологиялық үдерісті ойын арқылы жобалау, ал ойындық емес имитациялық әдіске ситуациялық шешімдер, жекелеген міндеттерді шешу, сабақтың қорытындысын шығару және оқытушының бағалауы, ұсынылған нұсқаларды талқылау, семинар өткізу, жеке тренажер жатады.

Ойынның міндеттері маман дайындау мазмұнын және мамандықтың сипаттамасын ескере отырып, ойын барысында маманнан талап етілетін кәсіби құзыреттілік белгілері байқалатындай тұрғыда анықталады. Оларды орындау модельде көрсетілгендей маман ретіндегі білік, дағды және тұлғалық сапалар қалыптастырады. Іскерлік ойын өткізілгеннен кейін оны міндетті түрде талдау қажет, себебі талдау кезінде оның барысында кездескен қиыншылықтар, қатысушылардың пікірлері, қорытындылардың пайдасы мол. Іскерлік ойындар шешім қабылдау техникасына үйретеді, теориялық білімді практикада қолдана білуге машықтандырады.

Оқытуда қолданылатын оқыту әдістері, технологиялар, сабақтың түрлері, білімдік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттардың орындалысы т.б. мәселелердің көрініс беруі қадағаланады, студенттерде кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің қалыптасуына ықпалы тиетіндей етіп ұйымдастыруға назар аударылады. Болашақ мамандардың кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің қалыптасуының бір көрінісі – практикалық сабақтарда оқытудың технологияларын қолдана білуі.Сондықтан оны меңгерту «Қазақ тілін оқытуда қазіргі технологияларды қолдану» тақырыбында типтік бағдарламаға негізделіп оқыту. Құзырет – қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық; жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты іс-әрекетке дайындық, яғни, білім беру жүйесіне әлеуметтік тапсырысты құрайды. Ал, құзыреттілік – білім алушының іс-әрекеттің әмбебап тәсілдерін меңгеруінен көрінетін білім нәтижесі. Болашақ маманның тұлғалық сапаларының кешенін дамытуға, білім беруден күтілетін нәтижелер. Қорыта келгенде коммуникативтік құзыреттілік студенттерді бақылаудан өзіндік бақылауға, әлеуметтік дамытудан өзіндік дамуға, монологтан диалогқа, түсіндіруден түсінуге ауысудың негізін құрайын тұлғалық-бағдарлы педогогикалық технология шеңберінде білім беру парадигмасының өзгеруімен байланысты жүзеге асырылады.

 

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Коммуникативтік құзыреттілік деген не?

2.Тілдік құзыреттілік дегенді қалай түсінесің?

3.Әлеуметтік-мәдени құзыреттілік деген не?

4. Коммуникативтік құзіреттіліктің қандай міндеттері бар?

5. Тілдік мәліметтерді ұсынудың негізгі ұстанымдары қандай?

Әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы. –Астана, 2007.–16 б.

2. Алханова М.Б. «Оқушы құзыреттілігінің қалыптасуындағы портфолионы қолданудың ерекшелігі»

3. КсембаеваС.К., Алькеева Р.С. «Құзыреттілік – білім беру негізі»

4. ҚР Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

5. ҚР Білім беру стандарты.